Бермет АҚАЕВА: МЕН ӨЗ ОТАНЫМДЫ ТАСТАМАЙМЫН. ЕШҚАШАН!

Бермет АҚАЕВА: МЕН ӨЗ ОТАНЫМДЫ ТАСТАМАЙМЫН. ЕШҚАШАН!

Бермет АҚАЕВА: МЕН ӨЗ ОТАНЫМДЫ ТАСТАМАЙМЫН. ЕШҚАШАН!
ашық дереккөзі
266

Бермет Ақаева – Қырғызстанның экс-президентi Асқар Ақаевтың тұла бойы тұңғышы. Айырқалпақтылардың ибалы да салмақты, көрiктi де ақылды әрi бiлiмдi де қарапайым қызы қазақтарға – келiн. Кездесе қалған жерде әке-шешесiнiң халiн сұрап, асты-үстiне түсетiн, мақтау мен марапаттауды аямайтын қазақтарға, "мен сiздердiң келiндерiңiзбiн ғой" деп сыпайы ғана жымияды. Оның қарапайымдылығынан болар, бiр рет кездесiп, тiлдескен адам екiншi көргенде етене жақын туысын көргендей шын ниетiмен қуанады.

Алматыда өткiзiлген VII Еуразиялық медиа форумда журналистер жиi жағалаған тұлғалардың бiрi – Бермет Ақаева. Журналист мамандығының басты ерекшелiгi сол, алынған әрбiр сұхбат арнаулы, яғни, тек өзiңе ғана тиесiлi болса дейсiң. Сондықтан Берметпен әңгiме өткiзу үшiн бiразымызға ұзын-сонар кезекке тұрып, кәдiмгiдей тер төгуге тура келген. Кезек маған келгенде, оны ентелескен журналистер тобынан жыраққа қарай "ала қаштым": "Көп уақытыңызды алмаймын. Маған 5-10 минутыңызды қиыңыз".

Әңгiменi ендi бастай бергенде ұзын бойлы бiр жiгiт алшаңдай басып келдi де, әй-шай жоқ, қарама қарсы орындыққа жайғаса бердi. "Қап, мына "наглый" журналистерден көрдiм-ау, көресiнi!" Әңгiме желiсiнiң үзiлiп қалатындығына алаңдап әрi әлгi жiгiттiң тым еркiнсiгенiн жақтырмаған мен оған қарап қабағымды түйдiм де, дауысымды шығармастан қолымды кiжiне сермедiм: "Кет! Әрi бар!". Кiнәлi адамдай қипақтаған ол орнынан қайта тұрды: "Кешiрiңiз". "Бар, бар, аулақ кет!". Кiлт бұрылған ол бiзден аулаққа жылыстай берген. Екеумiздiң арамыздағы "дыбыссыз соғысты" үнсiз бақылап отырған Бермет кенет зiлсiз күлдi де: "Бұл менiң күйеуiм ғой" дедi. Шынымды айтсам, қатты сасып қалдым. Қара басып, түрiне бажайлап қарамаппын да! Қалбалақтаған күйi Берметтiң күйеуiне бұрылдым: "Құдай үшiн кешiрiңiзшi! Мен Сiздi "бәсекелестерiмнiң" бiрi екен деп қалдым. Отырыңыз. Келiңiз. Мұнда жайғасыңыз". "Жо-жоқ, ештеңе етпейдi. Әңгiмелерiңiздi жалғастыра берiңiздер". "Ойбай-ау, "ештеңе етпейдiсi" несi?! Отырыңыз. Мына үстелдiң үстiнен мен Сiздiң кiтабыңызды тауып алдым. "Арман технологиясымен" бiраз армандап көргiм келдi. Сiз қарсы емессiз бе?". "О не дегенiңiз. Қарсы емеспiн, әрине". Сiрә, ол да сасып қалған болуы керек, Берметке бұрылды да "Түстенуге барасың ба?" дегендi дауысын шығармастан, ишарамен бiлдiрдi. Бермет басын шайқады: "Жоқ, үлгермеймiн". Алас-қапаста болған "ыңғайсыз жайттан" кейiн әңгiмемiз басталып кеттi.

"НАНЫМДЫ РЕСЕЙДЕН ТАУЫП ЖҮРМIН"

– Бермет, осыдан екi жыл бұрын "Түркiстанға" сұхбат бергенiңiзде қырғыз билiгiнен қысым көрiп жүргенiңiздi, бiрақ өз Отаныңыздың патриоты болғандықтан, әкеңiздiң жанына, Мәскеуге бас сауғаламайтыныңызды айтқан едiңiз. Бүгiнде Сiз – Мәскеудесiз…

– Көшпендiлердiң ұрпағы ретiнде жиi қоныс аударып, жиi сапарлаймын. Бiрақ елiмiзде жиi болуға тырысам. Атқаратын шаруа көп, қол қусырып қарап отыруға болмайды ғой. Бiрдеңемен айналысу керек, нан табу керек. Қазiргi кезде Ресейде қоғамдық өмiрге белсене араласып жүрмiн. Бiрақ мен өз Отанымды тастамаймын. Ешқашан!

– Ресейдегi белсендiлiгiңiз қандай iстерiңiзден көрiнiс тапқан?

– "Политический класс" журналының саяси сарапшысымын. Жуырда Мәскеуден Орталық Азияны зерттеу институтын аштым. Аймақтағы әр елдiң даму үрдiсi мен ерекшелiгiне жете көңiл бөлемiз. Өз елiм ғана емес, оның шекарасының сыртындағы мемлекеттердiң ахуалы қатты қызықтыратын.

– Былтырғы "үй тұтқынына" айналдырған жағдайдан кейiн билiк тарапынан Сiзге қысым болған жоқ па?

– 2007 жылы 5 ай бойы үйде қамауда болдым. Маған, менiң туыстарым мен жақтастарыма қысым әлi күнге жасалынады. Салыстырмалы түрде айтсақ, мүмкiн бұрынғыға қарағанда, сәл саябырлаған шығар, дегенмен, қысым тоқтаған емес. Туған шаңырағыма оралған кезде билiктiң кiрпiдей жиырыла қалатынын сеземiн. Бұл әрине, маған тосқауыл не кедергi бола алмайды.

– Арада қанша жыл өттi. Отандастарыңыз, яғни, билiк Сiзбен бiрлесе жұмыс iстеуге неге мүдделi емес?

– Бiлмеймiн. Бәлкiм менiң армандайтын нәрселерiм тым күрделi шығар. Нелiктен қарсы? Неге қысым жасайды? Неге жақтырмайды? Бұл сауалдар менi де жиi толғандырады.

– Әкеңiз Мәскеуде ғой. Ол кiсiнiң жағдайы қалай?

– Рахмет! Ғылыммен белсендi түрде шұғылданып жүр. Экономика, математика саласына баса ден қойған. Мақалалары Ресейде, бiрқатар шет мемлекеттерде жиi жарық көредi. Дәрiс оқуға да жиi шақырады. Жуырда Германияда болып қайттық. Әкем бiр апта бойы түрлi қалалар мен университеттерде дәрiс оқыды.

– Ол кiсi неше жылдан берi елден жырақ жүр?

– Үш жылдан берi.

– Туған жердi сағынып, қиналмай ма?

– Әрине, қиналады. Кiндiк қаны тамған жерден алыс кеткенде кез келген адам қиналады емес пе.

– Керi оралғысы жоқ па?

– Дәл қазiр ондай мүмкiндiк жоқ. Уақыт – таптырмас емшi әрi сыншы ғой. Әкем әйтеуiр бiр күнi елге қайтатын уақыттың келетiнiне сенiмдi.

– Анаңыз да жоғарғы оқу орнында дәрiс беруге дайындалып жүр едi ғой.

– Жоқ, анам ұстаздықпен емес, бұрынғысынша, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды жалғастырып жүр. Талантты қырғыз балаларына көмек беруге тырысады. Әсiресе, мәдениет саласына қатысты. Көптеген музыканттар мен Мәскеуде, шет мемлекеттерде оқитын студенттерге қолынан келгенше жәрдем бередi. Бiреулерге қаржылай көмектессе, ендi бiреуiне жұмыс тауып беруге, бiреулерiн оқуға түсiруге деген сияқты. Әрине, кезiндегiдей кең ауқымда болмаса да, шама-шарқы жеткенше, қайырымдылық жасайды.

– Бауырыңыз қайда?

– Мәскеуде кәсiпкерлiкпен шұғылданып жүр.

– Күйеуiңiз немен айналысады?

– Жуырда кiтап жазып шықты. Сiздiң қолыңыздағы "Арман технологиясын".

– Ұлыңыз ше?

– Мектепке барып жүр.

– Мәскеуде ме?

– (Күледi). Сiзге бәрiбiр емес пе?

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ҚАУIПСIЗДIК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ"

– Қазiргi Қырғызстандағы саяси ахуалға берер бағаңыз қандай?

– Үш жыл бойы бiздi қуғындаған сүргiн сәл саябырсыды. Бiрақ жағдай күрделi. Әсiресе, экономикалық тұрғыда қарапайым халыққа қиын тиiп тұр. Тұтынушылық тауарлардың, ең маңыздысы, азық-түлiк бағасының бағасы тұрлаусыз өсуде.

– Азық-түлiк бағасының жоғарылауы бүкiләлемдiк сипат алып отыр ғой.

– Иә, әрине. Бiрақ Қырғызстандағы жағдай тым күрделi. Соңғы 2-3 жылдан берi Қазақстанның банктерi, компаниялары мен кәсiпкерлерi бiздiң елдiң басты инвесторына айналғаны белгiлi. Сондықтан олардың әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қиындықтарға тап болуы қырғыз елiнiң әлеуметтiк, экономикалық әлеуетiне де айтарлықтай әсер еттi. Әсiресе, ерекше қарқынмен жылдам дамып келе жатқан құрылыс нысандары қаржы тапшылығынан, тоқтап қалды. Әлеуметтiк сипатқа ие проблемалардың халық наразылығын тудыратыны айқын. Ал бұл елдегi саяси ахуалдың шиеленiсуiне әкеп соғады.

– Саяси, әлеуметтiк жағдайды жақсартуға Бакиевтiң "Ақ жолы" да қауқарсыз болды ма?

– Иә. Сайлау қарсаңында саяси науқанның әсерiмен құрылған партия iс жүзiнде де, сөз жүзiнде де халықты жарылқай алмады. Бәлкiм бiрнеше жылдан кейiн ғана әдiл бағасын беруге болатын шығар.

– Орталық Азияны түбегейлi зерттеуге көшсеңiз, бiлуге тиiссiз. Дәл қазiргi кезде Орталық Азия үшiн күн тәртiбiндегi кезек күттiрмейтiн мәселе қайсы?

– Әрине, қауiпсiздiк мәселелерi, жемқорлықпен күрес. Менiңше, бұлар – орталықазиялық аймақ үшiн ғана емес, бүкiләлемдiк деңгейдегi мәселелер. Сонымен қатар есiрткi тасымалы, өзара ықпалдасу мен ынтымақтасу процестерiнiң белсендi түрде жүргiзiлмеуi. Менi көптеген мемлекет басшыларының аталған мәселелердi бiрiгiп шешуге мүдделiлiк танытып отырғаны қуантады. Сан құбылған тұрлаусыз аймақта өмiр сүрiп жатырмыз. Сондықтан орталықазиялық аймақ тұрғындарына бейбiт ғұмыр, тұрақтылық, жетiстiктер, достық, бауырластық пейiл тiлегiм келедi.

– Орталықазиялық елдердiң одағын құру туралы бастама көтерiлгелi бiраз уақыт өттi. Осы аймақтағы бiр мемлекеттiң жетекшi елге айналуын қолдайсыз ба?

– Мен жетекшi ел болуы тиiс деп ойламаймын. Алайда, даму мүмкiндiктерiне сәйкес, жедел дамып келе жатқан елдер бар. Мысалы, Қазақстан мен Ресей. Әлеуметтiк-экономикалық салада үлгi етуге тұрарлық қадамдары көп. Әрине, қоғамдағы реформалау процестерi әлi аяқталмаған шығар. Дегенмен, екi ел де даму бағытын ұстанады. Белгiлi бiр салада жетекшi рөл атқаратын елдердiң осылайша өздiгiнен үздiк шығары анық.

– Сiздiңше, Одақ КСРО-ның шағын макетi болмай ма?

– Жоқ, олай ойламаймын. Әлемдiк үдерiсте дүниежүзi бойынша интеграциялық процестердiң жылдам жүрiп жатқаны көрiнедi. Мысалы, Солтүстiк Америкада NAFTA, Латын Америкадағы МЕРКОСУР, Еуропалық Одақ, Оңтүстiк Азия елдерiнiң одағы, Солтүстiк альянс т.б. Жаһандану дәуiрiнде аймақтық деңгейде қандай да бiр ұйымға бiрiгу қажет. Бүгiнгi медиа форумға қатысушылардың бiрi географиялық жағдайға қарай түбiнде бөлiнетiндiгiмiздi айтты. Бұл пiкiрдi мен де құптаймын. Аймққа қатысты мәселелердi өз арамызда шешiп алып барып, ТМД шеңберiне тиесiлi проблемаларға содан кейiн кiрiскен жөн. Тiзе қосудан, бiрiгуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мүдделерiмiздi қорғауда, қиындықтарды шешуде көп көмегi тиедi.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОДАҒЫН ҚҰРУ ҚАЖЕТ"

– Бiрақ Орталық Азия мемлекеттерiнiң Одағын құруға қарсылық танытатын тараптар да бар ғой. Мысалы, Өзбекстан…

– Өзiн өзi көсем санау, жетекшi мемлекетпiн деп жар салу, тағайындау әсте мүмкiн емес. ҚР Президентi Н. Назарбевтың Орталық Азия Одағын құру туралы бастамасын толық қолдаймын. Бiздiң аймақ өте тығыз қарым-қатынасқа зәру. Тек тiзе қоса әрекет етудiң арқасында ғана тасымыз өрге домаламақ. Әлбетте, дәл қазiр Еуропалық Одақтың формасын қабылдауға құлшынып отырғандар сирек. Көлiк, сауда, кеден секiлдi басқа да салаларға қатысты кедергiлердi түбегейлi жою үшiн түптiң түбiнде ортақ бiр ұйымның құрылатыны анық.

– Ресейдi үлгi еттiңiз. Бiрақ егер Ресей жетекшiлiк ететiн болса, Орталық Азия аймағына Кремльдiң ықпалы күшейе түспей ме? Бүгiнде ақпараттық кеңiстiкке Ресей онсыз да қысым жасауда. Орыстардың әлi күнге өздерiн қазақ, қырғыз сияқты "екiншi сортты" ұлттардың "ағасы" сезiнетiнi тағы бар.

– Кез келген ел өзi тиiмдi деп шешкен әдiс-тәсiлдермен ұлттық мүддесiн қорғайды. "Күлтөбенiң басына жиналып алып", ұзын-сонар пiкiрсайыстар құруға, талқыға салуға, қайырымдылық жасауды күтiп отыруға болмайды. Егер терезесi тең дәрежеде қабылдасын десек, өзiмiздi "iнiсi" сезiнiп, қораштанбауымыз керек. Жағаны жайлауға жiберiп, тiзгiндi босаңсытуға да әсте болмайды! Алпауыт елдердiң өзгелердiң алдын орауға тырысуы, өз елдерi мен азаматтарының мүддесiн бiрiншi кезекке қоюы – табиғи заңдылық. Мен Ресейдi қысым жасайды деп ойламаймын. Өз пiкiрiн посткеңестiк кеңiстiкке ғана емес, бүкiл әлемге күштеп таңғысы келетiн мемлекеттер бар.

– Сiздiң пiкiрiңiзге қосыла алмаймын. Ресей Қазақстандағы телеарналарға, яғни, ақпараттық кеңiстiкке ауыз салды. Орыс тiлiнiң әлi күнге үстемдiк құруының кесiрiнен мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi дәрменсiз халге түстi…

– Кез келген ел өз мүддесiн қорғайды. Бiздiң мақсатымыз – өз мүддемiздi қорғауға күш салу. Бұл әрине, бiздiң елдерiмiздiң билiгiне қатысты.

– Кейiнгi кездерi түбi бiр түркiнiң бiрлесуi туралы мәселе жиi көтерiлiп жүр. Сiздiң көзқарасыңыз?

– Ең бiрiншi ортақ мәдени кеңiстiк туралы сөз қозғаған жөн шығар. Өйткенi, басқалай бiрiгудiң мүмкiндiгi шектеулi. Тiптi, географиялық тұрғыда да туатын қолайлы жағдай жоқ. 90-жылдары түркiтiлдес ортақ кеңiстiктi қалыптастыруға тырысқан әрекеттер болды. Бiрақ шыққан нәтиже шамалы. Бүгiнде түркiтiлдес мемлекеттердi бiрiктiретiн транспорттық жобалар бар. Осы секiлдi басқа да жекелеген салаларда түркi бiрлiгi жайлы айтуға болады.

– Қазiргi кезде орталықазиялық көмiрсутегiлер үшiн күрес көрiгi қызған. Әсiресе, АҚШ, Батыс пен Ресей арасында. Осындай текетiрес аталған аймаққа керi әсер етпей ме?

– Бiр жағынан алғанда, энергоқорларды тасымалдаудың балама жолдары бар. Бұл – бiзге тиiмдi. Екiншiден, бәсекелестiк пайда болады. Бұл мәселеде әрбiр мемлекет өз жағдайы мен мүмкiндiктерiн өз пайдасына жарата бiлгенi дұрыс. Ең маңыздысы, алпауыт елдердiң бiр-бiрiне зиян тигiзбей, керiсiнше, келiсiмге келе отырып, әрекет еткенi жөн.

– Бiздiң "күлшеден" Қытай да дәмелi. Энергоқорлар жолындағы таласта Аспанасты елiнiң ықпалы қандай болмақ? Экономикалық тұрғыда әлемдi жаулап алуға көшкен қытайлар қауiпсiздiк мәселесiнде қиындықтар туғызбай ма?

– Әзiрге Қытай сепаратистiк бағыттағы саясатты ұстанып отырған жоқ. Қытай халқы өзге елдердi жаулап алуға құлшынбайды. Олар ешқашан өшпендiлiк көзқараста болған емес. Шекаралық, территориялық тұтастық мәселесiнде Қытай тарапынан ешқашан өзге елдерге айып тағылған емес. Әрине, экономикалық экспансия бар. Әсiресе, қытай диаспорасы өте күштi Шығыс Еуропада. Сондықтан сыртқы күштерге төтеп беруге әр бiр мемлекет мүдделi болуы тиiс.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары