ОРАЛМАНДЫ ОЙЛАМАЙМЫЗ!

ОРАЛМАНДЫ ОЙЛАМАЙМЫЗ!

ОРАЛМАНДЫ ОЙЛАМАЙМЫЗ!
ашық дереккөзі
265

Қазақ мектебi түлектерi орыс тiлiнен тест тапсыруға қарсы

Биылғы түлектердiң мемлекеттiк тiлден ұлттық бiрыңғай тест тапсыратындығы туралы ақпаратты естiгенде қуанғанымыз рас. Әйтiп-бүйтiп жүрiп орыс мектебiнiң түлектерiн әрең дегенде қазақ тiлiнен тест тапсыратын жағдайға жеткiздiк дедiк. Бiрақ қуанышымыз алысқа барған жоқ. Өйткенi, бұл жағымды жаңалықтың ақыры қазақ мектебiн тәмамдағандар орыс тiлiнен тест тапсырады дегенге кеп тiрелдi. Алайда, Үкiметтiң қазақ балаларын орыс тiлiнде сөйлетпекшi болған iс-әрекетi талапкерлердi шошытуда.

Орыс тiлiнен тест тапсырғанда одан жиналған балл талапкердiң жоғарғы оқуға түсуiне ешқандай әсер етпейдi десе, қазақ мектептерiнiң оқушыларына орыс тiлiнен тест тапсыруды мiндеттеп отырғаны түсiнiксiз. Сорақысы сол, қазақ тiлiнiң бағасы жоғары оқу орнына түсу үшiн емес, аттестат алу үшiн ғана есептелетiн болыпты. Мiне, дәл осы жайт қалың бұқараның наразылығын тудырып отыр. Елiмiздегi ұлтшылдар болса, "орыс тiлiнен емтихан тапсыруды мiндеттеуге Қазақстанда негiз жоқ" деп дабыр көтерсе, басқа елден ауып келген қандастар "Бұл — ұлттық трагедия" екендiгiн ашына айтады.

Бiр-екi күндiкте елiмiздiң телеарналарында Маңғыстау облысы, Қарақия ауданындағы түлектердiң елу пайызы ҰБТ тапсырудан бас тартқандығы жөнiнде ақпарат таратылды. Аудандық бiлiм басқармасы осының салдарынан ҰБТ тапсыруға тiлек бiлдiргендер 14 пайызға кемiп кеткенiн, аталған аудан бойынша биыл мектеп бiтiретiн 408 түлектiң 222-сi ҰБТ тапсырғысы келмейтiнiн ашық бiлдiргендiгiн мәлiмдедi. Жергiлiктi ұстаздар қауымы бұл наразылыққа еш қарсылық танытпаған. Өйткенi, өз бiлiмiне сенбеген түлек орыс тiлiнен тест тапсырудан бас тартуға қақысы бар. Неге десеңiз, оқушылардың көпшiлiгi орыс тiлiн жетiк бiлмейтiн оралмандар. Мұндай жағдай республиканың кейбiр қазақы аудандарында да орын алуда. Алыстан келген ағайын-жұрт орыс тiлiнен мiндеттi түрде тест тапсыру керектiгiн ести сала наразылығын ашық бiлдiрдi.

Бұл жөнiнде қоғам қайраткерi Амангелдi Айталы: "Сол өзгерiстi қасқыр да тоқ, қой да аман болсын деп енгiзiп отыр. Бұл жартылай шара. Елiн, тарихын сыйлайтын халық барлық мемлекетте мемлекеттiк оқуға түсерде, мамандық алғасын да өз тiлiн бiлуге мiндеттi. Сондықтан бұл — қазақ тiлiне iштей қарсылықтың бiр көрiнiсi" – дейдi. Ол сондай-ақ, "Мектеп бiтiрушi мiндеттi түрде ана тiлiмiзден емтихан тапсыру керек дегендi депутат болған кезiмде ұсынған едiм, бiрақ жолымды кескендер аз болмады" — деп күйiнсе, тестiлеу орталығы: "Биылғы жаңа ережеге қатысты шу көтерудiң қажетi жоқ" — деп отыр.

Мәселен, Ұлттық тест орталығының басшысы Исатай Сағындықов өзiнiң берген түсiнiктемесiнде: "Бiр ғана шарамен бүкiл мәселенi шешемiн дегендердi түсiнбеймiн. Мектептi бiтiрушi қазақ тiлi мен орыс тiлiн меңгеру керек деген сөз бар. Бұның қазақ тiлiн меңгеруге әсерi тиедi" деген желеудi айтқан.

Ұлтжандылардың бас ауруына айналған мәселе бұл ғана емес. Биылдан бастап қазақ бiлiм шаңырақтарының түлектерi де орыс тiлiнен тест тапсырулары қажет. Егер алтын белгiге үмiткерлер ресми тiлден сүрiне қалса, 11 жыл бойғы еңбегi зая кетпекшi.

"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшiсi Дос Көшiм: "Қазақ мектебiн бiтiргендердiң орыс тiлiнде тест тапсыруы ақылға қонбайтын мәселе. Мұның заңдық негiзi жоқ. Орыс тiлi бiзде мемлекеттiк тiл емес, оның статусы жоқ, тек диаспора тiлi ғана. Бiлiм министрлiгi оны қандай мақсатпен енгiзiп отырғанын түсiнбеймiн" – дейдi жауапсыз сұрақтың астарына үңiлiп. Рас, ұлтжанды азаматтардың сөзiнiң жаны бар. Атамекенiне кеше келiп, басқа ортаға бейiмделе алмай жатқан оралмандардың жағдайын ойлап жатқан кiм бар, осы?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары