ДӘНДI-ДАҚЫЛДАР ТАПШЫЛЫҒЫ

ДӘНДI-ДАҚЫЛДАР ТАПШЫЛЫҒЫ

ДӘНДI-ДАҚЫЛДАР ТАПШЫЛЫҒЫ
ашық дереккөзі
252

Бұған дейiн мұнай, газ, жалпы энергетикалық қауiпсiздiкпен бас қатырған әлем ендi азық-түлiк қауiпсiздiгiне алаңдап отыр. Жер-жерлердегi бұрқ ете қалған қарулы қақтығыстар мен ашыққан адамдардың айқайы, наразылықтары бүкiләлемдiк тұрақсыздыққа әкеп соғуы мүмкiн.

Жер шарына қатер төндiрген ашаршылық азық-түлiк қауiпсiздiгi туралы мәселенi күн тәртiбiне қойды. Ал iшкi нарықты қамтамасыз ету шараларын өз беттерiнше қарастыруға көшкен елдер әлемдiк нарықты ширықтырып жiбердi. Таиланд күрiш картелiн құрайық деп ұсыныс жасап едi, кейбiр елдер астарынан саяси сарын iздедi. Сарапшылар қауымы күрiш ұйымының құрылмай қалуы мүмкiндiгiн көлденең тартады. Ал БҰҰ мен халықаралық қауымдастық дүние жүзiндегi жетекшi де қауқарлы елдердiң үкiметтерiн ашаршылықтың алдын алуға шақыруда. Халықаралық сарапшылар "аштыққа ұрынғандар соққының қай жақтан келгенiн аңдамай да қалады" дейдi.

1970-жылдардың басында күтпеген жерден шарықтап кеткен мұнай бағасымен бiрге азық-түлiк бағасының артуы америкалық қоғамды кәдiмгiдей абыржытып тастаған. АҚШ-тың сол кездегi президентi Никсон Федералдық қор жүйесiнiң басшысы қызметiн атқаратын жақын досы Артур Бернске инфляцияға қатысты көрсеткiштердi, яғни, тұтынушылық баға көрсеткiшiн (ТБК) өзгертудiң жолдарын көрсетудi өтiндi. Досының көңiлiн қимаған Бернс ұсынысты қабыл алады. Сөйтiп, ТБК мұнай мен азық-түлiк құнын есепке алмай жасалынды. Статистикалық көрсеткiштердi өзгерту арқылы ширығып тұрған iшкi нарықты ретке келтiру мақсат етiлген Никсонның жоспары көпшiлiк наразылығын саябырсытуға көмектескен. Кейбiр сарапшылар былтыр жыл соңында басталған азық-түлiк нарығындағы абыр-сабыр сол 70-жылдардағы құбылысқа қатты ұқсайтынын айтады.

Әлем бойынша өндiрiлетiн дәндi-дақылдың 90 пайызын құрайтын күрiш, жүгерi мен бидай бағасы халықаралық нарықта күн сайын өсуiн тоқтатар емес. Осының кесiрiнен азық-түлiктiң құны 85 пайызға бiр-ақ шығандапты. Ал тамақтың қоры соңғы 30 жылда болмаған деңгейге төмендеген. Африка елдерiнiң бiрқатарында ашыққан жұрт наразылық шараларын өткiзуде.

Таиланд күрiш экспорттаудан жетекшi орынды иемденетiн Лаос, Бирма, Камбоджа мен Вьетнамға мұнай өндiрушi елдерден құралған ОПЕС сияқты үлкен ұйым құруға ұсыныс жасады. Аталған ұйым халықаралық нарықтағы күрiш бағасын жүйелеуге ықпал етуi тиiс.

Iшкi нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге әрi ашаршылық қаупi төне қалса, азаматтарын аштыққа ұрындырмауды көздеген бiрқатар елдердiң үкiметi сыртқы нарыққа тасымалданатын күрiш экспортының көлемiн күрт қысқартты. Мысалы, бiр ғана Вьетнам әлемдiк нарыққа бағытталатын күрiш көлемiн 22 пайызға бiр-ақ қысқартты. Үстiмiздегi жылдың қаңтарында 383 АҚШ долларына бағаланған 1 тонна күрiш кеше 1 мың АҚШ долларына көтерiлдi.

Кейбiр елдердiң шенеунiктерi құны күн санап өсiп бара жатқан мұнайды қымбатқа сатып алғанмен, күрiштi арзан бағаға экспорттайтынын, мұндай жайттың сауда тепе-теңдiгiн бұзатынын көлденең тартады. Бирма, Камбоджа мен Лаос Таиландтың күрiш ұйымын құру туралы ұсынысын қолдауға әзiр. Бiрақ әзiрге Вьетнам үнсiз. Әлеуметтiк сипатқа ие күрiш картелi құрылмай қалуы да мүмкiн. Себебi, бастама бұған дейiн бiрнеше рет көтерiлiп, бiрақ саяси көзқарастардың қайшылығынан жиi тоқтап қалған болатын. Еуропалық мемлекеттердiң кейбiрi күрiш ұйымын құру адамзатқа қарсы жасалған әрекетпен тең екендiгiн айтады. Яғни, қордағы күрiшпен әлемдiк саясатқа ықпал ету құралына айналады деген қауiп бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары