ШЫҒЫНДАРЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН

ШЫҒЫНДАРЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН

ШЫҒЫНДАРЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН
ашық дереккөзі
277

Дағдарыстың дауылынан әрең есiн жиған халықаралық банктер шыққан шығындарын есептеп әлек. Тәуекелдiк менеджменттен сүрiнген және ипотека нарығына тиесiлi акцияларды сатып алуда ашкөздiкке ұрынған банктер бармақтарын тiстеп отыр. Олар кiрiстiң емес, шығыстың көрсеткiштерi әлдеқайда көп болатынын әлдеқашан мойындап қойған. Ендi ұзақмерзiмдiк жоспарларына үмiт артудан басқа шара жоқ.

Ұлыбританияның қаржы министрлiгi мен Қаржылық бақылау басқармасының (FSA) наразылықтарына қарамастан, ағылшынның Орталық банкi елдегi қаржылық құрылымдарды күйреуден сақтап қалу үшiн 100 млрд. АҚШ доллар бөлуге шешiм қабылдады. Банктерге 3 жылдық мерзiмге қарызға берiлетiн қаражат ипотекалық мiндеттемелердi өтеу мақсатында жұмсалмақ. Мемлекеттiк құнды қағаздарды ақшаға айырбастаған британдық билiк банкаралық несиелеу процестерiн қалпына келтiрiп, тұрғын үй нарығындағы ахуалды реттеуге үмiттi. Бұл ел экономикасын дағдарыстан аман алып қалуға ықпал етерi сөзсiз.

Америкалық ипотекалық дағдарыстан басталып, бүкiл нарықты әбiгерге салған қаржылық дағдарыстан Citigroup, JP Morgan Chase, Merrill Lynch, Deutsche Bank, BNP Paribas сияқты халықаралық банктердiң көпшiлiгiне миллиардтаған шығын келдi. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың алғашқы құрбандарының бiрi — америкалық Bear Stearns инвестициялық банкi қаржылық қиындыққа төтеп бере алмады. Басты себеп: тәуекелдiк менеджменттiң дұрыс жолға қойылмауы мен ипотека нарығына тиесiлi акцияларды сатып алуда ашкөздiкке ұрынуы. Қаржы тапшылығына ұрынған нарық банктердiң бiр бiрiне несие беру көлемiн күрт қысқартқан. Дағдарыс әлемнiң ең iрi деген банктерiн сырт айналып өтпедi. Мысалы, жуырда америкалық инвестициялық банк — Merrill Lynch 2008 жылдың алғашқы үш айында 1,96 млрд. доллар зиян шеккенiн мәлiмдедi. Жалпы шығын — 22,1 млрд. доллар. Сондай-ақ, банк жақын күндерi 4 мыңға жуық қызметкердiң қысқартылатынын мәлiмдедi. Бұл сан банкте жұмыс жасайтындардың 10 пайызына тең. Швейцарияның ең үлкен банкi — UBS жыл басынан берi 19 млрд. доллар көлемiнде шығын келгенiн жеткiздi. Бұл көрсеткiш банктiң былтырғы 12 айда шеккен зиянына тең. Сонда UBS қаржылық дағдарыстың кесiрiнен 37 млрд. долларын жоғалтты. Өткен аптада немiстердiң банкi — Deutsche Bank жыл басынан берi (үш айда) 2,5 млрд. доллар шығын келгенiн айтқан болатын. Ал Citigroup банкiнiң алғашқы тоқсанда 12 млрд. доллары желге ұшқан.

Жуырда Вашингтонда бас қосқан еуропалық мемлекеттердiң қаржы министрлерi жыл соңына дейiн қаржылық ахуалдың тұрақтана қоймайтындығын, алайда, ұзақмерзiмдiк жоспарлар нәтижесiнде жағдайдың түзiлетiндiгiн ескерттi. Демек, жыл басындағы сарапшылардың: "2008 жылдың соңына дейiн бәрi "керемет" болады" деген болжамдары — негiзсiз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары