ШӘМШIНIҢ ФЕСТИВАЛI АСТАНАДА ӨТКIЗIЛУI ҚАЖЕТ

ШӘМШIНIҢ ФЕСТИВАЛI АСТАНАДА ӨТКIЗIЛУI ҚАЖЕТ

ШӘМШIНIҢ  ФЕСТИВАЛI АСТАНАДА ӨТКIЗIЛУI ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
272

Қазақ ән өнерiнiң королi саналған Шәмшi Қалдаяқов есiмiн әрбiр қазақ жатқа бiледi. 60 жылдарда дүниеге келген әндердiң көбi Шәмшi есiмiмен әрбiр қазақ шаңырағының көгiнде қалықтағаны да есiмiзде. Көзi тiрiсiнде-ақ, аты аңызға айналған ән-абыздың атындағы "Менiң Қазақстаным" фестивалi ендi Астанада да өтетiн болады.Қазақстан Республикасының премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовке сенаторлар ән-абыздың есiмiн есте қалдыру үшiн бүкiл Қазақстанда Шәмшi фестивалiнiң өткiзiлуi қажеттiгiн, оның қорытындысы Астанада өтуi керектiгiн айтып, депутаттық сауал жолдады.

"Бiздiң депутаттық сауалымыз ұлттық өнерiмiздiң ұлы дарыны, көрнектi композитор, Қазақстан Республикасының халық әртiсi, ҚР Мемлекеттiк Әнұраны авторларының бiрi, көзi тiрiсiнде-ақ аты аңызға айналған, қазақ вальсiнiң королi Шәмшi Қалдаяқовтың биiк рухты мәңгi өшпес әндерi халықты отансүйгiштiкке , туған ел мен жерге адалдыққа тәрбиелеуге, ынтымақ пен бiрлiкке шақыруға қызмет етiп келедi. Оның әндерi қанша дәуiр алмасса да, өз маңызын жоймайтыны анық.

Ұлылықты тану да ұлы ерлiкке саяды. Сондықтан да, халық жүрегiнiң төрiнен мәңгi орын алған ұлы композиторды ұлықтауды облыстарда Шәмшi әндерiнiң кештерiн ұйымдастырудан бастап, қорытындысын республика көлемiнде Елордамыз Астанада Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi ретiнде өткiзуi керек", – делiнген. Депутаттық сауалдың жолдануына «Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi» дирекциясының Бас директоры Қалдыбек Құрманәлi мен ән-абыздың туған жерi Отырар ауданынан бiр топ жерлестерiнiң сенатор Қуаныш Айтахановқа жазған хаттары себеп болыпты. Депутаттық сауалға жерлестерiнiң хатын аяқсыз қалдырмаған сенатор Қуаныш Айтаханов бастаған депутаттар қол қойыпты.

Депутаттардың сауалында Астанада өтетiн "Менiң Қазақстаным" ән фестивалiнiң Республика күнiне орай, яғни 25-қазанда ұйымдастырылуы қажеттiгi де баса көрсетiлген. Егер премьер-министр Кәрiм Мәсiмов депутаттардың сауалын аяқсыз қалдырмаса, фестивальдiң өтуiне «Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi» дирекциясы тас-түйiн дайын отыр.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары