“СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР” ДЕГЕНМЕНЕН...

“СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР” ДЕГЕНМЕНЕН...

“СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР” ДЕГЕНМЕНЕН...
ашық дереккөзі
282

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов суды ысырап ететiндермен күрес ретiнде суық суға дифференциалды бағаның бекiтiлетiнiн мәлiмдедi. Қымбатшылықтың қарапайым тұтынушыға қатысты жоқтығын айтқан әкiм бүгiнде пайдаға шаш-етектен кенелiп отырған кәсiпорындар мен компаниялар және суды шамадан тыс қолданатын ақылы қызмет көрсету орындары үшiн судың құны жоғарылайтынын жеткiздi.

Алайда, судың қымбаттағанын сылтауратқан өндiрiс ошақтарының өнiм бағасын да жоғарылатпасына, суға кететiн шығынды тұтынушыдан өндiрiп алмасына және қолдан жасалған қымбатшылықты одан сайын ушықтырмасына кiм кепiл? Ол үшiн кейбiр ашкөз компанияларды дер кезiнде тезге салатын шара қоса қарастырылуы керек. Әйтпесе, қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ түседi.

Қазiргi таңда әлем халқының алдында тұрған өзектi мәселелердiң бiрi – ауызсу проблемасы. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судан туындайтын дерттердiң құрбанына айналуда. Ал орталықтардан шалғай жатқан қазақы ауылдардағы ағайынның кейбiрi суды көршi үйден емес, көршi ауылдан тасиды. Кеңестер үкiметiнен "мұраға" қалған құбырлар әбден тозығы жетiп, ескiрген. Олардың басым бөлiгi тiптi, пайдалануға жарамай қалған. БҰҰ деректерiне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдерi арасында ең соңғы орында. Республикамыздың үштен бiр бөлiгi ауызсу тапшылығының зарын тартуда. Болжамдар бойынша, 37 жылдан кейiн адамдардың суға деген сұранысын қанағаттандыру мүмкiн болмай қалады. Жер шарындағы адамдар саны неғұрлым көбейген сайын экономика мен өндiрiс те соғұрлым жылдам дамуда. Демек, су тапшылығын тартатын елдердiң саны өсiп келедi. БҰҰ сарапшылары алдағы 10 жыл көлемiнде әлемнiң барлық елдерiнiң экономикасы өсетiнiн, осының нәтижесiнде тамақ, жарық, жылу, киiм мен суға деген сұраныстың жоғарылайтынын көлденең тартуда. Өткен аптада "Водоканал" кәсiпорнының қызметкерлерiмен кездескен Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов пайданы күреп тауып жатқан кәсiпорындар мен компанияларға белгiленетiн суық судың құны жоғарылайтынын жеткiздi. Сонымен қатар өндiрiс пен ақылы қызмет көрсету саласындағы бiрқатар компаниялар да егер тәулiгiне 150 литрден астам суды пайдаланатын болса, қалтасына салмақ түсетiн болады. Әкiм мырза мұндай жаңалықтың қарапайым тұтынушыларға қатысы болмайтындығын айтты. Сенгiмiз-ақ келедi. Бiрақ күнi ертең жергiлiктi билiктiң суды қымбаттатқанын сылтауратып, өндiрiстер мен ақылы қызмет көрсететiндер бағаны одан сайын шарықтатпасына кiм кепiл? Бiрақ, Ахметжан Есiмов мырза мұның алдын алатын тетiктердi тауып қойғанына үмiтiмiз мол. Мысалы, өндiрiс орындағылар мен көлiк жуатын орындарындағылар көтерiлген су бағасын өндiрiп алу үшiн тұтынушы мен клиенттiң қалтасына қол салатыны белгiлi. Сонда "қарапайым халыққа қатысы жоқ" деп айта аламыз ба? Ауыл шаруашылығы министрлiгiн басқарған кезiнде "нан арзан болса, Ресейге тасып әкетедi" деп аттандап, 35 теңгенiң нанын екi есеге дейiн өсiрiп жiберген экс-министрге қарапайым халық, әсiресе, ауылдағы ағайын кәдiмгiдей ренжiп едi. Су мәселесiне қатысты "жаңалық" әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн отбасыларға ауыр тимесе игi.

Негiзi Алматыдағы су тапшылығы туралы әңгiме бiраз уақыттан берi айтылып келедi. Есiмов бiр текше метр судың бағасы 19 теңгеден есептелуi тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға кететiн шығынға сәйкес келмейтiнiн айтады: "Бұл судың бiр бөтелкесi 60 теңге тұрады. Ал барлық тазартудан өткен 1 текше метр су — небары 19 теңге". Қала тұрғындары бiр күнде 800 мың текше метр су пайдаланатын көрiнедi. Мамандар соңғы 10 жылда суды тұтыну деңгейi 24 пайызға өскенiн айтады. Әсiресе, үстiмiздегi жылдың басында тұрғындардың тұтынушылық белсендiгi тым артқан. Ал сумен қамтамасыз ететiн мекемелерде қордаланып қалған қиындықтар шаш-етектен. Мысалы, бүгiнде су құбырларының 70 пайыздан астамының тозығы жеткен. Құрал-жабдықтардың әбден ескiруi Iле өзенiне құйылатын зиянды қалдықтардың көбеюiне әсер етiптi. Үстiмiздегi жылдың соңына қарай су тазартатын зауыт құрылысы басталады. Ал "Водоканалдың" қызметiн жақсарту үшiн 163 млн. теңге көлемiнде қаржы қажет.

Айтпақшы, Iленiң тым ластануына экономикасы қарқынды дамып, экологиясы жедел тозып бара жатқанына қытайлар да кiнәлi. Тiршiлiктiң көзi болып табылатын суды ысырап етпеудiң жолдарын Үкiмет те қарастыруда. Мысалы, үстiмiздегi жылдың наурыз айында сенаторлар алдында сөз сөйлеген вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев Орталық Азия аймағынан су-энергетикалық консорциуымын құру қажеттiгiн айтатынын мәлiмдеген. 2006 жылдан берi ЕурАзЭҚ шеңберiнде орталықазиялық елдердiң Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су және энергетикалық қорларын пайдалану туралы бағыттарын бiрелесiп келiсу мақсатында жұмыс жүргiзiлiп келедi. Бiрақ әлi күнге тараптар нақты шешiмге келмеген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары