ЕКI ЕЛДIҢ, ЕКI ЗАҢҒАРЫ

ЕКI ЕЛДIҢ, ЕКI ЗАҢҒАРЫ

ЕКI ЕЛДIҢ, ЕКI ЗАҢҒАРЫ
ашық дереккөзі
232

1983 жылы 3 ноябрь түнiнде, Советтер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң Саяси бюросына кандидат Өзбекстан коммунистiк Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Социалистiк Еңбек Ерi атағын екi мәрте алған мемлекет және қоғам қайраткерi Шараф Рашидов Қарақалпақстан Республикасының астанасы – Нөкiс қаласында, өзiнiң дем алатын вагонында жарық дүниемен қоштасып көзiн жұмды.

Осы қайғылы оқиғаны сапарлас журналист ретiнде көзбен көрген жанмын. Советтер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң бас хатшысы Ю.В.Андроповтың жаңа сайланған кезi болатын. Сол кiсiден үлкен тапсырма болған. «Шараф Рашидов сiз биыл да 6 миллион тонна мақтаны тапсыруыңыз керек, жылдың аяғында маған рапорт бересiз» деген. Бiрақ сол жылы Өзбекстанда мақтаның шығымы, өнiмi нашар болды.

6 миллион тонна мақта беру мүмкiншiлiгi жоқ едi. Жизақ, Самарқанд, Науаи, Бұхара, Хорезм, Қарақалпақстанды аралап көрген Шараф Рашидов дихандармен жүздесiп, бөлiсiп, Кремльге мақта планын орындау жөнiнде рапорт бере алмайтынына көзi жеткен едi.

Бұрын да жүрек талмасын алған Шараф Рашидов "Инфаркт" ауруынан түнгi сағат 2.30-да жарық дүниемен қоштасты. Түнiмен қайғылы хабарды Москваға, Ташкентке, Өзбекстанның барлық облыстарына таратып жатты. Таңертең Ташкенттен бiрнеше ұшақтар ұшып келiп, Қарақалпақстаннан жансыз дененi алып ұшып кеттi. Сол кездерi Өзбекстан жалауы төмен түсiрiлiп, Өзбекстан көлемiнде 3 күн аза тұтар қаралы күн жарияланды. Өзбек радиосы, теледидары, газет-журналдары қайғырып жазып жатты. Қаралы мұза тынымсыз ойналуда. Шараф Рашидовты жерлеуге Москвадан, одақтас республика басшылары келдi. Мәйiттi Ташкенттегi Қызыл алаңға әкелiп жерледi.

Өзбекстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып Усманходжаев сайланды. Көп кешiкпей Шараф Рашидов туралы жаман пiкiрлер айтып, сынаумен болды.

Москвадан нұсқау болды ма, әлде өзi Кремльге жағынғысы келдi ме, Қызыл алаңға жерленген Шараф Рашидовтың мүрдесiн қазып алып, мәйiтiн басқа жаққа апарып қойғызды. Көптi көрген қариялар Усманходжаевқа ренiштерiн бiлдiрiп, терiс баталарын бергенiн көрген едiм. Өзбекстанның барша обкомның бiрiншi хатшылары, райком, райсполком, совхоз директорлары, министрлер топ-тобымен қамалып жатты.

Гдлян мен Иванов Өзбекстанның атқа мiнерлерiн тоқытып түрменi толтырды. Үлкен көлемде пара алғаны үшiн Усманходжаевтiң өзiн де Москва түрмесiне жапты. 7 жылға бас бостандығынан айырды. Рашидовтiң сүйегiн басқа жаққа жерлеу үшiн алып жатқанда Усманходжаевтi сөккенiм үшiн сол жердегi қауiпсiз комитетiнiң қызметкерлерi өздерiне апарып 7 күн қамады. Басыма қара қап кигiзiп, «Сен неге Усманходжаевтi балағаттадың» деп азаптады. Әйтеуiр, абырой болғанда, Өзбекстан қауiпсiз комитетiнiң төрағасы шақырып алып: "Жайыңа қарап жүрмейсiң бе? Сенiң, менiң қолымнан не келедi? Бар үйiңе", — деп, босатып жiбердi. Кейiн бiлсек сол Рашидовтiң ағайыны екен. Кейбiр министрлер, обком хатшылары азапқа шыдамай өз-өздерiне қол жұмсап, "Өзбек iсiнiң" құрбаны болды. Көп ұзамай Кеңес үкiметi ыдырап, әрбiр одақтас республика өзiнше мемлекет болып жалауын көтердi. Өзбекстанның тұңғыш президентi болып Ислам Каримов сайланды.

Шараф Рашидовтiң 75 жылдық мерекесiнiң қарсаңы болатын. Каримов оны бұрынғы орнына Қызыл алаңға мәйiтiн әкелiп қайта жерледi. Сол тойға Ислам Каримов Шараф Рашидовтiң досы, Советтер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң Саяси бюросына мүше болған Қазақстан Коммунистiк Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы, мемлекет басшылары арасында Орта Азия мен Қазақстан бойынша Социалистiк Еңбек Ерi атағын тұңғыш үш мәрте алған мемлекет қоғам қайраткерi Димаш Ахметұлы Қонаевты Өзбекстан халқының құрметтi қонағы әрi досы ретiнде арнайы шақырды. Ол жасының ұлғайғанына, денсаулығының сыр берiп жүргенiне қарамай келдi. Өзбекстанның ақпарат құралдары, теледидарлар Қонаевтың келгенiн хабарлап жатса, ташкенттiктер жақсы ырымға жорып, Қызыл алаңға қарай ағылды. Жақсының да, жаманның да халықтан шығатыны рас. Ал дананы, кемеңгер мен кемелдi, халық әрқашанда құрмет тұтады.

Димаш аға, ақ жүрек, мейiрiмдi, айналасына шапағат нұрын шашып жүретiн ғажап жан. Димаш ағаның қоңыр даусы, келiстi келбетi, адамға мейiрлене қарайтын мейiрiмдi жүзi әлi күнге дейiн көз алдымда.

Көңiлi кең даладай дархан, жаны да, жүрегi де жомарт Шараф Рашидов өте-мөте қонақжай едi. Атақ-даңқына қарамастан ағамыз соншалықты қарапайым едi. Далалық пен даналықтың, ұлылық пен кiшiлiктiң үлгiсiн бiз Шараф әкадан көрдiк. Бiреуге қатты сөз айтып, көңiлiн қалдыру ол кiсiге жат болатын. Кiмнiң болса да жақсылығын асыруға, жақсы сөзбен жанын жарқыратуға әзiр тұратын.

Ислам Каримов бас болып, Шараф Рашидовке ескерткiш орнатып аламан жиын өткiзiп жатты. Ташкент қаласының әкiмi Фазылбеков бiрiншi сөздi, Ислам Каримовке берiп едi. Ол кiсi рахмет айтты да, исi мұсылманның атақты, марқұм Шараф Рашидовтiң үзеңгiлес досы, Өзбек халқының мақтанышына айналған ұстазымыз Димаш Қонаевқа сөз берiп, микрофонды ұсынды. Жүз мыңнан аса жиналған Қызыл алаңдағы халық демдерiн iшiне тартып, шыбынның ызыңы естiле тыныштық орнады.

Димаш аға Қонаев сөзiн қазақша бастады. "Ассалаумағалейкум бауырым, Өзбек халқы! Әуелi Шарафтың рухына бағыштап дұға оқуға ұлықсат етiңiздер" деп қысқа құран сүресiн қыратқа салып оқығанда, таңданғаннан өзбектердiң көзi ұясынан шығып кете жаздады. "Мұндай да дана, ғұлама адам болады екен-ау!", деп таңдайларын қағып, жағасын ұстады. Ол дұғасын оқып болып, салмақты түрде сөйлеп кеттi.

«Мен досымнан 1983 жылы ноябрь айында айрылдым. Сiздер ұлы перзенттерiңiзден айрылдыңыздар. Артында аңырап қара 25 миллиондай халқы қалды. Сiздерге де, маған да оңай тиген жоқ. Шараф достым көш бастаса көсем, сөз бастаса шешен, өзгелерден оқ бойы озық туған дара тұлға едi. Шараф Рашидовтiң адам танығыштық қасиетi де көзге ұрып тұратын. Майын тамызып сөйлейтiн шешендiгi, қиыннан қиыстырар тапқырлығы мен ұтқырлығы ерекше болатын.

Шараф досымның атқарған қызметi Өзбек елiнiң мәртебесiн биiктетiп, мерейiн өсiруге бағытталған қызметi ұшан-теңiз болатын. Шынында да, Шараф Рашидов тағдырдың Өзбек халқына тартқан үлкен сыйы, ерекше құбылыс едi. Үлкен талант иесi жазушылығы өз алдына, осы қара тастай ауыр қайғы санаңды санға, ойыңды оңға бөлген сайын досымыздың жоқтығы жүрегiмдi қан жылатады. Әлi де асыл досым күлiмсiреп, «Димаш-ау келдiң бе?» — деп бiр жерден шыға келетiндей көрiнедi де тұрады. Оның рухы Өзбек халқымен бiрге жасай бередi. Оған кәмiл сенем. Үлкен парасаттылық, көрегендiлiк, мейiрiмдiлiк сияқты дана адамға ғана тән асыл қасиеттердi жаратылыс бiр басына үйiп-төгiп бере салған мұндай тектi, қасиеттi жанды кiм ұмытар. Қара жүректi, қара қолдар менiң досымның жатқан жерiнде тыныш жатқызбай, қабiрден шығарып басқа жаққа апарып көмген едi.

Ендi мiне ақ жүректi, алтын қолдар Өзбек халқының тұңғыш Президентi Ислам Каримов балам Шараф Рашидовтiң мәйiтiн Қызыл алаңға қайтадан жерлеп, ескерткiш орнатты. Қазақта мынандай сөз бар, "Өлiнi сыйламай, тiрi байымайды" деген.

Бүгiн екi халықтың ұлы перзенттерi арасындағы жанұялық қарым-қатынасты мақтанышпен айта аламыз: танымал тұлғалар, Мұса, Айбек пен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов пен Ғафұр Ғұлам, Тамара ханым мен Шара салған сара жолды Шараф Рашидов пен бiрге жалғастырған едiк. Ендi екi елдiң Президенттерi Ислам Каримов пен Нұрсұлтан Назарбаев балаларым жалғастыратынына кәмiл сенем. Өзбек пен Қазақтың қарапайым шаңырақтарында өзбек келiнiмен қазақ келiндерi жүр. Солардан өрбiген жиендерiмiздiң алдында ұятқа қалып жүрмейiк, өзбек ағайындар» дегенде, Қызыл алаңға жиналған жұрт теңiздей толқып кеттi. «Бiздiң тiлiмiз де, дiнiмiз де, қанымыз да ортақ бiр халықпыз аман-саулықта жүздесейiк», — дедi.

Ертеңiне Шараф Рашидовтың туған жерi Жизақ қаласында 75 жылдық мерекесi жалғасын тапты. Жизақ қаласының халқы облыстың үлкен сарайының алдында жиналған. Өзбектiң керней-сырнайлары ойналып, бишiлер тобы мың бұралып билеп жатты. Жұрттың бәрiнiң айтатыны: "Қонаев атамыз келедi екен, кеше теледидардан көрдiк. Сөздерi қандай тамаша! Қазақ халқының бақытына жаралған адам екен!". Осындай Қонаев атына айтылған сөздерi жалғасып жатқанда, Президент Ислам Каримов мiнген машиналар тiзбегi Сарай алдына келiп тоқтады. Президент халықпен күле амандасып, Д.Қонаевқа қарап, "Сiздiң досыңыздың жерлестерi" деп жатқанда нан мен тұзды көтерiп өзбектiң сұлу қыздары алдарынан шықты.

Димаш аға: "Бисмилла!" деп наннан ауыз тидi. Содан кейiн Кәрiмов, республиканың басшылары дәм-тұздан ауыз тидi. Көп кешiкпей Президент бастаған топ залға кiрдi. Залда ине шаншар жер жоқ. Оларды мақталы халық орындарынан тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Сахна төрiне республика басшылары, қадiрмендi ақсақал Д.Қонаев отырды.

Облыс басшысы Шараф Рашидовтiң 75 жылдық мерекесiн ашып, алғашқы сөздi И.Каримовке бердi. Ол Рашидов жайында айта келiп, Өзбекстанның досы, бұрынғы КПСС Саяси бюро мүшесi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Қазақстанның бұрынғы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевқа сөз сөйлеудi ұсынды. Залдағы жиналған халық орындарынан тұрып құрметпенен қарсы алды.

Ол: "Аса қадiрлi Шараф досымның жерлестерi! Мен Шарафтың тiрi кезiнде осы жерге 3-4 рет келген болатынмын. Ендi мiне, досымсыз сiздерге келiп дидарласып тұрмын. Менiң осында, Өзбекстанға келуiме себепшi болған өздерiңiздiң Президенттерiңiз Ислам Каримов балам. Оның шақыруын қабыл алып, досымның туған күнiне, 75 жасқа толуына орай алдарыңда тұрмын.

Бiз бiрге ақылдаса жүрiп, бiр ортақ шешiмге келетiн едiк. Бүгiнгi жарық дүниеде жоқ болса да, мәңгiлiк жарқыраған iсi қалды артында.

Тәңiрiм кейде адам баласына ақыл мен парасатты, ой мен сананы, тоқтамы мен сабырын, тәубесi мен шүкiрнамасын, адамшылық қасиеттi молынан дарытқанына таңданбасқа шараң жоқ. 1966-жылы Ташкент қаласындағы 8-9 балдық жер дүмпуiнiң салдарынан көптеген үйлер құлап, көптеген адамдарға қасiрет әкелдi. Москвадан Л.И. Брежнев пен А.Н.Косыгин ұшып келiп көзбен көрiп, әрбiр одақтас республикаға жаңа үйлер, жаңа мөлтек аудандар салуға нұсқау берген болатын.

Рашидовтiң ұсынысы бойынша көп балалы семьялар үшiн үйлер салынды. Екiншi Ташкентке метро салу керек болды. Менiң қолдауымды өтiндi, мен ойланбастан мақұлдадым. Кремльде саяси бюроның отырысында менiң сөйлеуiме тура келдi. Орта Азиядағы Ташкент бiр жарым миллион халқы бар қала, соған байланысты Ташкент метросын салсақ қайтедi, саясат үшiн де маңызы зор болар едi дегенiмде А.Н.Косыгин орнынан ұшып тұрып қарсылық бiлдiрдi. Ол: "Димаш Ахметұлы, метро салу керек, бiрақ қаражатты қайдан аламыз? Оған қыруар қаражат керек", — деп едi. Шараф Рашидов орнынан тұрып сабырлы түрде әңгiмесiн жалғады. "Жолдас, А.Н.Косыгин, мен қаражаттың көзiн тауып тұрмын. Бұрын Өзбекстан 4 млн.тонна мақта беретiн болса, ендi мемлекетке 6 млн. тонна мақта тапсыруға уәде берем", — дедi. Л.И.Брежнев: "Шараф Рашидовке сенуге болады. Метро салуға көмектесуiмiз керек", — дедi. Солай Ташкентке метро салынды.

Кремльде тағы бiр мәжiлiсте Л.И.Брежнев жолдас: "Шараф Рашидов, Қорғаныс министрiнiң ұсынысы бойынша Заравшан, Үшқұдық, Газли деген жерлерiңнен Полигон сынақ алаңын жасасақ деп отыр. Бiр жағы ұшы қиыры жоқ қызылқұм қалай қарайсыз?", — деп едi. "Жолдас Л.И.Брежнев, мен бюро мүшелерiмен ойласып, шешiмiн кейiн айтайын", — дедi. Солай етiп Кремльдi ұмыттырып жiбердi. Өзбекстанға сынақ алаңы салынбады. Осының бәрi Шараф Рашидов досым¬ның ақылының айғағы.

Шараф досым, жүрген жерiнде тұрақты дос, айнымас әрiптес, сапарлас серiк, жақсылықтың жаршысы болды. Ол басшылық еткен Өзбекстан жұртшылығы iскерлiгi мен әдiлдiгiн осы күнге дейiн тiлдерiне тиек етiп келедi.

Әл-Бируни, әл-Харезми, әл-Бұхари, Ұлықбек, Әлишер Науаи, Шараф Рашидовтi берген Өзбек халқының даңқы арта берсiн!" — дегенде ұйып тыңдап отырған жұртшылық рахметiн айтып орындарынан тұрды.

Сол күнi-ақ Д.Қонаевтың сөзi ақпарат баспасөз беттерiнде, теледидардан берiлiп жатты. Рашидовтiң көз көрген жерлестерi естелiк сөздерiн мiнбеден айтып жатты. Еске түсiрдi. Соңғы сөздi тағы Ислам Каримов алды: "Уа, Шараф Рашидовтiң жерлестерi, бүгiнгi осы мерекеге қатынасқан отандастарым, жер-жерден келген қадiрлi, қонақтар! Мен мына отырған Сiздердiң және өзiмнiң атымнан, Димаш Ахметұлы Қонаевқа, өзбек халқының жанашыр досы ретiнде, бiздiң шақырғанымызды қабыл алып келгенi үшiн, жаңа заманның атын мiнгiзгелi тұрмын. Димаш аға бiздiң көзiмiздей көрiп мiнiп жүрерсiз" — деп су жаңа қара сүлiктей қара "Волга" машинасының кiлтiн ұсынды.

Димаш аға орнынан тұрып Ислам Каримов ұсынған машинаның кiлтiн алды. "Ислам балам, Сiзге, баршаңызға рахмет! Мана осында жетiм балалар үйiнiң директоры Дилбар қызым жақсы сөздер айтып едi, шырағым берi кел", — дедi. Дилбар сахнаға көтерiлдi.

— "Қызым, жұмыстарыңызға табыстар тiлеймiн. Мынау менiң машинамның кiлтiн Сiзге табыстайын деп тұрмын. Ана тәрбиеленiп жатқан балаларың, Димаш атам Қонаевтың бiздерге берген машинасы екен деп жүрсiн. Мына кiлттi алыңыз", — деп ұсынды. Дилбар алуын алса да, көзiнiң жасы сорғалап рахметтен басқа ештеңе айта алмады. Ұлылығына таң қалып, қол орамалмен көз жастарын сүрттi.

Осының бәрiн көзбен көрген журналист ретiнде көргендерiмдi сiздерге жеткiзiп отырмын.

Назым Ниязи Жалаңтөстегi

Серіктес жаңалықтары