“ТОҚТАҒҰЛДЫҢ” СУЫ МЕН КӨРШIЛЕРДIҢ ШУЫ

“ТОҚТАҒҰЛДЫҢ” СУЫ МЕН КӨРШIЛЕРДIҢ ШУЫ

“ТОҚТАҒҰЛДЫҢ” СУЫ МЕН КӨРШIЛЕРДIҢ ШУЫ
ашық дереккөзі
367

Кейiнгi кездерi бiресе жер дауын, бiресе су дауын көңiрсiтiп қойып, қазақтардың қытығына жиi тиiп жүрген айырқалпақтылар апта басында байбаламға тағы басты. Қақаған қыс айларында "ешкiмге су бере алмаймыз, жылу өндiруге керек" деп тамшы татырмап едi. Көктемгi егiс басталар шақта "әләулайларын" "Тоқтағұлдың суы тартылып барады, ысырап қылып жатырсыңдар. Су бермеймiз"-ге өзгерттi.

Қырғыздардың болжамдарына сенсек, орталықазиялық аймақтағы ең үлкен су қоймасы саналатын Тоқтағұлдың қазiргi халi мүшкiл. Арнасы күннен күнге тарылып, кеуiп барады. Көршiлес елдердi сумен қамтамасыз етiп келген айырқалпақтылар ауылы аралас, қойы қоралас жатқандардың суды ысырап еткендерiне алаңдайтын көрiнедi: "Әмудария мен Сырдарияның суын электр жарығын өндiруге жұмсап, егiндi суғаруға Тоқтағұлдың суын пайдаланады. Қанша су ысырып болуда". "Су тапшылығының" көктем мен күзде "асқынуы" тегiн емес. Көршiлердiң осал жерiн жақсы бiлетiн қыңыр мiнездi қырғыздар осындай саяси ойындар арқылы өздерiнiң керегiне қолды оңай жеткiзедi. Айтпақшы, қыс айларында жарық өндiру үшiн судың көп мөлшерде керектiгiн айтқан олар бiздi судан қысқан. Ендi көктемдегi кесiрлiгi мынау. Жуырда бiздiң Үкiмет "Көксарай" су қоймасын салу туралы шешiм қабылдады. Бұл мәселе тез арада жүзеге асатын болса, қырғыздардың қысымы мен арыны бәсеңсiп қалары белгiлi. Сонымен қатар Қазақстан Үкiметi Орталық Азия аймағында су-энергетикалық консорциумын құруға мүдделi. Бұл бастаманы өткен аптада Министрлер кабинетiнiң кезектi отырысында вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев көтердi: "Бiз су-энергетикалық консорциумын құру өте маңызды екендiгiне Орталық Азиядағы серiктестерiмiздiң көзiн жеткiзуге тырысамыз". Шөкеевтiң айтуынша, 2006 жылдан берi ЕурАзЭҚ шеңберiнде орталықазиялық аймақтағы елдердiң Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су қорларын пайдалану жөнiндегi келiсiмдердi реттеуге қатысты зерттеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқан көрiнедi. Алайда, әлi күнге дейiн мемлекеттер аталған консорциумның тiптi, жобасын да бекiтпеген. ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесiнiң шешiмiне сәйкес, халықаралық тәуелсiз сарапшылар жұмысқа кiрiсетiн болды. Консорциум құру мәселесi "Көксарай" су қоймасы салынса да, салынбаса да, жүзеге асырылмақшы. Сiрә, бiздiң Үкiметтiң де қабырғасына айырқалпақтылар мен ала шапандылардың су мәселесiнде "шөмiштен қысқаны" қатты батса керек. Бәрiн айт та, бiрiн айт, қырғыздар экономикасына салынған инвестицияның 46,7 пайызы қазақтардың үлесiнде екенiн айт. Тек айырқалпақтылардың жақсылықты жиi "ұмытып" қалатыны өкiнiштi…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары