СЕНIМ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМIСI

СЕНIМ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМIСI

СЕНIМ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМIСI
ашық дереккөзі
284

Былтырғы қаржылық дағдарыстың салдарынан қаншама компаниялар мен банктер сырттан тартылатын ақшадан қағылды. "Аузы күйген үрiп iшедiнiң" кебiн киген дүниежүзiлiк деңгейдегi инвесторлар аяқты аңдап басуға көшкендiктен, дамушы елдер тұрмақ, дамыған елдердегi "мүйiздерi қарағайдай" компаниялар мен банктерге несие берудi күрт тоқтатып тастаған едi. Бүгiнде тек сенiм мен жауапкершiлiкке құрылған қаржылық құрылымдардың жолы болуда. Солардың қатарында – елiмiздегi Каспий банкi де бар.

Өткен аптада Каспий банкi Халықаралық қаржы корпорациясынан (IFC) ұзақмерзiмдiк несие тартты. Бұл қаржыны банк шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеуге дамытуға 7 жылдық мерзiмге 80 миллион доллардан және сауданы қаржыландыруға 20 миллион доллардан құралатын 100 миллион АҚШ долларын тартты. Арнайы өткiзiлген баспасөз мәслихатында IFC тарапынан корпорацияның вице-президентi Деклан Даф, IFC Оңтүстiк Еуропа мен Азия iстерi жөнiндегi жетекшiсi Шабаз Маваддат, IFC Орталық Азиядағы аймақтық өкiлi Гортон де Монд, IFC аға менеджерi Томаш Тельма және Каспий банкiнiң басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе қатысып, екiжақты келiсiмге қол қойылғанын мәлiмдедi. "Бiз IFC-мен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Халықаралық қаржы нарығындағы қиындықтарға қарамастан, мұндай iрi көлемдегi несие тарту – бiздiң банк үшiн ғана емес, барлық қазақстандық банк саласы үшiн маңызды оқиға" деп ағынан жарылған М.Ломтадзе мырза Каспий банкiнiң отандық кәсiпкерлiктi дамытуға қосатын үлесiне тоқталды: "IFC сынды iрi халықаралық құрылыммен келiсiм жасау Орта Азиядағы үздiк бөлшектi банк болуға талпынатын Каспий банкiнiң сапасының, ашықтығы мен сенiмдiлiгiнiң маңызды дәлелi болып табылады. Түскен қаражатты банкiмiздiң маңызды стратегиялық бағыттарының бiрi – Қазақстанның шағын және орта кәсiпкерлiгiн несиелеу саласындағы белсендiлiктi арттыруға мүмкiндiк бередi".

IFC вице-президентi Деклан Даф шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы кәсiпорындардың Қазақстанның тұрақты дамуына мен жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететiнiн, IFC тарапынан Каспий банкiне бөлiнген қаржының арқасында қазақстандық кәсiпорындарға қаражат бөлiнетiнiн айтты.

Елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер арасындағы үздiк қаржылық құрылымдардың бiрi – Каспий банкiне тиесiлi сыртқы берешек көлемi ең төменгi пайыздық көрсеткiшке ие. Акционерлер қатарында халықаралық инвесторлар бар. Азаматтар салымының өсу қарқыны жоғары: соңғы бiрнеше айда 25 пайызға артқан. Осы тәрiздес жағымды жайттар – банк басты қағида етiп ұстайтын тұрақтылық пен қарқынды дамудың маңызды көрсеткiштерi. Сонымен қатар республика бойынша 157 филиал мен бөлiмшелерiн ашқан Каспий банкi – Қазақстандағы ең iрi филиал желiсi бар банк. Несиелеу, шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу, төлем карточкалары мен жедел несиелер банк үшiн стратегиялық маңызы бар мәселе болып табылады.

Журналистер сауалына жауап берген банк басшысы Ломтадзе: "Қазiргi таңда қазақстандық банк нарығында бiз үшiн қолайлы жағдай қалыптасты және нарықтағы үлесiмiздi арттыруға мүмкiндiк туды. Бiз келешекте тұрғындар мен шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу саласындағы белсендiлiгiмiздi арттыруды көздеп отырмыз. Үстiмiздегi жылдың басынан берi шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында шамамен алғанда, 10 млрд. теңгеге бағаланатын 1,7 мыңнан астам несие бердiк. Бұл қаражат iшкi нарықта қызмет ететiн қазақстандық кәсiпкерлерге берiлген болатын. Мен бiздiң даму стратегиямыз халықаралық инвесторлардан, клиенттерiмiз бен салымшыларымыздың тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымын" дедi.

Ресми деректерге сүйенсек, Каспий банкiнiң несиелiк қоржынындағы шағын және орта кәсiпкерлiкке берiлетiн несие көлемi 55 млрд. теңгеге жуық. Пайыздық көрсеткiштерге шақсақ, 28 пайыз. Үстiмiздегi жылы банк отандық кәсiпкерлерге кемiнде 15 мың қарыз берудi жоспарлап отыр. Осылайша, жыл соңына қарай банктiң кәсiпкерлiктi несиелеудегi үлесi 28 пайыздан 30 пайызға өспек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары