КҮЗДЕГI АСТЫҚ ҚАЙДА КЕТТI?

КҮЗДЕГI АСТЫҚ ҚАЙДА КЕТТI?

КҮЗДЕГI АСТЫҚ ҚАЙДА КЕТТI?
ашық дереккөзі
251

Астық экспорттап, ел байи ма десек…

Қазақстан — астық өндiруден әлем бойынша алтыншы мемлекет.

Бiрақ, Үкiмет осы көктемнен бастап экспортталатын астық көлемiн қысқартуға, мүлдем тоқтатуға шешiм қабылдады. Әлем бойынша астық өнiмдерi қымбаттап жатқанда бiздiң Үкiмет астық сатуды неге шектейдi, керiсiнше, дихан, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi жаздайғы табан ақы, маңдай терiмен жиған өнiмiн осындай баға шарықтап тұрғанда экспортқа шығарып, пайдаға кенелмей ме?

Мамандардың айтуы бойынша, бiздiң iшкi рыногымызда 6-7 миллион тонна көлемiндей ғана астық өнiмдерi пайдаланылатын көрiнедi.

Iшкi рынок тапшылық сезiнетiндей сонда былтырғы өнiм түгел экспортқа шығарылып үлгерiлдi ме?

Жалпы елiмiзде күзде айтылған 22 миллион тонна астық жиналды ма екен? Әлде…

Кезiнде Қазақстанда миллиард пұт астық жиналса, бүкiл Кеңес одағы алашапқын болатын. Қазақ республикасының барлық күш-қуаты осы астық жинау науқанына бағышталып, басқа республикалардан механизаторлар мен автомашина жүргiзушiлер келетiн. Республиканың студенттерi күзгi бiр айын осы науқанға жұмсайтын.

Соның өзiнде астық жинау соңы жаңбырға ұласып, орылып үлгермеген астық қар астында қалушы едi ғой..

Осындай күшпен алған өнiмдi зорға миллард пұтқа жеткiзушi едi. Ол миллиард пұт — 16 миллион тонна астық! Оның да талайы жоғары орынның талабы мен қысымына шыдамаған соң облыстардың қосып жазған мәлiметi болуы мүмкiн.

Қазақстан 2007 жылы ешқандай дабырасыз, тып-тыныш, қиналмай-ақ, ешкiмнен көмек сұрамай-ақ 22 миллион тонна астық жинап, қоймаға құйып алды.

1.5 миллиард пұтқа таяу астық!

Ел-жұрт тоқшылық болар деп, диханның еңбегi жанды деп алақайлап қуанды. Сол қыруар астықтың жарты жылға жетпей-ақ шетi көрiнiп қалғаны.

Ендi, «Шынымен жаңағыдай көлемде астық жиналды ма?» деген сұрақ тұрады көкейде. Сонша астық жинайық деп жанталасқан жұртты да көрмедiк өткен күзде. Бiрақ мұның артында тек мәлiмет қана тұр ма!? Осыншама астық орып-бастыруға, жинауға Үкiмет қанша жанармай, қосымша қаржы бөлдi. Осы қыруар қаражат дихан қалтасына түстi ме, әлде жалған мәлiмет қоржынында кеттi ме?!

Жалпы, бiзде ауыз толтырып айтар, кеуде керiп мақтанар дүние көп қой. Бiрақ, соның қызығын шын мәнiнде халық көре алмай отырғаны әр түрлi ойға жетелейдi.

Көз көрiп, құлақ естiмеген мол астық қоймаға сыймай жатыр, жарлы байитын болды, қарны ашқанның құрсағы томпаятын болды деп ел шын мәнiнде қуанып едi.

Ендi әр күнiне қиналады. Ертеңгi күнi нан қымбаттаса жағдайымыз не болады деп әр таңын уайыммен қарсы алады. Кеше ғана газдың бағасы қымбаттады. Шетелге сатамыз, пайдаға шаш-етектен батамыз деп жатыр мықтылар. Дұрыс қой, барды базарлай бiлсек, пайдасын көрсек тамаша! Бiрақ, өзiмiздiң көптеген қалаларымыз газ жетпей дiрдектеп шыққаны да есте. Ендi бензин қат болып барады. Қалайша?!

Көңiлде сұрақ көп. Қоймаға сыймай жатқан нанға қашан тоямыз?

Ұлан-байтақ жерден ұлтарақтай жер тиiп, бәрiмiздiң баспанамыз болар ма?!

Жер астына сыймай атылып, жанып жатқан мұнай мен газдың жылуын қашан жаппай өзiмiз көремiз?

Әлде алтын жұмыртқаны басып отырып, аштан өлемiз бе?

Асқар САҒАТБЕК

Серіктес жаңалықтары