ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС

ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС

ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС
ашық дереккөзі
235

Үкiмет азық-түлiк, көкөнiс пен жемiс-жидек бағасын реттеуге, инфляцияны ауыздықтауға мүдделi. Осыған орай, Президент тiптi, арнайы пәрмен бердi. Бiрнеше айдан берi инфляцияны ауыздықтай алмай титықтаған Үкiмет қымбатшылықпен шындап күреспесе, жағдай шиеленiсе бермек. Мұны халықаралық тәжiрибе әлдеқашан дәлелдеп қойды. Ал бүкiләлемдiк сарапшылар дүниежүзiлiк азық-түлiк нарығындағы ахуалға алаңдаулы.

Былтыр күзде қаражат тапшылығымен iлесе келген инфляция көптеген елдердi тығырыққа тiредi. Әсiресе, азық-түлiк бағасының өсуi кедей елдердегi тұрмысы мен әлеуметтiк ахуалы онсыз да сын көтермейтiн отбасылар үшiн аса ауыр тиiп отыр. Халықаралық сарапшылар: "инфляция деңгейiнiң көтерiлуiнен туындаған азық-түлiк дағдарысы миллиондаған адамдарды сiңiрi шыққан кедейлер ауылына жетелейдi" деген қауiп айтуда. Бүгiнде тамақтың қымбаттауына байланысты өткiзiлiп жатқан наразылық шараларында шек жоқ. Гаитяндық Порт-о-Пренс сияқты басқа да дамушы елдердегi шерушiлер тобы үкiметтерiнен азық-түлiк құнын төмендетудi талап етуде. Шеру соңы билiктiң күш қолдануына әкеп соқты. Ашыққандар мен ашынғандар тобы көбеймесе, сиремейтiнi белгiлi. Сондықтан халықаралық ұйымдар дағдарыс пен қантөгiстiң алдын алу шараларын бiрлесiп ойластыруға үндеуде. Дүниежүзiлiк азық-түлiктiк бағдарлама өкiлдерi бағаның шарықтауының кесiрiнен кедей-кепшiкке көрсетiлетiн көмек көлемiнiң де қысқарғанын хабарлауда. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын мекемелерден көмектi көбейтуге ұсыныс әлдеқашан түскенмен, олар аса құлшынып отырған жоқ.

Бүкiләлемдiк банк президентi Роберт Зеллик азық-түлiк бағасының өсуi әсiресе, кедейлерге өте ауыр тигенiн айтады.

Сарапшылар азық-түлiктiң қымбаттауына бiрнеше мәселе себеп болғанын көлденең тартады. Австралиядағы қуаңшылық пен әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi дәндi-дақылға кесiрiн тигiзген түрлi аурулар. Оның үстiне, Қытай сияқты кейбiр дамушы елдерде ет өнiмдерi мен сүт тағамдарына деген сұраныс күрт өскендiктен, тапшылыққа әкеп соққан.

Сонымен қатар былтырғы дағдарыстың кесiрiнен жанар жағармай бағасының күрт қымбаттауы да азық-түлiк құнына керi әсер етiптi. Әлемдiк биржадағы мұнай бағасының күн сайын құбылғанымен қоймай, үстеме ақыны талап етуi тамақ өнеркәсiбiне кесiрiн тигiзген.

Сауда алаңындағы ашкөз алыпсатарлардың пайда табуға ұмтылған өзiмшiл әрекеттерi де зиянын тигiзбей қоймайды. Кезiнде сатып алу процесiнде ортадағы делдалдар мен алыпсатарларды құрыққа түсiрiп, тiптi, олардың үстiнен қылмыстық iс қозғауды қолға алған бiздiң билiк шараны жалпыұлттық деңгейде жүргiзуге аса құлшынып отырған жоқ. Әйтпесе, күнi кеше ғана министр Школьник базарлардағы бағаны ретке келтiру үшiн арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыруды және сырттан әкелiнетiн көкөнiс пен жемiс-жидектi делдалдарсыз сатуды қолға алу керектiгiн айтқан болатын. Астана базарларындағы 1 келiсiн 600 теңгеден сатып жатқан болғар бұрышын қырғыздардың 46 теңгеге әкелуге дайын отырғанын және айтқан. Алайда, министр айтты екен деп, сөрелердегi тауарлар бағасы күрт арзандап кеткен жоқ. Рас, кейбiр аудан, аймақ, қалаларда жәрмеңкелер өткiзiлдi. Аракiдiк алыпсатарларды қыжыртқан шенеунiктердiң қыжылы естiлiп қалады телеарналардан. Бiрақ базарлар мен дүкендердегi баға сол мұрты бұзылмаған қалпы. Керiсiнше, тауарлардың кейбiр түрi өсуiн тоқтатар емес. Ресми деректерге сүйенсек, елдегi азық-түлiк қоры базарлардағы бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұруға жетедi. Басқаша айтқанда, дүкен не базарлардағы ағайынның әлемдiк қымбатшылықты көлденең тартып, қандастарын жақауратуы бекер. Мұндайда, қарапайым халықтың, әсiресе, ауылдағы ағайынның қалтасына түсетiн салмақ туралы сөз қозғау артық, әрине. Тек билiктiң баға саясатына қатысты жүргiзiп жатқан жұмыстарына осындай кесiр қылықтар кедергi болары сөзсiз.

Айтпақшы, өткенде Президент Н.Назарбаев азық-түлiк бағасына тiкелей қатысты бар салаларды, әсiресе, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ден қоюды тапсырған. Апта басында Премьер К.Мәсiмов Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаевқа "Қазына" қорындағы қаржыны дәндi-дақылдар көлемiн арттыруға бағыттаудың жолдарын қарастыруға нұсқау бердi. Мемлекет тарапынан бөлiнетiн ақша астық алқаптарындағы жұмыс қарқынын арттыруды мақсат етпек. Үкiмет әлемдiк азық-түлiк нарығындағы қымбатшылықты ауыздықтаудың тиiмдi жолы ретiнде қарастыруда. Әрине, егер егiстiк алқаптарда тер төккен ағайындарға мемлекет қаржылай қолдаса, еңбек өнiмдiлiгi мен сапасының көтерiлетiнi белгiлi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары