"КАПИТАН, АЗАМАТТЫ АСТАНАДАН IЗДЕҢIЗ..."

"КАПИТАН, АЗАМАТТЫ АСТАНАДАН IЗДЕҢIЗ..."

"КАПИТАН, АЗАМАТТЫ АСТАНАДАН IЗДЕҢIЗ..."
ашық дереккөзі
308

Түн ортасына таман есiктiң қоңырауы кенеттен әлдеқандай сенiмсiздiк әрi үреймен шылдырлағанда үргедек көңiлдi белгiсiз секем билеген. Алмағайып заманда миға әуелi суық ойлар мен күдiк келетiнi бесенеден белгiлi. "Япыр-ау, беймезгiл уақытта шұғыл шаруамен жүрген бұл кiм?!"

— Әдiрамқалғыр, түн ортасы екенiне қарамай, мынау бiр жапырақ қағазды қазiр әкелiп, қолыма лақтырып тастады емес пе?! Әкелген адамы да сүрлiгiп жүрген сабаз көрiнедi, әйтеуiр оянкаматтан дейдi. — Көршi тұратын Шайымхан әжей есiктен күңкiлдеп сөйлей кiрген. — Түбiң түскiрлер, жүрегiмдi алып, зәре-иманымды ұшырғаны. Ал қағаздары орысша екен, дымын да түсiнбедiм, — дедi мол денесiмен сықырлауық орындыққа абайлап жайғасып. — Жүрегiм әлi қағып тұр. Келген себебiм, оқуларың бар ғой, мынаның мәнiсiн жөндеп түсiндiрiңдершi, өркендерiң өскiр!

Бiр тiлiм жұқа қағазды қолыма абайлап алдым да, қақшиып қалдым. Өйтетiн жөнiм де бар. Алматы қаласы, Жетiсу аудандық Қорғаныс iстерi жөнiндегi басқарма бастығы, полковник Исмаилов қол қойған шақырту қағазы Сауранбаев Азаматқа арналыпты. Онда 2008 жылдың 25-сәуiр күнi сағат 8.30-да Алматы қаласы Жетiсу аудандық Қорғаныс iстерi жөнiндегi басқармаға, әскери қызметкерлердiң контрактi және шақырту бөлiмiне — капитан Сағынбековке, әскери тiркеу мәселелерi жөнiндегi №21 кабинетке келуi қажет екенi айтылған.

Өзiмен бiрге әскери құжатын, жеке куәлiгiн ала келуге тиiс.

Бiрақ… бiрақ Шайымхан әжейдiң немересi — Азамат қазiр әскерде ғой. Жарты жылдан берi!

Анау-мынау емес, республикалық таңдаулы Ұланның қатарында! Өткен күзде әке-шешесi, туған-туысқандары, көршi-қолаң, жора-жолдас… және сүйген қызы — бәрiмiз ақ жол тiлеп, азаматтық борышын атқаруға Астанаға шығарып салғанбыз.

Ендi мiне… тағы да шақырту. Түсiнiксiз шақырту.

— …Не дептi, қарағым!? Шекең қушиып, маңдайың мәсiдей жиырылып, көп ойланып қалдың ғой. Әйтеуiр тыныштық па екен? — дедi Шайымхан әжей әлi де жүрек тұсын ұстаған қалпы әлсiздеу үнмен. — Жөнiн айтсайшы…

— Ендi, әже, жөнiн айтқанда… Немереңiз Азаматты әскери комиссариатқа ертеңге шақыртыпты. Тiркеуге. Бiрақ қателескен-ау, деймiн. Компьютерден қателiк кеткен сияқты…

— Өл де маған, Сауранбаев Азамат деп па?! Ойбай-ау, ол әскерде емес пе?! Әлгi Астанада. Сендердi оқыған ба десем, бiр жапырақ қағазды жөндеп түсiндiрiп беруге де шамаларың келмейдi екен ғой.

— Ренжiмеңiзшi, әже. Азаматты шақыртады. Шынымды айтсам, өзiм де ештеңе түсiнбей, таңқалып тұрмын, — дедiм қысылғанымды өзiмше жуып-шайып. — Ертең таңертең сегiз жарымда келсiн дептi.

— Үйбай-ау, әскерiне ендi өзiм бармасам, басқа не қыл дейдi?! Немереммен кеше ғана сөйлескенбiз. Әлгi мақтаулы Ұланында қызметiн атқарып жүр. Аман-есен, жағдайлары жақсы көрiнедi.

— Жақсы болған екен. Қуанған шығарсыздар-ау…

— Қуанышым қойныма сыймайды. Әй, оларды шығарып салғанда әлгi генерал Тасболатов деген келген. Қазақша әдемiлеп сөйлеп, жастардан антты өзi қабылдаған. Менi де Ұланның әжесi ретiнде телебiзiрден сөйлеткен едi. Қой, сөздi көбейтпей, ертең оянкаматына өзiм барғаным дұрыс шығар.

— Жо-жоқ, әже, сiз қажет емес шығарсыз әскерге. Жастар бар ғой. Анық-қанығын өздерi де анықтай жатар, — дедiм әжейге кесемен салқын су жұтқызып. — Әшейiн компьютерден қателiк кеткен болар.

— Мақұл, бiрақ мына шақыртуларын орысша жазғандары несi?! Әлде бұл балаларды орыстың қоластына, орыстың әскерiне шақыртып жатыр ма?

— Жоқ, әже, — дедiм әжейдiң аңғалдығына күлiп. — Әзiрге әскер өзiмiздiкi, Қазақстан әскерi. Тек жұрттың бәрiне түсiнiктi болсын деп орысша жазатын шығар…

— Сонда қалай, қазақша жазса басқалар түсiнбей қала ма? Бiздiң балалар орысшаны жап-жақсы түсiнедi емес пе?! Әлде басқалардың милары жоқ па қазақшаны үйренбейтiндей. Әй, әлгi министрлерi де (Даниал Ахметов мырза — Ж.Ш.) тәп-тәуiр сөйлейдi ғой. Сөйте тұрып басқалары орысшаға әуестенгенi несi?.. Әлде бiздiң балаларды әбден кемсiткенi ме?!..

— Жоқ, олай демеңiз, әже! Ендi солай қалыптасып кеткен. Бұрыннан…

— Қалыптасса, ендi өзгертпейме? Тәуелсiздiк алғанымызға, өзiмiз шаңырақ көтерiп, ел болғанымызға талай жыл болды ғой. Құдайым-ау, қазақтың баласын қазақтың әскерiне орысша шақыртқан сұмдықты да көрдiм-ау. Осы Қазақстан тәуелсiздiк алғанда жастау, небары 60 жаста едiм, ендi мiне, кәрi қойдың жасындай жасым қалды. 77-ге шықтым. Бiрақ, киiп жүргенiмiз бәрiбiр баяғы таз кепеш екен ғой. Жақсарған түк те жоқ. Әйтпесе, өз ұлдарын қасиеттi Отан алдындағы борышын атқаруға бөтен тiлде шақырған Ананы кiм көрiптi?! Мұндай сұмдық бiздiң елден басқа қай елде бар екен?..

Шайымхан әжей сүлдесi құрып, орындықта қимылсыз отырып қалды. Ерiндерi үнсiз жыбырлап, табан асты жылағысы келгендей иегi кемсеңдедi.

Тiс жарған жоқпын. Не деймiн, қайран кейуананы қалай жұбатамын!?.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары