ЕРДIҢ ЕРЛIГI ӨЛМЕЙДI

ЕРДIҢ ЕРЛIГI ӨЛМЕЙДI

ЕРДIҢ ЕРЛIГI ӨЛМЕЙДI
ашық дереккөзі
236

Кеңестер Одағы Жоғары Әскери Әуе күштерi командованиесiнiң 47-шi гвардиялық алыс қашықтықтарға ұшатын әуе барлаушылары полкiнде аға механик болған Владимир Силантьевтi соңғы үш-төрт жыл бойына iздестiрiп жүрген едiм. Өйткенi ол Жеңiстiң отыз жылдығы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры, штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсов туралы "Известияға" шағын очерк жариялаған. Оны табудың сәтi үстiмiздегi жылдың басында түстi. Сексеннiң сеңгiрiне шыққан қарт Мәскеуде тұрады екен. Пәтерiне телефон шалып, Плис Нұрпейiсов туралы бiраз сөйлесiп, көптеген жайларға қанықтым.

Ұшқыштың балалық шағы мен майдандағы алғашқы кезеңдерi туралы 2003 және 2006 жылдары «Түркiстан» газетiне екi бет очерк жазғанмын. Ал төмендегi очерк Силантьев айтқан естелiктiң бiр бөлiгi, ұшқыш өмiрiнiң ең соңғы сәттерi.

* * *

– Плис, майдан шебiне дейiн қанша шақырым бар? – шлемафоннан ұшқыш Константин Дунаевскийдiң дауысы естiлдi.

Штурман планшеттен картасын алды.

Елу шақырым.

"Пе-2"-нi ұшқыштар "пешка" деп атап кеткен. Ұшақ ақырындап көтерiле бердi. Төменде түтiлген мақтадай будақ-будақ ақша бұлттар көсiлiп жатыр. Кабинадағы аппараттың биiктiктi көрсететiн тiлi алты мың метрдiң белгiсiне жеттi. Аздан соң бұлттардың да қатпар-қатпар жiктерi ажырап, сетiнеген шетiне де шықты.

Плис төменге көз тастап:

– Костя, майдан шебiндемiз, – дегенi сол едi, ұшақтың қапталдарынан снарядтар жарқылдап жарыла бастады.

– Фашист иттер байқап қалды. – Дунаевский кiжiне сөйлеп, ұшақты тағы да биiкке көтерiп, жылдамдықты барынша арттырды. Бiресе оңға, бiресе солға жалт берiп, зенитшiлердiң нысанасына iлiндiрмедi. Снаряд жарылыстары басылған кезде Дунаевский атқыш-радист Волковқа:

– Алексей, полк штабына хабарла! Майдан шебiнен өттiк. Вильнюске жақындап келемiз.

"Пешка" төрт мың метрге дейiн төмендедi. Алыстан Вильнюс қаласының биiк үйлерi, тар көшелерi анық көрiндi. Дунаевский шлемафоннан:

– Плис, фотоаппаратты iске қос! – дедi.

Ұшақтың астыңғы қақпағы ашылып, қаланың ауқымды бөлiгi таспаға жазылып жатты. Ұшқыш "пешканы" темiржол желiсiне қарай бұрды да, биiктiктi үш мың метрге дейiн қысқартты. Вокзалдың алды қаз-қатар тiзiлген әскери эшелондар. Ауыр соғыс техникалары тиелген. Танктер мен алысқа ататын зеңбiректердi артқан эшелон шұбатыла созылып, жыландай иретiлiп, Шығысқа қарай жылжып барады. Алаңдағы құжынаған немiс солдаттары қызыл жұлдызды ұшақты көрiп, тым-тырақай қашты. Жау пулеметерiнен атқылаған оқ тiзбектерi "пешканың" жан-жағынан ысылдап өтуде. Қанатына, тұла бойына тырс-тырс тиiп, тескендерi де бар. Дегенмен қос мотор үнiнен жаңылған жоқ. Ұшақ атылған оқтардан сытылып шығып, Смоленскiдегi аэродромына қарай беттедi. Дунаевский:

– Алексей, орталыққа хабарла. Темiржол желiсi толық фотофильмге түсiрiлдi. Алдымызда майдан шебi, – деп бұйырды.

– Құп болады, жолдас командир. – Шлемафоннан Волковтың саңқ еткен жауабы естiлдi.

"Пешка" майдан шебiне iлiнгенше сегiз мың метр биiктiкке көтерiлдi. Жерден атылған зенит снарядтарының бiрi төменнен, бiрi жоғарыдан жарылуда. Ауа жетiмсiздiгiнен демалыстары тарыла бастаған шақта, тыныс органдарына маска киiп, жасанды ауаны пайдаланды. Ұшақ оң мен солына алма кезек ауытқып, снарядтарды дарытпауда. Бiрнеше минуттардан соң майдан шебiн де артқа тастады. Дунаевский штурвалды алға итерiп, аппарат алты мың метрдi көрсеткенше құлдилады. Маскасын шешiп, шлемафоннан:

– Плис, жарақаттан амансың ба? – деп дауыстады.

– Костя, саумын. Тек бағыттан солтүстiк шығысқа қарай отыз градусқа ауытқып кеттiк.

– Қазiр түзеймiн. – Ол ұшақты оңтүстiкке қарай жайлап бұрды. Содан соң ұшақтың артқы жағындағы бөлек кабинада отырған атқыш-радиске:

– Алексей, сен ше?

– Жараланған жерiм жоқ, дiн аманмын.

– Ендеше полк штабына хабарла. Тапсырма орындалды. Өз аэродромымызға бет алдық. – Үнi қарлығып естiлдi.

Волков радиограмманы жөнелттi. Плис:

– Костя, дауысың бiртүрлi ғой… – Сөзiнiң соңын жұтып iркiлiп қалды. Өзiң ондайдан саумысың?

– Оқ тигеннен аманмын. Бiрақ денемде аздап ыстық бар секiлдi. Тамағым жұтындырмай келедi.

Күн бата олар өз аэродромына қонды. Дунаевский эскадрилья командирi Анатолий Поповқа тапсырманың ойдағыдай орындалғанын баяндап, фотоаппарат таспасын табыс еттi. Капитан оның солғын жүзiне шошына қарап:

– Дунаевский, реңiң неге қашып кеткен. Сырқаттанып қалғаннан саумысың? – дедi.

– Түк те емес, жолдас капитан. Көңiл бөлуге тұрмайтын болмашы дене ыстығы.

Попов басын шайқады.

– Жоқ Дунаевский, жоғарыдағы сәл ғана ауа жетiмсiздiгi денеңдегi елеусiздеу ыстықтың өзiнде есiңнен тандырады. Саған емделу керек.– Ол шағын қорапты автокөлiктiң жүргiзушiсiн шақырып, ұшқышты тез санитарлық бөлiмге жеткiзудi бұйырды.

Дунаевскийдiң дене ыстығы тым жоғары екен. Ендi кешiксе сандырақтайтын қалге жетiптi. Дәрiгерлер "Тамағыңдағы баспа ауруы қатты асқынған" деп анықтама жасады. Оның бiрнеше күн жатып емделуден басқаға амалы қалмады.

Ертеңiне кешке Жоғары Әскери Әуе Күшiнiң бас штабынан барлаушы ұшқыштар полкiне генерал Грендальдың бұйрығы түстi. "Фашистер Балтық теңiзi арқылы Вильнюске тағы да тың күштерiн шоғырландыруда. Олардың соғыс қаруын анықтайтын жаңа фотомәлiметтер аса қажет. Бүгiн түннен қалдырмай бiзге шұғыл жеткiзiңдер!".

Полковник Тюрин эскадрилья командирi Поповқа:

– Анатолий, бұл аса жауапты iс. Дунаевскийдiң экипажы кеше сонда ұшып барып келдi емес пе. Жер жағдайымен таныс. Тапсырманы орындауды соларға жүктейiк.

– Трофим Денисович, ұшқыш Дунаевский сырқат. Дәрiгерлер көкке көтерiлуiне рұхсат етпейдi.

– Ендi жетпегенi осы едi? – Орындыққа сылқ етiп отыра кеттi. – Ондай алғыр ұшқышты алмастыратын бiзде кiм бар? – Тюрин қабағын шытып, оған тесiле қарады.

– Штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсов.

– Анау орта бойлы, қою қасты, жалғыз қазақ жiгiтiн айтып отырсың ба? – Полковник аз-кем ойланып қалды. – Бiлемiн, ол жақсы штурман.

– Жолдас полковник, Нұрпейiсов тамаша ұшқыш та.

Тюрин ендi оған көкшiл көздерiн сығырайта сынай қарады:

– Солай де… – Үстөлдi қолындағы қаламымен тақылдатып тағы да бiр сәт үнсiз отырды. – Жарайды, ұсынысыңмен келiстiм. Бiрақ ескертемiн! Тапсырма орындалмай қалса, өз басыңмен жауап бересiң. – Үнi қатқыл шықты.

Қою қараңғылық түсе Нұрпейiсовтың экипажы аспанға көтерiлдi. Көз ұшында суық ызғар шашқан жұлдыздар. Майдан шебiндегi жау радарлары бұларды алыстан-ақ сезген екен. Қуатты жарық сәулелерiмен түн-түнектi ерсiлi-қарсылы, айқыш-ұйқыш тiлгiлеп, қамал құрды. Қараңғылықты тiмiскiлеген ұзын сәулелер "пешкаға" түссе болды ұшқыштың көзiн қарып, амал-айласын жасауға мұршасын келтiрмей, зениттердiң оғына байлап берерi хақ. Онда қашып құтылуың екiталай. Нұрпейiсов сол сәулелерден жалт берiп ара-арасынан жол тауып арпалысып бақты. Ұшақ бiресе оң жағына, бiресе сол жағына жантаяды. Кейде жұлдыздарға қарай қайқайып, биiктiктi үдете түседi. Олар солай жанталасып жүрiп, майдан шебiнен өттi-ау. Ауытқыған бағытын нысанаға қайта түзедi. Нұрпейiсовтың бұйрығымен атқыш-радист Волков полк штабына: "Майдан шебiнен өттiк. Тапсырма бағытында ұшып барамыз" деп радиограмма жолдады.

Тосын келген ұшақты қала маңындағы жау зенитшiлерi өздерiнiң истребительдерiмен шатыстырды ма алғашқыда үнсiз қалды. Мұндай оңтайлы сәттi шебер ұшқыштар мүлт жiбермейдi. Нұрпейiсов те "пешканы" мың метрге дейiн төмендетiп, Вильнюстiң үстiн көктей ұшып, терiскей жақ бетiндегi Балтық теңiзiне қарай созылып жатқан темiр жолдардың желiсiне бұрды. Экипаж ара қашықтығын бес шақырымнан ұстанған бiрнеше әскери эшелондар тiзбегiн қуалай ұшып фотоаппаратқа түсiрдi. Немiстер қарауытқан эшелондардың кейбiр ашық, жайдақ вагондарына қондырған қорғаныс пулеметтерiнен атқылай бастады. Шоқтай болып, доғалдана ұшқан оқ тiзбектерi сәт сайын ұзап бара жатқан ұшаққа жетiп, жетпей қараңғылық құрдымында сөнiп жоғалуда.

Нұрпейiсов ұшақты алыстан орағытты.

– Штурман, фотоаппарат зақымданған жоқ па?

– Ақаусыз жұмыс iстеп тұр.

Нұрпейiсов "пешканы" жерден екi жүз метрге дейiн төмендеттi. Штурман мұны түсiнбегендей абдырап:

– Командир, жерге тым жақын ұшқанымыз, қауiптi емес пе? Фотоаппаратқа өте сезiмтал таспа лентасы салынған. Екi жарым мың метр биiктiктен де жақсы тартады, – дедi. Ұшқыш оның көңiлiнiң қобалжып, жүрексiнгенiн байқады.

– Штурман, маған оғаштау бiр ой келдi.

– Қандай?

Бiз вокзал алаңындағы эшелондарды фотоға түсiрiп қана қоймай, шабуылдасақ ше?

– Түк түсiнсем бұйырмасын. Бiздiң мiндетiмiз барлау ғой.

– Дұрыс барлау. Бiрақ соғыста табан астында шешетiн жайлар да болады.

– Жалғыз өзiмiз атқылап, бұлардың қайсы бiрiн жайратамыз. Бiз мәлiмет жеткiзейiк, бомбалаушылар өз мiндеттерiн атқарсын.

Сөзге Волков араласты.

– Командир, сонда қалай шабуылдаймыз?

– Вокзалдағы жанармай құйылған цистерналарды атқылаймыз. От тұтанып солар жарылса, бүлiнген темiр жолдарды жөндеп, қираған эшелондардан тазарту үшiн фашистерге кемiнде екi-үш тәулiк уақыт керек. Қаңтарылып тұрып қалған әскери эшелондарды бiздiң бомбалаушылар да оп-оңай тас-талқан етедi.

Штурман:

– Әй, қайдам! Бәрi де солай болып шықса, қанеки.

– Сол үшiн тәуекелге барамыз, – деп Нұрпейiсов радиске дауыстады. – Алексей, солай ма?

– Командир, не бұйырсаң соны орындаймын.

Штурман күдiктi ойдан арыла алмай, үнсiз қалды.

Вокзал алаңы тап кешегiдей екен. Шығар жолда кептелiп, қатар-қатар тұрған әскери эшелондар жиынтығы. Төбелерiнен төнiп, тажалдай көрiнген ұшақтан қатты сасқан фашистер қым-қиғаш, абыр-сабыр күйге түстi. Бiрi қорғаныш iздеп қашып, бiрi жайдақ вагондардағы ұңғысы ұзын қаруларына ұмтылды. Тұрған эшелондардың қақ ортасынан бiрнеше цистерна тиеген паровоз түтiнi бұдақтап жылжып барады. Нұрпейiсов соның үстiнен қуалай ұшып, пулемет гашеткасын басты. Қос қанаттан жалыны жалақтаған пулеметтiң шоқтай қызыл оқтары цистерналарға тиiп жатыр. Қас қағым сәтте бiрiнен соң бiрi жарылды. Жан-жаққа шашырай ұшқан сынықтар мен жалын жалқылары қапталдарындағы әскери эшелондарды да лезде от құшағына орады.

Штурман шлемафоннан:

– Жарайсың, командир! Бәрi де өзiң айтқандай болды! – Таңданғаннан үнi қатты шықты.

Плис Нұрпейiсов ұшақты орағытып барып, вокзалға қайта соқты. Бiрнеше қатарға түзелген әскери эшелондардың жалын құшпағандары қалмапты. Оқ-дәрi, бомбалар тиелгендерi жарқылдап бiрiнен соң бiрi әлi жарылып жатыр. Бәрi де барлаудың фотоаппарат таспасына жазылды.

Штурман:

– Бiздiң бомбалаушылардың еншiсiне ештеңе қалмапты-ау, – дедi масаттанып.

Қаланың қорғаныс шебiнен шыққан соң Нұрпейiсов:

– Волков, штабқа хабар бер.

Полк радиостанциясындағы сержант Якубов "Тапсырма орындалды. Майдан шебiне бет алдық" деп жазылған радиограмманы Поповтың қолына ұстатты.

Нұрпейiсов ұшақтың жермен ара қашықтығын алшақтата түстi. Сәлден соң алдындағы аппарат алты мың метр биiктiктi көрсеттi. Кенет шлемафоннан атқыш-радистiң шошынған үнi естiлдi.

– Командир, соңымызда қуғыншылар! Екi "мессершмитт" жақындап келедi.

Ол "пешканың" газын барынша басып, жылдамдықты арттырды.

– Алексей, ыңғайын тауып ат.

– Көздеу мүмкiн емес. Жарықтары бет қаратпайды.

Олар айтып ауыз жиғанша, "пешканың" екi жақ қапталынан бiрiн бiрi қуған қып-қызыл оқ тiзбектерi, ысылдап ағып өттi. Ол "пешканы" оң жақ қапталына қарай жалт бұрды. Қараңғылықты пайдаланып, iзiнен адастырмақ. Аналардың көз жазып қалар түрi жоқ. Әне-мiне дегенше соңына қайта түстi. Волков та атып жатыр. Қалайда истребительдердi "пешкаға" жақындатпауы керек. Нұрпейiсов ұшағын құлдилатып барып қайта көтердi. Өкшелеген жау истребительдерi соңынан қалар емес. Екеуi алма кезек оқты боратуда. "Пешкамен" жарыса ұшқан оқтың бiр дүркiн атылғаны сол жақ қанатына тасырлай тигенi құлағына анық естiлдi. "Мотор iстен шықты-ау". Маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды. Өкiнiштен iшi ашыды. Ондайда ұшақтың тұла бойы дiр етiп, сол бойда жылдамдығы бәсеңдейтiн. Бұл жолы олай болмады. Мотор үнiнен жаңылған жоқ. Алдындағы аппарат көрсеткiштерiнен де өзгерiстер байқалмады. Көңiлi орнына түскен Нұрпейiсов: "Ал ендi қуып жетiңдер!" – деп ұшақты төмен қарай ағыза құлдилатты. Жерге жете бере бауырлай ұшып, қайта жоғарылады. Майдан шебiне жақындаған кезде ғана қуғыншылар өз зенитшiлерiнiң атқылауынан сескенiп, кейiн қайтты.

Нұрпейiсов экипаж мүшелерiне:

– Майдан шебiнен өте жоғары биiктiкте ұшып өтуге тура келедi. Маскаларыңа ауа жеткiзетiн түтiктердi жалғаңдар, – деп ескерттi де штурвалды өзiне қарай тартты. "Пешка" шырқау биiктiкке дейiн көтерiлдi. Тас қараңғы түндi тiлгiлеген қуатты жарықтар ұшақты аннан-мұннан iздеп әлек. Сонау қараңғылық ұйыған тұңғиықтан зеңбiректердiң аузы үңiрейген оқпандары аспанға қарай жалын шарпып жатыр. Көзсiз атылған снарядтар ұшақтың тұс-тұсынан жарылуда. Нұрпейiсов ерсiлi-қарсылы дамылсыз қозғалып, шарқ ұрып iздеген ұзын сәулелерге ұстатпаудың амалымен ұшақты оңды-солды шайқап, жылыстап ұзай бердi. Майдан шебiнен алыстап, снарядтар жарылыстары тоқтаған кезде ол "пешканы" алты мың метрге дейiн құлдилатты. Штурман аузы мен мұрнын жапқан маскасын шешiп:

– Уһ, – деп терең күрсiндi. – Құтылдық-ау әйтеуiр!

Нұрпейiсов:

– Алексей, штабқа майдан шебiнен өткенiмiздi хабарла. Моторда ақау жоқ – деп шлемафонының бауын ағытты. Маңдайынан шып-шып шыққан тердi, қолғабының сыртымен сүрттi.

– Командир штаб радиограмманы қабылдады. – Волков жайдары тiл қатты.

Ол жоғарыға көз жiбердi. Қараңғылықтың арғы жағынан самсаған жұлдыздар бiр сөнiп, бiр жанып жымыңдайды. "Қарақалпақтың аспаны да осындай ғажап едi-ау!" Есiне анасы Әлпештi, бауырлары Жүсiпбай мен Әметбайды алды. "Көптен берi хат келмедi. Жағдайлары қалай екен?".

– Командир, аэродромға бес шақырым қалды. – Штурман ойын бөлiп жiбердi. Шлемiн қайта баса киiп, бауын байлады. Ұшақ бiрсiн-бiрсiн төмендей бердi. Штурман басқару аппаратының кiшкене тетiгiн басты. Қанаттарының астындағы қақпақтар ашылып, артқы және оң жақ доңғалақтар тiкесiнен тұрды да сол жақ доңғалақ жартылай түсiп, қиғаштап тұрып қалды. Аппараттағы қауiптi жағдайды ескертетiн қызыл жарық жанды. Штурман тетiктi қайта iске қосты. Доңғалақ не әрi, не берi қозғалмады.

– Командир, сол жақ доңғалақ толық ашылмайды.

– Неге?

– Себебiн бiлмедiм.

"Пешка" жер бауырлап барып, қайта жоғары өрледi. Аэродром үстiнен айналып ұшты. Шлемафоннан Поповтың дауысы естiлдi.

– Нұрпейiсов, неге қондырмай жүрсiң?

– Жолдас капитан, сол жақ доңғалақта ақау бар. Соны орнына келтiруге әрекеттенiп жатырмыз.

Ұшақ аэродромды тағы да екi айналды. Сол кезде полк командирi Тюрин, барлаушылар бастығы Морозов, инженер Фисак та жеттi. Олар Поповтан мән-жайға қанықты. Фисак ұшаққа басын шалқайтап қараған Тюринге:

– Жолдас полковник, маған бәрi де түсiнiктi, – дедi.

– Не бiлгенiң бар? Айт!

Доңғалақты төмен түсiрiп, көтерiп тұратын гидротүтiктi снаряд жарқыншақтары тесiп кеткен. Былтыр ұшқыш Вано Гахарияның тап осындай жағдайға ұшырап, ұшақты екi доңғалақпен қондырғаны есiңiзде болар.

– Иә, ол ержүрек ұшқыш едi ғой. – Тюрин ауыр күрсiндi. Эскадрилья командирiне бұрылып. – Ұшақтың жанармайы ендi қанша уақытқа жетедi?

– Әрi десе үш минут. – Попов күмiлжiп, басын төмен салды.

Әрбiр минут қымбат. Шұғыл оң шешiм қабылдамаса, орны толмас өкiнiштiң опындыратынын полк командирi сездi. Поповтың қолындағы байланыс құралын алып:

– Балам, менi есiтiп тұрсың ба?!

– Есiтiп тұрмын жолдас, полковник! – Нұрпейiсовтiң қоңырқай үнiнен көңiл қобалжуын аңғармады. "Неткен сабырлы жан!" – Ендеше тыңда, балам. Ұшақты сегiз жүз метр биiктiкке дейiн көтер. Фотоаппараттан таспа қорабын шығарып, өздерiң ауа қалықтағышымен (парашютпен) секiрiңдер. Маған сендердiң амандықтарың қымбат, – дедi.

Нұрпейiсов штурман мен атқыш-радиске:

– Полк командирiнiң сөзiн естiдiңдер ғой. Қазiр мен ұшақты соншалық биiкке көтергенде сендер секiресiңдер.

– Плис, өзiң ше? – Сұрақты Волков қойды.

– Мен ұшақты қондыруға әрекеттенiп көрейiн.

– Онда мен де сенiмен бiргемiн.

Сөз соңын штурман iлiп алды.

– Командир, мен де сендермен бiргемiн.

Плис жермен байланыс желiсiн ажыратып тастады.

– Балам, ағаттық iс өкiнiшке ұрындырады. Қалықтағышпен секiрудi бұйырамын! – Тюриннiң дегбiрi қашып, қатты дауыстап, сөзiн тағы қайталады.

Радист Якубов:

– Жолдас полковник, олармен байланыс жоқ. Желiнi үзiп тастаған, – дедi.

– Сен не айтып тұрсың? Байланысты үзгенi қалай? – Шошынған үнi қатты шықты. Радист үнсiз. – Ажалға көзсiз ұрынатын болды-ау жазған балаларым! – Тықыршып, бiр орнында тұра алмады.

"Пешка" аэродромның батыс жағынан бәсеңдей бердi. Нұрпейiсов жылдамдықты мейлiнше азайтты. Ұшақтың бауыры биiк қарағайдың басын шала аэродром алаңына жақындай түстi. Жиналған жұрт бар демдерiн iштерiне тартып, тапжылмай тына қалған.

Қалықтай төмендеген "пешканың" әуелi артқы шолақ доңғалағы жерге тидi. Сол жақ қанатын сәл ғана көтере ұстап, алдыңғы оң доңғалағы да жерге тиiп, шаң көтерiлдi. Нұрпейiсов ұшақтың екпiнi баяулап басылғанша қос қанатты тең ұстады. Ұшақ алаң шетiне жете бере сол жақ қанатымен жер сызып барып, жартылай шеңбер жасай айналып, кiлт тоқтады. Мотор үнi өштi. Төңiрек жым-жырт. Түн тып-тыныш. Жұрт өз көздерiне өздерi сенер-сенбесiн бiлмегендей сiлейiп тұр. Құлаққа ұрған танадай тыныштықты ұшқыш Николай Остапенконың шаттықтан жарыла жаздаған дауысы бөлiп жiбердi.

– Бауырлар, Нұрпейiсов ұшақты қондырды! Бұл ерлiк!

Сол кезде ғана ұшқыштар ұйқыларынан селт етiп оянғандай "Уралап!" ұшаққа қарай лап қойды. Олар жүгiрiп барған бойда кабинадан шыққан Плис Нұрпейiсовты көтерiп алып, бiрнеше рет аспанға атты. Дабырласа сөйлескен көңiлдi ұшқыштар мен механиктер берi қарай жүрдi. Нұрпейiсов бастаған экипаж мүшелерi полк командирiне қолдарын шекелерiне апарып, әскери iзет танытты.

– Жолдас полковник, тапсырма толық орындалды! Баяндап тұрған штурман-ұшқыш Нұрпейiсов.

Тюрин үшеуiнiң қолдарын қысып, арқаларынан қағып, дән ризашылығын бiлдiрдi. Содан соң Нұрпейiсовке:

– Нағыз ұшқыш та екенсiң, балам! – дедi. Жан қалтасынан "Беломорын" шығарып, үшеуiне шылым үлестiрдi. Өзi де шылымын тұтатып, көк түтiндi құмарта сорды да. – Мұндай жағдай полкте осымен екiншi рет қайталанып отыр. Қырық екiншi жылы ержүрек Вано Гахария марқұм ұшақты тап осындай күйде қондырып едi. Бiрақ күндiз болатын. Ал сен бiрiншi рет түнде жүзеге асырдың. Мiне, шеберлiк!

Инженер Фисак ұшақ доңғалағының ақауын анықтады. Тюринге әлгiндегi айтқаны дәл келгенiн жеткiздi.

Полк фотошеберханасында Нұрпейiсовтың экипажы түсiрген таспадағы жаңа мәлiметтер Жоғары Әскери Әуе күшiнiң бас штабына радиограмма арқылы жолданды.

Ертеңiне полк ұшқыштарының сапында Жоғары басшылықтың тапсырмасын ойдағыдай орындағаны үшiн полковник Тюрин штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсовтың экипажына Грендальдың алғысын жеткiздi.

* * *

1945 жылдың 23 сәуiрi.

Полк командирi полковник Трофим Романович Тюрин таңертеңгi сап алдында ұшқыштарға соңғы рет тапсырма бердi.

– Ертең Берлин көшелерiне Совет жауынгерлерi кiредi. Сондықтан бiз бүгiн фашизм астанасына соңғы рет барлау жасап фотомәлiмет жинаймыз. Жаудың әрбiр қорғаныс бекiнiстерiн мұқият фототаспаға түсiрулерiң керек. Бұл Совет жаяу әскерлерi мен артиллериясының тиiмдi шабуылдауына аса қажет, – дедi.

Сол күнi Дунаевскийдiң экипажы Берлинге үш рет ұшып барып, жаудың жаңа қорғаныстары туралы тың мәлiметтер әкелдi.

– Жарайсыңдар, қырандарым! – Тюрин ризашылығын бiлдiрiп, олардың қолын қысты. – Сендер Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды толық өтедiңдер. Ендi дем ала берулерiңе болады. Жеңiске де санаулы күндер қалды. Сендер үшiн соғыс бiттi.

Дунаевский:

– Жолдас полковник, Берлиннiң солтүстiк батыс бөлiгiне жау артиллериясы қайта шоғырландырылған секiлдi. Соны анықтауға тағы бiр рет, ең соңғы рет Берлинге ұшуға рұқсат етiңiз, – дедi.

Тюрин жұлып алғандай, басын шайқап:

– Жоқ, сендер өз мiндеттерiңдi асыра орындадыңдар, – дедi де тосылып барып. – Оның үстiне атқыш-радист Алексей Волков науқастанып қалды.

Нұрпейiсов:

– Жолдас полковник, Волковты ауыстыруға болады. Бiзге соңғы рет Берлинге ұшуға рұқсат етiңiз, – дедi.

Тюрин екеуiнiң ұшқын шашқан көздерiне қарап көңiлдерiн қимады ма:

– Әй, жарайды! Бiрақ өте сақ болғайсыңдар. Сендерсiз де жоғалтқандарымыз аз емес, – дедi қимастық үнмен.

Әлгiден бұлардың сөзiн тыңдап тұрған атқыш-радист, аға сержант Сергей Ильич Конов:

– Жолдас полковник, Волковтың орнына менi жiберуiңiздi өтiнемiн, – деп тақ ете қалды.

Тюрин оның да талабын қайтармады.

Әуе қалықтағышты (парашюттi) жинаушы Женя Смирнова бiраздан берi Константин Дунаевскиймен сөз байласып, соғыстан соң бас қосып, бiрге өмiр сүруге уәделескен едi. Олар штабтан шыққан бойда Женя жүгiрiп келiп Дунаевскийдiң мойнына асылды.

– Костя, өтiнемiн Берлинге ендi ұшпай-ақ қойыңдаршы. Сендер үшiн соғыс бiттi ғой. Жеңiске де аз қалды. – Оның жүзiнен өтiнiштен гөрi жалыныш табы анық көрiндi.

Дунаевский құшағына қысып, маңдайынан сүйiп жымиды.

– Женя, бiз соңғы рет жаудан кек алуға барамыз. Уайымдама. Бәрi де ойдағыдай болады. Күт.

Смирнова оның алған бетiнен қайтпайтынын сезiп, Нұрпейiсовке бұрылды.

– Плис, сендердiң сонда әрбiр ұшқандарың мен үшiн қорқыныш. Жүрегiм бiр жамандықты сезе ме, атқақтап басылар емес. Мен үшiн, бауырларың үшiн, ұшпай-ақ қойыңдаршы.

– Женя, қамыға берме. Ары десе екi сағатта қайтып ораламыз. Содан соң Костямен мәңгiлiкке қуана қауышасың. Бiздi ұстама, – дедi көңiлiн аулап.

Экипаж Берлиннiң солтүстiк батыс жағына жаңадан топтастырылған жау артиллериясының үстiнен ұшты. Олардың жаңа аэродромы да сол маңда екен.

– Костя, бәрi де фототаспаға анық жазылды. Ендi өз аэродромымызға қарай тарт, – дедi Нұрпейiсов.

Дунаевский:

– Конов, орталық командованиеге осы мәлiметтердi хабарла. Олар мұндағы өзгерiстердi алдын ала бiле берсiн, – деп шлемафоннан дауыстады.

Аздан соң радист командирге радиограмма жiбергенiн баяндады.

Сол кезде жаудың зенитшiлерi оқ жаудырды. Ұшақтың тұла бойы дiр етiп, теңселiп кеттi. Сол жақ мотор қақалып-шашалғандай болды да өштi. Дунаевский бұлталақтаған ұшақты әзер дегенде қалпына келтiрiп, шығысқа қарай бағыт түзегенi сол едi зенитшiлер атуларын сап тыйды. Артынша фашистердiң жаңа реактивтi истребителi асқан жылдамдықпен төбелерiнен төнiп, пулеметiнен оқ жаудырды. Оң жақ мотордан қою қара түтiн бұрқ етiп, ұшақ шайқатылып барып, төмен қарай құлдилай бердi.

Дунаевский:

– Плис, Сергей, секiрiңдер? – дедi жанұшыр айқайлап. – Ұшақ маған бағынар емес.

Нұрпейiсов:

– Костя, астыңғы жағымызда жау зенитшiлерi. Секiргеннен аман қалу екiталай.

Дунаевский сәл кiдiрiп:

– Плис, Сергей менi кешiрiңдер! Отан үшiн басымды тiктiм. Үнi құмығып естiлдi.

Нұрпейiсов:

– Костя мен сенiмен бiргемiн. Тағдырдың жазуы осылай шығар. Сен де кешiр. Анам, бауырларым менi түсiнер, – дедi үздiге сөйлеп.

Конов:

– Жазмыштан озмыш жоқ. Мен де сендермен бiргемiн.

Дунаевский штурвалмен алысып, жанып бара жатқан ұшақты жау аэродромына қарай әзер бұрды.

Сәлден соң ұшақ жау истребительдерiнiң үстiне құлап, қатар тұрған бiрнешеуiн отқа орандырды.

Ұшқыш Василий Кокоревтiң да экипажы сол маңда едi. Әуе байланыс құралдары арқылы олардың бақұлдасқан соңғы сөздерiн анық естiдi. Истребитель керi оралғанша бұлт арасына жасырынып, сәлден соң қайта соғып жау аэродромына құлаған Дунаевскийдiң экипажын фототаспаға түсiрiп, базаға оралды. Полк командирi Тюринге өз көздерiмен көрген жайды баяндады. Тюриннiң қас-қабағы түнерiп, еңсесi түсiп кеттi.

– Бекер жұмсадым-ау! – Ауыр күрсiнiп, бар демiн бiр-ақ шығарды. – Қандай қырандардан айырылдық! Авиацияның болашағы солар едi ғой.

Полктегi қыздардың бәрi ұшқыштармен жұптасты. Тек Женя Смирнова ғана ерге шыққан жоқ. Өмiрiнiң соңына дейiн Константин Дунаевскийдi күтумен өткiзген.

Сол кезде штурман-ұшқыш, аға лейтенант Плис Нұрпейiсов небәрi жиырма бес жаста едi.

1945 жылы тамызда СССР Жоғары Советiнiң штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсовке Советтер Одағының Батыры атағын беру туралы жарлығы одақтық ақпарат құралдарында жарияланды.

Ердiң ерлiгi ешқашанда өлмейдi. Ұрпақтарға үлгi болып қала бередi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары