БЕДЕЛ ҚАНША ТҰРАДЫ?

БЕДЕЛ ҚАНША ТҰРАДЫ?

БЕДЕЛ ҚАНША ТҰРАДЫ?
ашық дереккөзі
292

"Бедел: барлығын ақшаға сатып алуға бола ма? Ол неғылған ақша? Бiз туралы сырт пiкiрдiң түсiнiгi қандай?"… Алматыда төртiншi мәрте өткiзiлген жарнамашылардың форумында осындай сауалдар басты назарда болды.

Көптеген сарапшылар пiкiрiнше, Қазақстандағы компаниялар бедел мәселесiн ендi жете түсiне бастады. Бiрақ олардың басым бөлiгi әлi күнге "кез келген адамның орнын басатындар табылады" деген ұстанымда. Яғни, беделдi қызметкерге жағдай жасап, оларды қызықтыруға аса мүдделi емес. Аумалы-төкпелi кезеңде саналуан қиындыққа төтеп беруге қауқарлы да тәжiрибелi ұжымды қалыптастыруға басшылар қауымы ынта бiлдiрмей отыр. Әрине, тәжiрибелi маманның өз еркiмен жұмыстан кетуi – компанияның беделiне сын. Осы орайда, Алматыда өткен IV Халықаралық PR-форумда мемлекет пен кәсiпкерлiктiң беделi, банктердiң қауқары мен қажыры, әлемдiк қаржылық дағдарыстың ықпалы, бизнес пен билiктiң арақатынасы, тiптi лондондық сайқымазақтың (Коуэн) псевдоқазақ Борат пен Қазақстан жайлы түсiрген фильмi де таразы басына тартылды.

Журналистер қауымы банктер мен компанияларға "дер кезiнде нақты әрi шыншыл ақпарат бермедi, оқырмандар мен көрермендер алдында ұятқа қалдық" деп өкпелесе, банктер керiсiнше, "әлемдiк қаржылық дағдарыс пен қазақстандық қаржы саласының аухалы жайлы жазатын журналистер жоқтың қасы" деп тоң-терiс.

"Ұлар-Үмiт" ЖЗҚ Басқарма төрайымы Гүлнар Әлiмғазиева PR-қызметтiң маңызы өте жоғары екендiгiн және өкiнiшке қарай, елiмiздегi компаниялардың барлығы дерлiк жарнамалық мәселелермен тұрақты айналыспайтындығын көлденең тартады: "Кейде ақпарат керi әсер етедi. Мерзiмiнен кешiккен немесе толық емес мағлұмат елдiң тартымдылығына кесiрiн тигiзiп, өзгелердiң күдiкпен қарауына негiз болады". Әлiмғазиева ханымның айтуынша, мұндай келеңсiздiктер жаңсақ пiкiрлердiң қалыптасуына және жағымсыз жайттардың тым қоюлатып көрсетiлуiне әкеп соғады. Сонымен қатар мүдделi тараптар төнген қауiптiң алдын алуда қапы қалууы да әбден мүмкiн.

Қазақ қоғамында күн тәртiбiнде тұрған тағы бiр мәселе: құрылыс саласындағы қиындықтар. Былтыр Үкiмет әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқыны тимес үшiн шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, құрылыс нысандарын аяқтауға және банктерге қолдау ретiнде мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллар бөлуге шешiм шығарғаны белгiлi. Өкiнiшке қарай, белгiленген мерзiмде құрылысы аяқталмаған нысандар көбейiп, үлескерлердiң наразылығы күшейiп барады. PR-форумға қатысушылар аталған келеңсiздiктерге құрылыс нарығындағы қиындықтардың қордаланып қалуына құрылыс процесiне қатысушылардың барлығы да кiнәлi екендiгiн айтады. Initiative Group компаниясының өкiлi Наталья Дубкова кез келген дағдарыстың жекелеген компаниялар мен мемлекеттердiң беделiне орасан зор нұқсан келтiретiнiн, дамыған елдерде әрбiр дағдарыстан арылудың жолдары жүйелi түрде жолға қойылғанын жеткiздi. Ал бедел мәселесiне келсек, нарықтың барлық мүшелерi, тiптi, мемлекет тәжiрибе жинақтау үстiнде. Ал кiршiксiз репутация туралы тек 25-50 жыл қызмет етiп келе жатқан компаниялар ғана әңгiме айтуға құқылы. Осы орайда, Қазақстандағы Құрылысшылар қауымдастығы кеңесiнiң төрағасы Айдын Рахымбаев үлескерлер мен үйлерi бұзылуға жарлық шыққандарға қатысты сауалдарға мардымды жауап бере алмады. Аталған бас қосуда «биыл үй бағасы өседi» деген болжамдардың мүдделiлер мен риэлторлардың әдейi таратқан ақпараты деген де пiкiрлер айтылды.

Форумда қазақстандық қаржы саласы жайлы сөз қозғаған қатысушылар банктердiң ахуалына тоқталды. Мысалы, Каспий банкiнiң басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе қазақстандық банктердiң қызметiнен тұратын қаржы саласы 2007 жылдың маусымынан берi бiраз тәжiрибе жинақтағанын айтты. Әсiресе, беделге нұқсан келтiретiн жайттардың алдын алу төңiрегiнде: "Бүгiнде инвесторларды толғандырған сұрақ көп. Кәсiпкерлiктi жүргiзу моделiне және қаржылық көрсеткiштерге қатысты. Кәсiпкерлiктiң келешегi тәуелдi осы сауалдарға жауап беру қажет. Бiз инвесторларымыз бен клиенттерiмiзге банк туралы мағлұматтарды қатар беремiз. Банк неғұрлым ашық әрi жария болған сайын оған деген сенiм де соғұрлым жоғары болады".

REAL-INVEST.kz компаниясының басшысы Данияр Әзiмханов Валют-Транзит Банктiң, Нұрбанк пен "Қуат" корпорациясының төңiрегiндегi алып-қашпа әңгiмелер мен келеңсiздiктер әлемдiк қауымдастық алдында Қазақстан беделiне кiрбiң түсiргенiн, алайда, мұндай жайттың кез келген дамыған және дамушы елде етек алуы мүмкiн екендiгiн айтты. Оның пiкiрiнше, мемлекеттiң беделi таразыға тартылатын жағдайларда билiк белсендiлiк танытуы тиiс. Келеңсiздiктердiң келешекте қайталанбауын да қамтамасыз ететiн Үкiмет: "Дағдарыстың экономиканың барлық саласына тигiзген зиянын салмақтайтын – мемлекет. Талдау жасай отырып, оны жария түрде көрсетiп, дағдарыстың алдын алатын шараларды қабылдауы тиiс. Шаралардың жүзеге асырылуын қатаң қадағалау да мемлекеттiң мойнында. Жұмыс барысы туралы қарапайым халыққа, кәсiпкерлерге және халықаралық қауымдастыққа мемлекет нақты мәлiметтер беруi керек.

31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасының бас продюсерi Ержан Сүлейменов БАҚ өкiлдерiнiң ақпарат алуын шектейтiн бiрнеше себептi ортаға жайып салды: «статистиканың жоқтығы, қаржылық басылымға жатпайтын газет, журналдардың ақпаратты өңдеудегi қиындықтары, болған оқиға, құбылысты қарапайым тұтынушыға түсiнiктi тiлмен жеткiзiп беретiн спикерлердiң, бұқаралық сарапшылар мен талдаушылардың жоқтығы. Оның үстiне, дағдарыстық кезеңде дағдарысқа қарсы саясат та маңызды рөл атқаратыны белгiлi».

Форумға қатысушылар "беделдiң құны қанша тұратыны" туралы бас қатырды. Кейбiр сарапшылар "кез келген беделдi сатып алуға болады" деген пiкiрдi ұстанса, кейбiрi керiсiнше, "сатып алынбайтын бедел" жайлы ой қозғады. Бiрақ пiкiрсайыс мүшелерi "компанияның беделiн жоғарылату iсiмен топ-менеджмент айналысуы қажет" деген тоқтамға бiрауыздан келдi. Каспий банкiнiң басшысы Ломтадзе: "Менiңше, топ-мендежменттiң бедел туралы мәселесi – кез келген кәсiпкерлiктiң басты бәсекелестiк артықшылығы. Директорлар кеңесiнде ел қадiрлейтiн тұлғалардың болуы клиенттер мен инвесторларға көп жайттан хабар берсе керек". Тағы бiр маңызды жайт, сарапшылар пiкiрiнше, министрлiктер баспасөз қағаздарын таратумен шектелмей, тығыз қатынас орнатуы тиiс. Мысалы, былтыр қаржылық дағдарысқа байланысты қазақстандық банктердiң қауқарын таразылаған халықаралық рейтингтiк агенттiктер бiздiң елiмiздегi банктердiң болжамдарын төмен бағалағаны белгiлi. Ломтадзе мырза мемлекет барлық халықаралық рейтингтiк агенттiктермен қоян-қолтық жұмыс жасауы керек деген ұсыныс айтты. Өйткенi, нарықтағы жоспарлар мен келешекке қатысты болжамдар осындай агенттiктердiң болжамына тiкелей қатысты. Әрi былтырғы рейтингтiк көрсеткiштердiң төмендеуi Қазақстанның әлемдiк қауымдастық алдындағы беделiнiң төмендеуiне әсер еткенi анық.

Айтпақшы, бұқаралық ақпарат құралдарынан құлаш-құлаш жарнамалық мақалалар таратып, үздiксiз жарнама жасаған кейбiр компаниялардың клиенттерi алдындағы қарызының қордаланып қалуына, есесiне, жауапкершiлiк сезiмiнiң жоғалуына кiм кiнәлi деген мәселе көтерiлдi. Бұл әсiресе, үлескерлерiн алдап кететiн құрылыс компанияларына қатысты. Форумға қатысушылардың кейбiрi ондайлардың жарнама жасауына тыйым салынсын десе, ендi бiрi БАҚ өкiлдерi ақшаға қызығып, келешегi мен кепiлдiгi күмәндi жарнамаларды жасаудан аулақ болуы тиiс дейдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары