АЛАТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ НАУРЫЗ ТОЙЫ

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ НАУРЫЗ ТОЙЫ

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ НАУРЫЗ ТОЙЫ
ашық дереккөзі
252

Өткен аптаның жағымды жаңалықтарының бiрi – Көшi қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша басқармасы оралмандар мен босқындардың қатысуымен Наурыз мейрамына арналған мерекелiк шараны үшiншi жыл қатарынан атап өтуi болды. Жылдағы үрдiс бойынша қалалық әкiмдiктен, түрлi департамент өкiлдерi, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығынан қонақтар қатысқан бұл мерекеде Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Т.Мұқашев мырза сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады.

Тәуелсiздiк алған жылдар iшiнде елiмiзге алты жүз отыз мыңнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қоныс аударды. Көшi қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша басқармасында тоқсан үшiншi жылдан бастап күнi бүгiнге дейiн тiркелген оралмандардың саны 1597 отбасы немесе 5931 адам, алыс және жақын шетелден келген оралмандардың iшiнде 61 пайыз жоғары бiлiмдi, 19,2 пайызын орта арнаулы бiлiмдi, 18,8 пайызын орта бiлiмдiлер құрайды екен. Сондай ақ, 13 ғылым докторы, 66 ғылым кандидаты бар. Сонымен қатар мәдениет, бiлiм, медицина, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарса, алпыстан астам жекеменшiк фирмалары мен кәсiпорындар ашқан.

— Тағдыр тәлкегiмен жер ауып, ел аралап кеткен мұсылман баласының басын қосып, олардың iздеушiсi, сұраушысы бар пенделер екенiн естерiне салып, осындай Ұлыстың ұлы күнi құрмет көрсету азаматтық парызымыз. Басқармада бүгiнгi күнi Қазақстан республикасында ресми түрде босқын мәртебесiн алған 410 адам (192 отбасы және жеке адамдар) тiркелген, негiзiнде олар КСРО-да жоғары бiлiм алған және Наджибулла Үкiметi жанынан жоғары мемлекеттiк лауазымы бар Ауғанстан азаматтары, — дейдi басқарма бастығы Төлеген Керiмқұлов мырза.

Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн шағында дайындалатын қасиеттi Наурыз көженi ауған халқы өзiнше, түркi халқы тiптi басқаша, Қытайдан келген қандастарымыз, әрқайсысы өздерiнше дайындап ұсынды. Тоғыз немесе жетi түрлi дәмнен жасалынатын бұл сусынның бiр кереметi де сол, шынында да тойымды, сiңiмдi. «Наурыздан наурызға жете берейiк!» деп аттанған бiздiң көкейiмiзде бала кезiмiздегi асыл шешелерiмiз дайындайтын ашыған көжесi үнемi еске түседi. Ұлы мейрамды атап өтпейтiн, атау түгiлi, ауызға да алғызбайтын қатал тәртiптi қоғамның өзiнде ата бабалар үрдiсiн осылай сақтаған екен ғой жарықтықтар дейсiң iштей жұтынып.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары