АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
БIЗДIҢ ауылда екi ұста болды. Әуелгiсi — темiрден түйiн түйген Шубай деген кiсi. Ұзын бойлы, арықша келген жан едi. Өзi — коммунист. Солай бола тұра дiндар. Бес уақыт намазын қаза қылған емес. Көрiпкел қасиетiн жұрт бiлетiн. Алайда онысын кез келгенге айта бермейтiн. Дегенмен талайлардың тағдырына сауабы тигенi есiмде. Арбасы сынған ауыл тұрғындары сол кiсiге барады. Ал, ол ешкiмнiң меселiн қайтармайды.
Сол бойда шаруасын тындырып жiбередi. Және алғыстан басқа алары жоқ. Ұстаның үлкен пеште көмiр жалынына сом темiрдi балқытып, оны төске қойып, балғасымен соққылап, шаруашылыққа қажеттi заттар жасағаны бiзге қызық көрiнетiн. Кейде: "Қане балам, күшiңдi байқап көрейiн, көрiктi бас", — дейтiн. Сондай мәртебеге ие болғанымызға қуанып, көрiктi қарымыз талғанша пысылдата басамыз. Ана бiр жылдары ауылға Қажымұқан келiптi. Жұрттың сұрауымен балуандық өнерiн көрсетсе керек. Қалың тақтайдың астында жатып, үстiнен қорабына жүк артқан автомашинаны өткiзген. Жалаң төсiне дәу тас қойып, екi адамға ұзын сапты куәл балғамен ұрғызғанда төс сынып, бiрнеше бөлiктерге бөлiнген. Сол балғамен ұрғандардың бiрi осы Шубай, — дейдi үлкендер. Шубай ақсақалдың өмiрден өткенi қашан. Қазiр ұстаханасы қаңырап бос тұр. Өкiнiшке орай қазiр ауылда ондай ұста да жоқ. Ал қолынан оны-мұны iс келетiндер, ақшасын алмаса құр алғысыңды мiсе тұтпайды. Кергiп, терiс айналып жүре бередi. Құй құла, құй жыла. Заманына қарай адамының керi дерсiң. Ұстаның бiрi — Дәулетбай ақсақал едi. Қою қасты, мұрынды, қаба сақалды келiстi келген, тұлғалы кiсi болатын. Ағаштан түйiн түйiп, елтiрiден ат әбзелдерiн жасағанда, шеберлiгiне тәнтi ететiн. Мектептен келген бойда сол кiсiнiң үйiне баратынмын. Маған оның ұсталығы қызық. Жүзi қылпып тұрған ұзын сапты шот балғаны алғаш рет мен сол кiсiнiң қолынан көрдiм. Ол бүгiнгi ұсталардай тақтайды әуелi сызып алып шаппайды. Түрегеп тұрып әлгi шот балғасымен шапқанда, мүлт кетiп, артық кесiп қойғанын көрмейсiң. Көз жобасы атқан оқтай түзу шығады. Қызыққаным соншалық, үйге келiп, сол кiсiден көргенiмдi қайталаушы едiм. Аздап ұсталық өнерiм де бар. Сол ақсақалдан дарыған-ау шамасы. Дәулетбай ақсақалдың үй-жайы, қора-қопсысы да өзгеше. Басқалар үйлерiн жыңғылдан шарбақ жасап қоршап алса, бұл кiсi аттылы кiсi бойындай дуалмен қоршап, үнемi ақтап отырады. Қапталындағы қора жайы да бөлекше. Әр түлiкке жеке-жеке орын арналған. Кiшiгiрiм қалашық секiлдi әсерде қаласың. Мал астары тап-таза. Нәшен ағам: "Дәулетбай ақсақал, шешен де сөйлейтiн", — дейдi. Ол ұстаның тапқыр, ұтқыр, орынды әзiлдейтiнiн есiме салды. Несiн айта берейiн, мәрт кiсi едi. Бүгiнде ара-тұра ауылға барамын. Жолаушылап жолға шыққандарына: "Жол болсын!" десем: "Қалаға барамын, ат әбзелдерiн әкелемiн" дейдi. Сонда Дәулетбай ақсақал есiме түседi. "Ауылдан сондай қолының мiсекерi бар жан шықпаған ба?" деп ойлаймын. Қазақ: "Қолдағы бар алтынның қадiрi жоқ" деген ғой. Кезiнде бәрi ынта қойып, сол кiсiге жақын жүрiп, өнерiн үйренiп алғанда, басқалары қалаға қарай сабылар ма едi. Ендi мiне қол өнерi қашан да керек екенiн уақыт өзi көрсетiп отыр.ОҢТҮСТIКТЕ көктем ерте шығады. Наурыз бен сәуiрде жауын жаумаса қуаңшылық болды дей бер. Ана бiр жылы жауынды күте-күте жұрттың төзiмi таусылған. Ендi кешiксе бар үмiттiң үзiлгенi. Сәуiрдiң соңына таман ауыл ақсақалдары жиналып, тасаттық беру керек деп шештi. Бiреудiң жемдеп жүрген қысыр биесiн жабылып сатып алып, соқталдай жiгiттер сойып жатқанда ауыл балалары қарап тұрғанымыз есiмде. Сол кезде төменгi жақтан көк есегiне мiнiп, Бәйiмбет ақсақал келе қалды. Үстiнде әр жерi жамалған күпәйке. Орын деген механизатор жiгiт: "О-о, ақсақал келдi. Сыбағасын берiп, батасын алайық", — деп биенiң iш майын қабырғасын бойлай сылып алып, үлкен ожаудай қос уысына салып, есек үстiнде отырған шалға ұсынды. Ақсақал қос қолын жұптап, қан аралас кiлкiген жып-жылы майды қабыл алды да, салп-салп шайқап, бiр деммен қылқылдата жұтты. Содан соң тершiген маңдайын сүртiп, қос қолын жайып: "Алла ниеттерiңдi қабыл етсiн!" деп бетiн сипады да шаруа жайымен жүре бердi. Көп iшiнен бiреу: "Бұл ақсақалдың жасы қаншада?" — дедi таңданып. Жанында тұрған кiсi: "Биыл сексеннiң бесеуiнде", — дедi. Анау таңдана түсiп: "Апыр-ай, сонша майды бiр деммен-ақ жұтты-ау. Неткен денсаулық", — дедi. Көршiсi мырс еттi: "Ақсақалға, бiр қойдың етi де түк емес", — дедi.
Сiз сенесiз бе, сенбейсiз бе? Сол күнi кешке қарай бұлт үйiрiлiп, ағыл-тегiл жауын жауды.БӘЙIМБЕТ ақсақал ауылдың бақшасына қарауыл болды. Сол жылғы көкөнiс, оның iшiнде қауын-қарбыз шығымын айтсайшы. Самаурындай қауынның, теңкиген қарбыздың салмағы құшақтай көтергенде зiл тартатын.
Бақшаға бiр қара сиыр қайта-қайта түсiп, қамыстан жасалған шайласында отырған ақсақалға маза бермесе керек. Көк есегiмен ары айдап, берi айдап әбден жүйкесi тозған соң, ұстап алып шайласының түбiне байлайды. "Мен сенiң әуселеңдi көрейiн" — деп бақшадан үш қап қауын әкелдi де, пышағымен тiлiктеп кесiп, iшiн өзi жеп, қабығын сиырға тастайды. Ол қауындарды бiрiнен соң бiрiн кесiп жей бердi, сиыр күйсей бердi. Үшiншi қаптағы қауындарды жартылаған кезде сиырдың аузынан сiлекейi созыла ағып, ыңырсып барып тоқтайды. Ақсақал тәбетi қайтпай жеуiн жалғастырады. Қарны теңкиген сиырға ызалана қарап: "Ал же!.. Неге жемейсiң?!. Қауын жегiш едiң ғой…" — деп мысқылдайды. Өзi үшiншi қаптағы қауынды да түгел тауысып, шайласындағы төселген көк көрпедей жоңышқаға шалқалап жатып, демiн алған. Осы жайды ауыл адамдары бертiнге дейiн айтып жүрдi. Тыңдаушылардың бiрi күлiп, бiрi таңырқайтын. Ақсақалды көрсе сәлемдерiн берiп, құрмет көрсететiн.СТУДЕНТ кезiм. Күзде елге демалысқа бардым. Ауылда көкпар қызып жатыр екен. Кешкiсiн көкпар Лесбек құрдасымның үйiне түсiрiлiптi. Шақырған соң сол үйдi бетке алдым. Үйi iшiнде жағалай отырғандардың көбi өз қатарларым. Әңгiме-дүкен қызған. Әуелi дастарқанға қуырдақ әкелдi. Содан соң буы бұрқыраған табақ-табақ ет келдi. Бiр кезде бүйрек бетi қызарып бөрткен механизатор Манатай жеңiн түрiп алған шоқпардай қолын жоғары көтерiп:
— Мына тобықты кiм жұтады? — деп дауыстады. Қолындағы тобық қарыстай етке салбырап, ары берi шайқалтып тұр. Жұрт елең ете қалды. Сол сәтте ашаң өңi күреңiтiп отырған Елшiбек: — Тобықты мен жұтпағанда, кiм жұтады? Әкел берi, — деп күректей қолын созды. — Мә, жұт! Құрдастардың бiрi "Әй байқа" дегенше, Елшiбек ай-шайға қарамай тобықты кең ашылған аузына салып жiбердi де, қылғытып жұта бастады. Сол-ақ екен көзi шарасынан шыға жаздап, жанында отырған жiгiттi тiзесiне сабалай бердi. Қарлыққан үнiнен қиналғаны көрiнiп тұр. — Өй, жұта алмайтының бар, жайыңа отырмайсың ба. — Манатай орнынан атып тұрып, жанына жетiп барды. — Аш аузыңды. Ол теңбiл-теңбiл болып, қара май сiңген қолының үш саусағын Елшiбектiң аузына сұғып жiберiп, қармай бастады. — Қазiр, қазiр, шыда… Тобықтың етi бар едi ғой, қайда кеткен. — дейдi ол. Ананың қиналғаны сонша маңдайынан тер бұрқ ете қалды. — Мiне, iлiндi, — деп суырып алғанда етке iлескен тобық сопаң етiп шыға келдi. Елшiбектiң езуiнен жылыстап қан ақты. Манатай: — Мынаны тартып жiбер! — деп шәй кесе толы ащы суды аузына тосты. — Тамағыңды жуып тазартады. Өлмейсiң. Елшiбек кесенi аузына төңкере салды да: — Уһ! — деп демiн бiр-ақ алды. — Бұрын тобықты ыспокойно жұтушы едiм. Бұл жолы бiреудiң көзi өттi-ау. Құрдастар оны қаужаумен болды. Бiз әдеттегiдей әңгiме-дүкеннiң иiнiн қандырып, түн ортасында тарадық.АРАҒА жыл салып, ауылға тағы ат iзiн салдым. Елшiбек құрдасыммен кездесiп, бiраз әңгiменiң басын қайырдық. Совхоздан бiр отар қой алып, шопан таяғын қолына ұстапты. Сөз арасында ол:
— Нәрiпбай көкемдi бiлесiң ғой, — деп аңтарыла қарады. — Иә, — дедiм мен басымды изеп. — Сол кiсi алыс сапардан оралған екен. Бағана, түс әлетiнде сәлем берейiн деп үйiне бардым. Күн ыстық болған соң жеңешем үйдiң терезелерiн тұмшалап жауып, қараңғылап тастапты. Жеңешем: "Көкең үлкен бөлмеде", — деген соң соның есiгiн аштым. Бөлме iшi тас қараңғы. Шiлденiң шақшиған күнi астынан келген соң ба, түк көрмедiм. Сонда да төр жаққа қарап: — Ассауламағалейкум, көке, — деп дауыстадым. — Елшiбекпiсiң, — деген көкемнiң үнi естiлдi. — Кел төрлет. — Ештеңе көрiп тұрғаным жоқ, көке, — деп едiм ол терезедегi жапқышты қиғаштап қана ашты. Iшке жарық түстi. Көкем төр алдындағы төсенiш көрпелердiң үстiнде шынтақтап жатыр екен. Үстiнде майка. Басын көтерiп, молдасын құрып отырғанда, көзiме алып тұлғасы шөккен түйедей болып көрiндi. Жанына тiзе бүктiм. — Иә, қайдан жүрсiң? — көкем жөн сұрады. — Қазiр шопанмын, көке. Сiздi алыс жолдан келдi деген хабарды естiп, амандасуға бет бұрған едiм. Қал-жағдайыңыз жақсы ма? — дедiм шын ниетiммен жiк-жаппар болып. Көкем көңiлденiп қалды. — Рахмет, айналайын! Елдi, өзiңдей iнiлердi сағынып қалдым. Екеумiз ел жайын сөз қылып отырғанда, бөлмеге жеңешем кiрдi. Дастарқан жайып, жаңа пiсiрген ыстық таба нанын турады. Екi иiнiнен ызыңдап демалып тұрған нән самаурынды әкелдi. Бес-алты кеседен шәй iшiп шөл бастық. Көкем жеңешеме қарады: — Қатын, көжең пiстi ме? — дедi. — Дайын, — дедi жеңгем құрақ ұшып. — Алып кел! Жеңешем үлкен шараның ернеуiнен келген ыстық көженi белi бұралып, зорға көтерiп келдi. Сол сәтте менiң басыма бiр ой сап ете қалды. "Көкемнiң анау-мынау тамаққа тоймайтынын жақсы бiлемiн. Мен де бұл жағынан осал емеспiн. Қой баққалы қарын да шыққан. Бүгiн бiр осы көкеммен көже iшiп жарысып көрейiншi. Қайсысымыз бұрын тояр екенбiз". Көкемнiң көзiн ала бере белдiгiмдi молынан босаттым. Жеңешемнiң ожауы да баланың басындай екен. Үлкен қос табаққа екi ожау көжеден құйып, алдымызға қойды. Көкем масаттанып: — Iнiм, мақтап жүредi екенсiң. Көжеден тартынбай iш, — дедi. — Көке-ау, жеңешемнiң бұйырған дәмiн қалай тастап кетемiн, — деп езу тарттым. Жеңешем iшi шұңғыл ағаш қасықты қолымызға ұстатты. Екеумiз көже iшуге кiрiстiк. Көкем бiреу қуып келе жатқандай үстiн-үстiне iшiп жеп жатыр. Мен де қалыса қоймадым. Сәлден соң босаған табағын жеңешеме қарай шиырып жiбердi. — Қатын, құйып жiбер. Iле мен де босаған табағымды алдына ысырдым. — Жеңеше, құйып жiбер. Қос табаққа тағы екi ожаудан көже құйылды. Көкемдi қайдам, мен бәстесiп iшiп жатырмын. Тұла бойымыз терге шомды. Көкем ауық-ауық жаялықтай сүлгiмен сүртiнiп, желпiнiп қояды. Мен де солай iстеймiн. Екiншi табақ көженi де тауыстық. — Қатын, құйып жiбер. — Жеңеше, құйып жiбер. Маған құйып болған кезде шараның түбi көрiндi. Көкем үшiншi табақ көженi iшiп: — Қа…. дей берiп, бос шараны көрiп тұтыққандай тұрып қалды. Мен де байқамағансып: — Жеңеше, бар болса та…. — деп бос шараға көз қиығымды тастап, сөз соңын жұтып қалғансып үнсiз отырдым. Байқаймын үш табақ көже көкемнiң жұмырына жұқ болмады. Лезде өңi өзгерiп, жеңешеме қатулана қарады. Жеңешем екi иығын көтерiп, шарасыздық танытты. Кiнәлi жандай қипақтап отыр. — Көке, жеңешемнiң көжесi өте дәмдi екен. Әттең аздау болып қалғаны… Оқасы жоқ. Отардағы үйде келiнiңiз бiр қазан көжесiн асып, менi күтiп отырған шығар. Барайын, — деп орнымнан тұрдым. Көкем сонда ғана менiң бәстесе iшкенiмдi байқады-ау деймiн, әуелi жақсылап әдеттегiдей шешемнен бiр қайырды да: — Әй, бала. Сен ертең тағы келшi. Әуселеңдi көрейiн, — дедi кiжiнiп. — Жеңешемнiң дәмдi көжесi тартса әлi талай келермiн, көке. Әзiрге сау болыңыз, — деп үйден шығып кеттiм. — Ол әңгiмесiн осылай аяқтады. Мәкең шаруаның жай-жапсарын жақсы бiлетiн жан едi. Ауылда бiрiншi болып жеке шаруа қожалығына көшкен де сол. Төрт түлiк малы, мыңғырап төрт қырға жайылатын. Санаулы жылдардан соң ауылдың ең байы да сол Нәрiпбай болды. Кiмсiң — Нәкең едi! Былтыр ғайыптан қайтпас сапарға аттаныпты. Топырағың торқа болсын көке. Ел аузында ол туралы осы тақылеттес әңгiмелер көп. Жұрт соларды әрдайым еске алып, айтып отырады.ӘР АУЫЛДЫҢ қалыптасқан өз тәртiбi бар. Әкем бала кезiмде сырттай ауыл ақсақалдарының жөн-жосығын таныстырып отыратын. "Бәленше шалдың төленшеден жасы үлкен. Төленшенiң жасы бәленшеден кiшi болса да жолы үлкен"– дейтiн. Соларды құлағымызға құйып, есiмiзде сақтап өстiк.
Той-томалақта сол шалдар әдеттегiдей төрде қаз-қатар отырады. Үлкен ас келгенде "Бес адамға бiр табақ" деп тарататын салт бар. Соның төртеуi ақсақал да бiреуi мiндеттi түрде жас жiгiт болады. Табақтағы мал мүшелерiн ақсақалдардың алдына орны-орнымен қойып, ет турауға кiрiседi. Сонда ғой, әлгi жiгiт байқамай жанбас, жiлiктердi үлестiруден жаңылысып қалса, есесi кеткен шал қатуланып: "Көргенсiз", — деп дастарқанның шетiн қайырып тастап, ай-шайға қарамай жүре бередi. Соны естiгендер жер болып қалатын. Ұяттан жарыла жаздайтын. Мiне, тәртiп! Бiрақ мұндай жағдай сирек кездесетiн. Кейде сол шалдар қолындағы тоқпан не кәрi жiлiктiң етiн сылып алып, қарсы отырған жiгiттiң алдына тастай салады. — Балам, мынаны сындыра ғой, — дейдi. Бiздiң ауылдың жiгiттерi ондайда жiлiктердi ұрып сындыратын балға iздемейдi. Дастарқанның шетiне қояды да тас түйiн жұдырығымен құлаштай қойып қалып, жiлiктi қақ бөледi. — Бәрекелдi, жiгiт екенсiң, балам! — дедi ақсақал оның сыннан сүрiнбей өткенiне дән риза пiшiн танытады. Ал жiлiктi ұрып сындыра алмағанға: — Өй, борқ. Сенi де жiгiт дейдi-ау, — деп мысқылмен қатырады. Бiздiң ауыл жiгiттерiнiң шымыр әрi намысқой келетiндерi сондықтан.МЫНА әгiменiң желiсiн ақын досым Абзал Бөкен айтып берген.
Бұрынғы Жезқазған облысында Ақтоғай деп аталатын аудан болған екен. Соның көршiлес екi совхозына су жаңа екi "Газ-50" автокөлiгi берiледi. Оны совхоз басшылары өр мiнездi екi жiгiтке тапсырған. Бiрiнiң есiмi – Қосан, екiншiсi – Батық. Бiр жолы сол екеуi шаруашылықтарының iсiмен екi совхоздан бiр-бiрiне қарама-қарсы шығады. Екi совхоздың арасын ойылып кеткен қара жол жалғастырып жатыр екен. Олар жолдың шаңын аспанға шығарып, автомашинаны бар жылдамдығымен жүргiзедi. Екеуi түйiсер жерге жүз метрдей жақындағанда Қосанның жанында отырған кiсi: — Ақырын жүрiп, анаған жол бер, — дейдi қарсы ұшып келе жатқан автокөлiктi иегiмен меңзеп. — Керек болса оның өзi жол берсiн, — дейдi бұл кiжiнiп. Көлiктер бiр-бiрiне елу метрдей жақындағанда Батықтың жанында отырған жан: — Анау есерге жол бер, — дейдi шошынған үнмен. — Тапқан екен ол жол беретiн адамды. Жан керек болса өзi жолдан шықсын, — дейдi бұл қасарысып. Арақашықтық қас пен көздiң арасында қысқара бередi. Қырық…. Отыз… Жиырма… Он… Екi автомашина бiр-бiрiне бар пәрмендерiмен сүзе соғысқан. Жойқын дауыстан құлақ тұнып, дала жаңғырыққан. Қою шаң сейiлгенде барып, Қосан мен Батық кабиналарынан шығып, көлiктерiне көз тастайды. Екi автомашинаның да алды опырылып, радиаторлары жарылған. Жерге су араласқан қара май ағып жатыр. Екi жақтың да әлгi жол серiктерi жарақаттанған бастары мен аяқтарын ұстап, кабинадан шығып, жерге отыра қалады. Екi жүргiзушi бiр-бiрiне қарсы жүрiп, қол алысып Қосан: — Екi машинаның күшi де бiрдей екен, ә? — деп жымияды. Батық: — Үкiметтiң дүниесi ғой, тап осыдан кемiп қалмас, — деп ыржияды. Олардан өкiнiштiң нышаны байқалмаған. Шылым шегiп, жүргiншi көлiктердi күтiп, әңгiмеге ден қойыпты. Үкiметтiкi болған соң солдағы. Ал сол екi автокөлiк өздерiнiң жекеменшiгi болғанда бiр-бiрiне жол берiп, бiр-бiрiне iзет көрсетер едi. Өйткенi көзiнiң ағы мен қарасындай жекеменшiгi ғой.Көлбай Адырбекұлы