«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
ашық дереккөзі
1317

«Бесеудің хаты». Сөз жоқ ХХ ғасыр тарихынан ерекше орын алатын құнды құжат. Ұлт зиялыларының 1932 жылы басталған алапат аштықты әшкерелеп, БК(б)П Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Филипп Исаевич Голощекиннің атына бағытталған. Хатқа қол қойғандар – коммунист-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Тиатұлы Ғатаулин, Коммунистік жоғары оқу орны проректорының орынбасары Мұташ Дәулетқалиев, Коммунистік жоғары оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры Емберген Алтынбеков, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті президиумының мүшесі және энергетика секторының меңгерушісі Қадір Қуанышев. Олар коллективтендіру саясатының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан қоғам дамуының обьективті, диалектикалық заңы бұзылып, мал басының күрт кеміп кетіп, аштық пен індет ауруларының барынша орын алғанын, аш-жалаңаштардың елден ауа көшіп жатқанын айта келіп, Өлкелік партия комитетіне көмек көрсетудің нақты жолдарын ұсынған.

Хат 1932 жылы 14 шілдеде БҚ(б)П Өлкелік партия комитетінде қаралып, ертеңіне Өлкелік комитет пен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен мәжілісінде талқыланды. Алайда сол мәжілісте хатта қолы қойылмаған Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әзімбай Лекеров неге қатаң жазаланды? Жалпы, біз нақақтан-нақақ «халық жауы» атанып, 1938 жылы 26 ақпанда атылған Әзімбай Лекеров пен оның отбасының тәлкекке түскен тағдыры жөнінде не білеміз? Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ Әзімбай Лекеров 1901 жылы бұрынғы Семей облысы, Шар ауданындағы Қызылшілік ауылында өмірге келген. Әкесі Лекер мен анасы Асқабике алты баланы тәрбиелеп өсірген ауыл-аймағына сыйлы жандар. Әзімбай 1913-1919 жылы Семейдегі ерлер гимназиясында оқиды. 1920 жылы 12 қаңтарда губерниялық атқару комитетінің Мұхтар Әуезов басқарған түркі халықтары бөліміне нұсқаушы болып, келер жылы коммунистік партияға мүшелікке қабылданған. 1923-1925 жылдары әуелі Қарқаралы, Павлодар уездерінде, кейіндеу Бөкей, Ақтөбе губернияларында атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1925-1927 жылдары Қазақстан Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы, Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Жоғары саяси ағарту комитетінің бастығы болды. 1927-1932 жылдары Мәскеудегі Шығыс халықтары коммунистік университеті жанынан ұйымдастырылған лекторлық курс­та тыңдаушы, содан кейін Қызыл профессура институтын үздік бітіріп, жобалаушы-экономист мамандығын алады. Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары, ал 1933-1937 жылдары Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты директоры қызметінде болды. ӘЗІМБАЙ МЕН ХАЛИДА 1928 жыл. Мәскеудегі Қызыл профессура институты Әзімбай Лекеровті жазғы демалысында Семей қаласындағы қоғамдық мекемелерге дәріс оқуға жіберген. Ол қала ортасындағы екі қабаттан тұратын үйден пәтер жалдайды. Үлкен терезелерінен ішіне күн сәулесі молынан түсетін мұндай сәнді үй қалада некен-саяқ. Кезінде бұл үйді Қазан қаласындағы медресенің түлегі Рахматулла Минғалиұлы Елькибаев салдырған екен. Осында алтын өндірісімен айналысатын Хамитов арабша, орысша сауатты Рахматулланы компаниясына басқарушы қызметке алады. Ол кен орындарындағы, жұмысшылардың ауыр еңбек жағдайын, ауық-ауық наразылық ереуілдерін көреді. Ал Хамитов олардың талаптарына құлақ аспайды. Елькибаев оның бұл қиянатына одан әрі төзбей, жалақысының жоғары болғанына қарамастан наразылық ретінде қызметтен кетеді. Жинаған еңбек ақысына қаладан жетім-мұсылман балаларына мектеп ашып, кейіндеу оны ауыл балаларын да қабылдайтын 5 сыныптық училищеге айналдырады. Меценат Мусин қызыл кірпіштен бірнеше тұрғын үйлер салып, екі қабаттан тұратын үлкен бірін училищеге тарту еткен. Осы оқу орнында кезінде Мұхтар Әуезов те білім алыпты. Елькибаев екі жетім баланы – өзбек Ғабдынасыр Миршанов пен қазақ Әміржан Ситдықовты жеке өз қамқорлығына алып тәрбиелейді. Мұхтар, Ғабдынасыр, Әміржан алғаш Семейде құрылған футбол командасында ойнайды. Рахматулланың қала жұртшылығы арасында беделі де жоғары еді. Қалалық думаның депутаты, «Халық сөзі» газетінің редакторы. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н. Толстойға хат жазып, пікір алысып тұрған. Толстойға хат Ұлы орыс ойшылы, жазушы Лев Николаевич Толстойға ислам ілімінің оқытушысы Рахматулла Минғалиұлы Елькибаевтан. Лев Николаевич! Мен, жазмыштың жазуымен Батыс Сібірдің қараңғы түкпіріне тасталған жас оқытушымын. Сіздің еңбектеріңізді он жылдан бері оқып келемін. Сіздің шығармаларыңыз маған және менен басқа да оқырмандарға өте-мөте рухани азық беріп, соның әсерінен бе екен, осы он жылда менің айналама деген көзқарасым ерекше өзгеріске түсті. Мен Сізге өзімнің жүрекжарды алғысымды айтып отырмын. Содан соң, Абыз ата Лев Николаевич, мен Сіздің туындыларыңыздан біздің халқымызға пайдалы деп тапқандарымның барлығын түркі және араб тілдеріне тәржімаласам деймін. Осыған рұхсат етуіңізді Сізден сұрай отырып, оны өз қолыңызбен жазған хат түрінде алғым келеді. Мен Сіздің ислам қақындағы пікірлеріңізден (Бұл тарапта Сіз Ренан жолымен жүресіз) тыс барлық көзқарастарыңызбен келісемін. Мен, біздің Абыз атамыз Месиха (Христа) ілімін жоғары бағалай отырып, сол ілімнің толықтырылған түріне неге көңілі толмайтындығына қайран қаламын. Әлбетте, Сіздің христианшылық деп (әрине басқа «христиандардың» осы атауымен атап жүргендері бұл емес) атап отырғаныңыздың өзі ислам ғой. Айырмашылығы исламның кемелділігінде ғана. Менің ойымша не кемел болса, сол жоғары бағалануы керек. Менің 15 маусымға дейінгі мекен-жа­йым: Москва, Боярский ауласы, №113. Рахматулла Елькибаевқа. Ал 15 маусымнан ары қарай Семейпалатинскі, Рахматулла Елькибаевқа. Рахым. Елькибаев (Хаттың жіберілген уақыты конверттегі пошта мөрі бойынша 9 маусым 1908 жыл. Москва қаласы). Л.Н.Толстойдың хаты. Қадірменді бауыр, Рахматулла Минғалиұлы! Мен осыдан көп жыл бұрын өзімнің 1881 жылдан кейін жазылған барлық туындыларымды басуға және аударуға рұхсатымды бәріне берген болатынмын. Сіздің менің көңілімді жылытып, қуанышқа бөлеген жылы лебіздеріңіз үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Сонымен бірге Сізге, Сіздің қалауыңызға тап қазір қолымда бар жазбаларымды да жіберемін. Енді менің ислам жөніндегі пайымыма орай Сіздің пікіріңізге келер болсақ, хақ дін менің ойымша жалғыз. Алайда осы хақ діннің тылсым сыры адамзат баласына әлі толығымен ашыла қойған жоқ, бірақ та оның тармақ-тараулары барлық кітаптарда көрініс береді. Бүкіл адамзаттың бүтін тіршілігінің мәні бірден-бір хақ дінге баршаны барынша біріктіріп, оның табиғатын жарқырата аша түсу болса керек. Сондықтан ақиқатқа аңсарлы барлық жан иесі діндердің ара айырмашылығын, олқылығын емес, олардың бірлігін, ізгілікті жақтарын іздеуге тырысса жарар. Менің барша дінге байланысты, соның ішінде өзіме жақсы мәлім ислам турасындағы ұстанымым да осындай. Сізге бар жақсылықты тілеймін. Лев Толстой. 10 маусым 1908. Ясная Поляна». (Анықтама үшін: Л.Н.Толстой жауабын жазушының шығармаларының толық жинағынан және 1991 жылға «Литературной газетаның» №7 санынан табасыз) Аударған Бақытбек Бәмішұлы. 1911 жылы желтоқсан айында Семей қалалық соты Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы бойынша қылмыстық іс қаралғанын көзі қарақты жандар біледі. Кітап 1909 жылы Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан жарық көрген. Бірақ олардың білмейтіні сол, сотта Рахматулла Елькибаев қоғамдық қорғаушы ретінде сөз сөйлеп, жинақта «…Жер кетті, дін нашарлап, хал Һарам боп» деп көтерген мәселенің ащы шындық екенін дәлелдеп берген. Қазақ халқының әлі қараңғылықта өмір сүріп жатқанын, олардың жан төзгісіз тұрмыс жайларының күйзелісін автор дер кезінде көтеріп отыр деп ақынды қолдайды. Дегенмен патша ағзамның ықпалындағы сот әділетсіз үкім шығарып, оны бір жарым жылға түрмеге отырғызды. Ал «Оян қазақ!» кітабының әлі елге тарай қоймаған бөлігі тәркіленді. Адамды көп сөзінен емес, ісінен танисың. Елькибаевтың бұл ісі қазақ халқына деген жанашырлығы, Алаш қайраткері Дулатовқа деген құрметі екені анық. Елькибаевтар отбасы 1915 жылы 6 қаңтарда үлкен қуанышқа бөленді. Әйелі Нафиса босанып, өмірге нәресте келді. Рахматулла азан шақырып, Халида есімін берді. Өкінішке қарай арада төрт жыл өткен соң Рахматулла науқастан қайтыс болып, отбасының бар ауыртпалығы Нафисаға қарап қалған. 1917 жылдан соң ел іші аумалы-төкпелі күй кешті. Қаланы бірде ақтар, бірде қызылдар басып алып, жұрттың берекетін қашырды. Олар жоқ жерден жау іздеп, алма-кезек үйді-үйлерге тінту жұмыстарын жүргізеді. Сондай тінту кезінде Толстойдың біраз хаттары жоғалып кеткен. Ақыры 1919 жылы қызылдар жеңіске жетіп, қалада Кеңес өкіметі түпкілікті орнайды. Кеңес өкіметі жыл сайын тұрғын үй салығын көтерумен болды. Нафиса үйді ұстап тұру үшін үстіңгі қабаттағы бөлмелерге пәтер жалдаушыларды кіргізген. Сол кезде үлкен әпкесі Асьма кенеттен қайтыс болып, қызы Бануды да қолына алуға тура келді. Сұңғақ бойлы сымбатты жігіт Әзімбайдың киім киісі, байсалды жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі басқа пәтершілерден ерекшеленіп тұрды. Ол Нафисаға салған жерден ұнаған. Әзімбай жұмыстан бос уақытында Халида мен Бануды қала саябағына, қала берді Қара Ертістің арғы жағына қайықпен өткізіп, әдеби кітаптардан қызықты әңгімелер айтып, көңілдерін көтеріп қайтатын. Әзімбай келесі жылғы демалысын да осы Семейде өткізіп, Нафисаның үйінде пәтер жалдап тұрды. Сол жылы Халида 7 класты бітіріп, үріп ауызға салғандай көркімен бой түзей бастаған шақ. Ал Банудың одан үш-төрт жас үлкендігі бар. Нафиса іштей «Әзімбай Бануды ұнатып жүрген болар» деп ойлайтын. Үшінші жылы Әзімбай Мәскеуге аттанарында Нафисамен оңаша сөйлесіп, өзінің Халиданы ұнататынын, қарсы болмаса қызына үйленгісі келетінін ашып айтқан. Нафиса одан мұны күтпеген еді. Таңырқай қарап: «Әзімбай, шырағым, мен сізді Бануға көңілі кетіп жүр-ау деп ойлаушы едім. Бану биыл он сегізге толды. Ал Халида енді ғана он беске шықты. Ол әлі бала ғой. Қазақтардың қыздарын жастай үйлендіре беретінін білемін. Бірақ біздің татарлардың салтында ондай ғұрып жоқ. Иә, сіз сенімді адамсыз. Егер Халида 17 жаста болғанда ризашылығымды берер едім. Алайда қазір өтінішіңізді қабылдай алмаймын», – дейді. Сөз кезегінде Әзімбай биыл өзінің отызға шыққанын, Халидаға деген сезімінің шынайы екенін, ол он сегіз жасқа толғанша күтетінін жеткізіп, Мәскеуге аттанады. Бұл кезде Ғабдынасыр мен Әміржан ер жетіп, өмірден өз жолдарын тауып жатты. Павлодар қаласынан Ғабдынасырдың туыс­тары табылып, ол сонда мұғалім болып жүрген. Көп ұзамай Разия атты қызбен көңіл қосады. Бұлар олардың шаңырақ көтеру тойына барып қайтады. Ал Әміржан Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсіп, физика-математика пәндерінің маманы болып оралған. Ертістің арғы бетінде тұратын орталау білімі бар Фатима Хайритдиноваға үйленеді. Ол сабақ берген Семей педтехникумында кезінде академик Әлкей Марғұланның дәріс алғанын біреу білсе, біреу білмес. Әміржанды Халық ағарту комиссариаты қызметке шақырып, Алматыға қоныс аударды. Отызыншы жылдың басында Семейдегі Кеңес өкіметі бай-көпестердің мүліктерін тәркілеуді барынша күшейте түскен. Олардың үйлеріне ауық-ауық тінту жүргізіп, тыққан алтын және бағалы заттарын тартып алып, өздерін тұтқындап, алдын итжеккенге айдатып жатты. Ал салық атаулының бәрі ай сайын шарықтап өсумен болды. Нафисаның пәтершілерден алған ақшасы үй салығын өтеуге әзер-әзер жетіп, жағдайлары барған сайын қиындай түсті. Жөн білетін жандар үйін сатуды, не өкіметке өткізуге кеңес береді. Ақыры салық төлеуге мұрша болмай қалған кезде Нафиса қалалық қаржы бөліміне барған. Стол басында отырған қызметкер оған ала көзімен қарап: «Салықты тағы екі-үш рет көтеріп жіберсек, сіз отырған үй біздікі болып шыға келеді әлі», – дейді дөрекі үнмен. Нафиса: «Мен үйімді өкіметке өткізгелі келіп тұрмын. Сіздер маған «Өз еркімен өткізді» деп жазылған анықтама берсеңіздер болды», – дейді. Солай үй өкіметке өткен. Нафиса қызы Халидамен екі бөлмелі шағын үйге қоныс аударады. Бұл жағдайды Әміржан естіп, оларды Алматыда өздерімен бірге тұруға шақырады. Өзі барып алып келуге жұмыстан қолы тимеген соң Әзімбайға хабарлаған. Әзімбай естіген бойда Семейге келіп, Нафиса мен Халидаға поезға билет алып, Алматыға аттандырады да өзі Мәскеуге жол тартып кетеді. Олар Алматының «8 март» пен «Торговой» көшелерінің қиылысындағы Әміржанның бір бөлмелі үйіне жайғасқан. Қарсы бет қайнаған базар. Ішіне кірген жан қиқы-жиқы орналасқан сауда орындарынан адасып кетердей. Арада бірнеше күн өткен соң Фатиманың Семфиропольдегі сіңлісі Галима келді. Қолында кішкене сәбиі Надимі. Аққұба өңі сынық. Күйеуі Мұсамен ажырасқан екен. «Көңіл сыйған жерге бәрі сияды». Шағын бір бөлмеде алты адам тұрып жатты. Галима қайғыдан ауруға шалдығып, көп кешікпей көзін мәңгілікке жұмған. Ал Фатима екінші сәбиге жүкті еді. 1932 жылдың наурызында Красной профессура институтын экономист-жоспарлау мамандығы бойынша үздік бітірген Әзімбай Лекеровты Мәскеу бірден Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне жолдамамен жіберді. Өлкелік партия комитетінің 15 наурыздағы мәжілісінде ол жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Жоғары білімді жас маман Қазақ педагогика институтында Саяси экономика және Кеңес шаруашылығы теориясы кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарып, сондай-ақ жаңадан ашылған Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтында дәріс оқиды. Уақытша мекен-жайы Гоголь көшесі бойындағы Кафедральды соборы саябағының төменгі жағындағы қонақүй. Күн аралатып Халиданы баққа қыдыртып, кейде театрдың жаңа қойылымдарына шақырып, концерттерді бірге тамашалайды. Фатима босанып, Әміржанның отбасы ұлды болды. Нәрестеге қолайлы жағдай жасау үшін Нафиса қызы екеуі Хадиша Сейдалинаның екі бөлмелі үйіне көшіп алған. Хадишаның төрт баласы бар. Әзімбай мен Халида кеш түскеннен саябақта серуендеп, көз байланған кезде оралады. Халида келген бойда едендегі төсекте жатқан анасының жанына жантая кетеді. Нафиса Әзімбайдың қызын шын жақсы көретініне көзі жеткен соң, сәті түскен бір күні Халидаға өзінің көптен бері айтпай жүрген ішкі сырын ақтарған. «Қызым, мен Әзімбаймен сен туралы болған әңгімені жасырып келген едім. Енді соны айтатын кез келді білем. Ол сонда Бануды емес, сені шын сүйетінін айтып, үйленуге менің ризашылығымды сұраған еді. Мен сені әлі он сегізге толған жоқ деп, келісім бермедім. Енді міне, сен он алтыға толдың. Қазіргі жағдайымызды өзің де жақсы білесің. Егер саған Әзімбай ұнаса, мен бас қосуларыңа қарсы емеспін. Ол айтқан сөзінде тұратын, салмақты жігіт. Маған сенің бақытты болғаның керек». Халида ана сөзін үнсіз тыңдады. Өзі де Әзімбайға бауыр басып кеткені соншалық, онымен бірге жүрген кездері қызықты әрі көңілді еді. Ал Әзімбай да оның он сегізге толуын тағатсыздана күткен. Оған деген ынтық сезімін айтудың сәті сол кезде туар деген үмітпен жүрді. Екеуі кездес­кен кештің бірінде Халидадан тар үйдегі қолайсыз жағдайды білген соң, өзін одан ары ұстауды жөн көрмеді. Халидаға жан сырын айтып, бірге өмір кешуді ұсынды. Олар сол күнгі түнді қонақүйде бірге өткізіп, ертеңіне Әзімбай Сейдалиндерден кешірім өтініп, Асхат, Хадиша, Әміржанды кешке қонақ үйдің мейрамханасына шақырған. Ол стол басында өзінің Халиданы өмірлік жар еткенін жариялап, анасы Нафисаның батасын алды. Біздің үйлену тойымыз сол болды, – дейді тоқсан сегіз жастағы Халида апай өткенін еске алып. – Мен өзімнен он бес жас үлкен Әзімбайға ерге шыққаныма ешқашан да өкінбеймін. Ол менің арқа сүйер күйеуім ғана емес, тәрбиеші ұстазым да болды. Онымен бірге жүргенде жас айырмашылығын да сезінгенім жоқ. Арада апта өтпей жатып-ақ, олар Мем­лекеттік жоспарлау комитетінің сая­жайына қоныс аударды. Үйдің екінші жақ бөлігінде Аятестің отбасы. Мұнда бұрын ақгвардияшы полковник казак тұрған екен. Нафиса мен Халида кең әрі жарық бөлмелерді көріп, көңілдері босады. Әзімбай мұны түсінбей қалды ма, қабағынан сәл кірбің байқалған. Халида өзіне ерге шыққанына өкініп тұр деп ойласа керек. Ал бұл олардың көптен күткен «өз үйім, өлең төсегімнің» көз жасы еді. «Сол жылы Әзімбай мені туған жеріне алып барып, ағайын жұртына таныстырды. Олар мені татар екен деп бөтенсіген жоқ. Құшақ жайып қарсы алды», – дейді Халида. Жоспарлаушы-экономист Әзімбай Лекеров елдің әл-ауқатын көтеру үшін жан аянбай еңбек етті. Бірінші бесжылдықтың нәтижелеріне экономикалық талдау жасай отырып, екінші бесжылдықтың жүйелі жоспарын жасады. Республикалық басылымдарға ғылыми тұрғыда мәні мен маңызы терең мақалалар жариялады. «КССР-ның 1926-1927 жылдардағы өнеркәсіп жағдайы», «Бірінші бесжылдықтың болжама қорытындысы», «Ленин – жұмыс қарқынын жеделдету туралы» атты мақалалары елдің экономикалық дамуына тың серпілістер әкелді. Комитеттің «Народное хозяйство» журналында жарияланған «Қазақстан облыстарының бейнесі» атты көлемді мақаласында әр облыстың өзіне тән экономикалық ерекшеліктеріне тоқтала отырып, республиканы тек шикізат көзі етіп қана қоймай, өнеркәсіп өнімдерін шығаратын қуатты елге айналдыру жағынан құнды ұсыныстар жасаған. Ол мақалаларында коллективтендірудің кемшін жақтарын сынға алып, ұлттық кадрлар мәселесіне де зор көңіл бөлді. Оның басқа да еңбектері ғылыми ортада жоғары бағаланып, экономика ғылымдарының профессоры атанды. Кезінде Әзімбай Лекеровтың ассис­тент шәкірті болған, бүгінде ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Серғали Толыбаев: «Әзімбай аға қазақтан шыққан тұңғыш жоспарлаушы-экономист», – деп бағалады. БК(б)П Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Филипп Исаевич Голощекиннің 1925 жылы желтоқсан айында өткен V Өлкелік партия конференциясында «ауылды кеңестендіру» туралы шешім қабылдап, «Кіші Октябрь» жасауды қолға алған еді. Феодалдық қоғамда өмір сүріп жатқан мешеу елге оның «Кіші Октябрі» қасірет әкелді. Отызыншы жылдары халықты тәркілеп, тонау барынша күшейе түсті. Орта шаруа да байға саналып, қолындағы бар малынан айырылып, үстем тап ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Голощекин бар заңдылықтарды белден басып, азын-аулақ малы барлардың да мойындарына тәркілеу құрығын салды. Жығылғанға жұдырықтың керімен елде қуаңшылық болып, егін мен шөп те өспей, жалақтаған жойқын аштық жұртты жалмап жатты. Коллективтік шаруашылыққа деп жиналған малдың азығы болмай жаппай қырыла бастады. Қалың елде тігерге тұяқ қалмай, алды ауа көшіп, шекара асты. «Саяжай терезесінен көшеде қоқыс арасынан талғажау етер азық іздеп, ақтарып жатқандарды көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың, – дейді Халида апа ауыр күрсініп. – Өзім тұңғышыма жүктімін. Анам мені шошынып қала ма деп, ішкі бөлмеге алып кететін». Бұл халықтық қасірет қаладағы ұлт зиялыларын бей-жай қалдыра алмады. Қалайда халықты аштан сақтап қалу үшін қолдан келген шараларды жасау керек болды. Олар оңаша жерде кездесіп, коллективтендірудің қате саясатымен күресу жолын іздестірумен болды. «Бір жолы Әзімбай мамам екеумізге бүгін саяжайға қонақтар келетінін айтып, есік алдындағы баққа алаша төсеп, шәй дайындап қоюды ескертті. Қонақтар түс әлетінде бірі атпен, бірі жеңіл көлікпен келе бастады. Бірін танысам, бірін алғаш рет көруім. Сол күні жаңылмасам ұзын саны он екі адам жиналған еді. Шәй қамымен жүріп, олардың ауыл шаруашылығының қиын жағдайы туралы, адам мен мал шығыны жайында айтып жатқандарын құлағым шалып қалатын. Буы бұрқыраған самаурынды көтеріп дастарқан шетіне қойғанымда Әзімбай: «Шәй құюды маған қалдыр да, үйдегі өз шаруаңмен айналыса бер», – деген соң сөздеріне кедергі жасамайын деп, кетіп қалдым, – дейді Халида». Бұл 1932 жылдың 24 маусымы еді. Лекеровтің саяжайына жиналған зиялы топ, қазақ ауылдарын күштеп отырықшылыққа әкелудің аса қиын салдарын соңғы рет талқыға салды. Пікірталас барысында олардың ұсыныстары екіге жарылған. Бірінші топ Голощекиннің: «Лучше пересолить, чем не досолить» деуімен айналасындағы жандайшаптары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын жалаулатып, қазақтың ата кәсібі малынан айырып, аштыққа ұшыратқаны жөнінде нақты дәлелдермен БК(б)П Орталық Комитетіне, тікелей Сталиннің атына хат жазуды ұсынса, екінші топ әуелі аудандардағы басшылардың көшпелі қазақты шұғыл түрде коллективтендіру арқылы отырықшы елге айналдырамыз деп малын тәркілеген жөнсіз істерін сынай отырып, Өлкелік комитетке қатесін көрсетіп, тығырықтан шығатын нақты ұсыныстар жасайық деген байлам айтты. Араларынан шыққан бір жансыз сол күні-ақ мұны Голощекинге жеткізген. Оларға енді хатты Голощекиннің атына жіберуден басқа амалдары қалмаса керек. Хатқа сол он екінің бесеуі ғана қол қойған. Мүсірепов, Қуанышев, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков. Ал хаттың мәтінін кім жазған? Ондағы келтірілген нақты фактілер қайдан алынды? Хатты ұйымдастырған Лекеровтің қолы неге жоқ? Бұл сұрақтардың жауабын ҚР Президенті мұрағатындағы құжат-хаттамаларынан іздедік. (Жалғасы келесі санда)

Серіктес жаңалықтары