АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН!

АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН!

АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН!
ашық дереккөзі
491

ХХI ҒАСЫР ДЕНДРАЛОГИЯЛЫҚ ПАРКIНДЕ «ОЛИМПИАДА АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ

Қазақ жерiнде тұңғыш рет өткiзiлiп отырған Олимпиада алауының шеруiнiң алдында ХХI ғасыр дендралогиялық паркiнде "Олимпиада аллеясы" ашылды. Аллеяға алауды алып жүретiн жерлестерiмiздiң барлығы дерлiк өз қолдарымен тал ектi. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын!" дегендi ұғып өскен қазақтар мұны да жақсылыққа жорып жатты.

"Ағаш отырғызу белгiлi бiр оқиғадан естелiк қалсын деген тiлекпен жасалады. Ал бұл аллея 2018 жылғы қысқы олимпиада Алматыда өтсе деген ниетпен ашылып отыр. 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен "Бейжiң-2008" жазғы Олимпиада ойындары алауының Алматыдағы шеруi, сондай-ақ "Олимпиада аллеясы" осы жолдағы баспалдақтар болмақ" деп атап өттi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов.

"Олимпиада аллеясына" тал еккендердiң көбi елге танымал, көпшiлiктiң ықыласына бөленiп жүрген азаматтар. Шеру сәтiнде алауды алып жүретiн де осылар. Қатар-қатар бойы тал егiп жатқан азаматтардың жүзiнде күлкi, жайдары көңiл-күй сезiнедi. Қуаныштан жүздерi бал-бұл жанады. Ел еркесiне айналған азаматтарымыздың қолымен егiлген ағаштар да күнi ертең жайқалып, қала көркiн арттыратыны сөзсiз. Шеру алдында ағаш отырғызып жатқан жерлестерiмiз өз әсерлерiмен бөлiскен едi.

Ұзақбай ҚАРАБАЛИН,"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының президентi:

— Бiз өте жақсы, қызықты рәсiмге қатынасып жатырмыз. Оның бiрiншiсi, Қазақстан арқылы өтетiн Олимпиада алауының шеруiне қатысқанымыз. Бұл Қазақстанның саяси, экономика жағынан дүниежүзiне белгiлi болғандығын көрсетедi. Спорттың да өте дамығанын көрсетедi. Қазақ спортшыларының бүгiнге дейiнгi жеткен жетiстiктерiнiң арқасы деуiмiзге болады. Олимпиада алауын Алматы көшелерiнде алып жүретiн адам ретiнде тiзiмге енген екенмiн. Соған iштей толқып тұрған да жайым бар. Қазiр қазақ спортшылары "Бейжiң-2008" олимпиадасына қызу дайындық үстiнде. Солардың арасында, Қазақстанның боксшылары да әзiрленiп жатыр. Боксшыларымыздан олимпиадада жақсы жетiстiктер күтемiз. Жуырда Астанада елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаев атындағы кубогы үшiн өткен жарыста боксшыларымызыдың деңгейi өте жоғары болып, жақсы жүлдеге ие болды. Жарысқа қатысқан бес жiгiтiмiздiң де олимпиадаға жолдама алуы, бiздi қуантты. Болашақта да сондай жетiстiктер бола берсiн деп, боксшыларымызға тiлек айтқым келедi. Қазақ жалауы Пекин жерiнде бiрнеше рет көтерiлсе деген сезiммен әзiрлiк үстiндемiз.

Жақсылық Үшкемпiров, балуан, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы:

— Олимпиада алауы шеруiнiң Алматы көшелерiмен өтуi — ел тарихындағы айрықша оқиға. Олимпиада алауын алып жүгiру — кез келген адам үшiн зор абырой. Сондай құрметке ие болуым, мен үшiн үлкен бақыт. Сен еккен тал мәңгiлiкке қалатын нәрсе ғой. Осы паркке келген адам менiң отырғызған талымды көрiп, әрдайым менi есiне алып жүретiн болады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары