ENRC – Лондонға неге жақпады?
ENRC – Лондонға неге жақпады?
Соңғы кездері қазақстандық азаматтар немесе азаматтығы болған кәсіпкерлер Лондон сотына жүгінуді әдетке айналдырғандай. Тіпті қазақстандықтарды батыста Жоғарғы сотқа жиі жүгіретіндер ретінде тани бастаған. Әрине, кім көрінген Лондон сотына арыз бере алмайды. Бірақ бұл жолғылардың жөні бөлек. Олар Еуразия табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) басында тұрғандар.
Аталмыш корпорация Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының басты жаңалығы болып тұр. Жуырда Ұлыбританияның ірі алаяқтық жөніндегі басқармасы (Serious Fraud Office, SFO) ENRC компаниясына қатысты алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және пара алушылық бойынша тергеуді бастады. Тергеудің басталғанын компанияның өзі ресми түрде жариялады. Тергеу «еуразиялық үштік», компанияның негізгі үш акционері – Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиевтер мен Қазақстан Үкіметі қалған акцияларды сатып алу туралы ұсыныс түсіргеннен кейін басталды.
«ENRC – тергеудің ашық және әділетті өткенін қалайды. Сондықтан біз көмегімізді аямаймыз», – деп жазылған компания мәлімдемесінде. Негізі бұл алпауыттың 55 пайызы «еуразиялық үштік» және Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Ал 26 пайыздық үлесіне «Қазақмыс» қожалық етеді. А.Машкевич – 14,59 пайыз, Алиджан Ибрагимов – 14,59 пайыз, Патох Шодиев – 14,59 пайыз, ҚР қаржы министрлiгiнiң мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi – 11,7 пайыз, бiрқатар институционалды инвесторлар мен компаниялар. Еуразиялық корпорация 90-жылдардың тоқырауында пайда болды. Жоғарыда аталған үштік «капитализмге өту» кезеңін сәтті пайдаланып, металлургия және тау-кен саласының ірі өндірістерін қолға түсірген болатын.
Жалпы, бұл корпорация төңірегінде даулы мәселелер уақыт өте келе ұлғайып келеді. Былтыр ENRC Қазақстан Республикасындағы заңсыз төлемдер туралы сөз қозғаған. Сонымен қатар Африкадағы кеніштері мен жұмысшыларының жағдайы ушығып тұр, ол әлі күнге дейін біржақты шешілген жоқ. Сондай-ақ жыл басында ENRC-дің бұрынғы қаржы кеңесшісі Кирилл Штейн үштіктің үстінен талап-арыз түсіріп, 27 миллион доллар талап еткен. Лондонның жоғарғы сотында қаралып жатқан процеске көпшіліктің назары ауды. Соңғы 5-6 айдың жүзінде алпауыттар тобы келеңсіз жайттардан бұлтарып бақты. Өйткені олардың акциясы құлдырап барады. Бұл түйткілдердің қатарында сыбайлас жемқорлықтан өзге, директорлар кеңесі мен қазақстандық үштіктің қақтығысы және арадағы 5 миллиард доллар да себеп болып отыр.
Осы аптада ENRC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Далман өз еркімен орнын босатты. Осы орайда батыстың Management Today сараптамалық журналының редакторы Мэтью Гвизер авторлық мақаласында былай деп жазады: «…Forbes-тің ең ірі 100 компания рейтингісіне кірген ENRC тау-кен алпауытының төңірегінде даулы оқиғаларға куә болып отырмыз. Елдегі қиын жағдайды өз пайдасына жаратып, 90 жылдары Қазақстандағы кеңестік шахталарды жекешелендіріп, 2007 жылдары Лондон биржасына акция орналастырған бұл компания ешқашан да әдеттегі британдық биржалық компания бола алмас еді. Оның жартысына жуық акциясы үш олигархтың иелігінде, олар КСРО құлаған хаоста үлкен дәулет жасап алғандар. Алайда пайдалы қазбаларды өндіру тарихында компанияның құпия сырлары көп. Оған тіпті Африкадағы түсініксіз, дінге сілтеген қақтығыстардағы қаржылық алаяқтықтар да теңесе алмайды. ENRC-ді бақылауында ұстап отырған Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев әлсіреген компанияны толық иемденуге талпынуда. 2007 жылы акциясының әрбірі 540 пенске бағаланса, бүгінде 14 фунт стерлингке көтерілген. Бірақ былтыр 60 пайызға дейін құлдырап кетті. Бұдан шығатын қорытынды, Лондон биржасында мұндай операцияның орын алуы мүмкін емес. Ұжымдық тұрақсыздықтың символына айналған ENRC Ұжымды басшылықтың заңдылықтарын меңгермеген. Мұндай ұйыммен серіктес болу Лондонның абыройына зиянын тигізеді», – деп өз ойын ашық білдірген екен. Осылайша еуразиялық топтың абыройына сызат түсті.
Компания төңірегіндегі даулы оқиғалар Лондон биржасындағы абыройын әлсіретіп жатыр. Ұжымдық басқару алға қойылған халықаралық қаржы және нарық жүйесінде қазақстандық компанияға сенімсіздік туындап отыр. ENRC тергеуден дін-аман құтылса да, тұрақты биржадағы жағдайы бұрынғыдай бола ма?