ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI ТҰҢҒЫШ ЗАҢ ЖОЙЫЛУДЫҢ ШАҚ АЛДЫНДА

ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI ТҰҢҒЫШ ЗАҢ ЖОЙЫЛУДЫҢ ШАҚ АЛДЫНДА

ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI ТҰҢҒЫШ ЗАҢ ЖОЙЫЛУДЫҢ ШАҚ АЛДЫНДА
ашық дереккөзі
266

Парламенттiң бiрiншi шақырылымының еншiсiне бұйырған, Парламенттiң өз төл туындысы саналған, қазақ тiлiнде жазылып, тарихта қалған "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңы қабылдан¬ғанына өткен жылы он жыл толды. Бұл заң шетелдегi қазақтардың елге оралуының заңды жүйесiн жасауға, көшi-қонға қатысты құқықтық негiздi реттеуге қызмет етiп келедi.

Бұл заң жобасы кезiнде Елбасының тапсырмасымен Президент жанындағы Ұлттық Кеңесте Ә.Кекiлбаевтiң төрағалық етуiмен арнайы қаралған болатын. Бiр жылға жуық тартыспен әрi бүкiлхалықтық талқылаумен қабылданғанын қалың көпшiлiк, атсалысқан зиялы қауым әлi ұмыта қойған жоқ. Ендi "бұл заңды жою керек" деген пiкiрлер айтыла бастады. Мен оны қолдамаймын.

Осы заңның аясында Қазақстанға 700 мыңнан астам қандастарымыз Отанына оралып, олардың құқықтық мәртебесi қорғалды. Бұл – ресми дерек қана. Ал жалпы дерек бойынша атамекенге 1 миллионға жуық қандастарымыз келгенi айтылуда.

Осы заң көптеген ағайындардың үмiтiн оятып, сенiмiн нығайтты. Қандастарымыз алғаш рет заңды қазақ тiлiнде жасауға болатынына көз жеткiзiп, аудармасыз түпнұсқасын ана тiлiнде оқып масайрағаны жайына қала ма? Әлде бұл кейбiреулердiң мемлекеттiк тiлге кезектi шабуылы ма?

Ең бастысы, Алматыдан Ақмолаға көшкенде Елбасымыздың Астанада қол қойған тарихи алғаш қазақ тiлiнде жазылған заңы емес пе едi?!

Осы заңның аясында Президентке тiкелей бағынатын Көшi-қон және демография жөнiндегi Агенттiк, облыстарда көшi-қон басқармалары құрылғаны белгiлi. Санкт-Петербургте Парламентаралық Ассамблея Қазақстанның бұл "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңын жоғары бағалағаны, тiптi модульдық заң ретiнде ұсынғаны да көзi қарақты адамға мәлiм едi ғой. Отанға оралу да, квота да, баспана алу да осы заңмен iске асып келе жатқан жоқ па едi? Мұндай заңды жою кiмнiң идеясы екен? Бұл өзiмiздi жою емес пе?

Рас, армандап құрылған Агенттiк кейiн Үкiмет құрамына берiлiп, ақырында тарап кеттi. Заңдағы бiр орындалмай қалған нәрсе көшi-қон жөнiндегi қордың жұмыс iстемей, Үкiметтiң қаулысы шықпай қалғаны көңiл қынжылтады. Оның iшiнде оралмандарға арналған жер қоры бар едi. Әрине, елiмiзде дербес уәкiлеттi орган болмай көшi-қон процесiн алға дамыту мүмкiн емес. Менiңше, тарап кеткен Агенттiктi қайта қалпына келтiру керек.

Қоныстанушылардың әлеуметтiк жағдайына байланысты әлi шешiмiн таппаған мәселелер бар. Мысалы, зейнет жасындағы адамдар үшiн шетелде жүрiп атқарған еңбек өтiлi есепке алынбайды. Ауыр өндiрiс орындарында (шахта т.б) еңбек жасаған жағдайы ескерiлмейдi. Сол себептi қоныстанушы ең төменгi әлеуметтiк зейнетақы алуға мәжбүр. Осыдан барып халықаралық адам құқығы бұзылады. Шетелде өмiр сүргенi үшiн оралман кiнәлi емес.

Одан кейiн құжаттану мәселесi, байырғы ата жұртына оралушы қандастарға ең алдымен (келген жерде) азаматтығын беру қажет. Израиль сияқты мемлекеттерде ұшақтан түсе салысымен төлқұжат берiледi. Ал бiзде алдымен квота, одан кейiн азаматтық. Азаматтық алған жағдайда квота алуға құқы жоқ. Өйткенi, ол Қазақстан елiнiң азаматы болып есептелiнедi. Осылай қандастарымыз квотаға құжатын өткiзiп қойып, оны екi-үш жыл күтедi. Осы аралықта азаматтық алуға болмайтындықтан жұмысқа орналаса алмай немесе кәсiппен шұғылдана алмай қор болуда.

Сондай-ақ, елiмiзде оралмандар үшiн арнайы "бiр терезе" ережесiн қолдану керек деген ұсыныстың жаны бар. Сонда әрбiр қағаз үшiн жан-жаққа шапқыламай, бiр жерден жұмысын тындырар едi. Оралмандардан пара алу мәселесi де болмас едi.

Шетелдiктердiң еңбек күшiн пайдалану мәселесi де Еңбек министрлiгi сырттағы бiздiң қандастарымызды пайдаланатын кезi жеткен секiлдi. Бұл да елге оралтудың бiр жолы емес пе?! Кезiнде Моңғолиядан көшiп келгендердiң көпшiлiгi осылай "еңбек шартымен" келген жоқ па?

Тағы мән беретiн мәселе – шетелден төрт баласы бар бiр отбасы көшiп келдi делiк. Ата-анасы Қазақстан азаматтығын алды. Балаларының алды бес, арты бiр жаста. Осы балалар 16 жасқа толып азаматтық құжат алғанға дейiн құқығы шектеулi түрде өмiр сүредi. Себебi, баланың туу туралы куәлiгi шетелдiк. Ондай құжатпен жасөспiрiмдер арасындағы республикалық ресми спорт жарыстарына қатыстырмайды, оқушылар арасындағы республикалық пән олимпиадаларына қатысуға құқығы жоқ. Өйткенi, сен шетелдiң азаматысың. Оған биыл 17 жыл толады. Бұдан құтылудың оңай жолы қоныстанушы отбасының ата-анасы Қазақстан азаматтығын алған жағдайда оның балаларының құжатын да қазақстандық үлгiге автоматты түрде ауыстыру қажет.

Жұмысқа орналасу үшiн барлық мекеме қазiр ер азаматтардан "әскери билет" сұрайды. Әскери комиссариатта тiркелуiн қадағалайды. Осыдан барып тағы да түсiнбестiк туады. Мысалы, Қытай елiнде қазақ азаматтары әскер қатарына шақырылмайды. Оларда "әскери билет" болмайды. Жоқ билеттi қайдан табады. Осыдан кейiн қолдан жасанды құжаттар жасау етек алып барады. Азаматтарды мұндай қылмысқа итермелегенше оның заңды жолын қарастыру керек шығар. Әлi күнге дейiн есiмде, жергiлiктi құжат беру орындары "Алмас Ахметбекұлы" деген тектi тiркемей, "ов, ев" деп жазылатын фамилия керек деп "Сақбаев" деп жазып жiбергенi.

Келесi кезекте оралмандарды қоныстандыру жағдайы ұлттық мүддеге сай атқарылғаны жөн. Солтүстiк өңiрге қоныстанушыларға квотаны көбейтiп, әрi арнайы бөлiнген қаржыға қосымша пайыз берiлгенi тиiмдi. Осыдан бiраз жылдар бұрын Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болған Қ.Нағманов Өзбекстаннан келген ағайындарға үй-жайымен бiрге қажеттi iрi қара малдарын берiп көмектескенiн көпшiлiк ұмытпай айтып жүр. Ал келген қандастарымыз қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстiкке үйiр. Ол жақта үйдiң де, жұмыстың да ретiн табу қиын.

Мәселен, Өзбекстанда да, Түркiменстанда да шетелге кеткен өзге ұлттың өкiлдерiнiң үйiн мемлекет арзан бағаға алып, өздерiне көшiп келген ағайындарға бередi екен. Неге бiзде осы тәжiрибенi қолданбасқа?

Оралмандарды құрметтегенiмiз — өзiмiздi құрметтегенiмiз емес пе?!

Әкiм ЫСҚАҚ

Серіктес жаңалықтары