КҮРIШ ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДI

КҮРIШ ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДI

КҮРIШ ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДI
ашық дереккөзі
266

Жер шарының 3 миллиардқа жуық тұрғыны тұтынатын күрiш жыл басынан берi 70 пайызға қымбаттады. Үндiстан, Египет, Вьетнам мен Таиланд күрiш өндiру көлемiн қысқартуы халықаралық нарықтағы баға саясатын тағы да шатқаяқтатып жiбердi. Сарапшылар қауымы күрiш өндiру көлемi тез арада қалпына келтiрiлмесе, егiс алқаптарының ауқымы күрт шектелiп, әлемдiк нарыққа керi әсер ететiнiн айтуда.

Адамзат күрiштi талғажу еткелi — 15 мың жыл. Жер шарының жартысына жуығы күрiштi күнделiктi қолданады. Жыл сайын өндiрiлетiн 580 млн. тонна күрiштi негiзiнен Азия халқы ұнатады екен. Осының нәтижесiнде, күрiшке деген тұтынушылық сұраныс деңгейi күрт өсiп, әлемдiк нарықтағы бағаның 50-70 пайызға дейiн көтерiлуiне ықпал еттi. Оның үстiне, кейбiр мемлекеттердегi халық санының көбеюi, қуаңшылық пен егiннiң бiтiк шықпауы, Бангадеш пен Индонезияда жүрген сел, Қытай мен Вьетнамда соққан үскiрiк тағы бар. Сонымен бiрге зерттеушi ғалымдар Азиядағы кейбiр дамушы елдер халқының әл-ауқатының жақсарып, тұрмыстарының түзеле бастауы да күрiш алқаптарының азаюына әсер еткенiн көлденең тартады. Өйткенi, орташа топтың қатарына қосылғандар бұрынғыдай күрiштi талғажу етумен шектелмей, көптеген отбасылардың қолы жете бермейтiн ет, сүт тағамдарын тұтынуға көшiптi. Халықаралық күрiштi зерттеу институты (IRRI) күрiш құнының уақыт өткен сайын жоғарылай беретiнiн мәлiмдедi. Институттың мамандары күрiш өндiрiсiн арттыруға мүмкiндiк беретiн қосымша зерттеулер қажет екендiгiн айтады: "Бiздiң тұтынған күрiшiмiз өндiрiлген өнiмнен әлдеқайда асып түстi. Олқылықтың орнын толтыру үшiн өнiм өндiру көлемiн арттыруға қатысты ғылыми зерттеулер жүргiзуге мiндеттiмiз".

Бұған дейiн Таиланд, Вьетнам, Үндiстан мен Египет күрiш өндiрiсiн қысқартатындықтарын ескерткен. Әлемдiк нарықтағы баға саясатының шатқаяқтауына өндiру көлемiнiң күрт қысқаруы әсер еткенi анық. Дүние жүзi бойынша күрiштi ең көп өндiретiн – Қытай. Бiрақ аспанасты елiндегi дихандар iшкi нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуден аса алмай жүр. Бүгiнде қытайлық билiк күрiш пен бидайды көптеп егетiндерге мемлекет тарапынан қаржылық қолдаудың әдеттегiден тыс көп болатынын мәлiмдедi. Егiншiлердi қызықтыра отырып, iшкi және сыртқы нарықтың мәселелерiн шешiп алуды көздеген әрекеттiң астарында инфляцияны ауыздықтауға қатысты шара да бар. Бұған дейiн әлемдi ас та төк күрiшке қарық қылған үндiлер тек жоғары сапалы өнiмдi ғана экспортқа шығарып, қалғанын iшкi тұтынуға сақтап отыр: "Жаман айтпай, жақсы жоқ"…

Египет болса, үстiмiздегi жылдың сәуiрiнен қазанына дейiн күрiштi сыртқа тасымалдауға тыйым салды. Олардың да көздегенi: iшкi нарықтағы тапшылықтың алдын алып, қымбатшылықты тоқтату. Есесiне, филлипиндiктер 2,2 млн. тонна күрiштi экспортқа шығаруға құлшынып отыр. Соңғы 10 жыл iшiнде ең iрi көлемде өнiм экспорттауға бекiнген филлипиндiктер халықаралық нарықтағы ең iрi ойыншыға айналмақ. Ал дүниежүзiлiк тұтынушылық нарықтағы сұранысқа жауап берiп келген Египет, Үндiстан, Вьетнам сияқты елдердiң аяқ астынан айнып қалуы мамандар қауымын өндiрiс қарқынын арттыруға қатысты жаңа жобалар ойлап табуға жетеледi. "Жығылғанға жұдырық", күрiш алқаптарының ауқымы уақыт өткен сайын тарылып келедi. Ал алқаптарды суғаруға бағытталған арналардың кенезелерi кебе бастады. Себебi, күрiштерге арналған суды өндiрiс пен халқы көбейiп келе жатқан қалалардың қажетiне жаратуда. Өзгелер алқаптар аумағын шектеуге көшсе, қазақтар керiсiнше, барынша ұлғайтуға мүдделi. Үкiметi жуырда Қазақстандағы егiс алқаптарын 600 мың гектарға, майлы дақылдар егiлетiн алқаптарды – 82 мың гектарға, қант қызылшасын – 6,6 мың гектарға, көкөнiс пен бақша дақылдары алқаптарын 4,5 мың гектарға ұлғайтуға шешiм қабылдады. Есесiне, бүгiнгi таңда елiмiздiң Алматы, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалаларындағы азықтық астыққа деген мұқтаждық 500 мың тонна көлемiнде. Билiк аталған аумақтарды астықпен қамтамасыз етудiң қосымша шараларын қарастыруда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары