ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ
ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ
>(Қытай күнделіктері)
28.03.06. Бүгін университеттің кітапханасына бардым. Жалпы құрылымымен, оқу залдарымен, кітап қорымен таныстым. Қазіргі талаппен салынған. Сөрелері – темір. Ылғал мен құрғақты реттеу үшін әр сөренің қаңылтыр қақпағының астына тақтай қойылыпты. Бөлім меңгерушісі ғылым докторы екен. Фамилиясы – Ли.
Әрине, қазақ кітаптары аз. Мен әкелген үш жүзге жуық кітапты бір сөреге қойса дұрыс болар. Таңданарлығы, мұндағы қазақ кітаптарының дені елуінші жылдардың соңына дейін шыққан көне басылымдар. Біз көрмеген басылымдар мен аудармалар еріксіз бас шайқатады. Содан кейін барып тоқсаныншы жылдардағы әдебиеттер қылаң береді. Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі жеке бір қабатта екен. Енді жабдықталып, реттеліп, тізімделіп сөреге қойылып жатыр екен. Көзқырын салып өттім. Аялдау әдепсіздік. Бұрышта өте ескі қолжазбалар бума-бумасымен, қат-қатымен, қабат-қабатымен қатталып тұр. Құнды қолжазба екенін біле тұрып, оны оқи алмау қандай азап десеңші. Тек: көне иероглифті мен түгіл қытайдың әдебиет профессорлары да оқи алмайды – деген сылтау ғана көңіл жұбатты. Бұған Еркін мен Нұрбақанның ғана тісі батса керек. Ғылыми кеңесші ғалым келіншек бүгін келмейді, дәрісте екен. Ли Байдің, Ду Фудың, Сыма Сияннің көне қолжазбалары бар екен. Демек, менің де көкейімді тескен деректер мына бумалардың арасында жатқаны анық.
Кенет… есік жақ шеттегі қолжазбалардың жыртылған беттерін үтіктеп, өңдеп, желімдеп, беттеп, түптеп, мұқабамен қаптайтын столдың үстінен шартабақтай қағазға сызылған суретті көзім шалды. Бірінің үстіне бірі қойылған жиырмадан астам … «қытай империясының батыс өңірді», яғни, Шығыс Түркістанды жаулап алу барысын бейнелейтін, әр суретті императордың өзі көріп, түсінік беріп, мөрін басып, мақұлдаған, түпнұсқасы кезінде Францияға әкетілген сызба суреттер! Мұндай сирек құндылықты көрген кезде ерекше көңіл-күйіңді білдіруге болмайтын кәнігі мұрағаттанушылардың тақыстығына салып, кітапханашыдан жай ғана жөн сұрадым. Әрине, оны ғылыми қызметкерлер біледі. Қатты қызықтырса фотокөшірмесін жасатуға болады! Бұл неғылған «батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық!». Бізде фотоаппарат жоқ боп шықты. Сөйтіп тұрғанда ғылыми кеңесші де келді. Ендігісі, біз білетін үйреншікті сөз. Арнайы қатынас, бастықтардың рұқсаты, шарт, ақша аудару… керек! Университет басшылығының атына Мұхтар сұрау жібермек болды…
Гугыңның ғылыми қызметкерлері жариялаған альбомдағы «Батыс өңірді бағындыру» атты суреттер топтамасының бірінің үзігі.
Қалай дегенмен де бұл кітапхананың сирек қорынан не іздеуге болатынын білдік. Бір күнге соның өзі үлкен олжа.
***
29.03. 06. Бүгін екі күн дайындалған таң дәуірінде дүниеге келген «Шылы (Теле) жырының» шығу тарихы туралы лекция оқыдым. Бұл жырдың мәтінін өренжілер жақсы біледі. Теңірдің орындауында үнемі тыңдайды. Бірақ ол жырдың өз тарихтарына қандай қатысы бар? Қандай жағдайда туған? Қалай тарады? Теле ұлысы кімдер? Бірінші көк түрік қағанатының алғашқы уығын шанышқан, телелердің еңсесін көтерген Жабағы жабғының тұқымы кімдер? Оның үрімдері осы дәрісті тыңдап отырған өздері емес пе? Әфсананың ара-арасында Теңірдің әнін қосып қойып отырдым. Әсірелік демеңіз, білген де жақсы. Бірақ сол білгеніңді орынымен пайдалана білгенің – одан да жақсы.
Дәріс жақсы өтуін жақсы өтті-ау, бірақ сабаққа сондай бір шабытпен көтеріліп келе жатқан көңілімді, ғимараттың алдында тосып тұрған Еркінжан атты шәкіртім судай басты. Өзімше еркін дәріс болған соң, осы он күнде үйренген қытайшамның «биік өресін көрсетейін» деп әлгі Әкбар үйреткен За кы жанның өлеңін Абайдың өлеңін оқығандай мақамға салып, дауысымды қырнап жаттап алғамын. Соны Еркінжанға: «Начы лай иоуу фаңды шияды шы ниді шин» – деп оқи жөнелмесім бар ма. Түсінбеген соң барымды сап екі рет мақамдап оқыған соң Еркінжаным: «Ағай! Ағылшынша қандай жатық сөйлейсіз!» – дегені. Қайдағы ағылшынша! «Ендеше қай тілде оқып тұрсыз?» – дейді. Күйіп кеттім. Күйгенмен жанбайсың. Сөйтсем, бір «шин» деген сөз төрт дауыс екпінінде 54 мақаммен айтылады екен де, олардың әр қайсысы жеке бір мағына береді! Мен оны бір ырғақпен сыдыртып шыққан соң «ағылшынша» болмағанда қайтсын. Сол сәттен бастап қытайша үйренуді доғардым да, мағынасы кең тұрақты сөз тіркестерін жаттауға көштім. Мұным ақыл болды. Соның нәтижесінде өз ойымды түсіндіре алатындай «амал» таптым.
Түстікке келдім. Құрмангүл мен Өмірбек дастарханды жайнатып қойыпты. Орнықты көңіл, орынды отырыс, орайлы сөз болды. Өзімше ойымды қорыттым («Қатирада»).
30.03. Үймен сөйлестім. Бұл күннің қым-қуыты жеке әңгіме.
31.03.06. Жан-дин-жиң және Нұргүл Шан-шаньға (Жұпар тауға) алып барды. Бейжіңнің батысынан мұнартып тұратын табиғаты көрікті шоқы, ұлы қорғанның қайқая бұралатын тұсы. Бұрынғы патшалар мен қағандардың жайлауы, Мао демалатын саяжай. Ежелгі аты: «Жың и юань» – «тыныш, жайлы бақша». Цян лунның тұсында, 1780 жылы Тибет ламасы Жау мияу баньшанның келуі құрметіне салынған пұтхана, Цян лунның қабылдау үйі бар.
Цянь-луньнің өз қолымен жазған құлыптас бар. Бәрі де оюлы (қошқар мүйіз), есіктерінің алдын бітеу арыстан (қытай ғимараттарының алдындағы арыстан мүсіндері бітеу келеді, өйткені келген ырыс сыртқа шықпауы тиіс) мүсіндері. Таусылып бітпейтін баспалдақ арқылы ең биік шоқыға шықтық. Жан дин жиң жүгіріп шыққандай болды. Сөйтсек, күнде таңғы бесте осында келіп, «таңғы бидің» орынына шоқыға бір шығып қайтады екен. Дәтке қуат беріп, қырық бес минутта тізем қалтырамай мен де шоқының басына жеттім.
Дүниенің төбесінен қарайтын жер шоқтығы осы екен. Өзге биік тауларға мұнарланып барып қосылады екен. Демалдық. Сусындадық. Батыс жаққа сүзіліп ұзақ қарадым. Әрине, ел көрінбейді, бірақ сол қырық қабат көкжиектің шымылдығының арғы жағында ауыл бар – деген аңсар жүректі сыздатады. Ел қайда, мен қайда…
Сілем шықса да сүлдерімнің өзі дедектетіп табанға түсірді. «Көзілдірік көлдің», бізше айтқанда, «Қоржынкөлдің» жағасында суретке түсіп, тыныс алдық (қалғаны «Қатирада»). «Үрімжі» ресторанына барып түстендік.
Құрмангүл мен Өмірбек азық-түлік әкелді.
Кешке Мұхтар талайғы қонақ қарызының есесін өтеу үшін Бейжің университетінің ресторанына қонаққа шақырды. Әнуар-Нұргүл,Тұрсын апай-жігітімен (бұл кісі Сұлтан ағаның досы екен) тізелесіп отырды. Әйтеуір, осы Тұрсын апайды көрсем болды, аттас болғанымды бұлдағандай, қалжыңдаса жөнелемін. Жұмсақ жымиып Әлімжан отырды. Нығаңның – Нығмет Ғабдуллиннің бір мінездерін еске алады! Әкбар екеуміз қатар отырдық. Әкбардың: «Құрөзектің басына кім шықты», «Ішпесең – ішпе, жеме, мұртыңды матырып отыр», – деуі сол екен, «әкбари» қалжың басталып кетті. Осы кеште және ертең таңертең керек болар-ау деген мына сөздердің аудармасын Әкбардан жазып алдым: Хұй-шүй – қайтайық, Һай-а – әттеген-ай, һай-шу немесе Хы-я – ішейік, Һай-я – шағала, Һай-ю – тағы да, О, әй-ни – сүйемін, Һай-хы – ішу, жұту. Кештен соң Әкбар үйге келді. Құрауыз қайтты. Оның түбіне «Хұй-шүй» мен «Һай-хы» жетті.
1.04.06. Бүгінгі күннің мазмұнын «Өмірбектің сорпасы-ай!» – деген екі ауыз сөз толық жеткізеді.
2.04.06. Түсте Мұхтардың үйінде қонақ болып, сорпаланып алдық. Сұлтан Жанболат ағамен сөйлестім. Майраның «қызыл күрең, ыстық және тегін» шәйін қанып іштік. Бұл дегеніңіз – жарты ырыс. Өйткені Қазақстанда қорапталған шәйдің дәмі дүниенің төрт бұрышынан табылмайды.
3.04.06. Таңғы сағат 600-де Мұхтар келіп, осында келгеннен бері ындынымды құртып жүрген «Зы жы юанға» – «Қызыл бамбук бақшасына» апарды. Үш айлық еркін серуендеуге мүмкіндік беретін суретім басылған тұмарша әкеп берді. Оны мойныма асып алдым. Бақшаның ұзын-ырғасын қырық минутта аралап шықтық. Жорта таныстырды. Ішінде екі арал, екі шығанақ, екі мүйіс бар екен. Енді өзім де жол таба аламын. Тұмарша мойында, бақша қайда барады – дегендей.
Себезгіленіп, шәйініп, шайланып дәріске бардым.
04.04.06. Таңғы сағат 600-де «Қызыл бамбук бақшасына» бардым. Жалғыз жүріп, асықпай екі сағат араладым. Араладым да осындағы адамдардың ермегіне таң қалдым. Таң қалмасқа тағы болмайды. Кеше кімді, қай бұрышта, қандай әрекет үстінде, кіммен көрдім, дәл сол қалпында. Батыс есіктен кіреберісте қайық пен ескі үлгідегі, Сы чи тайхудың заманындағы шағын кемелер, айлақта шүперегін сулап алып иероглифтен өрнек салған кешегі қарт жүр, мәрмәр өткелдің үстіндегі адам тура кешегі мәнерінде иіліңкірей түсіп қармақ салып отыр.
Ескі қақпаның сол жағындағы алаңқайда қытай шахмат ойынын әскери шайқас үлгісіне түсірген ақ және сұр мүсіндер ерекше көз тартады. Қара жауынгерлердің көсемі жас, қылышы қынабынан суырылған, қалқанын кеудесіне тосқан, сәл еңкейіп, атылуға дайын тұр. Оның сарбаздары да қарсы жақтағы кеудесін керіп, аяғын алшаң аттап, бір қолын артына жасырған жанары сабырлы сұр мүсінді жасақтардың қолбасшысының әр қимылын қалт жібермей бағып тұр. Жасақтары да оңтайлы орналасқан сияқты. Орағыта аралағанда байқағаным сұр жасақтардың денінің қаруы артына жасырынған, екі көздері жауда емес, мосқал қолбасшыда, олардың келер сәтте қандай қимылға көшері және жасырған қаруының не екені (қылыш па, қанжар ма, бос мойын шоқпар ма, жебе ме) қара жасақтарға беймәлім іспетті. Кенет … кеудесін керіп тұрған сұрғылт түсті мосқал қолбасшының ту сыртынан айнала бергенде нығыздала жұмылған, ыза мен кекке толы түйілген жұдырыққа көзім түсті. Жұдырық болғанда қандай! Мүсінші бүкіл майдан оқиғасының шешімін осы жұдырық арқылы беріпті. Ыза мен кекке толы мына жұдырыққа қылыш та өтпек емес! Аяғын алшаң салып, келсең-кел деп тұр! Сұр мосқал сөзсіз жеңеді. Өйткені жас қолбасшының бес қаруының не екені, қалай қимылдайтыны білініп тұр. Оның әскерінің көзі жау жақта. Ал мосқал сұрдың жасағының көздері қолбасына қадалған. Демек оның бұйрығын күтіп тұр, өйткені оған, оның соғыс айласына жауынгерлері сенеді. Бұйрығын айнытпай орындайды. Ендеше жеңбегенде қайтеді. Тек қарсыласының мәтқапы сәтін күтіп тұр!
«Ыза мен кекке толы мына жұдырыққа қылыш та өтпек емес!»
Осыған таң қала үңіліп тұрғанымда жастары елуді еңсерген, алпысты алқымдаған жұптар вальс әуенімен билеп, дөңгелекті айнала қалықтай жөнелді. Кеше де осы ұзын бойлы, қайырылған қара шашты жігіт ағасы ана бір талдырмаш кекселеу келіншектің мықынынан демеп, шыр айналып жүрген… Біраздан кейін полькаға, одан фокстротқа көшті. Демек, бұл қырқыншы-алпысыншы жылдардың қыздары мен бозбалалары болғаны.
Солтүстік қақпа қазір жабық. Жөндеуде. Мұнда кәдімгі тепкішек тебетіндер мен «таң бишілері», яғни, әуенге қосылып денесін тәрбиелейтіндер, одан кейінгі бамбук пен қойтастардың тасасында сыбызғы мен арху тартатындар, сырнай ойнайтындар, кекіретіндер (иә, солай, бір-біріне теріс қарап тұрып кекіреді), жұптасып (дуэт) ән айтатындар, бірігіп дене шынықтыратындар (тәрбиелейтін емес), балеттің би жүрісіне жаттығатындар, сазсырнай тартатындар, яғни, бұл шығанақта барынша халықтық дәстүрге үйірлер шоғырланған.
Шығыс қақпаның маңына барынша өркениетті өнерге бейімділер үйіріліпті. Ең үлкен шоғыр – еуропалық балл биі үлгісінде, қытайдың ұлттық биі мәнерінде, үнді биі ырғағында, танго қимылында «өнер үйренеді». Соған жапсарлас бір топ бамбукты айнала бергенде джаз музыкасымен чарльстонды, «ча-ча чаны», ламбаданы билеп жатқан топты көресіз. Екі топтың ортасында сәл оңашалау тұста балет биі «үйірмесі» бар.
Шығыс пен Оңтүстік қақпаның арасында саксафон, скрипка, фифа (жетіген сияқты), сырнай (гармонь) тартушылар мен жеке ария, ән орындаушылар орам-орам бамбуктың (нарқамыстың) қалтарысында, төбешіктерде, қойтастардың қолтығында еш нәрсеге алаңдамастан «өнерлерін» шыңдап жатады. Бір қызығы, жаңағылардың дауысы бір-біріне бөгет жасамайды, «көп шуылдақ не табар, бастамаса бір кемел» (Абай) дегізбейді. Жанына барғанда ғана дыбыстарын бір-ақ естисің. Табиғи акустика деген осы!
Ал Оңтүстік қақпаға жуық екі төбе жабайылау екен. Құшақтасқан қыз-жігіттер әуес төбе екен. Әзірше мағынасын түсінбедім.
«ҚЫЛМЫСТӨБЕНІҢ
КҮНДІЗГІ «КЕЛБЕТІ»
Одан кейінгі буынтықта Несіпбектің үйі қораланыпты. Әйтеуір, қайда барсаң Несіпбек! «Бітеу арыстан» болмаған соң ол да әжетке жарайтын әжет күркесі ғой. Сол маңда көлдің жағасында қайықаузы, тіскебасар, бас жазар лапастар бар. Оңтүстік пен батыс қақпаның арасында Сы чи тайхудың ұрлық сарайының орыны жатыр. Тура иегінде балық аулайтын шығанақ бар. Ескі кітапхананың сүлдері, шөл бастатын ілездеме мен жөпелдемеде жұта салатын көзге таныс күркелер, содан кейін … әлгі шахмат майданына қайтып ораласың.
Бұл «алкүрең» немесе «қызыл күрең» нарқамыс (бамбук) бақшасының сыртқы шеңбері. Ортасында екі үлкен арал, үш үлкен шоқы бар. Оның әр қайсысы әр түрлі өнер ордасы. Қайтар тұста қосылып ән айтқан ер-әйелдің дауысы мені бақшадан шығарып салды. Ол қызықты ертең келіп көруге қалдырдым.
05.04.06. Бүгін үйге шақырту (виза) жібердім. Әуелі Әмина, содан кейін Алма мен Назым Бейжіңге келмек. Мен бар кезде, тегін үй бар кезде, қаражаттың да қол астында тұрғанында, аралататын адамдар бар да келіп, көріп алғандары дұрыс. Ал Әмина осы Бейжіңде көктемді өткізіп, жазда Үрімжі, Алтай, Тарбағатайлатып Алакөл арқылы Алматыға оралмақ.
Дәріске төселіп қалдым. Үйреншікті күйге түстік.
06.04.06. Бүгін университет бойынша спорттың әр түрінен жарыс болды. Бұл өзі ұлттық намыстың сыналатын тұсы екен. Салтанатты шерумен ашылды. Әр факультеттің өз бәсекелесі бар. Ой, намыс-ай десеңші! «Күндестердің күңкіліне» қарамастан Қазақ тіл, әдебиеті факультеті бірінші орын алды! Өмірбек пен Ғалымжан спорттың 4 түрінен бас бәйгені иемденді. Бұл дегенің үлкен бедел. Енді өзге факультеттер және қыздар да олармен есептесіп жүретін болады. Өренжілер жиылып бәйгелерін «Боғдада» атап өтті. Құттықтап, мақтап, еңселерін көтеріп қойдым. Ал өздері бірінің сөзін бірі бөліп, мәз-мәйрам. Қайран жастық кешуі-ай! Университеттің ішіндегі шағын кітап дүңгіршегінен үш-төрт өмірбаяндық кітап алдым. Кешке соларды парақтадым. Әкбардың Мұхаммед пайғамбар туралы кітапшасы ойлы, анық ұғыммен жазылыпты. «Қызыл сарайдың түсі» атты классикалық кітаптың авторы туралы жинақ та көп мағлұмат берді. Аудармасы да жатық екен. Ши хуандидің өміріне, әсіресе, жеке басына қатысты тосын ойларға жетелейтін деректерді есте сақтауға тырыстым. Сонымен таң да атты…
07.04.06. Бүгін ойларымды тәртіпке келтірдім. Емтихан мен сынақтың сұрақтарын Жан дин жинге бердім. Еркін, Нұрбақан келді. Мұхтар сүрленген қазы әкелді. Астанамен сөйлестім. Күнікейдің дауысын естідім. Құрмангүл кір жуды, Өмірбек әңгіме айтты.
08.04.06. Емтихан алудың жай-жапсарын келістім. Профессор Еркін Әбуғали үйіне қонаққа шақырды. Дөртуыл – Ақбарақ. Әкесінің аты – Ауғали Сәдуақас – Жеңсікбай… болып кете береді. Ауғали Сауанда әкім болған адам. Арғы мекені – Зайсанның Қараталы. Тіл маманы, түрколог, Гыңның шәкірті. Ленинградта аспирантурада оқыған. Ұстаздары – Гузев пен алтайтанушы Насилов (Щербактың мектебі). Күндізгі 1200-ден түнгі 200-ге дейін отырдық. Көп мағлұмат алдым, қытайдағы түркологиы ғылымының даму жолы туралы лекция тыңдадым десе де болады, маған беймәлім жайлар жөнінде түсінік берді. Қытайдағы дүнгендердің тағдыры қақында кітап жазған жазушы Жаң шың жы туралы жақсы сыпаттама берді. Мектептес досы екен. «Қатирада» жазылған сөз төркіні қысқаша мынадай:
– Қытайдағы түркология ілімі Дунхуаньдағы қазақтар «Мың үй» деп атайтын сар керішті үңгіп жасаған құжырадан Уаң дау жын атты қытай тақуасының пұтхананың таушасының бірінен 17 тілде: негізгі бөлігі – қытай, қалғаны – түрік, тибет, санскрит, соғда тілінде 24 түрлі жазумен жазылған қолжазбаларды тауып алуы сәтінен басталады. Пұтхананы жөндеуге қаржы іздеп жүрген, жазулардың мәнін еш түсінбеген тақуа оны Дуньхуанға келген еуропалық біреуге көрсетеді. Бұл – «мәдени қарақшылықпен» айналысуға ағылшынның (кейбіреулер француздың дейді) Жағырапиялық академиясы жіберген, түбі мадьяр Стейн (Штайн) екен. Әуелі он қап кітап алады. Құндылығын білген соң қалғанын 36 түйеге артып әкетеді: Енді қалғанына өздерің ие болыңдар, – дейді. Сөйтіп, қолжазбалар Белградқа, Германияға жол тартады. Гу гыңның бас кітапханашысы Бейжіңнен: – Ганьсуға музей ашыңдар деп бұйрық берді. Гань судің уәлиі оған көңіл бөлмейді. Қолжазбаларды Ләнжуге әкелуге тиісті адам оны жол-жөнекей сатады. Сол келген қолжазбалардың біразын Гың шы мын профессор зерттеп, жариялады. Біраз жыл бұрын мен де Дунхундағы Ғылыми институтқа бардым. Кітап қоймасынан жоғалған қолжазбаларды іздедім. Ештеңе таппадым. Бар тапқаным екі бет жыртық қағаз болды. Еуропалықтар, негізінен немістер жариялап қойған көшірмелерді көрсетеді. Әзірге дейін тың ештеңе табылмады.
Азаттықтан соң (1949 жыл) Бейжіңде аз ұлттардың мәдениет жәрмеңкесі өтті. Сонда Шианьнан, Дуанхуаннан, Шыңжаңнан әкелінген біраз мұраларды Гу гың мен үкіметтің архив басқармасы алып қалады. Бірақ оны реттейтін маман болмаған. Ең бірінші айналысқан адам – Фың жа шын, Гыңның ұстазы, Францияда оқыған. Батмановпен, Юдахинмен таныс. Үлгі көрген. Мамандығы тарихшы. Түрік тілін оқымаған. Ныспылы нәсілі Хан жу лиң. Қытай жазбаларындағы мұңғыл, түркі тарихын зерттейді. Шыңжаңда қызмет істеген. Ал тіл тұрғысынан зерттеген – Гың. Фың жа шын мұны: көне түркілердің заң дестері – деген. Оның қатесін Гың түзеді. Гыңның аты сонымен шықты (70-80 жылдары.). Халықаралық түркологтар оны мойындады. 20 жылда 10-15 мақала жариялаған. Негізгі табыстары ретінде 2 том еңбек шығарды. Германияда екі жыл ғылыми зерттеу жүргізіп, «Майтри смит ном бітіктің» екі томын фон Габайнмен бірігіп қытай, неміс, түркі тілінде шығарды. Халықаралық сыйлыққа ие болды. Сабағының 60-70% көне түркі тілі мен ежелгі түркі әдебиетіне байланысты.
Қытай мәдениетіне Вэй (солтүстік ұлттар патшалығы) дәуірінде мәдени реформа жасалған. Ал Таң дәуірі (түркі тектілердің ықпалы күшті империя) тұсында сол мәдениетті дүниеге танытқан. Қытай ғалымдары мұны ашық айтпайды. Өйткені, Вэй – табғаш мемлекеті, түркілердің құрамасы. Қытай империясын билеген кейінгі кезеңдегі Юань (Моңғол), Мәнжу императорлары сияқты. Вэй ұлты – табғаштар. Ли фамилиялылардың бәрі де табғаш. Таң империясының хандандарының ханымы – табғаштар. Таңның уәзірлері – әр ұлттан құралған. Зиялылар тобы – Ши-аньда тұратын аз ұлттардан құралған. Сол татулық – аралас ұлттар – таң империясының түбіне жеткен. Олар текшеу мен теңгермелік саясат арқылы әр мәдениетті қабылдап, бойына сіңірген. Бұл – сол тұстағы халықаралық «қарым-қатынастың» жемісі.
Жаратылыс пен қоғамдық білім түйісіп барады. Жаратылыстанушылар рухсыз қалды. Ұлтқа қызмет етуге жарамайды. Қытайдың өзі ұлттарды біріктіру бағытын ұстап отыр. Жаратылыс ғылымы − қоғамдық, ұлттық санасыз халде.
Мен білетін Шын хандығы деректерінде Абылайдың аты 62 рет аталады. Онда: Кім келді? Не үшін келді? Не алып келді? Не беріп қайтарды? Өздерінің ойы, мақсаты не? – туралы екені айтылған. «Шың хандығы кезіндегі күн тәртібі (протоколдар)» каталогі 20 том. Бұл да толық емес. Әлі тізімделіп жатыр. Бір күннің ішіндегі протоколдық ақпараттар түгел жазылған. Күні, айы, жылы көрсетілген. Ендігі қолға алынатын іс – сол хаттамалардың мазмұндарын баяндап, көшіріп, кітап етіп шығу. Ол іс қанша уақытта бітеді? Жалпы көлемі 100-300 томды қамтуы да ғажап емес. Қазір оның бір бөлімі жүзеге асты. Шыңжаңдағы торғауыттар мен жоңғарларға қатысты деректерге ішінара ғылыми сипаттамалар берілді. Қазаққа қатысты деректер дербес шығарылған жоқ. Мемлекет жоспарына «Шың дәуіріндегі қытай тіліндегі материалдардың мәтінін анықтап шығару» деген тақырып кірді.
20 томдық каталогтан қазақ тіліне, еліне қатысты қандай мағлұматтарды көрсете аласыздар? Оны байыппен саралаған дұрыс. Ең бірінші қажетті басылымдар мынау: 1. Қытай энциклопедиясы. 2. Қазіргі қытай сөздігі. 3. Көне қытай сөздігі (4 том). Менің негізгі ғылыми бағытым:
1. Көне түркі тілі және жазба тілі. 2. Қыпшақ тілі. 3. Шағатай қазақ қолжазбалары. 4. Қазақ тілі тарихы. 5. Шет елдегі қазақ тілінің зерттелуі. 6. Түркі тілінің тарихи салыстырмалы грамматикасы. 7. Алтайтану.
Қытайдағы Орта Азия, Монғол, Шығыс Түркістан тарихымен түрік тарихын зерттеген алғашқы қытай тарихшылары мыналар:
Хан-жу-лиң, Нанкин университетінің тарих факультетінің профессоры, 1985-86 жылдары дүниеден қайтты;
Фың жия шың – түркі, ұйғыр, юань (монғол) дәуіріндегі түрік тарихын зерттеген (70 жылдары қайтыс болды);
Вын ду жияң – таза монғол тарихымен айналысқан. Оған дейін Батыс өңірімен шұғылданған тарихшы болған емес. Бұл Еуропада жүріп шығыстану тарихымен жүйелі айналысқан, Пеллиоттан оқыған.
Жоғарыда аталғандар 40-жылдары елге оралған. Түркологияның басы солар. Содан соң Гың шы мин. Ол сырттай Фын жия шыннан дәріс алған. Басқа шәкірті жоқ. Хан жу лиң – юань (монғол) тарихи негізінде түрік тарихын зерттеген. Бақыт Еженханды оқытқан соның шәкірттері. Нәнжиңде Батыс өңір (юань ши) тарихын зерттеу орталығын құрды. Олар жүйемен жұмыс істеп келе жатыр. Ал Вын ду жияң – азаттықтан соң Бейжің қаласының мәдениет бөлімін басқарған. Этнографиямен айналысты. 1978 жылдан бастап шәкірт тәрбиеледі. Екі кезек шәкірт даярлады. Бірінші кезегінде 4 адам бітірді. Солардың ішіндегі ең мықты шәкірті мен айтқан дүңген жазушысы Жаң шың жы. Ең «нашары» – қазіргі Қытай ғылым академиясының этнография институтының директоры. Ал оның өзі Қытайдағы ұлттық мәселенің ең үлкен маманы деп танылады.
Мен «өкіл ағайым» деп отырған Жаң шың жы (ол қазақша біледі) 1974-1976 жылдары Вын ұстазының тапсыруымен үйсіндердің моласын зерттеді. Кезінде Гоминдаң мен Гунсаңдан зиялыларға таласқан. Вын гунсандаңға бейім болған соң аман қалған. Біз оқуға түскен жылы (1978) Вын ұстаз Гың шы минді: қазақ класына сабақ бересің – деп осында жіберіпті. Жаңағы дүнген Жаң шын шы лин бізбен бірге қазақша оқыды. Жан монғол тілін де жақсы біледі (Мәдениет төңкерісі тұсында Монғоляда үш жыл қой баққан). Өлең жазған. Алтаистика дегенді мен содан үйреніп, біліп, сезіндім. Ол маған аға және ұстаз. Екеуіміз сонда қазақ-монғол тілін салыстырып, көшпелі ұлттардың тілдік мәдени ұғымдарын зерттедік. В.В. Владимирцовтың «Көне моңғол көшпелі қоғамының қоғамдық құрылымы» атты монографиясын сүйіп оқыдық. Ол: көшпенді ұлттарда құлдық қоғам бар ма – деген мәселемен айналысатын. Ұғымдарды тұжырымдап, мағынасын талдап, феодалдық қоғамның маңызы қандай дегенге жауап іздедік. Таптық, рулық қоғам құру екен. 1978 жылы Жан алғашқы повесін жазды. Аз ұлт жазушыларының арасынан Әкпар екеуі мемлекеттік сыйлық алды. Оған дейін көшпенділердің өмірін қытай тілінде жазатын жазушы жоқ болатын. Көне тілдік стильді тапты.
Көне тарихтың ішіндегі ең қиыны – Монғол империясының тарихы. Бір қанаты «Алтынордаға» кетеді. Еуразия кеңістігін, еуропаның, орыстың, түріктің тілін білу керек. Ол кезде түрік тілін білетін қытай тарихшысы жоқ. Қытайларда: «Юань тарихынан жаңалық ашқан тарихшы – шыңға шыққан тарихшы»,– деген мәтел бар. Қалған дәуірдің тарихшылары мыңдап саналады. Жаңға: түрік тілін үйрен – деген ұстазы сол Вын. Сол кезде: «Солтүстік батыста – Жан шы жы, оңтүстік қытайда – Лиу иң шың (қазақтардың арасында «Нәнжіңде – Еженхан Бақыт)», – деген де тіркес орын алды. Жан 2-3 жылда әңгіме, повестер жинағын шығарды. Үздік аталған жас жазушы Уан мың мен Жан шы жы болды. 3 жылдай тарих институтында істеді. Жапонияда 1 жыл тұрды. Жапониядағы көне түркілерге қатысты дерек көздерін түгел жиып әкелді (оның денін маған берді). Аты шыққан соң әдебиетке кетпесе болмады. Жазатыны монғол, дұнған өмірі. Фатима деген шешесі бар. Әкесі дұнғандар қоғамында қайраткер болған. Өзі пекиндік. Екі әпкесі бар. Шешесін қатты сыйлап өскен: «– Шешем мен үшін бір әлем», – дейтін. Академия бұған екі бөлмелі үй берді. Көшірістім. 1986 жылы онымен қатар нашар оқыған сабақтасы институттың директорының орынбасары болған еді. Ол 4 бөлмелі үй алды: «Әй, бұл болмады. Теңсіздік қой», – деді. Сөйтіп жүргенде Теңіз армиясы жазушылар ұйымының төрағасы: «Сен бізге кел. 3 бөлмелі үй, 1 қызмет бөлмесін береміз», – дейді. Жалғыз шешесі, қызы бар. «Не істесем болады?» – дейді маған. Жетекшісі өліп қапты. Оған да көшірісіп салдым. Сөйтіп, Теңіз армиясының кәсіптік жазушысы болды. 1989 жылы мамыр айында студенттер қозғалысы болды. Мен Ресейге оқуға кеткем. Ху яо бан жүректен өлді. Ол: «Компартия өзінің аз ұлттарын отарлап отыр. Шыңжаңдағы Қарамайдан шыққан мұнайдың 5% өздерінде қалдыру керек», – депті. Сол үшін оны сыртпен байланыссыз қалдырыпты. Осы кезде Горбачев келіп жатқан. Студенттерді қанды қырғынға ұшыратты. Сонда Жан жын шы: – Мен өз халқын қырған армияға қызмет етпеймін, – деп әскер қатарынан кетіп қалған. Қазір еркін жазушы. Өзін-өзі қаламақысымен асырайды. «Жүрек сырының тарихы» атты романы қытай тілінде жарияланды. Дүнгендердің мұсылмандықты қалай қабылдаған тарихы, олардың тағдыры, шеккен жапасы, көрген азабы туралы романы еркеше бедел әкелді. Америка, жапон оқырмандары таныс. Қазір Латын Америкасында жүр. Бізде оны «ессіз машина адам», «функционер» десті. «Шығармаларында бір түрлі қарсылық бар. Сынаңдар», – десе, жазушылар ұйымы: Мұның тамыры тереңде. Шамамыз келмейді, – депті. Фатима атты қызы бар. Әйелі авиация саласында директор, – деп Еркін түнгі сағат екіде әңгімесін аяқтады.
Мұндай тағдырлы тұлғаларды ұнатушы едім. Сол дүнген жазушысымен танысқым келді (Бірақ мен елге қайтқанша ол Латын Америкасынан Бейжіңге оралмады − Т.Ж.).