Людмила Барбэ, Moldova-International TV телеарнасының директоры: ҚАЗАҚТАР АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БIРI БОЛЫП КЛИП ТYСIРГЕН

Людмила Барбэ, Moldova-International TV телеарнасының директоры: ҚАЗАҚТАР АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БIРI БОЛЫП КЛИП ТYСIРГЕН

Людмила Барбэ, Moldova-International TV телеарнасының директоры: ҚАЗАҚТАР АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БIРI БОЛЫП КЛИП ТYСIРГЕН
ашық дереккөзі
394

"Түркiстанның" бүгiнгi қонағы — молдовалық әрiптесiмiз, Moldova-International TV телеарнасының директоры Людмила Барбэ посткеңестiк журналистика, сөз бостандығы, ақпараттық кеңiстiктегi бәсекелестiк, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi БАҚ-тың маңызы жайлы ой бөлiстi.

Людамен Америкада таныстым. Бiр топтағы 16 елден жиылған он алты журналист он алты түрлi едiк. Ұлты, дiнi мен дiлi басқа болса да, менi молдован қызы бiрден үйiрiп әкеттi. Бiлiмi терең, бiлiктiлiгi жоғары оның әсiресе, қарапайымдылығы, ұяңдығы мен сабырлылығы тәнтi еткен. Бiз танысқалы екi жыл өттi. Арадағы достығымыз бен сыйластығымызға сызат түскен емес. Люда сол баяғы қалпы: жанарында — жылылық, езуiнде — күлкi. Өзi тағы ақжарқын, журналистика десе iшкен асын жерге қоятын iскер, ақпаратты дер уақытында жеткiзуге ұмтылатын шапшаң және талапшыл басшы. Бiрақ өзiмшiл емес. Бiлген дерегiмен дереу бөлiсуге, көмек керек болса, қолынан келгенше жәрдемдесуге даяр тұрады. Апта басында Кишиневке хабарласқандағы мақсатымыз 50 жыл бойы көрерменнiң көз қуанышына айналған Молдова Мемлекеттiк Телерадио компаниясының мерейтойымен құттықтап, телеарнаның өткенi мен бүгiнi, Қазақ телевидениесiне, яғни, қазiргi "Қазақстан" телеарнасына қатысты қызықты мәлiметтер, посткеңестiк ақпараттық кеңiстiктегi бәсекелестiк, Молдовадағы сөз бостандығы, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi БАҚ-тың маңызы туралы пiкiр алмасуға тырысқан едiк.
"ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА ҚАЛЫПТАСУ ҮСТIНДЕ"
 

— Людмила, осыдан 50 жыл бұрын, анығында, 1958 жылдың 30 сәуiрiнде Молдованың Мемлекеттiк телеарнасы алғаш рет эфирге шықты. Мерейтой қалай аталып өтiледi?

— Телевизиялық түрде. Ұлттық телевидениенiң тарихынан сыр шертетiн, журналист, режиссер, оператор, монтаждаушы, жарық берушi секiлдi телеарна тiршiлiгiне қатысты мамандардың ерен еңбегi жайлы ой толғайтын көптеген телебағдарламалар әзiрлендi. Шығармашылық топ елiмiздiң түрлi аудандарында iссапарда болып, көрермендермен жүздестi. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған тележобалардың бiрi — "Уақыт айнасы". 5 деректi бағдарламадан тұратын "Уақыт айнасы" әр онжылдықтың iшкi қыр-сырын ашып көрсетуге ұмтылады. Республикадағы оқиға, құбылыстардың барлығына телевидениенiң қалай әсер еткенiн көрсетедi. Сонымен қатар II Дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi кезеңдегi құрылыстық дүмпулер де қамтылған. Еңбек ерендерi мен үгiт-насихат жұмыстары, Молдова арқылы өткен олимпиада алауы, талайдың өмiрiн жалмаған чернобыльдiк апат, қайғылы жайттан кейiн денсаулыққа келетiн қауiп-қатерден бейхабар күйде Чернобыльге аттанған құтқарушылар (араларында молдовалықтар да бар) мен жаңа тарихи кезеңдi де осы 5 онжылдықтан тұратын арнайы жобадан табасыз. Айтпақшы, Молдова телевидениесi КСРО-дағы деректi және көркем фильм түсiретiн студиясы бар және "Прикиндел" балалар театры бар санаулы телеарналар қатарында болатын. 30-сәуiр күнi елiмiздiң бас концерт залында үлкен мерекелiк шара өтедi. "Алтын антена" сыйлығының жүлдегерлерi анықталады. — 90-жылдардың басына дейiн КСРО құрамында болған республикалардың барлығында дерлiк телевидение саласы бiрдей дамыды. Молдова тәуелсiздiк жариялағаннан кейiн қандай өзгерiстер болды? — Молдова посткеңестiк елдердiң алғашқылардың бiрi болып Телевидение мен радио туралы заңды қабылдады. Бұл 1995 жылдың қарашасы едi. Құжат телевидение мен радионы монополиядан арылту, цензураны жою, теле және радио толқындар желiсi жөнiндегi үйлестiру кеңесiн құруды көздеген. Аталған кеңес телеарналар мен радиоарналар жұмысын реттеуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, заң мемлекеттiктен қоғамдық телевидениеге көшiрудi мақсат тұтты. Өкiнiшке қарай, сол бастама көтерiлгеннен кейiнгi онжылдықта қоғамдық телеарна құру бағытында жүргiзiлген жұмыстар мардымсыз болды. Мекеменiң аты бiрнеше рет өзгергенмен, заты сол қалпында сақталып қалды. Молдовада ғасырлар бойы жалғасын тапқан демократиялық үрдiстер қалыптаспаған және үкiметтiк емес, мемлекеттiк емес баспасөздегi тәжiрибелер аздық еттi. Сiрә, саяси өзгерiстерге билiк басында болғандардың саяси ерiк-жiгерi, құлшынысы әлсiз болған шығар. Оңшыл, солшыл, центристiк көзқарастағы барлық партиялар басында кезiнде компартия мен комсомолдың белсендi мүшелерi отырған едi. Сондықтан олар мемлекеттiң күшiмен қаржыландырылатын БАҚ-ты қадағалаудан өз ерiктерiмен бас тартқысы келмедi. 90-жылдардың екiншi жартысында, 2000-жылдардың басында Молдова 1995 жылдан берi мүшесi болып табылатын Еуропалық Кеңес бiздiң елiмiзге қоғамды демократияландыруға ықпал ететiн бiрқатар кеңестердi ұсынды. — Қандай кеңестер? — Мысалы, мемлекеттiк телеарнаға қоғамдық сипат беру, яғни, қоғамдық телеарнаға айналдыру. Одан кейiн бiздiң елiмiз Шекарааралық телевидение туралы Еуропалық Конвенцияға қол қойды. Ал 2003 жылы Молдова өзiнiң еуропалық ынтымақтастыққа басымдық берген iшкi саясатқа қатысты концепциясын жариялады. 2004 жылдың жазында реформалау iстерi жүзеге асырыла бастады. 2006 жылы телевидение мен радио саласын қамтитын жаңа заң қабылданды.
"ШЕНЕУНIКТЕРДI БАҚЫЛАЙТЫН БIРНЕШЕ ҰЙЫМ БАР"
 

— Қазiргi кезде Ұлттық телевидение қалай дамуда?

— Мемлекеттiк телевидениенi қоғамдыққа айналдыру жайлы жарлық шығару реформалау жұмыстарын iске асыруға қарағанда әлдеқайда оңай әрi жеңiл. Нарықтық экономика кезеңiнде өте үлкен ұжымды тұтас сақтап қалу мүмкiн емес едi. Сондықтан көптеген қызметкер қысқартуға ұшырады. Оның үстiне, сол кездерi қаржы тапшылығының кесiрiнен хабар тарату ауқымы да күрт қысқарған болатын. 15-20 жыл бойы тер төккендер қайраңда қалған кеменiң күйiн кештi. Өкiнiшке қарай, посткеңестiк қоғамдар басынан өткерген дағдарыстар (олардың арасында Молдова да бар) адамдарға да керi әсер еттi. Ондаған жылдарға созылған тәжiрибеде ұлттық реңктi бүркемеленген мемлекеттiк арна шығармашылық iзденiстерге құлықты болмады. Ал осы кезеңде пайда болған жекеменшiк телеарналардың барлығы бәсекелестiкке төтеп бере бiлу үшiн шығармашылық iзденiстерге баса назар аударуға мүдделi едi. 2005 жылы Молдова Республикасы Еуропалық Одақпен Жеке Әрекет Жоспарын бекiттi. Бұл Еуроодақтың көршiлес елдерге қатысты ұстанатын саясатының бiр бөлiгi болатын. Екiжақты мiндеттер арасында қоғамдық телевидениенi реформалау болды. Әзiрге аталған салада ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткен жоқ. Басты себептер негiзiнен 90-жылдары кездескен қиындықтарға қатысты. — Телевидение жұмысында қандай бағыттар басымдыққа ие? — Реформалар жалғасуда. Көптеген қиындықтарға қарамастан (мысалы, кейiнгi жылдары электр жарығы, жылу, жанар жағар май, тiптi, азық-түлiк пен киiм бағасы бiрнеше есеге өссе де, қаржыландыру көлемi еш өзгерген жоқ), хабар тарату ауқымы мен жалақыны көтеруге байланысты шаралар қарастырылуда. 2005 жылдан бастап Молдованың Қоғамдық телевидениесi "Eurovision" музыкалық жобасына қосылды. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Молдованың Қоғамдық телерадио компаниясының шеңберiнде Moldova-International телеарнасы жұмысқа кiрiстi. Өзiм жетекшiлiк ететiн осы арна жарыққа шыққанда алдымен бiздiң шет мемлекеттердегi отандастырымыз қатты қуанды. — Молдовада сөз бостандығы, цензура мәселесi қалай жүйеленедi? — Бiзде Телевидение мен радио толқыны заңынан басқа "Баспасөз туралы" Заң мен "Ақпаратқа қол жеткiзу туралы" Заң бар. Сонымен қатар БАҚ төңiрегiндегi оқиға мен құбылыстарға мониторинг жүргiзетiн отандық және шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдар бар. Жалпы алғанда, баспасөз қоғам өмiрiне қатысты барлық жайтты қамтуға қауқарлы. Қойылатын талаптар негiзiнен қоғамдық арналараға қатты. Өйткенi, мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатындықтан, қоғам мен қоғамдық мүддеге қызмет етудi мiндеттейдi. Ақпарат алу мәселесiне келсек, "Acces-info" үкiметтiк емес ұйымы жүйелi түрде сауалнамалар жүргiзедi, түрлi мемлекеттiк құрылымдардың (билiктiң жоғары сатысынан бастап, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен департаменттерге дейiн) журналистердi ақпаратпен қамтамасыз етуi, азаматтар құқығының сақталуы туралы есептердi жариялап отырады. Менiңше, қиындықтарды ашып көрсету проблеманы шешуге бағытталған алғашқы қадам болып табылады.
"КРЕМЛЬМЕН КҮРЕСУДIҢ ҚАЖЕТI ЖОҚ"
 

— Посткеңестiк елдердiң көпшiлiгi (Ресейден басқалары) өздерiнiң ұлттық ақпараттық кеңiстiктерi үшiн күресуге мәжбүр. Өйткенi, әлi күнге дейiн кремльдiк саясаттың ықпалы мен тiкелей араласуы айқын сезiледi. Сенiңше, БАҚ-тағы кремльдiк саясатқа қарсы әрекеттi неден бастау керек?

— Менiңше, терминдердi дұрыс жүзеге асырып, заңды сақтау өте маңызды. Бұл бiрiншiден. Антикремльдiк немесе қандайда бiр антисаясатқа бой ұрудың қажетi жоқ. Кез келген мемлекет қоғамның күретамыры iспеттес заңдық базаларын қалыптастыруға басымдық беруi тиiс. Заң арқылы белгiлi бiр мәселелердi оңай шешуге болады. Мысалы, салық саясатын негiзге ала отырып, отандық өнiм өндiрушiнi қолдау. Ал ресейлiк немесе басқа да шетелдiк арналарға сүйенетiн, солардың мүддесiн көздейтiндер үшiн салық көлемiн көтеруге болады. Немесе кез келген телеарна не радиоарна хабар тарату ауқымы қамтылатын аймақтағы бағдарламалардың 80 пайызы отандық болуы шарт. Мұндайда халықаралық заңдарға сүйенуге де мүмкiндiк бар. Мысалы, Шекарааралық телевидение туралы Еуропалық Конвенцияда ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн бағдарламаларды жарыққа шығаратын кез келген телеарна жұмысына тыйым салатын арнайы баптар бар. Әрине, Қауiпсiздiк жөнiндегi кеңеске, Телевидение мен радио толқын желiсi жөнiндегi кеңеске немесе баспасөз министрлiгi сияқты тиiстi орындарға тағылған айыпқа қатысты нақты дәлелдердi көлденең тарту қажет. Мұның оңай шаруа еместiгi анық. Оның үстiне, әлi күнге "Орталық телевидение" аудиториясының құрамдас бөлiгi ретiнде қабылданатынымыз тағы бар. Бiрақ мүдделi мемлекеттер халықаралық тәжiрибеге сүйене алады. Айталық, бүгiнде еуропалық мемлекеттер америкалану үрдiсiне қарсы күресуде. Осыған орай, тиiстi заңдық шараларды жүзеге асыруда. Сөз жоқ, жергiлiктi арналар көрермендер қызығушылығын ояту мақсатында сол аумаққа тиесiлi мәселелердi дер кезiнде және нақты қозғай бiлуге мiндеттi. Талғамы жоғары аудиторияның талабы күшейген. Оны алдарқату, жақаурату мүмкiн емес. Жаһандану мен интернеттiк дәуiрiнде көрермен, ақпаратты тұтынушы дерек көздерiне кенде емес. Сұранысын кез келген ақпарат көздерiмен қанағаттандыра алады. — Сен басқаратын Moldova-International телеарнасы қандай ұлттық телеарналармен серiктестiк қатынаста? — Молдованың Қоғамдық Телерадио Компаниясы Румынияның Қоғамдық хабар тарату ассоциациясымен және Беларуссия мен Әзiрбайжанның мемлекеттiк телеарналарымен екiжақты Келiсiмге қол қойды. Үкiметаралық "Мир" телекомпаниясымен де серiктестiк қатынастамыз. Өкiнiшке қарай, кезiндегiдей ауқымды да бiрiккен жобалар жоқ. Мен 1988 жылы телеарнаға жас маман ретiнде келгенде бiздiң жастар редакциясы телевизиялық бағдарламалар ұйымдастыратынбыз. Оған КСРО құрамындағы барлық республикадан қатысушылар келетiн. Айтпақшы, қазақ телевидениесi сол кездердегi заманауи телекомпаниялардың қатарынан табылатын. Одақтағы алғашқылардың бiрi болып музыкалық клиптер түсiру жұмысын бастады. Музыкалық клиптер талайды таңғалдырған, тамсандырған соны жаңалық болатын. Әрiптестерiмнiң көпшiлiгi Қазақстанда, басқа мемлекеттерде ұйымдастырылған түрлi конференцияларға, фестивальдерге барып қайтты. Амал не, баяғы тығыз қарым-қатынас желiсi бүгiнде үзiлiп қалған. Әйтпесе, ондаған жылдар бойғы тарихымыз бiр, тәуелсiздiкке қол жеткiзген кезеңдегi, демократия жолындағы тәжiрибемiзбен, қателерiмiз бастамаларымызбен бөлiскенге не жетсiн.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары