МӘРТЕБЕЛI ҰЙЫМ МӘРТ ЕМЕС ЕКЕН
МӘРТЕБЕЛI ҰЙЫМ МӘРТ ЕМЕС ЕКЕН
Қарапайым адам үшiн табиғи апаттың үлкен-кiшiсi болмайды. Оның бәрi де үрейлi, адамның зәре-иманын қашыратын және пендеге табиғаттың құдiреттiлiгiн танытатын дүлей күш. Зiлзала, шалқыған өрт, буырқанған топан су – бәрi де адамзат баласына тiлсiз жау, қатерлi құбылыс.
Сондықтан да кез келген табиғи апатты бастан кешкен жандар өзi куә болған апатты алыстағы одан да қауiптi апаттан кем санамайды.
Бiлiктi мамандардың айтуына қарағанда, Жер шарындағы барша қатерлi әрi тосын апаттардың 90 пайызы ауа райына тiкелей байланысты көрiнедi. Әсiресе, соңғы 10 жылдықтағы ең iрi 10 табиғи апаттың 6–cы Азия мен Тынық мұхиты аумағындағы елдерде болған. Бiр ғана 2006 жылдың өзiнде табиғи тосын апаттардан 21 мың адам мезгiлсiз қаза тапса, солардың 74 пайызы аталмыш аймақтың тұрғындары. Мұның бәрiн әлемдегi әрбiр елеулi оқиғалар мен тосын құбылыстарды қас қақпай, қатаң бақылап отырған Бiрiккен Ұлттар Ұйымы мамандарының басқалардан гөрi өте жақсы бiлетiндiгiне күмән жоқ.
Алайда, күнделiктi iс-әрекеттерi мен беймаза жұмыстарында табиғи апаттардан зардап шеккен аймақтар мен елдерге гуманитарлық көмек жасауды басты парызы әрi негiзгi мiндетi санайтын БҰҰ–ның кейбiр ұстанымдары көп жағдайда кереғар пiкiр тудыратыны да рас. Әсiресе, түрлi мемлекеттерге көмек көрсетудегi ұстанымдарының әртүрлiлiгi мен елдердi алалайтындығы жұртшылықтың iштей наразылығы мен айыптауларын тудыратын сияқты.
1945 жылы құрылған Бiрiккен Ұлттар Ұйымына әу баста 51 мемлекет мүше болса, арада 60 жыл өткенде әлемдегi 192 ел мүше болып қабылданды. Бiр сөзбен айтқанда, мәртебелi БҰҰ–ның ықпалы Жер шарының барлық түкпiрiне кең тараған. Қазақстан болашақта, нақтырақ айтқанда, 2001–2013 жылдары осы аса абыройлы халықаралық ұйымның Қауiпсiздiк кеңесiне тұрақты емес мүше болуға ниет танытып, өтiнiш бiлдiрiп қойғаны да құпия емес. Бұны 2007 жылдың қараша айындағы Қазақстан Президентi Н. Назарбаевтың Братиславаға ресми сапары кезiнде Словакия Президентi Иван Гашпарович мырза ашық мәлiмдеген болатын.
Осы 192 елдiң әрбiрi мүшелiк жарна ретiнде БҰҰ–ның қоржынына аса қомақты қаржы құяды. Көптеген дамушы елдер мен экономикалық жағдайы нашар мемлекеттер жүздеген мың доллар төлесе, iрi державалар ондаған, тiптi, жүздеген миллион АҚШ доллары көлемiнде жыл сайын жарна төлейдi. Бiр сөзбен айтқанда, БҰҰ дегенiңiз қоймалары мен сандықтары ақшаға толы бай ұйым. Бiрақ, өте сараң бай. Осыдан бiршама уақыт бұрын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза әлем елдерiнiң әскери мақсаттарға жұмсалатын шығындарының 1 пайызын адамзаттың дамуына, яғни БҰҰ–ның түпсiз қоржынына салуға шақырды әлем елдерiн. Бұл идеяны осыдан бiрнеше жыл бұрын мәртебелi ұйымның биiк мiнберiнен Қазақстан Президентi Н.Назарбаев алғаш рет айтқанын еске сала кеткен де жөн. Бұл өте орынды ұсыныс екенi даусыз. Өйткенi, қазiр әлемде соғыс мақсаттары үшiн жылына 1,2 трлн. АҚШ доллары көлемiндегi орасан қомақты шығындар жұмсалады.
Осы ұйымға мүше болып қабылданған 1992 жылдан берi Қазақстан да миллиондаған доллар көлемiндегi мүшелiк жарнасын кешуiлдетпей әрi әрбiр тиынына дейiн түгел төлеп келедi. Елiмiздiң экономикасы терең дағдарыс, құлдырауға ұрынып, тығырыққа тiрелген 90–шы жылдардың өзiнде де мойынға өз еркiмiзбен артқан мiндеттен бұлталақтап қашпай, әлгi ақшаны Қазақстан азаматтарының аузынан жырып, мемлекетiмiз дер уағында төлеп келдi. Яғни, өткен 17 жылдың iшiнде Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымының әлгi ақша сандығына айтарлықтай қомақты қаржы құйғаны кәмiл. Ол ол ма, елiмiз осы уақыт iшiнде басынан ауыртпалық арылмаған Ауғанстан, биыл қиын жағдайға тап болған Тәжiкстан секiлдi тағы басқа мемлекеттерге көлемдi гуманитарлық көмек жасап келгенi де белгiлi.
Әлгi Пан Ги Мун мырза осыған дейiн бiздiң елiмiзде бiрнеше мәрте болған саясаткер. 2006 жылы маусымда Азия Кеңесiнiң екiншi саммитi күндерiнде Астанаға келiп, өзiмiздiң мәртебелi шенеунiктер құшақ жая қарсы алып, иiлiп төсек, жайылып жастық болғаны есте.
Бiздiң елден талай дәм татқан солПан Ги Мун мырза Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы ретiнде Қазақстанға көмек беруге мүлдем құлықсыз екенi аңғарылып отыр. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында қалың қардың күтпеген жерден еруi мен тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейiн басталған топан судан ондаған мың адамның зардап шегiп, баспаналары қирағаны белгiлi. Кейбiр деректерде зардап шеккендердiң саны – 13 мың деп көрсетiлсе, кей деректерде – 17 мың адам. Тiптi, адам шығыны да орын алып, ондаған мың бас мал тiлсiз жаудан табан асты қырылды. Тосын апатты күтпеген қоғам дүр сiлкiндi. Ауқымы, ел экономикасына әкелген нұқсаны жағынан әлемдiк апаттармен салыстыра қоюға болмайтындығына қарамастан, жергiлiктi халық үшiн мұның зияны әйгiлi Помпей зiлзаласынан кем бола қоймағаны анық. Көп ұзамай-ақ БҰҰ–ның "бiлгiш" сарапшылары апат болған ауданды аралап, жағдаймен жете танысып, бұл гуманитарлық апат емес деген қорытынды шығарды. Яғни, аталмыш табиғи апаттың зардаптарын Қазақстан өз күшiмен-ақ жоя алады деп үкiм кестi. Әрине, бұған 2010 жылы Еуропа Қауiпсiздiк және Ынтымақтастық Ұйымына ауыспалы төраға болғалы отырған Қазақстанның жоғары мәртебелi шенеунiктерi мен елiмiздiң абыройын түсiргiсi келмей жанталасқан жергiлiктi әкiмқаралардың да айтарлықтай ықпалы тигенi сөзсiз. Оларды да түсiнуге болады, басына қанша қиыншылық, жоқшылық төнсе де "Бөрi арығын бiлдiрмес, сыртқа жүнiн қампайтар" деген қағидамен күн кешетiн қазақтың бел балалары ғой олар да.
Сөйте тұра атам қазақ: "Береген қолым – алаған" деудi де ұмытпаған.
Дегенмен, Пан Ги Мун мырзаның БҰҰ–ға Бас хатшы болып сайланған күннен бастап кадрлар iрiктеу саясатындағы ерекше ұстанымдары мәртебелi халықаралық ұйымның қызметiне кәрiстердi көптеп тартуы әлемнiң талай елдерi, тiптi iрi державалардың өзiнде, жұқалап айтқанда, түсiнбестiк туғызғаны мәлiм едi.
Биылғы жылдың қаңтар айында газетiмiзде "Мун мырзаның 66 адамы" атты мақала жарияланды. Онда кейбiр астарлы деректер мен әлемдiк жетекшi ақпарат құралдары айтқан пiкiрлер келтiрiлген болатын. "Секретариатта(БҰҰ–ның. – "Вашингтон пост" газетiнiң саяси шолушысы Колам Линч) кәрiстер жайғаспаған орын қалмағаны туралы сөз бар, – дейдi ондаған жылдар бойы БҰҰ–да биiк шенге ие болған, қазiр зейнеткер ливандық Самир Анбар. – Бiрiккен Ұлттар Ұйымында шешiмдi тек кәрiстер ғана қабылдай ма деген әсерде қаласың", делiнген едi аталмыш мақалада.
Ал наурыз айында сол БҰҰ–ның гуманитарлық мәселелердi сәйкестендiру жөнiндегi Басқармасы елiмiздегi табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарға 40 мың АҚШ долларын грант есебiнде бөлдi. Бұл грант есебiнен апат болған аймаққа 2 мың комплект гигиеналық заттарды әкелу жоспарланған.
Қазақшалап айтқанда, тiс тазартқыштар, түрлi тампон, балаларға арналған памперстер мен айна–тарақ, тiптi, әжетхана қағаздары мен жамылғыштар шығар.
Iле-шала БҰҰ–ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) зардап шеккендерге ауыз су, түрлi таблеткалар және су тазартқыштарды жеткiзу үшiн 50 мың доллар қаржы бөлдi. Осыдан оншақты күн бұрын елiмiздегi телеарналардың бiрiнде БҰҰ–ның өкiлдерi зардап шеккен аудан тұрғындарына 30 млн.теңге көлемiнде түрлi көмек жасағанын, болашақта БҰҰ тарапынан тұрғындарға психологиялық көмек жасалатыны туралы да айрықша мақтаныш, көтерiңкi леппен хабарланды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 16 жыл бойына БҰҰ–ның қалтасына миллиондаған доллар құйған мемлекетiмiз халықаралық ұйым тарапынан да ауыз толтырып айтарлықтай гуманитарлық көмек күтуге құқылы екенi даусыз. Тiптi, психологиялық қолдау дегенiмiздiң өзi, шын мәнiнде, БҰҰ–ның сандаған өкiлдерiне қосымша ақша тауып берудiң амалы ғана сияқты.
Ал әлгi айқайлатып бөлiнген, тiптi, болашақта халықаралық мәртебелi ұйымның түрлi құжаттарында көзiмiздi шұқып тұрып көрсетiлетiн 40 мың, 50 мың доллар дегенiңiз, шынын айтсақ, елiмiздегi кез келген ортаңқол кәсiпкердiң қалтасынан табылатын тиын–тебен ғана. Ал сол соқыр көзден шыққан жас сияқты көмегiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымы әлден–ақ интернет арқылы әлемге, ЮНЕПКОМ–ның ресми сайтында жариялап та үлгердi.
Бiр тиын берiп, бөркiн атқан БҰҰ–ның бұнысы несi?! Әйтпесе, Қазақстан топан судан зардап шеккен 2 мың үйдiң 1,5 мыңын алдағы үш-төрт айда толықтай тұрғызып беруге тас-түйiн дайын отыр. Опат болған малдардың орнына да өтем төленетiн секiлдi. Елiмiз табиғи апаттың салдарынан зардап шеккендердi көмексiз қалдырмауға қабiлеттi екенiн осылайша дәлелдеуде.
Ал мүшелiк жарнамызды ұмытпай алып, басқа iс түскенде айтарлықтай гуманитарлық көмек көрсетпеген БҰҰ–ға келсек… "Сенген қойым сен болсаң…" деу ғана қалады.
Жаңабек ШАҒАТАЙ