Дидар АМАНТАЙ: ОРЫСТIЛДI ҚАЗАҚСТАНДА ӨМIР СҮРIП ЖАТЫРМЫЗ

Дидар АМАНТАЙ: ОРЫСТIЛДI ҚАЗАҚСТАНДА ӨМIР СҮРIП ЖАТЫРМЫЗ

Дидар АМАНТАЙ: ОРЫСТIЛДI ҚАЗАҚСТАНДА ӨМIР СҮРIП ЖАТЫРМЫЗ
ашық дереккөзі
262

Жер-жиһаннан ақпараттық сала мамандары – журналистер жиналып, жаһандық мәселелер жөнiнде ой қозғады. Осындай жоғарғы деңгейдегi басқосуда қазақ тiлi мен қазақ журналистикасы әдетте босаға сығалап қалатыны жасырын емес. Биыл сең бұзылып, тасқын жүрiп өтпесе де, қазақ жерiндегi тiлдiк қарама-қайшылықтар мәселесi ұшқары болса да, айтылды. Онда да бұрын-соңды болмаған жағдай, қазақ журналистерiнiң өкiлi ретiнде "Начнем с понедельника" газетiнiң бас редакторы жазушы, публицист Дидар Амантайға микрофон тигендiгiнiң арқасында ғана. "Билингвинизм" яғни, қостiлдiлiк туралы сөйлеу бағыты берiлгендiктен бе, форум төрiнде толық айтылмай қалған өзектi мәселелер бiздiң газетiмiздiң бетiнде айтылсын деген ниетпен, сессиядан соң Дидар Амантайға өз микрофонымызды бiз ұсындық.

– Еуразиялық форум өз бастамамызбен осымен жетiншi рет қазақ жерiнде өткiзiлiп отыр. Бiрақ жылда қазақ журналистикасының проблемалары бұл басқосудан тысқары қалады. Тiптi ондай ұғым мүлде жоқ сияқты өзi…

– Мәселе медиа форумда емес деп ойлаймын. Мәселе қазақ үкiметiнiң қазақ тiлiне байланысты жүргiзiп отырған саясатында. Бiздiң Парламент, Үкiмет отырыстары басқа тiлде жүргiзiлiп отырған кезде, қазақ тiлi ешқашан өзiне лайық мәртебесiне ие бола алмайды. Егер Үкiметiң көзқарасы, мемлекеттiң позициясы басқа тiлде емес, мемлекеттiк тiлде айтылатын болса, онда бүкiл жаңалықтар агенттiктерi де қазақ тiлiнде берiлетiн болады. Бұл екiншi жағынан, қазақ журналистикасының осы елде бiрiншi дәрежелi журналистика екенiне кепiл бола алады. Ал егер, бiз қазақ тiлiн жүрдiм-бардым қолданатын болсақ, онда мемлекетiмiз орыстiлдi Қазақстан болып қала бередi. Қазақ тiлiнiң мүддесiн, оның мәселелерiн орыс тiлiнiң есебiнен шешпеуiмiз керек. Бұл екi тiлдi бiр-бiрiне қарсы қоюдың қажетi жоқ. Тiптi, қазақтардың орыс тiлiн бiлгендiгiнде тұрған еш жамандық жоқ. Бұл, керiсiнше, жақсылық. Бiрақ бұл жағдай қазақ тiлiн бiлмеуге құқық бермейдi. Үшiншiден, қазақ тiлiн үйренуге жақсы жағдай жасалуы керек. Конституцияда жазылғандай, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Егер қазақ мемлекетi болашақта тәуелсiз ел болып қалғысы келсе және оған өзiндiк саяси платформасын, позициясын, идеологиясын негiзге алатын болса, онда ол саяси платформада қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл екендiгiне баса назар аударуы қажет екендiгi көрiнедi. Өйткенi, мемлекеттiң iргетасын қалайтын – оның тiлi. Ол мемлекет қай тiлде сөйлейдi, сол тiлге байланысты оның идеологиясы жүргiзiледi. Мысалы, Ресейде Путин тек орыс тiлiнде сөйлейдi, ол ешқашан татар, шешен башқұрт тiлiнде бiр ауыз тiл қатқан емес. Бiрақ Ресей унитарлы емес, федеративтi мемлекет, оның құрамында бiрнеше республикалар, ұлттық округтар бар. Сондықтан Ресей президентi көптiлде сөйлеуге мiндеттi. Ең болмаса, халқы көп автономияларының тiлiнде сөйлеуге мiндеттi. Қазақстанға келетiн болсақ, Елбасы екi тiлдi қатар меңгерген. Елбасыдан басқа министрлер, шенеунiктер мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi. Олар ең әуелi "бiссiмiлләсiн" қазақ тiлiнде бастайды да, әрi қарай орыс тiлiнде жалғастырып кетедi.

– Мемлекеттiк деңгейдегi жиналыстарда ресми тiл мемлекеттiк тiлмен қатар қолданылады деген нормаға жүгiнедi ғой…

– Менiңше, бұл уақытша айла ретiнде қолданылған өз қасiретiмiз.

– Жаңа ғана өзiңiз айтып отырсыз, мемлекеттiк тiлдi дамыту орыс тiлiнiң есебiнен жүргiзiлмеуi керек дейсiз. Сонда бұл қалай жүзеге аспақ? Егер ақпараттық кеңiстiк бiр, тiлдiң қолданылу аясы бiр болғанда, бiр тiл екiншiсiн шектемей тұра ала ма? Орыс тiлi ысырылмай, қазақ тiлi төрден орын ала ала ма?

– Ол былай шешiледi. Кез келген мемлекеттiк шенеунiк лауызымының үлкен-кiшiлiгiне қарамастан, қызметке қабылданар алдында, ммелекеттiк тiлде емтихан тапсыруы керек. Емтихан жүйесiн енгiзбейiнше, қазақ тiлiн ешқашан билiкке үйрете алмаймыз. Бұл заң түрiнде реттелуi керек. Мүмкiн Шаханов айтып жүргенiндей, тiл полициясын енгiзу керек шығар. Жарнамада тiлдiк нормаларды бұзатындарға, мемлекеттiк тiлдi құрметтемейтiндерге ескертпе жасалып, белгiлi бiр мiндеттемелер қолданылуы керек.

– Қазiр "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жобасының дайындалып жатқанын естiген боларсыз. Ол заңда осы мәселелер жанжақты қамтылып, болашақта мұндай сұрақтар туындамайтындай етiп, түгел шешiлуi керек қой.

– Мен сiзге мына мәселенi айтайын: жалпы, Қазақстандағы қазақтар мәселесi, қазақ тiлi мәселесi бiр ғана жолмен шешiледi. Оған саяси шешiм керек.

– Неге заңмен шешiлмейдi?

– Белгiлi бiр саяси шешiмге тоқтайтын болсақ, онда заң да қабылданады, Үкiмет те қазақша сөйлейтiн болады.

– Ал саяси шешiм…

– …менiңше, жоғарғы билiктiң қолында.

– Бiз тiл мәселесiн тереңiрек қозғағанда, неге екенi, көбiне басқа ұлттар тарапынан түрлi наразы көңiл-күйге сүрiнiп жатамыз…

– Ұлтаралық татулық бiзге өте қажет, ол ойыншық емес. "Халықтар достығы" деген сөз жәй айтыла салған сөз емес. Бұл, ең әуелi, мемлекет құраушы халық ретiнде қазақтардың өздерiне қажет. Бiз кез келген мәселенi тек бейбiт жолмен және бейбiт шаралармен шеше аламыз. Саяси, эконаомикалық, әлеуметтiк, ұлтаралық тұрақтылықты сақтау қажет. Мемлекеттiк тiлдi шым-шымдап, ақырындап енгiзуiмiз керек.

Саяси шешiмнiң тағы бiр қыры – шетелдегi қандастарды түгел көшiрiп алуымыз керек. Кiм көшкiсi келедi, соның Атажұртына оралуына көмектесуiмiз кеерк. Қазақстанда еңбек ресурстары тиiмдi орналаспаған. Торғай өңiрi, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында өндiрiс ошақтары аз. Қазақстанда еңбек ресурстарының шоғырланған жерi ол – үлкен өндiрiс ошақтары. Атырау, Алматы, Астана сияқты. Бұл не нәрсеге әкеледi? Екi орталықтың қатты дамып, қалған аймақтардың кенже қалып қою қаупiн тудырады. Саяси шешiмнiң тағы бiр қыры – үлкен қалалар арасын жалғайтын сапалы, жақсы жолдар салу керек. Кешегi мәжiлiсте Збигнев Бжезинский айтты ғой, "Американың дамуына, қарыштап өркендеуiне кезiнде бәленбай шақырым жолдардың салынуы қатты әсер еттi. Бүгiн Қытайдың жасап отырғаны да осындай қадам" дедi.

Қазақ тiлiнiң мәселесiн шешiлуi және Қазақстанда қазақ халқы ықпалды ұлт болып қалуы үшiн оның санын 70 пайызға дейiн өсiруiмiз керек. Оның бiрақ жолы бар – оралмандарды көшiрiп әкелу. Яғни, билiк қазақ тiлiнiң мәселесiн шешемiз, қазақтардың санын көбейтемiз деген саяси шешiм қабылдауы керек,

– Қазiргi кезде оның алғышарттары бар ма?

– Алғышарттары бар, жүзеге асып жатыр. Оны Болат Әбiлев пен Ермұхаммед Ертiсбаев та мұғалiм жалдап, қазақ тiлiн үйренгенiнен-ақ көруге болады.

– Иә, қазақтар қазақша сөйлесе, сүйiншi сұрайтындай жағдайға жеттiк қой…

– Иә-иә. Бүгiн көтерген тақырыпта да менiң айтпақ мәселем осы едi. Ең әуелi, қазақ тiлiн қазақтардың өздерi толық меңгеруi тиiс. Бiз қазiр орыстiлдi, қазақтiлдi болып, екiге ажырап кетудiң аз-ақ алдында тұрған халықпыз.

– Мұндай формуда қазақ тiлiнде бiр ауыз сөз айтылмаса, оның түйткiлдi мәселелерi шетiн қалса, ол қалайша шешiледi деп ойлайсыз?

– Болашақта медиафорум ұйымдастырушылары мұны назарға алуы тиiс деп ойлаймын. Бүгiнгi отырыста, мысалы, қазақ тiлiнен ағылшынша аударатын тәржiмашылар болған жоқ. Өйткенi, маған ешкiм "қазақ тiлiнде сөйлеңiз" деген жоқ.

– Былтыр бiр журналистiң қазақша қойылған сұрағын аударатын тәржiмашы табылмай қалды…

– Негiзi, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл етiп қалыптастыруды қазақтан басқа ешкiм ойламайды. Ол ұғымымызды өзiмiз жасаймыз. Бiздiң мақсат – ұлттық құндылықтардың қадiрiн арттыруымыз керек. Яғни, қазақ болу мақтаныш болып, үлкен дәрежеге айналуы тиiс. Қазақ тiлiнде ғылым, өнертапқыштық жаңалықтар ашылып, қазақтардың арасында таласты бәсекелестiктi дамыту керек. Оны жүзеге асыру үшiн бiз келер ұрпақты балабақшадан университетте мамандық алып шыққанға дейiнгi аралықта тәрбиелейтiн жүйе қалыптастыруымыз керек. Өзiңiз бiлесiз, Қазақстандағы бiрде-бiр жоғарғы оқу орнының дипломы шетелдiк бiлiм беру жүйесiнде мойындалмайды. Бiздегi баклавр, магистратура деген жүйе жай елiктеуден туындаған нәрсе, сыртқы пiшiн бар да, мазмұн жоқ.

– Бүгiнгi таңда қазақ журналистикасының басты проблемалары неде деп ойлайсыз?

– Менiңше, қазақ журналистикасының ешқандай проблемасы жоқ. Қазақ журналистикасының проблемасын жасап отырған қазақша сөйлей алмайтын Билiк, Үкiмет. Мен "Хабарда" бiраз жыл жұмыс iстедiм, өз тәжiрибемнен айтайын, белгiлi бiр сала, тақырып бойынша тiкелей эфирде қазақша пiкiрiн анық жеткiзе алатын адам таба алмай талай қиналдық. Бұдан шығатын қорытынды – ақпарат¬тық көздер қазақша болмай ештеңе өзгермейдi. Саяси шешiм қабылданғаннан кейiн, ұлттық құндылықтарды дамыту керек. Басқа елдердiң тәжiрибесiне жүгiнсек те болады: жапон, чех халықтары секiлдi. Өз ұлтына, өз тiлiне деген махаббат, басқа тiлге, басқа халыққа деген құрмет болуы керек. Сонымен қатар, бiрiншi кезекте бiлiм мен ғылым тұрмайынша, әрбiр өндiрiс ошақтарының жанынан ғылыми-зерттеу лабораторияларын ашпайынша, өндiрiске жаңа технологияларды енгiзбейiнше, бiз шикiзат өндiретiн ел деңгейiнде қала беремiз.

– Медиа форум жетiншi рет өткiзiлiп отыр. Бiр байқағанымыз, осы формуға жетiншi рет келген адамдардың тiзiмде көптiгi. Қатысушылары өзгермейтiн басқосуда не өзгерiс болады деп ойлайсыз?

– Мен биылғы форумнан бiр өзгешелiктi байқадым: мен сахна төрiндегi мiнберге жайғасқанға дейiн де, одан кейiн де маған ешкiм; "Сiз мынаны айтыңыз немесе мынаны айтпаңыз" деп ескерту жасаған жоқ. Бұл үлкен табыс деп ойлаймын. Ең басты мәселе – бiз қазақ тiлiнiң мәселелерiн ашық түрде жоғары мiнберлерде айта аламыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары