МЕДИА ФОРУМНЫҢ ҚАЗАҚҚА БЕРЕРI НЕ?
МЕДИА ФОРУМНЫҢ ҚАЗАҚҚА БЕРЕРI НЕ?
Төңiрегi алып-қашпа әңгiмелерге толы болған Еуразиялық медиа форум биыл да өткiзiлетiн болды. Жетiншi рет. Күн тәртiбiнде әдеттегiдей ғаламдық ауа райының күрт жылынуы, АҚШ пен Ресейдiң арақатынасы, қырғи қабақ соғыс қаупi, әлемдiк қаржылық дағдарыс сияқты халықаралық маңызы бар мәселелер шықпақшы. Биылғы өзгерiс — форум бұрынғыдай 3 күн емес, 2 күнге созылады. Сонымен қатар жиылғандардың кейбiрi қазақтiлдi журналистиканың бүгiнi мен ертеңi туралы толғанбақ.
Сәуiрдiң 24-25 күндерi VII Еуразиялық медиа форум өткiзiледi. Шақырылған қонақтар тiзiмiнде 1977-1981 жылдар аралығында АҚШ президентiнiң кеңесшiсi болған, бүгiнде әлемге саясатқа жүйрiк майталман ретiнде танымал Збигнев Бжезинский мен марқұм Беназир Бхуттоның сiңлiсi Фатима Бхутто бар. Форумның бас продюсерi Владимир Рерих "халықаралық деңгейдегi шараның басты мақсаты – саясаткерлердiң, журналистер мен сарапшылардың еркiн де ашық келiссөздер жүргiзуiн дамытуға ықпал ету" дейдi. Биыл талқыға салынатын тақырыптар: "Косово секiлдi тәуелсiздiгi мойындалмаған мемлекеттер", "Қырғи-қабақ соғыс қаупi", "Әлемдiк қаржылық жүйедегi дағдарыстағы БАҚ-тың маңызы", "Ресей мен АҚШ-тың дауыс беру процесiнен кейiнгi өзара қатынасы", "Посткеңестiк кеңiстiктегi көсемдер кiмдер?", "Интеллектуалдық меншiктi сақтау құқығының мәселелерi", "Ауа райының ғаламдық күрт жылып кетуiнен туындайтын қауiптердi жариялау мәселелерi" т.б. Айтпақшы, жылда ұйымдастырылатын осы форумда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң жатжұрттықтар алдында мiскiн күйге түсетiнiн, жиылғандардың орыс тiлiне жиi жүгiнетiнiн сынауды "әдетке" айналдырған қазақтiлдi журналистерден мезi болды ма, биыл күн тәртiбiне қазақтiлдi журналистиканың бүгiнi мен ертеңi туралы баяндама жасатуды жөн көрiптi. Пiкiрсайыс көрiгiн қыздыратындар қатарында танымал журналистер Ахас Тәжутов, Қайнар Олжай мен Дидар Амантайлар бар. Оларға шақырту әлдеқашан жiберiлген, қайсысының баяндама жасайтыны әзiр белгiсiз. Тек Батыс пен Шығыстың проблемасына алаңдаған шетелдiктерге қазақ журналистикасы қаншалықты қызық болатыны белгiсiз. Егер ұйымдастырушылар медиа форумда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн халықаралық қатынас құралы – ағылшын тiлiмен қатар қолдануға назар аударса, Қазақ елiнiң де, мемлекеттi құраушы негiзгi ұлт – қазақ халқының да жатжұрттықтар алдында мерейi үстем болар едi.
Биыл Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен келетiн 450-ге жуық қатысушының 150-i – шетелдiктер. 2005 жылы әлемнiң 35 елiнен жиылғандар саны 300-бен шектелген. Демек, жыл сайын қатысушылар саны артып келедi. Сарапшылар қауымы медиа форумның ұйымдастырылуын Дариға Назарбаеваның қоғамдық-саяси беделiмен байланыстырады. Бұл пiкiрдiң қисыны бар. Өйткенi, қыруар қаржыны қажет ететiн медиа форумды қаржыландыруды демеушiлер өз мойындарына алған. Оны өткенде жұртшылықпен он-лайн сұхбат өткiзген Дариға Назарбаева ашық мәлiмдедi. Әрине, форумның бюджетi туралы жария мағлұмат беруден Дариға ханым бас тартты. Есесiне, халықаралық деңгейдегi шараны ұйымдастыруға кететiн шығынның шаш-етектен болатыны ешкiмге құпия емес. Қайран қаржының қазақтың емес, ғаламның проблемасын шешуге жұмсалатыны өкiнiштi. Мысалы, 2006 жылғы Еуразиялық медиа форумда Қытай мен Үндiстанның әлемдiк саясаттағы маңызының артып бара жатқандығы, энергетикалық қорларға бай Орталық Азияның экономикалық және геосаяси рөлi секiлдi халықаралық мәселелер сарапқа салынды. Былтыр, 2007 жылы "ғаламдық саясаттың iзгiлiктен алшақтай бастауы Еуразиялық медиафорумның басты тақырыбына айналды" (В.Рерих). "Алты айшылық" жерлерден жиылған көпшiлiк "Ирактағы соғыс, Иранға қоқан-лоққы жасау, Ауғанстандағы дағдарыспен" бас қатырған. "Саддам Хүсейн мен оның үзеңгiлестерiн христиан рождествосы аяқталып, мұсылманның рамазаны кезiнде жаппай дарға асу сияқты жабайы әдiстерге жүгiну әрекеттерiн сынға алуды" да ұмытпады. Сөз жоқ, адамгершiлiк қағидаларды сақтауға үндейтiн, яғни, құптауға әбден тұрарлық қадам. Бiрақ ғаламдық деңгейдегi шиеленiске толы қиындықтарды шешуге қазақтар неге бас қатыруы тиiс? Былтыр РИА "Новости" агенттiгi бас директорының орынбасары Ирина Демченко: "Жарнаманы қажет ететiн елдер бар, бiрақ Қазақстанды олардың қатарына қосуға болмайды" дедi. Егер ресейлiк әрiптесiмiздiң бiр сөзiн де өзгертпестен, тек синонимдердiң көмегiне жүгiнсек, "Қазақстанды медиа форумсыз-ақ әлем таниды". Ендеше қыруар қаржыны желге шашып керегi не? Форумда көтерiлетiн мәселелермен әлем онсыз да бас қатырып жатыр. Бiр ғана мысал, өткен аптада Вашингтонда "үлкен жетiлiктiң" қаржы министрлерi мен орталық банктер жетекшiлерi қаржылық дағдарыстың әлемдiк экономикаға тигiзетiн зиянын сарапқа салды. Ал АҚШ Конгресi Ирактағы ахуалды талқылады. Ресей мен АҚШ зымыранға қарсы нысан салуға байланысты келiссөздерiн әне-мiне дегенше аяқтап та қалады. Демек, әр мемлекет өзiнiң ұлттық мүддесiне керектi мәселелердi дербес шешуге ұмтылуда. Ал бiздiкi қай "жалпақшешейлiк"?!
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ