ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚОЛМЕН ЖАСАЛУДА

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚОЛМЕН ЖАСАЛУДА

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚОЛМЕН ЖАСАЛУДА
ашық дереккөзі
266

Әлемдiк нарықтағы мұнай шикiзатының құны тым шарықтап кеттi. "Дәнiккеннен құныққанның" керiн келтiрген Қазақстандағы "қара алтын" өндiрушi жатжұрттық компаниялар iшкi нарықтағы сұранысты ысырып тастап, халықаралық нарыққа ден қойды. Осының салдарынан, жанар-жағар май тапшылығы орын алған. Депутаттар қауымы жүгенсiз кеткен шетелдiк компанияларды тез арада тезге салу керектiгiн айтып, дабыл қағуда. Ал егiс алқаптарында соқа, сайманын сайлап қойған дихандар Үкiметке жаутаңдайды. Бiздiң билiк дандайсып кеткен делдалдарды қармаққа түсiру керектiгiн жиi айтқанмен, iс жүзiнде нәтиже жоқтың қасы.

Халықаралық сарапшылар энергоқорлардың қымбаттауы инфляция деңгейiн өсiруге ықпал ететiнiн айтуда. Осы себептi, нарықтағы тұрақсыздыққа мұнай өндiрушi елдер де алаңдап отыр. Бiр жағынан алғанда, мұнай құнының көтерiлуi экономикадағы даму қарқынын жеделдетсе, екiншi жағынан, елдегi қымбатшылықты ауыздықтау қиынға соқпақ. Хадықаралық қаржы қорының өкiлдерi үстiмiздегi жылы Парсы шығанағындағы елдерде бағаның 7,1 пайызға, ал Таяу Шығыста (Солтүстiк Американы қосқанда) 10,4 пайызға артатынын мәлiмдедi. Бұған дейiн жұмыссыздықпен бас қатырып келген мемлекеттер ендi бағамен күреспек. Ал мұнай өндiрушi елдерде инфляция көрсеткiштерi экономиканың даму көрсеткiштерiне қарағанда, жедел дамуда. Демек, тапқан қаржы инфляцияның жұмырына жұқ болмауда. ХҚҚ тарапынан Қазақстанға қатысты жасалған болжам: 2007 жылы инфляция 18,8 пайыз болса,ЖIӨ 8,7 пайызға өскен: "2008 жылы ЖIӨ 5-7 пайызға, ал инфляция 7,9-9,9 пайызға артады деп болжануда.

Осыдан аз уақыт бұрын ғана ХҚҚ басшысы Доминик-Стросс Кан барлық елдердiң үкiметтерiн қаржылық дағдарыстан шығудың жолдарын бiрге қарастыруға шақыра келе, әр елдiң үкiметi инфляцияны жiтi қадағалауы тиiс деген пiкiр айтты. Қазақстан Үкiметi қабылдап жатқан шаралар саналуан. Негiзi қымбатшылықпен күрес былтыр күзде басталғаны белгiлi. Инфляцияны ауыздықтай алмай терлеген Министрлер Кабинетiне Президент бiрнеше рет арнайы нұсқау бергенi де есте. Сол күзде вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев көктем мен күзде "дес бермей кететiн" жанар-жағар май нарығындағы ахуалды кейбiр мүдделi топтардың қолдан ширықтырып отырғандығын, олармен күрес жүргiзiлетiнiн айтып, сендiрген едi. Өкiнiшке қарай, егiс алқабында жұмыс қызатын шақта жиi қайталанатын жанар-жағар майдың "ескi жыры" тағы басталды. Дихандар жанар-жағар майдың, әсiресе, тракторларға керектi жер майдың жетiспей жатқанын айтып, дабыл қағуда. Қазақ жерiнде өндiрiлетiн "қара алтынды" сыртқы нарыққа көптеп шығару шетелдiк компанияларға тиiмдi. Осы себептi iшкi нарықтағы қатшылық пен тапшылық қолдан жасалынуда. Бүгiнде отандық нарықтағы 1 литр жер майдың құны жанар майдың бағасынан да қымбат: 90-100 теңге көлемiнде. ОҚО облысының әкiмi Нұрғали Әшiмов таяуда жермай бағасының 150 теңгеге бiр-ақ шарықтағанын хабарлаған болатын. Қаны жерге тамбай тұрған жермайды iшкi нарықтан оңайлықпен таба да алмайсың. "Жығылғанға жұдырық" оңтүстiк өңiрдегi шегiрткелердiң қаптап кетуi де егiншi ағайынға қиын тиюде. Онмыңдаған гектар жердi өңдеу үшiн арнайы ұшақтар мен жанар-жағар май қажет.

Дүйсенбi күнi мәжiлiсмендер алдында есеп берген ҚР Бәсекелестiктi қорғау және табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң жетекшiсi Нұрлан Алдабергеновтi депутаттар қауымы бiраз "терлеттi". Халық қалаулылары да "қазақ нарығындағы қымбатшылық пен қатшылыққа шетелдiк компаниялар кiнәлi" деген пiкiрдi қостап отыр. Мысалы, мәжiлiсмен О.Қалмұратов Шымкенттегi мұнай өңдеу зауытын сатып алған қытайлардың жүгенсiздiкке жол бергенiн сынға алды: "Соңғы 4 айда 1140 тонна жанар-жағар май өндiрдi. Сәуiр айында өндiрiлген мұнай шикiзаты — 40 мың тонна, ал Шымкентке бар болғаны 1 шелек жанар май берген. Соның салдарынан Шымкентте бензин бағасы удай қымбат". Жан-жақтан сұрақты қарша боратқан депутаттардың екпiнiне Алдабергенов мырза төтеп бере алмады. Тек "мұнай шикiзаты өндiрiлетiн жерлердiң ерекшелiктерiн", "зауыттан әртүрлi бағамен шығатындығын", "ортада делдалдар бар болуы мүмкiндiгiн" айтып құтылған. Агенттiк төрағасы делдалдарды қашан анықтайтыны, жүгенсiз кеткендердi қалай тезге салатыны әзiрге белгiсiз. Тек соқа-сайманын сайлап, егiс алқабына асыққан дихандар қауымының күтетiн уақыты жоқ.

Өткен аптада ҚР Сауат Мыңбаев үстiмiздегi жылдың басында мұнай шикiзатының бағасы тұрақты деңгейде болғанын, ал сәуiр айынының екiншi жартысында жанар-жағар май бағасының небары 1-2 және жоғары сапалы мұнай шикiзаты 2-3 теңгеге көтерiлгенiн, оған себеп, халықаралық нарықтағы бағаның өсуi екендiгiн мәлiмдеген едi. Негiзi мұнай өндiрушi елдердiң барлығында дерлiк iшкi нарыққа бағытталатын жанар-жағар май бағасы әлемдiк нарыққа бағынбайды. Яғни, iшкi нарықтағы тұтынушыларға әлдеқайда төмен бағамен сатылады. Ал бiздiң билiк қит етсе, әлемдiк нарықты көлденең тартудан шаршамай жүр. Министр Мыңбаев экспорт көлемiн жүйелеуге қатысты Үкiмет басшысына ұсыныс айтты. Ұсынысты қабыл алған Мәсiмов: "Қалыптасқан ахуал жақсы емес. Әлемдiк нарықтағы мұнай шикiзаты бағасының өсiп жатқанын халыққа түсiндiре алмайсың. Сiрә, ойыншылар бағаны қолдан өсiрiп жатқан болар. Оның алдын алу қажет" дедi. Сөз жүзiнде тиiстi шаралар атқарылып жатқан секiлдi көрiнгенмен, iс жүзiнде бәрi керiсiнше.

Бiздiң дерек

Үстiмiздегi жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда мұнай өндiрушi компаниялар 23,568 млн. тонна "қара алтын" өндiрген. Елiмiздегi өңделген мұнай көлемi де едәуiр артыпты: 4,131 млн. тонна. 2008 жылдың қаңтар-ақпан айларында шығарылған дизельдiк отын (жер май) 1,111 млн. тоннаға жеткен. Сонымен қатар мазут өндiрiсiндегi көрсеткiш – 916,7 мың тонна (150%), ал әуе кемелерiне арналған авиакеросин былтыр өндiрген өнiмге қарағанда, 1,7 есеге көп. Дизельдiк отынды экспорттау көлемi 2008 жылдың алғашқы тоқсанында 50 пайызға өскен – 279 мың тонна. Бұл өндiрiлген өнiмнiң үштен бiр бөлiгiне тең. ҚР Үкiметiнiң шешiмi бойынша, 2008 жылдың 17 мамырынан бастап мұнай экспортына кедендiк салық енгiзiлдi. Кедендiк салық көлемi бiр тоннаға – 109,91 доллар көлемiнде. Алайда, Қазақстан кеденiнен өтетiн шикi мұнайға кедендiк салық салынбайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары