ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
310

КЕДЕН, КЕДЕРГI — НЕДЕН?..

Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста Премьер Мәсiмов ҚР Қаржы министрiне кеденге қатысты iс-шараларды жеңiлдетуге байланысты ұсыныстарды енгiзуге пәрмен бердi.

Өткенде отандық кеден саласының басшысын қабылдаған Елбасы кедендiк iс-шараға байланысты бiрнеше нұсқау берген болатын. Апта басында Мәсiмовтiң елiмiздiң бас қаржыгерiне республикамыздағы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға жағдай жасайтын бiрқатар ұсыныстарды енгiзудi бұйырды. Сондай-ақ, үстiмiздегi жылдың маусым-шiлде айларында дайындалып жатқан Салық кодексiне қатысты үкiметтiк отырыс өтетiнiн мәлiмдедi. Ал қоңыр күздiң алғашқы айында "Бәсекелестiк туралы" заң жобасы талқыға түспек. Айтпақшы, кәсiпкерлер үшiн тағы бiр жағымды жаңалық, тағам өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне кепiлдiк беретiн сертификаттар 1 мамырдан бастап тегiн берiлуде. Бұған дейiн көтерме сауда өкiлдерi аталған құжаттың әр көшiрмесiн 1000 теңгеге дейiн сатып алғандықтарын айтып, шағымданған. Осы мәселе төңiрегiнде сөз қозғаған ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник қолдан жасалатын қиындықтардан арылу қажеттiгiне тоқталды.

ТАЛҚЫҒА ТҮСТI ТАРИФТЕР

Бүгiнде энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн қамтамасыз ету шараларының әлемдiк сипат алғаны белгiлi. Экономиканың қозғаушы күшi саналатын энергоқорларды өндiрушiлер үшiн аса қолайлы сәт туғаны белгiлi. Қазақстандағы шетелдiктер Үкiмет басшысына өз ұсыныстарын жеткiздi.

Дүйсенбi күнi Министрлер кабинетiнiң жетекшiсi Мәсiмов ҚР Президентi жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң өкiлдерiмен кездесiп, қазақстандық электр-энергетикалық саласын дамыту мәселелерiн талқылады. Премьер-министрмен жүздескен шетелдiк қалталылар энергетикалық саланың қордаланып қалған қиындықтар, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, тарифтiк саясат пен бағаны қалыптастыру әдiстемесiн жетiлдiруге, электр энергиясын өндiруге арналған тарифтiк саясат жөнiндегi ұсыныстарын жеткiздi. Әрине, жатжұрттық инвесторлар өздерiне қолайлы жағдайдың қарастырылғанына мүдделi. Ал бiздiң Үкiмет ұлттың мүддесiн негiзге алуы тиiс. Осы орайда, Мәсiмов ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаевқа Кеңес өкiлдерiмен келiссөздердi жалғастыра берудi тапсырды. Өз кезегiнде шетелдiк тарап келiссөздердi үзбеуге мүдделi екендiктерiн жеткiздi.

РЕСЕЙ МЕН АҚШ КЕЛIСТI

Ресей мен АҚШ ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы үкiметаралық келiсiмге қол қойды. Аталған құжат екiжақты сауда қатынасын дамытуға және ядролық материалдарды сақтау саласындағы ынтымақтастықты қалыптастыруға мүмкiндiк бередi.

Бұған дейiн дәл осныдай құжат Америка мен Қытай арасында қабылданған едi. 2006 жылы Путин америкалық әрiптесi Буш екеуi ядролық салада тиiмдi де тығыз қатынас орнату керектiгiн мәлiмдеген. Алайда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұстанған саясаттарының саналуандығы тараптардың ынтымақтастыққа деген талпыныстарын бәсеңсуге әкеп соққан. Бiрақ сейсенбi күнi Ақ Үй мен Кремль үкiметаралық құжатқа қол қойды. "Атом саласында бәсекелестiк пен бақталастыққа ұрынған Вашингтон мен Мәскеу екiжақты қарым-қатынасты реттеу арқылы ирандық проблеманы да бiрiгiп шешуi мүмкiн". Әлемдiк БАҚ арқылы кейбiр сарапшылар осындай болжам айтуда. 1979 жылғы Три-Майл-Айленд пен 1986 жылғы Чернобыльдегi қайғылы оқиғадан кейiн атом технологиясын зерттеудi көздейтiн шаралар тоқтап қалған. Бiрақ Мәскеумен жасалған келiсiм ядролық саладағы белсендiлiктi арттыруға ықпал етедi. Ал Мәскеу болса, ядролық материалдарды сақтаудан және экспорттаудан әлем бойынша ең iрi мемлекетке айналуы мүмкiн. Бұған дейiн ондай күш Американың қолына шоғырланғаны белгiлi.

ЕУРООДАҚ ИТАЛИЯНЫ СОТҚА БЕРДI

Еуропалық Одақ Неаполь қаласындағы дер кезiнде жиылмаған қоқыс үйiндiлерi үшiн Италия билiгiн сотқа бердi. Егер сот ЕО-ның қалдықтарды жинауға қатысты заңдарына ресми Римнiң қайшы келгенiн анықтаса, аса үлкен көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр.

Ресми деректерге сүйенсек, қала көшелерiнде 1000 тонна қоқыс жиналмастан, шiрiп жатыр. ЕО өкiлдерi бiраз уақыттан берi тазартылмаған көшелердiң тез арада ретке келтiрiлетiнiне сенбейдi. Сотқа шағымдануға итермелеген де осы жайт көрiнедi. Билiктiң немқұрайлылығына шамданған непольдiктер үйiлiп қалған қоқыстан өз беттерiнше арылудың мақсатында үйiндiлерге от қойыпты. 30 жерден жағылған алауды сөндiруге өрт сөндiрушiлердiң көмекке келген. 1994 жылдан басталған "қоқыс проблемасын" жаңа премьер Берлускони жуық арада шешетiнiн мәлiмдедi. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, Италияда соңғы 13 жылда мемлекет тарапынан қалалардың көшелерiн тазарту үшiн бюджеттен 2 млрд. еуро бөлiнiптi. Бiрақ шыққан нәтиже шамалы. Демек, кәрi құрлық алдымен көшелердi емес, жауапкершiлiктi ұмытқан адамдардың саналарын тазартқан жөн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары