АУЫЛЫН СҮЙЕТIН АЗАМАТ

АУЫЛЫН СҮЙЕТIН АЗАМАТ

АУЫЛЫН СҮЙЕТIН АЗАМАТ
ашық дереккөзі
301

Азаматтың топ iшiн жарып шығып, биiкке көтерiлуi сол азаматтың тiкелей өзiне байланысты екенi баршаға мәлiм. Ал азамат деген атты ұстай бiлмейтiндер қаншама. Әсiресе нарық кезеңiнде кiмнiң кiм екенi танылар шақ.

Көшер Дәулетбайұлы — күрделi кезеңде өзiн ерекше қырынан танытқан ауыл жастарының бiрi. Ол Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумында бiлiм қуған кезде де, одан соң да елдегi әке-шешенiң жол жүрердегi берген ақ батасы мен тiлектерiн әркез есiнен шығарған емес. Қармақшы ауданында маман¬дығы бойынша қызмет атқарып, жүрген шағында алған бiлiмiнiң аздығын сезген ол 1970 жылы Алматы зоотехникалық — малдәрiгерлiк институтына түсiп, оны 1975 жылы бiтiрдi. Осы жылы Алматы қалалық атқару комитетiнде инспектор, 1976-1992 жылдары Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң Алматы шекаралық ветеринария бөлiмiнiң бастығы, қалалық атқару комитетiнде ветеринария бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқарды..

1992-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Шекарадағы және және көлiктегi мемлекеттiк ветеринария бақылау Бас басқармасының бастығы, 1999-2000 жылдары арасында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң ветеринария бақылау комитетi төрағасының орынбасары, бас малдәрiгерi 2000 жылдан күнi бүгiнге дейiн "ХОЗУ" ЖАҚ-ның кеңесшiсi, баспахана директоры, Қазақстан Республикасы Президентi "ХОЗУ"-ның сауда базасының бастығы қызметiн абыроймен атқаруда.

…"Мен сияқты ауыл баласының, тiптi бұрын Алматыдай көркем қаланы көрмеген жастардың арман қаласы болған Алматыда оқу бiтiрiп, осында қызметке орналасамын деген үш ұйықтасам түсiмде болмаған жағдай едi. Алла қолдаған болар, екiншi жағынан институт қабырғасында жүргендегi тәртiптi студент болуым, жақсы оқуым мен жастар ұйымын басқаруым, қоғамдық iстерде көрiнгенiмнiң нәтижесi шығар деп есептеймiн" — деп Көшер iнiмiз ақжарыла сөйлейдi.

Шынында да жоғарыдағыдай қызмет бабындағы сатылап өсуi, үнемi жауапкершiлiгi мол жұмыстардың басы-қасында жүруi оның еңбекқорлығынан, өзiн-өзi қамшылаудан бiлiктiлiгi мен ұйымдастырушылық қабiлетiнен туындап жатса керек.

Елiмiзде, әсiресе, 1991-1997 жылдар аралығында ауылдардың жағдайлары өте ауыр болды. 33 аудан iрiлендiрiлiп, көптеген ауылдар келешегi жоқ болып қалды. Осындай уақыттардың бiрiнде туған ауылына барған ол ел-тұрмысының өте нашар екенiн көрiп және өз ағаларының күнделiктi күйбiң тiршiлiктерiнен сезiнiп Алматыға аттанған-ды. Алматыда бiрқатар азаматтар және сол кездегi ауыл басшы болған Болат Жайсаңбаев, тағы басқасы жiгiттермен ақылдаса келе Көшер Тұрмағамбет ауылына ең қажеттi деп табылған техникадан көмек беруге уағдаласып, ол ойын сәтiмен iске асырды. Әрине, Көшер Дәулетбаевтың берген жәрдемi шаруашылық жұмысын бiрден шешiп кеткен жоқ, есесiне республика аумағында жүрген туған жердiң түлектерiне, қалталы азаматтарға қозғау салып, жол көрсеттi.

Көшердiң бойында азаматтыққа тән басқа да қасиеттер жетерлiк.

Елдегi талантымен танылған ақын-жырлаудың шығармаларының жарыққа шығуына көмек-қолын созды. Оның демеушiлiгiмен "Жетi асар" жырлары", "Жағасы жыр, сұлу сыр" атты кiтаптар шықса, Ұлттық энциклопедияның үшiншi томына қосымша демеушiлерiнiң бiрi болды. Көрнектi ақын Шөмiшбай Сариевтың шығармашылық кешiнiң өтуiне де белсене арласты. Көптеген ақын-жазушылардың шығармаларының жарыққа шығуына, болмаса олардың таралуына ықпал етiп келедi. Қолдан келсе адамдарға көмек беруден артық не бар деген ой оның өмiрлiк серiгi. Қарапайым адамдарға мақтан¬шақтық танытқан кездерi сiрә болған емес. Өзi ұйымдастырып жүрген кейбiр ұлағатты шараларды "мен өткiзiп жатырмын, менiң басшылығыммен болып жатыр" деп кеуде ұрмайды. Осы мысалдан-ақ бiз әңгiмелеп, тiлге тиек етiп отырған Көшер Дәулетбаевтың бойынан асқақ арманды азамат тұлғасын сезiне түсемiз.

Соңғы жылдары Сыр елiнде өткiзiлiп жүрген әдеби-мәдени шарадан сырт қалып көрмеген Көшер 2006 жылы атақты жырау, жыраулар керуенiн бастаған, өмiрден ерте озған Көшеней Рүстембекұлының 60 жылдығы мен 2007 жылы бүкiл республика болып тойлаған Шығыс жұлдыздарының бiрi аталған Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының туғанына 125 жыл толу салтанатының дүбiрлеп өтуiне де араласты.

Оның бойындағы парасат-пайымының әсерi ме, ол араласқан әрбiр iстен бiр жылылық танылып тұрады. Шынын айтсақ Көшер Дәулетбаевты насихаттаудың өзi артық, себебi оның бүгiнге дейiнгi елге жасаған, азаматтарға көрсеткен жақсы iстерiн жұртшылық танып бiлген. Қазағымыздың "Түсi игiден түңiлме" деген нақыл сөзi Көшербайға арналып айтылған сияқты көрiнедi.

Оның ең негiзгi қағидаларының бiрi — ел бiрлiгi, түзу тiршiлiк, Отанымыздың көркейiп өсуi мен отбасы — шағын отанының түтiнiнiң түзу шығуы.

Ширек ғасырдан астам уақыттан берi асқаралы Алатаудың етегiнде ұрпақ жайып, өсiп-өнуде. Бiр кезде Алматыға балаң жiгiт болып келiп, бүгiнде азаматтық биiкке көтерiлген, ақсақалдық жасқа толып отырған азаматты көремiз.

Қат-қабат жұмыстарының арасында жүрiп, "Государственные ветеринарные надзоры на границе и транспорте" (Алматы 1997), "Ұрпағың ұялтпасын" (Алматы 2000) атты кiтаптарын жазды. Бiрiншi кiтабында шекарадағы көлiктердегi мал-дәрiгерлiк тексерудiң мiндеттерi мен мақсаттарын айқындап жазса, екiншi кiтабында өз өмiр жолын баяндай отырып, ұрпақтар тәрбиесiн көтерiп, замандастары хақында да әңгiме еткен.

Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген қызметкерi, Мал-дәрiгерлiк кеден қызметiнiң генаралы, Әлеуметтiк ғылымдар академиясының Құрметтi академигi Көшер Дәулетбаев — елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң нығая түсуiне үлес қосып жүрген тұғырлы азаматтардың бiрi.

Бiз де бiрнеше жинақтарға есiмi енген, көптеген ақындардың жырларына арқау болған Көшер iнiмiздiң алдағы уақыттарда биiктен көрiнуiне тiлектеспiз.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ

Серіктес жаңалықтары