БИЫЛ ТҮРКIСТАН ДА ЖҮДЕП ТҰР

БИЫЛ ТҮРКIСТАН ДА ЖҮДЕП ТҰР

БИЫЛ ТҮРКIСТАН ДА ЖҮДЕП ТҰР
ашық дереккөзі
253

Сырдарияның оң жақ жағалауында, Қаратау жотасының етегiнде орналасқан бiздiң үлкен ауыл туралы көп жазылды ма, жоқ жазылмады ма бiлмеймiн, бiрақ ақын да, ғалым да, оқыған-тоқыған зиялылар да ой толғап, қалам тербедi. "Үлкен ауыл" деп отырғаным — түркi халықтарының һәм бүгiнгi қазақ елiнiң рухани астанасы — Түркiстан. Ал, бұл жолдардың авторы мен — ақын да, ғалым да емеспiн, жәй осы қасиеттi топырақтың қарапайым жас тұрғындарының бiрi ғанамын.

Менiңше, Түркiстандай жерде туып, патриот болмау күнә! Терең тарихтың тылсымы дiнiңдi тануға, тiлiңдi қастерлеуге, ұлтыңды ұлықтауға ерiксiз жетелейдi.

Осыдан бiрер жыл бұрын тәуелсiз елiмiзде Түркiстанды бiлмейтiн қазақ жоқ деп ойлаушы едiм. Қателесiппiн. Өндiрiстiк тәжiрибеден өтуге Алматыға келгенiмде, кездейсоқ 23-25 жас аралығындағы қазақ азаматымен таныстым. Ол менен:

— Қарындас, қай жерден боласыз? — деп қазаққа тән қасиетпен жөн сұрады.

— Түркiстаннан.

— Түркiстан?… Ол Қазақстаннан алыс па? Онда түрiктер тұра ма, әлде өзбектер ме?

— Кешiрiңiз, Түркiстан — Шымкенттiң iргесiндегi қала ғой… Сiз орта мектептi қай жерде, қай тiлде бiтiрдiңiз?

— Ауылда, қазақша.

— Түркiстан — түркi халықтарының рухани ордасы, кiндiк ордасы. Ол туралы тарихта жазылған ғой. Айтпақшы, Мағжанның "Түркiстанындағы" "Көп түрiк еншi алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!" деген жолдар анау-мынау тарих оқулықтарынан он есе артық. Қазақ хандығын Керей мен Жәнiбек құрғанда астананы Түркiстан етуi де — тарихтағы нақты дерек. Тарихты танымау — бұлдыр болашақ емес пе?!

— Бiз мектепте оқығанымызбен, ондайларға көңiл бөлмеппiз-ау, — деп қызарақтап қалды ол.

Мұнан кейiн ол жiгiттi ұрсып-сөгу де орынсыз шығар. Бар қасiретiмiз — осы көңiл бөлмейтiндiгiмiзден ғой бiздiң. ЮНЕСКО шеңберiнде Түркiстанның 1500 жылдығын дүрiлдетiп өткiзсек те, қала Республикалық мәртебеге ие бола алмай тұр. Жанашыр ұлт азаматтары етектей-етектей мақалалар жазып, қанша мәселе көтергенiмен, билiктегiлер кiрпiк қағар емес. Тiптi, Қ.А.Ясауи мавзолейiне Түркия мемлекетi жөндеу жұмыстарын жүргiзгенде, Қазақстан ғалымдарын бұл iске араластырмады. Содан тарихи жәдiгерiмiз саналатын мавзолей көп зиян шектi. Бұған Мұрат Әуезов секiлдi ұлт азаматтары дабыл қақпағанда, кiм бiледi, құрылыстың тiзгiнiн өз қолымызға ала алмас па едiк?!

Түркiстанды танытудың ең тиiмдi тәсiлi — туризм саласын қолға алу. Оңтүстiк өңiрi — әулие-әмби¬лелер мекенi. Қазақ ежелден ырымшыл халық болғандықтан, әулие-әмбиелер бейiтiне дұға етiп, тiлек тiлейдi. Мәселен, "Арыстан бабқа түне, Түркiстанда тiле" дейтiн халқымыз Арыстан бабтың кесенесiне келгеннен кейiн, Қ.А.Ясауи мавзолейiне мiндеттi түрде тәу етедi. Алайда, Түркiстан-Шәуiлдiр тас жолының ойдым-ойдым жолдары туристердiң жүйкесiне әжептәуiр салмақ түсiредi, сондай-ақ, аралыққа арнайы көлiктер қатынамайтындығы да қолайсыз. Жалғыз-жарым келушiлер "Ақ жол", "Ата жолы" секiлдi дiни ағым өкiлдерiнiң керуен-көлiктерiне мiнiп, олар айтқан пәлсапаға құлақ асуға мәжбүр.

Биыл Оңтүстiкке "пәле" тiлден емес, судан болды. Мақтаралдағы ағайындардың тұрғын үйлерiн, қора-қопсысын, мал-жайын, дүние-мүлкiн су алып, шығынға ұшыраса, Түркiстан халқы ауыз су мәселесiнiң шешiмiн таба алмай жүр. Қаһарлы қыстың аязына шыдамай, Түркiстандағы көп үйлердiң су құбырлары iстен шықты. Қыс бойы жақын маңдағы ауылға барып, кiр-қоңымызды жуып, ас-суымызды полиэтилендi тығынды ыдыстармен тасып iштiк.

Көктем келгелi ауылымыз кiшiгiрiм көлшiкке айналды. Өйткенi, әбден тозығы жеткен құбырлардан су атқылап жатыр. Қарапайым тұрғындардың бас қатырар проблемасы тек бұл емес, көп қабатты үйлерде жылу жүйесi атымен жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, көршiлес Кентау қаласында мұндай проблемалар оң шешiмiн тапқан.

Қымбатшылық, инфляция халықты тұқыртып-ақ тастады. Азық-түлiк, коммуналдық қызмет ақысы барар жерiне барып жеттi. Қой мiнездi қазақ оған пәлен деп дау айтпай, бәрiне көнiп отыр әзiрге. Сапасыз қызмет түрлерiнiң қадам сайын алдымыздан көлегейлеп шыға беретiндiгi өкiнiштi. Қоғамдық көлiктер жұмыс уақытын кейде ерте аяқтауға құштар-ақ. Соның салдарынан сабақтан, кiтапханадан кешкi жетi жарымнан кейiн шыққан студенттер мен оқушылар аялдамада қалып та қояды. Соңғы кездерi, неге екенi белгiсiз, Түркiстандағы қоғамдық көлiктердегi автобус сандары күрт азайып, орнына "Газель", "РАФ" автокөлiктерi қаптап кеттi. Бұл халықтың тұтынуына қолайсыздық әкелуде. Бiрақ, халық пiкiрiмен санасар ешкiм жоқ.

Басқа қаладағыдай емес, Түркiстанда афиша iлiп қойсаңыз, соның өзi бiр үлкен өзгерiстей көрiнедi. Ал, құрылыс басталса, оның жөнi мүлдем бөлек. 2007 жылдың қыркүйегiнде "Этнографиялық гүлзардың" құрылысын аяқтап, халықтың пайдалануына берiледi деген сықпыттағы афишаны көрiп, құрылыс алаңына мойын соза-соза үмiттi де үзетiн болдық. Үмiттiң күдiкке айналғаны қашан.

Барлық ауылда үлкен бiр немесе екi көше болады ғой. Ауылға келiп-кететiндер сол жолмен керi қайтады. Сол сияқты Түркiстанда да ұзыннан жалғасатын екi көше даңғылы бар. Сырттан келушiлер үшiн ол даңғыл жолдарда "Мавзолей", "Университет", "Базар", "Вокзал" деген аялдамалар ғана қамтылған. Былайғы қараусыз қалған ұсақ көше жолдарының сапасыздығын Астанадан келген атқамiнерлер бiле де бермейдi. Жол салу игiлiктi iс болғанымен, бүгiнде оны ойлайтын азаматттар жоқтың қасы. Есесiне, қалталылар қазақтың тойшыл халық екенiн мықтап ескерiп, мейрамханалардың, кафе-барлардың сапа емес, сан жарысының көрiгiн қыздыруда.

Жадыра НАРМАХАНОВА,

Түркiстан қаласы

Р.S. Бұл қазiргi Түркiстан туралы бiз айтқан азды-көптi ащы шындықтың бiр парасы. Дегенмен, мұндай шындығына қарамай, Түркiстан халқы қазақтың тiлiмен, дiлiмен, дiнiмен жасай беретiн үлкен күретамыр ауылдай. Түркiстанның мызғымас ақиқаты — қазақ руханиятының ордасы болып қала беретiндiгiнде. Олай болса, ақиқатты аласартпай, шындыққа тура қарайық!

Серіктес жаңалықтары