ЕЛ ЕРТЕҢI КIМДЕ?

ЕЛ ЕРТЕҢI КIМДЕ?

ЕЛ ЕРТЕҢI КIМДЕ?
ашық дереккөзі
243

Қазiргi кезде Қазақстанның әрбiр азаматын толғандыратын мәселе бұл мемлекеттiң бағыт-бағдары, идеологиясы. Себебi, бүгiнгi Қазақстанда белгiлi бiр саяси идеология жоқ, керiсiнше, бiрнеше саяси топтың белгiсiз бағытымен кетiп барады деп ойлаймыз. Ұлттық идеологияның жоқтығынан әрбiр азамат ертеңгi күнiн болжай алмайды. Айтайын дегенiм, халыққа қарсы жасалып жатқан бүгiнгi заңсыздықтар — қазiргi таңдағы ең басты толғандырар мәселе болып отыр.

Атқарушы билiк елдiң көнбiстiгiн, қой мiнездiлiгiн басынып, оның байлығын еселеп жеп жатыр. Ұлт байлығы шетелдiктерге берiлiп, қызығын халық көре алмауда. Әрине, егемендiк алған кезде, тәй-тәй басып келе жатқан Қазақстанда мүмкiн өз байлығын игеретiн қаржы болмаған шығар. Бiрақ, 16 жыл өтсе де, бұның азабын әлi де көрiп келемiз.

Ауыл мектебiнiң сапасы төмен, қазiргi заманның талаптарына сай келмейдi. Себебi, қазiргi кезде жоғарғы бiлiм алу үшiн қажеттi қаржының көлемi оқушыларымыздың өзiне де белгiлi болып отыр және де олардың ата-аналары да өздерiнiң әлеуметтiк-қаржылық жағдайын ескере отырып, көптi талап етпейдi. Мектептен кеткен жастар не Астанаға, не Алматыға ұмтылады. Өйткенi, ауылда нәр қалмады, ауылдың болашағы тұманданып кеттi. Астана, Алматының өзiнде жүк көтерушi, не официант, не болмаса, құрылысшы болып қана жұмыс iстеп, нәпақа таба алады. Бұлардың өзiнде еңбек заңдылықтарының толық сақталмайтындығынан жалақысын толық бермейдi, жұмыс уақыты белгiленген межеден асып кетедi. Осының бәрi жастарды депрессиялық жағдайға әкелуi мүмкiн ғой.

Сонымен қатар, оқуға түскен жастар да тамаша өмiрдi бастан кешпей отыр. Оқу орындарында өршiп кеткен жемқорлық оларды кереғар жолға салып, керi тәрбие беретiнi белгiлi. Сондай-ақ, бүгiнгi Қазақстандағы тұрақтанып алған "ақшаң болса, кез келген қалауың орындалады" деген сөз әрбiр оқушыға да белгiлi болды. Жастар өз күшiне емес, ата-анасының қалтасының күшiне сенетiн болды. Қалтасы жыртық болса, еш жерде жолы болмайтынын iштей бiледi. Бүгiнгi жастар ертеңгi күнi "қайран жастық" деп ненi еске алады екен, а?

Саясатқа жастарымыз араласатын күнге жеттiк. Жастардың көзi ашық, көкiрегi ояу. Олар өз талпынысының арқасында елiмiзге өзгерiстер жасар. Жастар әрқашан әдiлетсiздiкке қарсы тұрар халық бөлшегi екендiгiн тарихтан бiлемiз. Сондықтан Қазақстан жастары бүгiнгi жастар ұйымдарында бiрлесiп жұмыс iстесе дейсiң ерiксiз. Сонда саны бар сапасы белгiсiз ұйымдар азайып, ұлттық мүдденi жоғары ұстайтын ұйымдар, жастардың өз мәселелерiн шешуге ұйытқы болар едi. Сөйтiп, ұлттық идеологияның қадiрiн түсiнер едiк-ау!

Нұркен ТОҚАЕВ

Серіктес жаңалықтары