“ШАҢЫРАҚ” ПЕН “БАҚАЙ” МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛЕ МЕ?

“ШАҢЫРАҚ” ПЕН “БАҚАЙ” МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛЕ МЕ?

“ШАҢЫРАҚ” ПЕН “БАҚАЙ” МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛЕ МЕ?
ашық дереккөзі
341

Қала басшысы лауазымын иеленiсiмен, Ахметжан Есiмов Алматы қаласы маңындағы 1998 жылы Президенттiң "Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы" №3929 Жарлығымен Алматы облысы аумағынан қала аумағына берiлген ауылдардың жай-күйiмен арнайы танысуға ат басын бұрды. Бұл ауылдардың жалпы аумағы — 780 гектарды құрайды. Олардың арасында атышулы "Шаңырақ-1", "Шаңырақ-2" шағын аудандары да бар. Ондағы жағдайды өз көзiмен көрген қала басшысы: "Мұндағы тұрғындардың проблемасын шешу қажет" – дедi делiнген Алматы қалалық әкiм аппаратының қоғаммен байланыс жөнiндегi басқармасы таратқан мәлiметте.

Ал, 7 мамырда "Шаңырақ-1", "Шаңырақ-2", "Ақ бұлақ", "Қалқаман", "Әйгерiм", "Құрылысшы", "Ұлжан", "Құлагер" және басқа да ауылдардың мәселесi жөнiнде арнайы жиын өткiзiлдi. Бiрiншiден, бұл ауылдар Алматы облысынан Алматы қаласы аумағына өту барысында күнi бүгiнге дейiн шешiмiн таппай отырған толғақты проблемаларымен келдi. Оның ең бастысы да маңыздысы – заңсыз таратылған жер телiмдерi. Осының салдарынан күнi бүгiнге дейiн көптеген мәселелер шешiмiн таппай отыр. Мәселен, жоғарыда аталған елдiмекендердiң көбiнде ауызсу, жол, денсаулық сақтау нысандары, мектеп және тәртiп сақтау органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару тетiктерi жоқ. ХХI ғасырда дамыған 50 елдiң қатарынан көрiнуге талпынып отырған елiмiздiң басты қалаларының бiрi — Алматыда әлi күнге дейiн мұндай проблемалардың орын алып тұруы елдiгiмiз үшiн сын екенiн айтудың өзi артық шығар.

Ресми деректерге қарағанда, 500-ден астам жер телiмiн заңсыз таратқаны үшiн Қаскелең ауданының, Каменка ауылдық округiнiң, сол кездегi әкiмi Көлбаев және басқа да ұсақ шенеунiктер заң алдында жауапқа тартылып, әртүрлi мерзiмге сотталған. Алайда, олардың заңсыз әрекетiнiң салдарын өзге емес, қарапайым халық тартып отыр.

2005 жылғы Алматы қаласында өткен "Қаладағы жердi пайдалану және қорғауды мемлекеттiк тұрғыдан бақылау" мәселелерi жөнiндегi жиында сөйлеген сөзiнде сол кездегi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов соңғы 5 жылда 100 мың гектар жердiң жекеменшiкке берiлгенiн айтады. Ал, қаладағы бос жерлерге 18 мектеп, 360 бала бақша салу жоспарланып қойған екен.

Сол себептi де, Ахметжан Есiмов қаладағы барлық департаменттер басшыларымен өткiзген жиында Алматыға қосылған ауылдардың проблемасын реттейтiн арнайы комиссия құруды тапсырды. Әрi бұл комиссия 10 күннiң iшiнде ол ауылдардағы проблеманы шешудiң кешендi жолдарын ұсынуы қажет. Сондай-ақ, аудан әкiмдерiне аталған елдiмекендерде өзiн-өзi басқару ұйымдарын ұйымдастыру шараларын қолға алуды тапсырды. "Әсiресе, бұл ауылдардағы еш жерде тiркеуде жоқ тұрғындардың тiркеу мәселесiн шешуiне көмектесуi қажет" дедi әкiм. Аталған ауылдарда көбiнесе көп балалы отбасылар тiрлiк етедi. Көбi тiркеуге тұрмағаны себептi өздерiне тиесiлi жәрдемақыны ала алмай отыр. Әкiм сонымен қатар, бұдан былай жердi өз бетiмен басып алуға жол берiлмеуi қажеттiгiн баса айтты.

Сонымен, қала басшысы атышулы "Шаңырақ" пен "Бақай" және өзге де елдiмекендердегi жағдайды тiкелей қадағалайтындығын әрi бұндағы тұрғындардың проблемаларын шешуге көмектесу қажеттiгiн айтты. Ал, құрылуы тиiс комиссияның атқарар жұмысы қалай болмақ? Әкiмнiң арнайы тапсырма бергенiне 1 апта уақыт өтсе де, бiз комиссия туралы ешқандай дерек таба алмадық. Ең алдымен Алматы әкiмiнiң қоғаммен байланыс басқармасына қоңырау шалып, комиссияның құрылған-құрылмағандығы туралы деректi қайдан алуға болатындығын сұрадық. Ондағылар Жер қатынастары жөнiндегi басқармаға сiлтедi. Алматы қалалық Жер қатынастары жөнiндегi басқарманың қабылдау бөлмесiндегiлер Ақпарат бөлiмiне хабарласуымызды нұсқады. Ақпарат бөлiмiндегiлер комиссияның құрылмағандығын айта отырып, аталған басқарма бастығы Б. Н. Торғаев мырзаға жазбаша түрде хат жазуымызды өтiндi. "Онсыз ешқандай сауалға жауап берiлмейдi" деген олар жазбаша сауалға жауаптың тек он күннiң iшiнде берiлетiндiгiн айтты.

Ал, "Шаңырақ" қоғамдық қорының жетекшiсi Асылбек Қожахметов әзiрге әкiмшiлiк тарапынан бiрiгiп жұмыс iстеу туралы ұсыныстың түспегендiгiн айтады. "Комиссия құрылуын құрылар, бiрақ, мәселенi бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн бiздермен байланыссыз жұмыс iстегеннен бiрдеңе өнетiнiне сене қою қиын" дейдi Асылбек Қожахметов мырза.

Қазiр бiздiң қолда бар деректерге қарағанда, бұндағы заңсыз құрылыстардың саны – 500-ден асып жығылады. Тек "Шаңырақ-1,2" шағын аудандарының өзiнде 200 отбасы газқұбырына жақын салынған. 2004 жылы Бақайда – 27 үй, Шаңырақта – 12 үй күрелген. "Орталық Азия Интергаз АҚ оңтүстiк филиалы" магистральды газқұбырлары басқармасының директоры Л. А. Фромердiң 2005 жылғы тамыздағы ақпараты бойынша 500 үй газқұбырына жақын, 8 үй газқұбырының үстiне салынған екен. 2003 жылы ГРС-1, ГРС-2 құбырларын ТЭЦ-2 ауданына көшiру туралы жоба жасалынған. 2004 жылғы жоспар бойынша ГРС-1 газқұбырын көшiру керек болған. Алайда, "Орталық Азия – Орталық" газқұбырындағы апаттың салдарынан бұл мақсатта арналған қаржы, апат салдарын жоюға кеттi. Сонымен басталған iс аяқсыз қалып отыр. Демек, алда осы газ құбырына жақын үйлердi көшiру немесе жоспарланғандай газқұбырын көшiру мақсаты тұр. Бұның қайсысын көшiру тиiмдi. Өйткенi, аталған отбасыларды далаға тастауға болмайды. Оларға қалай да қала маңынан немесе қалаға жақын Алматы облысы аумағынан жер телiмi бөлiнiп берiлуi тиiс. Оның үстiне бұзылатын үйiне өтемақы төленуi керек болады. Демек, әкiм тапсырған комиссия өз жұмысын бастар болса, ең әуелi заңсыз құрылыстардың тағдырын шешуге мұрындық болуы тиiс. Сөйтiп, ауылдан қалаға ағылған жұрттың әлеуметтiк наразылығын жояды. Сондай-ақ, су жиегiне жақын орна¬ласқан үйлердiң де тағдырын ойластыру қажет. Әрине, Қазақстан үшiн ең басты құндылық – адам тағдыры екендiгi Конституциямызда жазылған. Ендеше, әкiмшiлiк кез-келген шығынды көзге iлмей отырып, күн сайын ушығып келе жатқан жаңа әлеуметтiк проблеманың алдын алуы тиiс.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары