ҚҰМАРХАНАЛАР ЗАҢСЫЗ ЕҢБЕК ЕТУДЕ

ҚҰМАРХАНАЛАР ЗАҢСЫЗ ЕҢБЕК ЕТУДЕ

ҚҰМАРХАНАЛАР ЗАҢСЫЗ ЕҢБЕК ЕТУДЕ
ашық дереккөзі
228

Былтыр барлық ойынханаларды Шортанды мен Қапшағайдың төңiрегiне жинау туралы жарлық шыққанда, көпшiлiк олардың жасырын жұмыс iстеуге көшетiнiн "бал ашпай-ақ", болжаған. Бүгiнде заңға мойынсұнудан гөрi, пайдадан қағылмаудың қамына кiрiскендер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде заңсыз әрекет етуде. Сорақысы сол, 2008 жылдың 1 қаңтарынан берi ойынханалар мен құмарханалардың бiр де бiреуi ҚР Қаржы министрлiгi салық комитетiнде тiркелмеген. Демек, қыруар қаржы көлеңкелi экономиканы "гүлдендiрiп" жатыр.

Осыдан тура бiр жыл бұрын, анығында, 2007 жылдың 1 сәуiрiнде ҚР "ҚР Ойынханалық кәсiпкерлiгi туралы" Заңға сәйкес, елiмiздегi 150-ге жуық ойынханалар Алматы облысына қарасты Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысындағы Шортанды көлiнiң жағалауына көшуi тиiс болатын. Сол кездерi нәпақаларын казинолардан айырып жүрген отандық кәсiпкерлер аттанға басқан. Үкiмет селт етпеген соң, олардың көпшiлiгi заңсыз түрде жасырын жұмыс жасауға көштi. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз құмарханаларға қатысты ақпараттар легi толастар емес. Жер-жерде құрықталып жатқандары да баршылық. Жемқорлықпен күрес науқаны қызған шақта қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлерi құмарханалар иелерiнiң соңынан шам алып түстi. Мысалы, ресми деректерге сүйенсек, былтыр Қапшағай мен Шортандыдан ат тондарын ала қашқан бiрнеше кәсiпкер анықталған. Атап айтқанда, Алматыда – 2, Батыс Қазақстанда – 1, Қарағандыда – 3. Бұл қағаз бетiне түсiрiлiп, хатталғандары ғана. Әлi қанша "құмарпаздың" заңды бұзып жүргенi айтпаса да түсiнiктi.

Есесiне, үстiмiздегi жылдың ақпан айында ойынхана iсiмен заңсыз айналысқандарды тексеру, оларды заң алдында жауапқа тартуда отандық құқық қорғаушылар белсендiлiк танытқан. Себебi, дәл осы бағытта атқарылып жатқан шараларға көңiлi толмайтындығын мәлiмдеген Президент заңсыз тұрғыда пайда тауып жүрген ойынханаларды әшкерелеуге қатысты ҚР Iшкi iстер министрлiгiне нұсқау бердi: "Егер мұны қарапайым азаматтар бiлетiн болса, жергiлiктi полиция да хабардар. Егер ол бiлетiн болса, казино неге әлi күнге жұмыс iстеп жатыр?".

Елбасы аузын жиып үлгергенше, анығында, дәл сол күнi Алматыда заңды белшеден басқан екi казино – "Торнадо" мен "Арлекино" анықталды. Екi мекемеге тиесiлi 1,5 млн. теңге көлемiндегi меншiк тәркiленген. Оның 500 млн. теңгесi – қолма қол ақша. Арада екi күн өткенде Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында көлiк жуатын орын мен бильярд клубы орналасқан ғимараттан заңсыз жұмыс iстеп жатқан ойынхана "табылды". 350 мың теңгеден астам қаржыны мемлекетке өткiзген құқық қорғаушылар Президенттiң нұсқауына дейiн не бiтiрiп жүргендерiн өздерi бiледi. Айтпақшы, кәсiпорын қожайынының кабинетiнен заңды түрде тiркелмеген қару шығыпты. Бейне, бiздiң телеарналардан жылтың-жылтың еткiзiп, жиi көрсететiн шетелдiк арзанқол фильмдердегi секiлдi…

Сорақысы сол, заңсыз әрекет еткендер қатары уақыт өткен сайын сиреудiң орнына, керiсiнше, жиiлеп барады. Ресми деректерге сүйенсек, бiр ғана Алматы қаласынан екi жарым айдың iшiнде 16 ойынхана анықталған. Олардың төртеуiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалыпты. Астана мен Қарағандыда да жағдай мәз емес. Тәртiп сақшылары ойынхана иелерiнiң ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстiң 338-бабына сәйкес, жауапқа тартылатынын мәлiмдеп отыр. Егер кәсiпкерлердiң әрекеттерiнде қылмыстың табы байқалса, ҚР Қылмыстық кодекстiң 190-бабына сәйкес, қылмыстық жауапқа тартылады. Әрине, мұндайда қаржы полициясының iске кiрiсетiнi түсiнiктi. Өкiнiшке қарай, заңнан да, құқық қорғау органдары қызметкерлерiнен де ыққандар аз. Қаржы полициясындағылар да қарап жатқан жоқ. Былтыр 14 әкiмшiлiк құқық бұзушылықты анықтаса, биыл 8-iн заң алдында жауапқа тартыпты. Республикалық көлемде алсақ, бұл көрсеткiштiң тым аз екендiгi анық. Құмар ойындарына елiткендердiң арқасында нан тапқандар арасында шетелдiк кәсiпкерлер де бар. Мысалы, Елордадан ашқан ойынхананың қожайыны Түркия азаматы болып шықты. Үкiметтiң "мұрнының астында" отырып, заңсыз ақша тапқан Өзбей Мехмет Фуаттың пайдасы – 39,8 млн. теңге көлемiнде. Сорақысы сол, 2008 жылдың 1 қаңтарынан берi ойынханалар мен құмарханалардың бiр де бiреуi ҚР Қаржы министрлiгi салық комитетiнде тiркелмеген. Демек, қыруар қаржы көлеңкелi экономиканы "гүлдендiрiп" жатыр. Сарапшылар Қазақстанда тыйым салынуының арқасында айырқалпақтылар елiндегi ойынхана бизнесiнiң ерекше қарқынмен дами бастағанын айтады. Мысалы, былтыр сәуiрде ойынханаларға қатысты қабылданған заңнан кейiн арада бiр ай өткенде қырғыздардың казиноларына түскен 1 айлық пайда 40 млн. сомға теңгерiлген. 1 сомның бiздiң 33,5 теңгеге екендiгiн ескерiп қойыңыз да, саусағыңызды бүгiп алып, iштей санай берiңiз. Биыл 3 айдың iшiнде Қырғызстанда тiркелген казинолар саны – 33. Демек, қазақстандық кәсiпкерлерге қырғыздар басты бәсекелес болып отыр. Яғни, отандық туризм саласын дамытуға қатысты бағдарламалар мен жоспарлар жүзеге асырылмайынша, отандық құқық қорғау органдарының қызметкерлерi заңға мойынсұнбайтын каинолардың есiгiн күзетуге мәжбүр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары