КӨКТЕ ҚЫРАН, ЖЕРДЕ ҚАЗАҚ ЖАРҚЫЛДАП...

КӨКТЕ ҚЫРАН, ЖЕРДЕ ҚАЗАҚ ЖАРҚЫЛДАП...

КӨКТЕ ҚЫРАН, ЖЕРДЕ ҚАЗАҚ ЖАРҚЫЛДАП...
ашық дереккөзі
353

Өткен жұманың сәттi күнi – сәрсенбiде Алматының ең әдемi өнер ордасы – "Қазақконцерт" залында Мемлекеттiк "Дарын" сыйлығының иегерi, дарынды ақын қыз Мақпал Жұмабайдың "Қырандар мен қазақтар" атты жыр кешi болып өттi. Жас ақынның осылай аталатын тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауын Қазақстанның Халық әртiсi Сәбит Оразбаев пен "Қазақ газеттерi" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң президентi Мереке Құлкенов мырзалар кесiп, Халық жазушысы, қазақ тiлi мен әдебиетiнiң жанашыры, белгiлi ақын Мұхтар Шаханов ақын қызға ақ жол тiлеп, батасын бердi.

Қазiр жастар поэзиясында саруайымға салынған пессимистiк сарын басым болып бара жатқанын әркiм аңғарып жүр. Ендi кейбiреулерi жалаң дидактика, пафосқа құрылған публицистикаға бой алдырады. Ал Мақпал жырлары – ұлт мұңын ойлап, заман тынысына үн қосқан жүрек сырлары. Таңғы шықтай мөлдiр тамшылары.Кештiң бiр ерекшелiгi – Мақпал өз өлеңдерiн сазбен көмкерген екен. Ал осындай поэтикалық кештер ақын мен оқырманның арасын жалғастырып, ортақ сезiмге ұйытатыны мәлiм. Поэтикалық әндерiн әпкесi Тоғжанмен бiрге орындаған Мақпал бұл кеште талай жанды өз дарынымен тәнтi еттi. "Қырандар мен қазақтар", "Құстарды ешкiм күтпейдi" секiлдi көптеген өлеңдерiнен Мақпалдың әрбiр қазақ сияқты биiкке, өрлiкке құмар екенi аңғарылады. "Мен өмiрдi сүйiп жүрмiн ес-түссiз, балалық шақ, сенi сүю арқылы" дейтiн ақын қыз балалық шағымен қағаз ұшақтар ұшырып қоштасқандай едi.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары