БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
407

"Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" деген ертегiнi қазақша оқығандардың бәрi бiледi. Сонда ауру, өлiм аузында жатқан үш басты айдаһар адамның қанын iшсе жазылып кетер едi. Бiрақ адамзатқа қанатымен су сепкен қарлығаш айдаһардың емшiсi, "жауыз" масаны өлтiрiп, халықты өлiмнен аман алып қалады.

Жақында Үкiметтiң кезектi отырысында табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi агенттiктiң төрағасы Нұрлан Алдабергеновтiң 2008 жылы тарифтердiң; 1) электрэнергия — 15,7 пайыз, 2) суық су — 12,3; 3) ыстық су —11,7; 4) канализация — 9,8; 5) жылу — 10,9 пайыз, 6) газ —15 пайызға өсетiндiгi туралы мәлiмдемесiнен соң жұрт баяғы үш басты айдаһар қайта тiрiлдi ме деп шошынды.

Осы уақытқа дейiн Қазақстан Үкiметi, ел экономикасындағы дағдарысты тiзгiндеп ұстай алмай, әрбiр салада жiберген кемшiлiктерiне себеп тауып, "әлемдiк бағаның өсiп кеткендiгi экономикамызға әсерiн тигiзiп жатыр" деп өздерiне шаң жуытпаған едi. Қазақстан экономикасының "локомотивiне" айналған мұнайдың бiр баррелi бiраздан берi 100 доллардан түспей тұр.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыста АҚШ мемлекетi қару-жарақ сатып, әлемнiң ең қуатты державасына айналған едi. Ал, бiз бар байлықты, орасан зор мұнай қорын бауырымызға басып отырып бейшараның күнiн кешемiз.

Бiр қызығы, коммуналдық қызметтердiң тарифi көктем айларында көтерiле бастайды. Оның "қымбаттағаны" бұл кезде сезiлмегенмен, қыс айларында қарапайым халық оның зардабын тартатын болады.

2007 жылдың 8-iншi қарашасында ауыл шаруашылық министрi А. Есiмов Мәжiлiстiң үкiмет сағатында әлектр энергиясының қымбаттауы бүкiл саланың, соның iшiнде нан комбинаттары мен нау¬байханалардың қызмет көрсету құнын өсiрiп, ұнның, нанның бағаларына мiндеттi түрде әсер ететiнiн мойындаған едi. Ал қазiргi "бiлгiштердiң" айтуынша, электр энергиясының, ыстық және суық судың қымбаттауына, бiрiншiден, халықтың өзi кiнәлi. Арзан болғандықтан шашып-төгiп, үнемдемей жұмсайды. Екiншiден, тұтынушы көп, жетпейдi. Үшiншiден, бiр жерден екiншi жерге тасымалданып, жолда 15 пайызға дейiн жоғалады. Үкiмет отырысында Ө. Шүкеевтiң: "Тарифтердiң қымбаттауына делдал компаниялардың "үлесi" зор, электр энергиясын тасымалдау арқылы табыс тауып отырған делдал компаниялар тарифтi бiрден 63 пайызға дейiн көтерудi ұсынған. Тарифтi 15 пайызға көтерудiң өзi қауiптi. Сондықтан биыл "делдал компаниялар" мен келеңсiз тiрлiктердi бiр тәртiпке келтiрiп алайық" деген ұсынысы жауапсыз қалды.

Үкiмет тарифтердi көтермей тұрғанда-ақ инфляцияны ауздықтай алмап едi, ендi "биыл он пайыздан асырмаймыз" деп сендiрiп отыр. Тариф қымбаттауы оңай тоқтамайтын сияқты.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары