ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ӘЗIРГЕ ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ӘЗIРГЕ ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ӘЗIРГЕ ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
309

Елiмiзге Өзбекстан президентi Ислам Каримовтың арнайы iссапармен келгендiгiн БАҚ өкiлдерi жарыса хабарлап, жазып жатқанда, бiр-екi күннен кейiн «Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығы жабылып қалды» деген ақпарат желдей естi. Ал, бұл мәлiметтiң анық-қанығына көз жеткiзбеген республикалық қоғамдық-саяси "Айқын" газетi "Өзбектер Қазақ мәдени орталығын жауып тастады" деп мақала жариялап жiбердi.

1989 жылы Өзбекстан Ғылым академиясы жанынан Қазақ ақпараттық орталығы ашылды. Кейiннен, яғни, 1992 жылы Қазақтардың алғашқы құрылтайының өтуi аясында бұл орталық Қазақ мәдени орталығы болып құрылған болатын. Ал бiзге жеткен ақпараттарға сүйенсек, Өзбекстанның Әдiлет министрлiгi хабарлағандай, Қазақ мәдени орталығы жабылуы мүмкiн. Өйткенi, құзырлы мекеме бұл орталық шаруашылық жүргiзуде бiрқатар кемшiлiктер жiбердi, сондай-ақ, "Қоғамдық ұйымдар жөнiндегi" арнайы заң баптарын бұзды деген айып тағуда. Мәселен, Қазақ мәдени орталығы өзiнiң тұрақты мекен-жайын ауыстырған кезде бұл туралы ақпарды тиiстi құжаттарда көрсетпеген, жалға алу келiсiмiн тiркемеген, сол сияқты келешекте өткiзiлетiн iс-шаралар жайында алдын ала ақпарат бермеген, мұнымен қоса, соңғы екi жылда тiркеу мекемелерiне ешқандай есеп бермеген т.б. деген кемшiлiктердi тiзбектейдi. Мiне, осы секiлдi кемшiн тұстар қоғамдық ұйымның жабылуына ықпал етiп отыр, — дейдi жергiлiктi Әдiлет министрлiгi.

Алайда, жер-жердегi қандастардың жағдайымен етене таныс Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы түймедей нәрсенi түйедей етiп көрсетудiң қажетi шамалы дегендi айтып отыр. Өйткенi, қауымдастық ретi келсе, қандастар қоныс тепкен елдерде ашылған Қазақ мәдени орталығы басшыларының басын қосып, өзектi деген мәселелерiн ортаға салуға мұрындық болып жүредi. Тiптi оқу-бiлiм, рухани, мәдени тығыз байланысты одан әрi арттыру үшiн қауымдастық өз тарапынан арнайы көмек қолын созып отыруды да дәстүрлi үрдiске айналдырғандығын осындай бiр басқосулар нәтижесiнде көзiмiз жеткен.

Айталық, "Бүгiнде Өзбекстанның тоғыз облысы мен 25 ауданында Қазақ мәдени орталығының бөлiмшелерi бар. Сол себептен де, 1 миллионнан астам қандасымыз тұратын елде мәдени орталықтың кенеттен жабыла салуы оңай шаруа емес" — дейдi, Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы төраға орынбасары Талғат Мамашев. Дегенмен, ол орталықтың кейбiр мәселеде жiберген қателiгi болуы да мүмкiн екендiгiн жасырмайды. "Өйткенi, ол жақтағы ағайындар арасында өзара келiспеушiлiк те орын алып тұрады. Бәлкiм, содан кейiн де бiреу-мiреуi арызданып, Өзбекстанның мемлекеттiк мекемелерiн араға салып алатын жағдайы да кездесiп жатады. Бiрақ, Әдiлет министрлiгiнiң бұл мәселеде ешқандай құқығы жоқ" дегендi кесiп айтуда.

Бүгiнде Өзбекстан аймағында, атап айтқанда, Қарақалпақстанда, Сырдария, Науаи, Ташкент облыстарында ресми дерек бойынша, 1 миллионға жуық қандас тұрып жатыр. Мұнда екi елдiң байланысын тәптiштейтiн "Нұрлы жол" басылымы мен "Дидар" телерадио арнасы жұмыс iстейдi. Бұл аз десеңiз, осы аймақтағы 515 мектепте қазақ тiлi сабағы оқытылып келедi. Мырзашөл ауданы мен Қарақалпақстанда Қазақ ұлттық драма театрлары қандастардың көзайымына айналып жүргенiне де бiраз уақыт. Демек, жүздеген емес, миллиондаған қандас-бауырларымыз тұратын өзбек елiнде Қазақ мәдени орталығының жабылуына ешқандай негiз жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары