Алматыда Хорватия консулдығы ашылды

Алматыда Хорватия консулдығы ашылды

Алматыда Хорватия консулдығы ашылды
ашық дереккөзі
174

Осы аптада Алматыда Хорватия республикасының консулдығы ашылды. Бұл салтанатты рәсімге Хорватия Сыртқы істер вице-министрі Иошко Клисович қатысып, екі ел арасындағы мызғымас ынтымақтастықтың орнағанын атап өтті.

Аталмыш шарада ҚР СІМ Алматыдағы өкілі Игорь Мусалимов екі елдің экономикалық қарым-қатынасын саралап өтті. Екі мемлекеттің жырақтығына қарамастан, сауда айналымы жыл өткен сайын ұлғайып келеді.

– 2012 жылы тауар айналымы 15,8 миллион долларды құраған. Былтырғы жылдың желтоқсанында Хорват елі Еуро одаққа мүше болды. Бұл Қазақстан үшін өте тиімді. Хорваттықтар біздегі туризмге қызығушылық танытты. Тіпті EXPO-2017 көрмесіне ат салысуға даяр екенін айтуда, – деді Мсулаимов мырза. Апта басында Астанада Қазақстан-Хорватия бизнес форумы өткен болатын. Бұл форумда екі елдің сыртқы істер министрліктерінің өкілдері кездесіп, бірқатар келісімшарттар жасасты. Сондай-ақ экономикалық байланысты нығайту мақсатында тың бағдарламалар ұсынылып, шағын және орта кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, кәрі құрлықта жүргізу туралы сөз болды. Осы кездесуден кейін Алматыға ат басын бұрған хорват елінің өкілдері Хорватияның Қазақстандағы құрметті консулы Еркін Исраиловке алғыс хат ұсынды.

Иошко Клисович Қазақстанның стратегиясы мықты ел екенін айта келе:

– Біз Қазақстанды мықты серіктес ретінде көреміз. Біздің тарапымымыздан сіздерге айтар ұсынымыз өте көп. Сіздер мен біздер екі елдің кәсіпкерлеріне демеу көрсетсек деген ниетіміз бар. Алдағы уақытта екі елдің игілігі үшін бірігіп атқарар шаруаларымыз мол болады деп сенемін, – деді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары