АҚОРДА МЕДВЕДЕВТI КҮТЕДI

АҚОРДА МЕДВЕДЕВТI КҮТЕДI

АҚОРДА МЕДВЕДЕВТI КҮТЕДI
ашық дереккөзі
262

Кремльдiң жаңа басшысы ресми сапармен Астанаға келдi. Аяқ пен таяққа қатты көңiл бөлетiн халық тек қазақ емес қой, көршi ел де жаңа президенттiң ел басшысы ретiндегi алғашқы қадамын жiтi аңдып, бағып отыр.

Әзiрше, Медведевтiң Ақордаға бұл келiсiн сан саққа жүгiрткен ешкiм жоқ. Осы сапардан кейiн Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың жаңаша сипат алу мүмкiн екендiгi ғана айтылып жүр.

Медведев өз командасын жасақтауды күнi кеше ғана аяқтады.

Ол кадр саясатын президент әкiмшiлiгi қызметкерлерiн тағайындаудан бастады. Медведевтiң көмекшiлерi болып Александр Абрамов, Аркадий Дворкович, Сергей Приходько және Джахан Поллыева тағайындалды. Көмекшiсi-мемлекеттiк-құқықтық басқарма төрайымы қызметiн – Лариса Брычева, көмекшi-қадағалау басқарма төрағасы қызметiн – Константин Чуйченко атқарады. Кеңесшiлер қатарын Леонид Рейман, Вениамин Яковлев, Михаил Тринога, Михаил Зурабов пен Юрий Лаптев толықтырды. Ал президенттiң баспасөз хатшысы болып – Наталья Тимакова, протокол басшысы болып – Марина Ентальцева тағайындалды. Осы команданы, яғни президент әкiмшiлiгiн Сергей Нарышкин басқарады. Кезiнде Медведевпен бiрдей таққа "мұрагер" атанған Владислав Сурков Нарышкиннiң орынбасары болып тағайындалды.

Президент әкiмшiлiгiнiң төрт бiрдей басқармасын Путин кезiндегi адамдар басқаратын болды. Iшкi саясат басқармасына Олег Говорун, кадр мәселелерi мен мемлекеттiк сыйлықтар басқармасына Владимир Осипов, мемлекеттiк қызмет жөнiндегi мәселелер басқармасына Сергей Дубик, азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру жөнiндегi басқарма төрағасы болып Дмитрий Жуков тағайындалды. Жалпы, Медведевтiң кадрлық саясатында анау айтарлықтай жаңалық жоққа тән. Өйткенi ол Путин кезiндегi мемлекеттiк шенеунiктердiң көбiсiнiң орнын ауыстырып, басқа қызметтерге қайта тағайындап жатыр. Осыған қарағанда, Медведев елдегi саяси тұрақтылықты сақтауды кадрлар тұрақтылығынан бастағанды жөн көрген сияқты.

Путиннiң командасы ендi "Медведевтiң командасы" деп аты өзгергенi болмаса, заты сол күйiнде қалды.

Дегенмен, Путиннiң тiгiнен басқару жүйесiн кейбiр федералдық аймақ басшылары сынға алды. Татарстан президентi Минтимер Шаймиев президенттiң аймақтардағы өкiлеттi өкiлдерi институтын өте ебедейсiз деп атады, оның орнына аймақтармен жұмыс iстеудегi федералды басқарманы енгiзудi ұсынды. Бұл ұсынысқа Медведев құлақ аса ма, жоқ па — уақыт көрсетедi.

Осыдан екi жыл бұрын бiрiншi вице-премьер қызметiн атқарып жүрген Дмитрий Медведев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Ресейдегi экономикалық реформалар туралы үлкен баяндама жасады. Сол кездiң өзiнде Медведевтiң экономикалық саясаты мемлекеттiк корпорация құруға ойысатындығы белгiлi болған. Путин экономиканың кейбiр салаларында мемлекеттiк монополияны сақтауды көздесе, Медведев, керiсiнше, iрi мемлекеттiк корпорацияларды құру және қолдау қажеттiгiне көбiрек көңiл бөледi. Ал шетелдiк инвесторларға Медведев әдiл бәсекелестiк шарттарын ұсынып отыр. Медведев, сондай-ақ, Ресейдi әлемдегi iрi көлiк дәлiзiне айналдыруды көздейтiнiн де жасырмады.

Үкiмет басшысының орынбасары кезiнде Медведевтiң өзi мұрындық болған осы бағдарламаны iске асырудың ендi сәтi түсiп отыр. Медведевтiң экономикалық саясатқа айрықша көңiл бөлетiндiгi байқалып тұр. Путиннiң тұсында әуелi саяси реформалар жүзеге асырыл¬са, экономиканы екi аяғынан нық тұрғызу — жаңа президенттiң мiндетiне айналмақ. Ресейдi әлемдегi экономикасы қуатты елдердiң бiрiне айналдырғанда ғана Медведев Путиннiң беделiне пара-пар абыройға ие болады. Ұстаздан шәкiрт оза ма? Әбден мүмкiн.

Медведев президенттiкке сайлана салысымен, «Financial Times» газетiне сұхбат бердi. Осы орайда, кейбiр ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдарының дүдамал ойда қалғаны рас: неге Ресей президентi бiрiншi сұхбатты шетелдiк басылымға беруi тиiс? Шамасы, өткен сайлауда 72 пайыз дауысқа ие болған Медведевтi ел iшiндегi беделден гөрi шетелдегi имиджi көбiрек мазалайтын болса керек.

P.S. Медведевтiң ел басшысы ретiндегi алғашқы аяқ алысы жаман емес сияқты. Қазақта "келiннiң аяғынан…" деп жатады ғой, осы мәтелдiң мазмұнына орайластырсақ, Кремльдiң жаңа басшысының ел билеу мерзiмiнiң жарқын оқиғалармен басталуын көршiлер жақсы ырымға балап отыр. Талай жыл әлем додасында жеңiске қолы жетпей жүрген Ресей хоккейшiлерi биыл чемпион атанды. Медведевтiң жерлестерi – санкт-петерборлық "Зенит" командасының футболшылары да ақтық ойында Шотландияның "Глазго Рейнджерс" командасын 2:0 есебiмен жеңiп, УЕФА кубогын иемдендi. Медведев жеңiмпаз спортшыларды Кремльде қабылдап, өз ырзашылығын бiлдiрдi. Спортта ғана емес, саясатта да айы оңынан туатындығына сенiмдi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары