ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
281

"ҚАНТ ҚЫМБАТТАҒАН ЖОҚ"

Қазақстанның арзан қантын Ресейге тасыған алыпсатарлардың кесiрiнен iшкi нарықта тапшылық туындауы мүмкiн. ҚР ауыл шаруашылығы министрi А.Есiмов Үкiметтiк отырыста отандық қант нарығын қорғау шараларын қатайтуға байланысты ұсыныс жасады

Сонымен қатар өсiмдiк майы нарығы да қолдау мен қорғауға зәру. Есiмовтiң айтуынша, үстiмiздегi жылы күнбағыс тұқымын өндiру көлемiнiң қысқаруы, азық-түлiктiк тұтынуға емес, биоотын өндiрiсi саласында қолдану аясының кеңеюi әлемдiк нарықтағы өсiмдiк майы құнының өсуiне ықпал етпек. Осы себептi күнбағыс тұқымы мен өсiмдiк майының кейбiр түрiн экспорттауға салынған тыйым мерзiмiн ұзартуға қатысты ресми құжатты тез арада жүзеге асыру қажет. Бұған дейiнгi iшкi нарықты қорғауға қатысты қабылданған шаралар шешiмдердiң дұрыстығын дәлелдейдi: "Қаңтар айында қант өндiру көлемi былтырғымен салыстырғанда, 2,4 есеге (8 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейiн) өстi. Бiрақ бағасы өзгерген жоқ" деген министр Ресейде 1 тонна қант – 790 доллар тұратынын, ал бiздiң елiмiзде бұл баға 688 доллар болатынын айтты.

ХАЛЫҚ БАНКIНЕН – "PRESENT CARD"

Ұлыстың ұлы күнi – әз наурыздың құрметiне орай, Халық Банкi жаңа "Present Card" аталатын төлем карточкасын қолданысқа шығарды. Егер қаласаңыз, туған-туысқа мерекелiк сыйлық iздеп әуре болмай-ақ, карточканы сыйға тартуыңызға әбден болады.

Наурыз мерекесiнiң қарсаңында Халық Банкi төлем карточкаларының "Present Card" деп аталатын жаңа түрiн ойлап тапты. Жаңа өнiмнiң жаңалығы сол, оны сыйлық ретiнде туған-туысқа, бауырға сыйға тартуға болады. "Present Card" – халықаралық Visa Electron тобына жататын төлем карточкасы. Онымен сауда жасауға және Халық Банкiнiң кассаларынан қолма-қол ақшаға айырбастап алуға мүмкiндiк бар. Карточкаға қол жеткiзгiңiз келсе, ешқандай құжат толтырмайсыз, уақытыңызды жоғалтпайсыз. Тек жеке куәлiгiңiз бен РНН нөмiрiн жатқа бiлсеңiз, жетiп жатыр. "Present Card" түрi екiге бөлiнедi: 2000 теңге, 5000 теңге, 10 000 теңге, 25 000 теңге, 50 000 теңге, 100 000 теңгелiк және номиналсыз. Қазiргi таңда Халық Банктiң 2,5 млн. төлем карточкалары қолданыста жүр.

ҚОР НАРЫҒЫ ЕС ЖИЯ БАСТАДЫ

Өткен аптада инвестициялық банк – Bear Stearnsың сатылуының қор нарығындағы аласапыранға ұласқан едi. Бiрақ дүйсенбi күнi көп шығынға батқан азиялық нарықтағы ахуал бiртiндеп тұрақтала бастады.

Америкадағы ең iрi инвестициялық банктiң Федералдық қор жүйесiнен қаржылай көмек сұрауынан инвесторлардың жүйкесi сыр бердi. Ақыры JP Morgan бәсекелес банктi 236 млн. долларға сатып алып тынды. Ипотекалық несиелеуге қатысты қарыздың 30 млрд. долларын ФҚЖ өз мойнына алып отыр. Қаржыларын банк жүйесiне салып тастаған қалталылар ендi АҚШ-тағы өзге iрi инвестициялық банктер – Lehman Brothers, Goldman Sachs, Morgan Stanley банктерiнiң есептерiн күтуде. Ал азиялық қор нарығы бiртiндеп ес жия бастады. Бiр апта бұрын жапондық биржадағы құны 3,5 пайызға төмендеп кеткен Nikkei көрсеткiшi сейсенбi күнi 1.5 пайызға көтерiлдi. Дүйсенбiде Нью-Йорк биржасындағы Dow Jones 0,18 пайызға артқандықтан, Тайвань мен Гонконг қор нарығындағы құлдырау кiлт тоқтады.

КӘРIСТЕРГЕ САТЫЛДЫ

Қазақстанның "БанкЦентрКредит" АҚ-ның 30 пайыздық үлесi Оңтүстiк Корея банкi Kookmin Bank арасындағы келiсiмге сәйкес, кәрiстердiң банкiне сатылды.

76 млрд. теңгелiк (634 млн. АҚШ доллары) алғашқы инвестиция акцияларды акционерлерден сатып алу және ЦентрКредит Банкiн қаржылық тұрғыда қолдау мақсатында шығарылатын жаңа акцияларды иемдену арқылы жүзеге асырылады. 1 204 бөлiмi бар және 26 млн. клиентке қызмет ететiн Kookmin Bank – Кореядағы ең iрi қаржылық құрылым. Бас кеңсесi Сеулде орналасқан банктiң акциялары Сеулдiк және Нью-Йорктiк биржаларда тiркелген, Гонконгте, Токиода, Оклендте, Нью-Йоркте, Гуанчжоуда, Алматыда, Киевте, Хошиминде, Джакартада ресми өкiлдiктерi бар. Акцияларын сатқандар саудадан түскен қаржының бiр бөлiгiн, яғни, 240 млн. АҚШ долларын ЦентрКредитБанкiне қаржылық көмек ретiнде депозитке салуға келiсiп отыр. Ал жаңадан шығарылатын акциялар қазақстандық банктiң қаржылық қауқарын 160 млн. долларға дейiн арттырмақ. Бастапқыда 30 пайызға ие болған кәрiстер уақыт өте келе өз үлестерiн бақылаушылық деңгейге дейiн (50.1 пайыз немесе одан жоғары) жеткiзудi көздейдi. Қазiр тараптар ресми тiркелудi күтiп отыр. Кореяның қаржылық қызмет көрсету комитетi, Кореяның Стратегия және қаржы министрлiгi, ҚР Қаржылық нарықты реттеу мен бақылау агенттiгi, ҚР бәсекелестiктi қорғау агенттiгi рұқсат берген күннен бастап екiжақты келiсiм заңды күшiне енедi. Әлемдегi қаржылық алпауыттардың бiрi – Morgan Stanley (жеке қаржылық кеңесшi) мен White & Case (заңдық кеңесшi) қолдау көрсеткен ЦентрКредит Банкi Қазақстанмен бiрге Орталық Азияда ықпалды қаржылық құрылымдардың бiрiне айналуды жоспарлап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары