ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНДА

ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНДА

ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНДА
ашық дереккөзі
489

… "Ақ үй, Вашингтон Хасен Оралтай мырза!"

"Азат Еуропа-Азаттық радиосы, Мюньхен-Германияға"

Қадiрлi Хасен! "Азат Еуропа" мен "Азаттық" радиосының қызметкерi ретiнде атқарған қызметiңiз үшiн, қайырымды бiр ел атынан рақымет айтамын. "Азат Еуроппа" мен "Азаттық" радиолары Шығыс Еуропа мен бұрынғы Сәбет одағында демократиялық күштердiң дамуында шешушi роль атқарды және Сiз оның мақсатына жету iсiне түрлi жақтан құнды үлес қостыңыз… Сiздiң адал қызметiңiз бен азаттық жолында шынайы берiлiп қызмет iстеуiңiз — қол жеткiзген жағдайды әлем алдағы жылдар бойы есте сақтайды. Тамаша iстерiңiз үшiн рақымет!

Шынайы адалдықпен — Билл Клинтон"

Бұл "Елiм-айлап өткен өмiр" аталатын әйгiлi кiтаптың 323 бетiнде берiлген Американың бұрынғы президентiнiң хаты…

Азуын айға бiлеген қаһарлы Сәбет өкiметiнiң күлi көкке ұшты. Адресiне бiр ауыз қиғаш сөз айтып қалған он мыңдаған кiсiнi оққа ұшырған осы Кеңес өкiметi емес пе едi. Ал өзiне бiр тал оқ атылмай шаңырағы ортасына түсуi қалай? Ендеше "Күнi бiткен бәйтерек күмiстен қырсау салсаң тұрмайды" деген сөзге жүгiнемiз. Мiне, осы оқиғаға "Азаттық" радиосының қатысы жоқ деп ойлар ма едiңiз? Билл Клинтон Америкадай алпауыт елдiн президентi бола тұра, Хасен Оралтайға жоғарыдағы сөздi неге айтып отыр? "Адам тiлiне аспандағы бұлт азады" деп бекер айтылмаған. Бiрақ осы шiрiгi жетiп келе жатқан опасыз империяға ең алдымен iзгi ниеттi адамзат баласының рухани қарсылығы керек едi. Сол iштей өсiп жетiлген қарсылыққа отқа май құйғандай етiп бүкiл дүниеге әуе толқынымен жар салған "Азаттық" радиосы болатын. Ал соның қазақ бөлiмiн ұзақ жылдар бойы басқарған Хасекең – Хасен Оралтай ағамыздың өзi едi. Бұл кiсiнiң "Азаттық" радиосында жұмыс iстеген кезi Алланың әмiрiмен нағыз сұранып тұрған ұрымтал уақытқа сәйкес келген. Бiрақ сәйкес келу бар да, соны жерiне жеткiзе сәйкестендiру бар. Қазақта "Кеткен күшiңдi сұрамайды, бiткен iсiңдi сұрайды" дейтiн ұлағат бар. Айналаңдағы жұртқа, қоғамға, тiптi өз отбасыңа сенiң жұмсаған күшiң емес, тындырған iсiң керек. Құның тек сонымен. Сол жолда ауырасың ба, өлесiң бе, ол есепке алынбайды. (Өз жанұяңнан басқаға)

Жұрт өз өмiрбаяны туралы, ата-анасы, тұтас әулетi туралы жазып жатады, кiтап шығарады. Қысқасы осыны жазу әр кiмге-ақ ұнайды. Өйткенi әркiмнiң өз өмiрбаяны өзiне қымбат екенi рас… Бiрақ бәрiнiкi бiрдей Хасекеңнiң өмiр жолындай күрделi; қиын да, қызықты да бола бере ме? Хасен Оралтайдың өмiр дастаны жеке адамның емес, қазақ халқының, ұлтымыздың басына түскен тауқыметiнiң бiр бөлшегi тәрiздi екенiне ешкiм көз жұма алмайды.

Бiразымыздың әлгi "қымбат" санап жүрген өмiр жолымыз өзiмiзге қатты ұнағанымен жалпы жұртқа қажетсiз. Халыққа керексiз, өзге ешкiмдi қызықтырмайтын көкжасық, жасаң кiтап болып шығады. "Итмұрынды тiзгенмен моншақ болмас" дегендей, автордың өзiнiң ғана жеке "моншағы" болып қала бередi. Сiз "Елiм-айлап өткен өмiр" атты кiтапты толық оқымай-ақ, бiр шолып көрiңiз. 800 беттiк кiтаптың қай тақырыпшасын оқысаңыз да, Хасен Оралтайдың өмiрлiк жиған-тергенiн, көрiп-бiлгенiн дәл өз көзiңмен көрiп, өз басыңнан өткiзгендей қанық түрде көңiлге түйесiң. Жүрегiң сыздайды. Кiтап оқиғасына жаның ауырады. Соншалық етiңе кiрiп кетедi. Бұл ұзақ хикаяны өзiңнiң әлдебiр қандас, қимас жақындарыңның басынан өткен оқиғадай керемет жанашырлықпен қабылдайсың. Бұл кiтап мен қазақпын деген адамның барлығына да жат емес, қайта, әрбiр қандас, бауырлас дос-жарыңның төрiнде тұрса қаныңды қозғап, жiгерiңдi тасытып, намысыңды оятарлық рухани қазынаң бола алатыны сөзсiз, дер едiм. Қысқа айтқанда бұл хикая туған жерiнен ауа көшiп, шiлдей тозып сыпырыла босқан қазақтың рухани жетiмдiгiнiң куәсiндей. Үстiмiздегi жылы 75 жасқа келiп отырған Хасен Оралтай мен оның туғанына 100 жыл толған әкесi Қалибек хакiм туралы мен өз басым ең алғаш "Қазақ әдебиетi" газетi арқылы мағлұмат бiлдiм.

Бала жасынан Шығыс Оңтүстiк Азияны көктеп өтiп айтарлықтай жаһанкез болған, өсе келе, Мұстафа Шоқайдың жолын қуған, тағдыры қиянкескi талқыдан тұратын, Хасен Оралтайдың бiр хикаясы жарияланған-ды. Оқиға барысымен менiң есiмде мықтап орнап қалған бiр нәрсе -дөңгелек дүниенi дүркiреткен Қалибек хакiмнiң салт атпен түскен суретi болатын. "Ат кекiлiн кескен" демекшi, айбынды батырдың тақымында кекiлi шорт кесiлген, мойны құрықтай, талыс танау, салпы ерiн сайгүлiгi.

Үстiндегi баласын алдырған барыстай ызалы иесiмен қоса күндiз-түнi жер кезген қаракер тұлпар да әлденеге қыжылы бардай, шатынаған шаралы көзiнен от шаша, құлағын да жымқырыңқырап алған. Жаугершiлiктегi сенiмiн ақтап жүрген бәсiре дүлдүлiне мiнiп ат үстiнде тәкаппар отырған Қалибек хакiмнiң асқақ көрiнiсi көз тартады. Алақандай оймыш-оймыш теңбiлдерi бар, ақшұбар барыс терiсiнен тон киген, құрыш жiгер, қайсар адам осы сұлбасының өзiнен-ақ дауылпаздық мiнезiн байқатып тұр. Өзгеде жоқ, ерекше тұрпат. Үзеңгiнiң таралғысын кере, шiрей теуiп, атының басын кекшите, тiзгiндi қымти тежеп, қамшы ұстаған қолымен бiр бүйiрiн таяна, әлдебiр биiк тау басына алыстан көз тiгiп айбаттана, құшырлана қараған.

Өз басын патша орнында бiлетiн жауына қарсы жаужүрек адамның күмiс ер-тұрманы; өмiлдiрiк, жүген үзеңгiбау-таралғысына дейiн күмiс үзбелермен айшықталғаны көрiнiп тұр. Сондай бесаспап ынсан дәл осынау жанпида қалпында ненi ойлап тұрды екен.

Шықшытын тiстенiп, мағыналы көзiн ызалы оймен қысыңқырай қадап айбаттанған барыс жүрек, баһадүр жан өзiнiң осынау нұсқасымен дүниедегi ешқандай әулиеңiзден кем соғып тұрмағандай. Бұл өзге емес, қазақ саңлағының бiр бек-заттық, тектiлiк белгiсi едi. Қалибек хакiмнiң бұл суретi қаным қазақ дегенге дес бередi. Рухыңды жаңғыртып, жiгерiңдi жаниды. Сезiмiң солғын, қарымсыз пақыр болмасаң, зердеңдi сiлкiп, зейiнiңдi қайрайды. Өмiрдiң күнделiктi күйкi тiрлiгiнен шаң басқан момақан көңiлiңдi өрге тартып намысыңды шабақтайды.

Жасанған жауға жалаң аттың жалымен, жалаң жасақ қолымен қарсы тұрған Қалибек хакiмнiң бұл суретi оның басынан кешкен нелер қанды оқиғаларға үйлесiп-ақ тұр. "Батыр" деп, "Баһадүр" деп қазақ кiмдердi айтып жүр? Қолына бақан алып ауылынан шыға шапқанды да батырға санап ақшасын төлеп кiтап шығарып жүрмiз… Осы орайда қосарым "Елiм-айлап өткен өмiр" атты кiтапты былай қоя тұрып әлгi "Қазақ әдебиетi" бетiндегi бiр ғана хикаяның өзiн оқып шыққан кiсi оқиғаның қақпанына қабылатыны даусыз.

Гималай тауындағы "ыс" деп аталатын улы газ… Кенеттен соның құрбаны болатын қайран, ғазиз, жазықсыз жандар. Әсiресе өмiрге көзiн ендi ашқан жас балалар, сәбилер!

Жау құрсауынан ығысып, ата қонысынан ауа босқандағы Қалибектей нағыз бiртуар батырларға, оның қасындағы жандарға қанат бiтiрген ат-көлiк, малдардың, жүк артқан түйелердiң аяқ астынан бақ етiп құлап өлiп жатуы. Арты жау, алды табиғат апаты.

Қалибек көшiнiң Қытайдан Индияға жол тартқан адам төзгiсiз қиямет сапарындағы (1950 жылы) Гималай шоқыларында улы газдан қаза тапқан отбасылардың күйзелiсi жан түршiктiрерлiк. Қалибектiң өзi өте жақсы көрген кiшкентай перзентi Мәриямның өлiм алдындағы қайғылы көрiнiстерi жаныңызды жаралайды. Жүрегiңдi сыздатып, ет бауырыңды езедi. Осының алдында Мәриямның ағасы Қапанның және әпкелерi Шәрбанның, Нұржамалдың, iнiсi Iскендiрдiң "ыстан" қасiреттi қазаға ұшыраулары отбасы мүшелерiнiң жан-дүниесiн шайлықтырып, жүрегiн ұшырған. Олардың артында бауыры қан болып езiлiп, Ханымша ана қан қақсап, зарлап қалған. Бiрi артынан бiрi кетiп отырған перзенттер қазасы ауыр-ақ едi. Ол аз болғандай ендi тағы мына үмiт еткен баласы жан үзуге айналғанда Қалибектiң жүрегi тiптi мүйiз болса да, күйзелтпей қоймап едi. Жазықсыз, кiнәсiз, арманды өлiмге беттеп бара жатқан, әрi қылығы тәттi, сүйкiмдi бүлдiршiнi Мәриям сол өлген аға-iнi, әпкелерiн еске алып жатып әкесiне шерге толы соңғы ақтық арызын айтып:

– Аға, бiздi неге осы жерге әкелдiң?!– деп өзiне ғана тән әлсiз, нәзiк наразылығын бiлдiредi. Өлiм қорқынышынан iш-өзегiн жегiдей жеген қайғысын арнайды. Әке көңiлiнде өмiрлiк айықпаз, арман, дерт қалдырады. Мұнсыз да өртенiп келе жатқан әке сорлы "аһ" десе аузынан жалын шығарарлықтай етiп өкiнiш-үрей арнаған. Наза мен налаға толы қасiрет арманын өксiткен. Балалық, сәбилiк пәк қалпымен ақырғы рет осылайша жалынышты мүсәпiрлiкпен тiл қатуы қайран әкенiң көзiне ерiксiз ыстық жас келтiрген. Осылайша бала-шағасын құрбан етiп, Ата-Түрiк елiне сегiз баланың екеуiн ғана жеткiзген Қалибек хәкiм бұл әрекеттi кiм үшiн, қандай жағдайда iстедi? Ойлап көрiңiз; бүгiнгi қарын тоқ, уайым жоқ заманда, мамырайхан-маңғаз заманда бұл ахуал тек айтуға ғана жеңiл. Жоғарыдағы суретке көп тоқталып, қадала айтып отырғанымыз, соншалық ауыр азаптың Қалибек тұлғасындағы қорытындысындай едi. Қалибектей адамның алмас қылыштай өткiр тұрпатының тартымы едi.

* * *

Хасен Оралтай ағамыз әкесi Қалибек хәкiмнiң атын және ондағы қазақ көшiнiң жағдайын айдай әлемге паш еткен "Елiм-айлап өткен өмiр" атты кiтап жеке адамдардың немесе рудың емес, ұлттың намысы десек болады. Бұл кiтаптың оқиғасына енген қазақтар тарихы бiздiң ұлтымыздың мына жалпақ жаһандағы ең қайсар, ең көнпiс, ең төзiмдi, ғажайып халық, айырықша жұрт екенiн әйгiлеген. Адам баласының төзiмдiлiгi деген осыдан артық болмас. Жан бергенше тiрескен күрес атаулы осындай-ақ болар. Мұздай темiр от қарумен бақайшығына дейiн жасақтала құрсанған жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, амалсыздан шетелге қарай ығыса ұрысқан Қалибек көшi тұтас бiр дәуiрдiң көрiнiсi болатын.

1944 жылы Гоминдаң езгiсiне қарсы Iледен басталған ұлт-азаттық көтерiлiстiң дүмпуi 45-жылдың көктемiнде Қалибек басқарып отырған Манас-Сауан ауданының Қызылөзен өңiрiне де ұласқан. Бұл жердегi елден тыныштық кете бастаған. Осы кезде 12 жасқа келген Хасен Оралтайдың яғни Қалибек хакiмнiң отбасында қиян-кескi тағдыр тауқыметi басталады. Бұл орайда ерекше назар аударарлық бiр жайт – бұған дейiн Гоминдаңның үкiметiне қарасты ауданды басқарып отырған Қалибек Iледен берi сыпыра жеңiспен келе жатқан ұлт-азаттық көтерiлiстiң құрамына қосылып кетейiн десе, оған шамасын келтiрмей Гоминдаңның сайма-сай әскерi бұларды қырып жiбередi. Қосылмайын десе ұлт-азаттық күрес бастағандар өз қазағы, өз қаны.

Оның үстiне Сталинның бұйрығымен ұлт-азаттық төңкерiс дәл осы Манас-Сауанға жеткенде тоқтатылып тасталған. Себебi аз ұлт армиясы ендi Шыңжан орталығы Үрiмжiнi қаратып алса, онда, бүкiл Шыңжан аз ұлттың қолына тұтас өтiп кетедi де кейiн Мау зе дуңға бағынбайды деген сөз. Iшкi жақта Мау зе дуң мен Жаң Кай Шы белшесiнен қызыл қанға батып соғысып жатқан кез… Iшмерез Сталин Жаң Кай Шының Шыңжандағы күшiн аз ұлттар көтерiлiсi арқылы әлсiретiп тұрып сол арқылы бұл жақтан Жаң Кай Шыға көмек қолын жеткiзбеу болатын. Өйткенi Жаң Кай Шыдан Мау Зе Дуңның күшi аз болмауы, яғни басым болуы керек едi. Сол үшiн Әкпар батыр бастаған ұлт-азаттық көтерiлiске мына жақтан қару-жарақ берiп әу баста алаяқтықпен қолдаған. Ендi қарап тұрса аз ұлттардың жойқын күш тегеуiрiнi гоминдаңның Шыңжандағы өкiметiн тұтас алып қоятын түрi бар… Сондықтан бұндағы гоминдаңды да, аз ұлттар көтерiлiсiн де белден соққан жыландай кауiпсiздендiрiп қоюдың амалымен ұлт-азаттық соғысты орта жолда тоқтатып тастаған. Сталинның түпкi мақсаты Шыңжаңды Мау Зе Дуңның қармағына алып беру болатын. Ал осындай жағдайда Манас-Сауандағы Қалибек хакiм екi жаққа да сенiмсiз адам болып көрiнген. Күнi ертең соғыс дүр етiп қайта қозғалса қолында бiр ауданның әскерi мен қару-жарағы бар Қалибек кiмге қосылмақ?! Шындығына келгенде текке арандайтын болған. Гоминдаңның Үрiмжiдегi үкiметi бұлардың сыртынан қарулы күзет аттандырған. Олай болса, Қалибек ендi өз қазағымен өзi соғысуына тура келедi. Гоминдаңның намысына шауып соның миятына шығуы керек. Бiрақ ол әрекетке өлсе де бармақ емес. Сонымен өзiнiң қарауындағы сақшы бастығы Тәкiман батырмен ақылдасып қоластындағы елiн қырғынға ұшыратпаудың қамын ойлаған. Жедел суыт хабармен тұтас елiн көшiрiп алдымен Көклiк деген тауға жетiп бiраз отырады. Айтқанындай-ақ Үрiмжi бұлардың соңына қарулы қалың әскер шығарады. Қалибек пен Тәкiман амалсыздан өздерiн басқарып отырған гоминдаң өкiметiмен қарулы шайқас бастауына тура келедi. Елi-жұртын жауға алдырмай, жылдар бойы соғыс жалғастырады. Арада 3-4 жыл өткенде 1949 жылы Шыңжаңды Мау Зе Дуңның "Халық-азаттық армиясы" басып алған.

Қалибек ендi Қытай компартиясының әскерiмен соғысады. Халық-азаттық армия барар жер, басар тауын қалдырмағандықтан мұнан былай шетелге аумай болмайтын едi. Көклiк тауынан Тибетке қарай жол ашып беретiн оңтүстiк Шыңжаңдағы Қарашәрi аймағына қарай бүкiл елi-жұртын бастап ығысады. Осының барлығында құмырсқадай қаптаған халық-азаттық армия әскерiмен үздiк-создық соғыса отырып, Такламакан шөлiне iлiнедi. Жылап күңiренген баладан, құлап күңiренген кәрiге дейiн дүбiрлi көшке iлесiп Такламакан шөлiн көктей өтуiне тура келедi. Өстiп 1950 жылға жеткенде Хасен Оралтай 17 жасқа толады. Такламакан шөлiнен өтердегi адам айтқысыз азап көптеген адамдардың шығынға ұшырауына соқтырған. Көш жөнекей бiр жағатын отын, бiр жұтым суға зар болған халық шөлден өлiп бара жатқан кезде қойды бауыздап қандарын iшiп көредi. Бiрақ ә дегенде таңдайды жiбiткенiмен соңынан қан деген адамды одан ары қаталататын нәрсе екен. Мiнген аттарының дәретiн жерге төкпей, шырқырап жылаған балаларының таңдайын сонымен де жiбiтулерiне тура келген. Айдаған малдары неше күндер бойы шөп көрмей, судан да қаталайды.

Қалибек батыр көштi бастап алдыға түсiп алып үнсiз тартады да отырады. Қалибектiң туған iнiсi Iлияс қытай құрсауында қалып, өзiнен үлкен ағасы, Әдiлбек қасындағы екi жолдасымен жол шолып келу үшiн кеткенiнен қайта оралмай адасып өледi. Қалибектiң бiр басына жалпақ жаһан құлап түскендей тауқымет көрген кезi едi. Елi-жұртының сиқы болса мынау. Отбасының түрi анау. Тек "жүрек iштен жыласа, ақыл iштен жұбатады" деген күн туған. Арты – жау, алды -апат, шексiз қиын кезең едi. Сондай жағдайға кiрiптар болып кездескен Қалибек хакiм өзi де өкiнiшке қалғандай едi. Iш-өзегiн өртеген, қатты тоқыраған сондай өкiнiштi сәтте өз соңына iлесiп шұбырған елдiң ықтиярына салып: "обалдарыңа қалып жүрмейiн, қаламын дейтiңдерiң қалыңдар" деген шынайы тiлегiн бiлдiредi. Шынымен қайтқысы келген бiр бөлiм жұртқа ықтияр берiп, ақ тiлек тiлеп жолға салады. Осындағы ең бiр ғажабы: мынандай қиын жолында көңiлiне тiрек көрген, сенiмдi өзiнiң бiрден-бiр арқа сүйер баласы Хасен Оралтайға да осы ерiктi берiп: "Балам, қаламын десең сенiң де қалуыңа рұқсат етейiн, жассың ғой, қытай сенi кешiрер. Мен болсам өлiм екеш, өлiмге де бас тiккен адаммын", деп тығырыққа тiреледi. Бұл сөзге мүлде қосыла алмайтын сүйiктi перзентi өз ойын қысқа түйiп "Әке, мен сен өлген жерде бiрге өлемiн" дейдi… Оқырманның кеңсiрiгi қақ айырылардай дуылдап кетедi. Көзiңе жас келедi. Оларға жеңiл болған ба? Екеуiнiң де жүйесi босап iшiнен егiле, мүжiлетiн анық бiр шерлi сәт осы болған. Бұл әке мен бала ортасындағы шексiз трагедиялық қайғы сағаттардың куәсi едi. Өмiрдегi әке, бала ортасындағы өлмес-өшпес, классикалық қарым-қатынас деп осыны айтуға болар едi.

Манас-Сауан Керейлерiнен шыққан қос батыр Қалибек, Тәкiман өз елдерi үшiн бел байлаған жанқиярлық күресте анау Көклiк тауында құс ұшпас, құлан жортпас, мәңгi мұзарт заңғарларда табан жолдарына киiз төсеп: үзiк, туырлық, текемет, сырмақтарының бiр бетiн сулап, соны мұз тауларға бiртiн-бiртiн қатыра отырып, қияметтiң қыл көпiрiндей мимырт, ауыр жол кешкен. Жау қамауынан құтылу үшiн мұзарттарға тiрелiп, қарсы алдындағы керме тастарға маңдай тiреп тоқтап қалған жерлерде ат-көлiктерiнiң белiнен арқан байлап, өздерi ер-әйел демей үстiңгi жағынан жабылып тартып шығарып отырған. Шығара алмағандарын үстiндегi артылған жүгiмен құз-шатқалдарға жiберген. Әйел демекшi, қазақ әйелдерi сонау жоңғар заманынан берi жаугершiлiктiң қай-қайсысында да ерлерi жаумен айқасып жатқанда, мына жақта үйiн жығып жүгiн артып, дем арада дұшпанына көшкен жұрттарын сипатып кетiп отырған. Қалибек, Тәкiманның соғысында да осы әйелдер бала-шаға қасында еркектер жоқтығын бiлдiрмей, мен-мен деген азамат iстерлiк iстi қылаусыз атқарған. Қалибек көшiнде бiр шетi жаудан қырылып жатса, бiр жағынан табиғат апатынан көз жұмған ұл-қыздарына қарай алмай, тiптi өлiктi жерлей алмай көлiкке артып көштiң бiр шетiн алға жылжытқан осы әйел-ардақтылар едi.

Такламаканнан өтiп арғы жағы Каскол, одан Гималай тауынан асып Тибет үстүртiне iлiнер жерде соңдарынан жау қуалап атқылағанда адамды былай қойып, көп жылдан бергi жаугершiлiкте жүк артар көлiктiң басы болып келген, құтты жануар-ақбас атан үстiндегi артылған алты қанат үйiмен сазға батып қалып, Ханымша Ана жылаған тұста да оқырман жаны құлазып кетедi. Дәл өзiңнiң шешең жылағандай боласың. Өзiңнiң шаңырағың қирап, сүйiктi жеке көлiк атаның көзi жайнап, тiрi қалып бара жатқандай қынжыласың. Көш адамдарының көрмегенi қалмайды. Адам баласына осыдан артық, мұнан асқан жапа бола ма?

Ит тiрлiк дегенiн iстеп, айтқанына көндiредi. Адамдардың телiмi шығып, қайыршыдай қаңғырған. Қалибек хакiмдi осыған жеткiзген қара басының қамы ма едi? Жоқ, ел намысы, ұлт намысы едi. Айналасына туған елi-жұртына деген әкелiк борыш, парызы едi. Соның бар азабына қасқая қарсы тұрып бас тiккен, Қалибек хакiмдей қаһарман ердiң қайталанбас, болаттай берiк серттiлiгi едi. Тiптi мынау жұмыр жердiң сонау екiншi қабатындағы асқақ әлем-Америкаға үнi жетiп, азуын айға бiлеген сәбет өкiметiн құлатуға күш қосқан әкелi-балалы Қалибек хакiм мен Хасен Оралтайдың ұлтқа деген қайталанбас мұрагерлiк еңбегi, адал төккен маңдай терi едi. Әсiресе, "Азаттық радиосы" қазақ бөлiмiнiң негiзiн салып, алғашқы кiрпiшiн қалаған Хасен Оралтайдың маңдайына жазылыпты. Соның мына ХХ-ХХI ғасырларға ұласып, бүкiл Азия, Еуропаны жалт қаратқан нәтиженiң басы едi.

Қаһарман Қалибек хакiм етектеп жиып ел еткiсi келген сол жұрттың ұрпағы қазiр Түркияда, Германияда, Еуропаның басқа да мемлекеттерiнде жасап жатыр. Гималай тауы арқылы қияметтiң қыл көпiрiн басып жүрiп Тибетке, одан Индияға жеткен. Онда бiрнеше жылдар тұрып қалған Қалибек дүниежүзi халықаралық мәселеге қатысы бар орындардың басшыларына арыздана отырып Түркияға көшуге рұқсат алған. Өз елiнiң әртүрлi себеппен жолда өлгеннен қалған, тiрi жұрнағы Пакистан, Ирандатып жүрiп ақыры арғы түбiмiз бiр, ата түрiкке-Түркияға жетiп бiрақ жығылған. Әу баста Қызылөзеннен қол ұстасып бiрге аттанған сенiмдi серiгi сақшы бастығы Тәкiман батыр қалың қырғын атыста оққа ұшқан. Қоршауға алынар тұста Қалибек өз сарбаздарының атын терiс тағалатып қытай әскерiн бағытынан адастырып ең қиын кезеңде құтылып алған. Бiрақ бәрiбiр жау әскерi соңдарына түсiп анталаған аш қасқырдай ұрымтал тұсты көздеп қарама-қарама атыс салып iлесiп отырған. Осындай тұста "жығылғанға жұдырық" болып әрi күйеу, әрi жылқышысы мен тағы бiр ертеден сенiм артқан қуаяқ екеуi Қалибек хакiмге опасыздық көрсетедi. Қалибек ол екеуiн жылқыға жұмсап, баласы Хасендi қастарына қосып берiп өзiнiң сенiмдi, серiк атын ертоқымымен соларға жетелетiп "Шылбырынан ұстап оттатыңдар, жау сыбысы бiлiне қалса, өзiме тез жеткiзiңдер" деп бередi емес пе… Ана екеуi сiлелеп шаршап жүрген Хасен балаға "сен екi-үш күннен берi ұйықтаған жоқсың… бiраз көзiңнiң шырымын ал" деп тiзеден келетiн омбы қарды тепкiлеп астаушалап қуыс орын шығарып берiп қалың киiнген баланы қамқорсып жатқызып қояды. Хасен әрине, жамбасы жерге тиiсiмен қалың қар мамықтай көрiнiп қатып ұйықтап қалады… Соны күткен ана екеуi жақсы аттарды таңдап мiнiп зытып отырады. Қалибекке жасаған ең қайырымы, оның ерттеулi атын бiр жерге байлап кетiптi. Тек бөктерiншегiндегi қоржыны толы қазы-шұжық тәрiздi жаугершiлiк тамағын шешiп әкетедi. Күнi бұрын жағдай келген жерде асқызып дайындап алған осындай құрғақ тағам болмаса, отын-суы жоқ, ақ қар, көк мұзда ас әзiрлей алу да оңай емес-тi.

Тамақтан бұрын ең қиын тигенi, Қалибектiң сонау Қызылөзеннен тартып жол бойы және мұнан былай Тибет, Индияға жол көрсететiн гео-картасы қоржынының бiр басында екен, соның кеткенiне қатты күйiнген. "Бәле келсе, балалап келер анасымен келедi" деген осындайдан едi.

* * *

"Соңына сор ергеннiң де бiр бақыты болады" деген. Түркия елiнде жан аямаған маңдай тер, адал еңбектерiмен байып жетi рет Мекке-Мединеге қажылық сапармен барған Қалибек хакiм сол бақытқа бiрден жете қоймаған. Ең алғаш бiр кәсiптiң басын ұстау үшiн тиын-тебен табудың жолын iздеп бiр қап терiнi арқалап үйiнен шығып бара жатып солқылдап жылап қайғыланғаны жаныңа батады-ақ. Адам жiгерi тастай берiк болғанмен жүрек сезiмi деген ұлпадай нәзiк емес пе? Соншалық қайсар адамды осындайлық халге жеткiзген өмiр-ай десеңшi. Жарықтық өмiрдiң қатал талабы үшiн, Тибетке жетiп қытай әскерiнiң шабуылына ұшырап, мал-мүлiктен жұрдай болғанда қарап өлудiң орны жоқ, амалсыздан тибеттiктердiң бiр қора қойын (күшi жеткен күшi жеткенге зорлық көрсететiн кез) айдап алған қайсар Қалибек ендi жаяу терi арқалағанда бордай үгiлмей қайтсiн… Мүмкiн осы көз жасын құрғатуға перiште "аумин!" деп, ұлы құдiрет иесi Аллаға зары жеткен болар. Хасен Оралтай бала жасынан мiне осындай қилы кезең, қияңкескi тағдыр тауқыметiн көзден кешiрген ынсан. Кiтабында айтылатын мына бiр сөзiне қарасаңыз: "Дүниенiң нешелеген атақты қалаларының маңдай алды -бесжұлдызды қонақ үйлерiнде жатқандарынан гөрi, суық қыста, ашық далада ұйқыдан талып тек бiр мызғып алу арман болып келе жатқанда қойдың арасына кiрiп алып ұйықтағаным есiмнен кетпейдi" дегенiне имандай ұйып, кәмiл сенесiң.

"Бақыттың келуi қайқайыс, кетуi еңкейiс" деген. Жас жасай келе жарты әлемге үнi жеткен Хасен Оралтайдың қол жеткiзген бақыты мiне осындай адам айтқысыз ауыр қиындықтардан кейiн қонған. Iлбiп келген бақытты ұстамасаң, құйғып қайтатыны тағы бар. Хасекең тұтқасы қолына тисе, дүниенi шырайналдырарлықтай құдiреттi "Азаттық радиосындағы" мiндетiн қапысыз атқарған кiсi. Оның жылы шарпуын сол қиын тоталитарлық кезеңнiң өзiнде қазақстандық бауырларына да тигiзiп атақты жазушы, ғалым саңлақтарымызды аталмыш радионың хабарына тартқан. Қалам ақылары үшiн дорбалап доллар әкеп үлестiрген кездерi болған.

"Туған жердiң қадiрiн шетте жүрсең бiлерсiң" деген. Хасен Оралтай ағамыз сол Қазақстандық бауырларын көрудi аңсаумен қоса, кiндiк қаны тамған "Қалибектiң Дөң жайлауы", "Қызылөзен" дейтiн жерлердiң де топырағынан тұмар тағардай ынтызарлықпен көкiрегi көнектей, көк тамыры бiлектей болған шексiз сағыныш арқалап құстай ұшып барып қайтқаны туралы да аталмыш кiтабында жазды. Қайран ата-ананың құт қонысы, ондаған адамдар бетiнен сүйiп, кекiлiнен сипап, еркелеткен балалық шақтың куәсi туған жер қандай. Көре алмай жүрген шағында түсiне қаншама рет кiргенiн құдай бiлсiн. Соның бәрiн тiзбектеп ойлағанда жамбасына жер батып, ұйқысы шайдай ашылмағанын күңiрене күрсiнбегенiн қайдан бiлесiз? Бұрынғыдан қалған "шалдың әнi зармен тынады, кемпiрдiң бала жұбатқан "әлди" өлеңi өзiнiң гөй-гөйiне ұласады" деген сөз қарны тойса ашуы басылатын жәутiк шалдарға емес, осындай кiсiлерге арналған болар. Адамның мұңы өзiмен бiрге ұлғаяды. "Биiк таудың тұманы да биiк" болатыны сияқты, өресi биiк, арманы асқақ адамдардың жан-дүниесi де өзгеге ұқсамаса керек.

Әңгiменiң басында "көкжал туған қой терiсiн жамылмайды" дегенiмiз де Хасекең сияқты ешнәрсенi ұмытпайтын, сомжүрек, жiгерi құрыш, киелi кiсiлерге айтылса лайық шығар деген ниеттен болатын. Айтарын кiмнiң болсын бетiне айтып, оны кiтаптарында да сол қалпында жазатын турашылдығы бұ заман адамдарында өте сирек кездесетiн құбылыс. Осындай себептерден де Хасекеңнiң жасаған жақсылықтарын жылы жауып қойып, өтiрiк "ұмытып" жүретiн мүйiзi қарағайдай, атағы таудай дос-жолдастары ол жайлы ешнәрсе айтпай, ешнәрсе жазбай үнсiз жатып алады. Олай дегенiм "Елiм-айлап өткен өмiр" қанша мақала жазылса да көтеретiн кiтап. Соған тұшымды, үлкен мақалалар жазылса артық болмас едi, деген ойдамын.

Қорыта келгенде Хасекең мiне 75-жасқа келiп отыр екен. Мәселе кiмнiң қандай жасқа келуiнде. Бәрi адам болғанмен "байғұстың азабымен жiгерлiнiң азабы бiрдей емес", бәрi қасқыр болғанмен "мықыр қасқыр мен мықты қасқырдың нәсiбi бiрдей емес". Олай болса адамдардың бақыттары да бiрдей емес. Арқан бойы жердiң тұсау бойы төтелiгiн тауып жететiн "бақыт" бар. "Сүйеушiсi мықты болса, сүйек жұтса да қақалмайды" дейтiн "бақыт" бар. Танауына таяқ бойламай, алақанда өскендердiң "ақ" дегенi алғыс, "қара" дегенi "қарғыс", яғни "қақырығы құйма алтын, түкiрiгi түйме алтын" дейтiн кейбiр шенеунiктердiң бақыты бар.

Ал, Хасекең сияқты тозақтың шекарасын тiршiлiгiнде көрiп, бала жасынан небiр өлiмнен аман қалып, тамұқтың ернеуiнен қайта оралып осы жасқа келген кiсiнiң бақытын немен өлшер едiңiз?!… Шыбын жанның шынайы шырылымен, көрмегенi қалмай, соның бәрiнен өткен кiсiнiң бақытын анық даусыз, баянды бақыт десек болар.

Ендеше келген жасыңызға жас қосып отбасыңызды ғана емес, байырғыдай ұлтыңызды да қуанта бергейсiз, жақсы Аға!!!

Жанат АХМАДИ, Жазушы

Серіктес жаңалықтары