"ҚАЗАҚМЫС" ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI

"ҚАЗАҚМЫС" ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI

"ҚАЗАҚМЫС" ЖӘНЕ  ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI
ашық дереккөзі
272

Әр дәуiр, әрбiр кезеңнiң өзiне ғана тән естелiктерi, ерлiкке толы даңқты сәттерi болады. Қазiр әлемге аты кеңiнен мәшһүр Жезқазған мыс зауытының еңбек тарихы өзi тiкелей iзбасары болып табылатын Қарсақпай мыс зауытынан басталған болатын. Оған да, мiне, 80 жыл! Ғасырға бергiсiз осы мерзiм iшiнде Қазақстан кеншiлерi мен металлургтерi елiмiздiң экономикалық дамуына елеулi үлес қосып келедi.

Осы айтулы мереке және Республика күнiне орай "Қазақмыс" корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бiрлесе отырып "Мыс сапырған, кен қазған" деген тақырыпта шығармашылық байқау жариялады.

Бұл байқаудың мақсаты – елiмiздiң өндiрiс орындарының тәуелсiздiк жылдарындағы жарқын келбетiн үлгi ету, ел мен жердiң қадiр-қасиетiн арттыру, майталман еңбеккерлер – кеншiлер мен металлургтердiң еңбегiн насихаттау, адамдардың бойындағы патриоттық рухты оятуға үлес қосып, Отанға деген перзенттiк сүйiспеншiлiктi паш ету.

"– Соңғы уақытта елiмiздiң iргелi кәсiпорындары қазақ өнерiне бет бұра бастады. Бұл тұста iргелi магнаттардың бiрi – "Қазақмыс" корпорациясы айрықша түсiнiстiк танытып, төл өнерiмiздi, оның iшiнде ұлттық әдебиетiмiздi дамытуға қол ұшын берудi қолға алуда. Және де бiр ерекшелiгi, бүгiннен бастау алған бұл байқаудың қорытындысы алдағы тамыз айында, дәлiрек айтқанда республикамыздың тәуелсiздiк күнi шығарылмақшы. Мұның өзi, мен айтар едiм, "Қазақмыс" корпорациясы ұжымының қазақ ақын-жазушыларына көрсетiп отырған үлкен қамқорлығы", – дедi ұйымдастырушылар тарапынан байқаудың алға қойған мақсаты мен оның шарттарын таныстырған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза.

"Қазақмыс" корпорациясы бұдан бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығына орай мемлекеттiк тiлдегi ақпарат құралдары арасында "Отанымыздың тәуелсiздiгiне тарту" атты патриоттық тақырыпта әдеби конкурс өткiзген және осы аттас жинақты жарыққа шығарған болатын.

Корпорацияның жұртшылықпен байланыс департаментiнiң бастығы Нұрлан Махмұдов мырзаның айтуынша, байқау проза, поэзия және драматургия номинациялары бойынша өткiзiлмекшi және әр номинация бойынша бiр-бiр сыйлық белгiленген.

"Сөйтiп, үш номинацияның әрбiрiнiң жүлде көлемi 600 мың теңге (5 мың АҚШ доллары) көлемiнде белгiленiп отыр. Тек, ақын-жазушыларымыз өз шығармаларында қарсақпайлық кеншiлердiң кешегi және бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiн биiк парасатты бейнелеп, сол арқылы елiмiздiң бiртұтас мызғымас мемлекеттiгiн жыр етуi тиiс", – дейдi Нұрлан Махмұдов мырза.

Байқауға жаңа жазылған және бұрын баспасөзде жарияланбаған туындылар 2008 жылдың шiлде айының соңына дейiн қабылданады.

Әңгiме 10, повесть 20-30, өлеңдер 7, поэма 20, драмалық шығармалар 20-25 компьютерлiк беттен (интервал 1,5, қарiп 14 болғанда) аспауға тиiс.

Жүлделi орындарды иемденген ең үздiк шығармалар бiр жинаққа топтастырылып, 1000 дана таралыммен басылып шығады.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары