ҚАЗАҚ БАСКЕТБОЛЫНЫҢ ӨРIСI

ҚАЗАҚ БАСКЕТБОЛЫНЫҢ ӨРIСI

ҚАЗАҚ БАСКЕТБОЛЫНЫҢ ӨРIСI
ашық дереккөзі
810

Тұтас бiр елдiң ұлттық ойынына айналған спорт түрлерi аз емес. Кейде сол спорт түрлерi жұмыр жердегi ондаған елдердiң сүйiктi ойынына айналатыны бар. Бiр кездерi Массачусетс штатындағы колледж мұғалiмi Джеймс Нейсмит ойлап тапқан бүгiнгi баскетбол — жанкүйердiң көз құрты. ХIХ ғасырдың аяғында дүниеге келген бұл спорт түрi бiрден жастардың сүйiктi ойынына айналып, дүниенi шарлап жүре бердi. Қасаң, тартымсыз, бiр үлгiде ғана өтетiн дене тәрбиесi сабағынан жалыққан балаларды сергiту үшiн ойлап тапқан Джеймс Нейсмиттiң бұл "ермегi" дүниенi дүркiреткен спорт түрiне айналады деп кiм ойлаған?! Колледж мұғалiмi жемiс-жидек салатын екi корзинаны спорт залының екi шетiне байлап, оқушыларға доп лақтыруға кеңес берген едi.

Балалар үлкен ықыласпен қабылдаған едi жаңа ойынды. Әрине, ол кездегi ойынды ақбөкендей жылдамдықты, қырандай шалт қимылды, барыстай ептiлiктi, сұрмергендей мергендiктi қажет ететiн бүгiнгi баскетболмен салыстырудың өзi күнә. Бүгiнгi баскетбол: шарпыған жалын, үйiрiлген құйын, көтерiлген дауыл, көз iлеспес жылдамдық, асқан сұлулық…

Баскетбол залдарында дауыл тұрғызған Қазақстан чемпионаты да мәреге жеттi. Ұлттық лигадағы 5 команда жартылай ақтық айқасқа дейiн үзеңгi қағысып келген. Өзгелерден сәл төмен ойнаған — Атыраудың "Барыс" командасы. Алматының "Алматы", Астананың "Тигры", Қапшағайдың "ТСМ-КазАТК", Қостанайдың "Тобол" командалары соңғы сәтке дейiн "шайнасып" келдi. Қапшағай командасында 4-5 сырттан келген ойыншылар бар едi. Олар Қостанайда өткен үшiншi орын үшiн тартысқа қатысқан жоқ. Легионерлердiң ең жауапты соңғы ойынға қатыспаулары көпшiлiкке түсiнiксiз болды. Туған топырақтарында ойнаған "Тобол" Қапшағай баскетболшыларын үш рет тiзе бүктiрдi. Бiр жыл ғана бұрын құрылған "Алматы" баскетбол клубы күмiс медальға қол жеткiздi. Ат сауырын көбiк қылып Ресейден шақырған тәжiрибелi бапкер Сергей Зазулин бiрiншi орынды ғана нысана еткенi анық. Оның үстiне, "Алматы" клубының бас бапкерi Ресейден өзiмен бiрге 4 ойыншыны ала келген болатын. Олардың бәрi де суперлиганың "А" дәрежесiндегi клубтарда ойнаған ойыншылар екен. Республика чемпионы деген атақты тұмардай сақтап келе жатқан "Тигры" клубы әбден қалыптасқан азулы команда. Қазақстан құрамасының 80%-ы осы команданың ойыншылары. Бұл командада Американың екi "қара маржаны" да өнер көрсетедi. Ақтық ойында Рахим Браун мен Джастин Бейлидiң "Тигры" командасының алтын жүлдеге ие болуына өз үлестерiн қосқаны сөзсiз. Бұрын-соңды қазақ баскетболында қара нәсiлдi американдықтар ойнамағанын да еске салғанымыз жөн.

Ал сол легионерлердi бума-бума ақша ұсынып, iргедегi алып елден, мұхит асып Америкадан шақыру қажет пе? Баскетболымен-ақ әлемдi таңқалдырып отырған елдердiң озық тәжiрибесiн алу, шеберлiктерiн бойға сiңiру керек-ақ. Белгiлi бiр кезеңге шақырып, сол елдiң мықтыларының тәжiрибесiн алып қалу керек. Олардан үйренуге ықылас бiлдiрген ұлт перзенттерiн баулу қажет. Өйткенi кәсiби клубтарда темiрдей тәртiпке, бапкер айтқанын бұлжытпай орындауға үйренген спортшылардың жөнi бөлек. Кәсiби клубтардың кәсiби спортшылары бiрден көзге ұрып тұрады. Бұл жерде саусағыңды шайнайсың. Ұлттық лигадағы командалардың өзiнде ұлтымыздың перзенттерi саусақпен санарлық. Бұл саладағы кәсiби бапкерлердiң аздығы да адым аштырмай келедi.

Дегенмен де Қазақ елi баскетболының қазiргi қарқыны бұрынғыдан көш iлгерi. Кеше ғана "Алматы" баскетбол командасы Кувейтте өткен Азия клубтарының бiрiншiлiгiнен оралды. "Алматы" клубы Кувейтте Индонезияның "Мабу" клубын 71:49, Иорданияның "Заин" командасын 76:60 есебiмен тiзе бүктiрдi. Ливандық "Аль-Раяди" 80:52, Катар елiнiң "Аль-Райан" клубы 89:68 есебiмен "Алматыдан" басым түстi. Сөйтiп, өз тобында үшiншi орынға табан тiреген. Келесi айналымда ширек финалда Иран елiнiң "Сабабатри" командасы 88:77 есебiмен "Алматының" еңсесiн түсiрдi.

Былтыр Қазақстан клубының баскетболшылары Азия клубтарының чемпионатында бесiншi орынға көтерiлген едi. Ендi Қазақстан құрамасының жетiстiктерiне ат басын тiрейiк. Азия құрлығында Қытай, Иран, Корея елдерiнiң баскетболшылары бет қаратпай тұр. Өткен жылғы Азия бiрiншiлiгiнде Қазақстан құрамасы төртiншi орынға табан тiредi. Жапон жерiнде жапон баскетболшыларын тiзе бүктiрiп, үшiншi орын үшiн айқаста Корея спортшыларына 4 ұпаймен есе жiбердi. Азияның азу көрсеткен 16 командасының арасында өнер көрсеткен Қазақстан спортшылары сынай қараған сырт көздiң назарын аударды. Содан болар әлемдiк баскетбол федерациясының Азиядағы өкiлi үш айда Қазақ елiне үш рет ат басын тiредi. Бұл да бұрын болмаған тосын жай. Дәл бүгiн осы салада Қазақстан баскетболы Орта Азия спортшыларының көшiн бастап отыр. Қазақстан баскетболшылары жыл сайын жұмыр жерде беделдi Уильям Джонс Кубогында да тартысқа түсiп жүр.

Қазақстан баскетболының болашағына жанашырлықпен зер салған абзал. Бұл орайда кәсiби спорт клубтарымен бiрге жалпы бұқара осы спорт түрiмен айналысуына жағдай жасалуы қажет. Ықылас бiлдiрген бейiмi бар балалар үшiн Үкiмет пен жергiлiктi билiк тарапынан қамқорлық керек. Қазақ елiнде ұлттық және жоғарғы лигамен қатар оқушылар, студенттер лигасы болғаны дұрыс. Бiр кезде жүйрiк жалында мызғыған денi сау қазақ — дiмкәс, аурушаң ұлтқа айналды. Дәрiгердiң кiм екенiн бiлмей өскен тектi ұлт топырлап аурухана, емхананы босатпайтын болды. Бұл — ұлттың дертi. Оны сауықтырудың бiр жолы — спорт. Ол дарынды спортшы болар, мүмкiн болмас, бiрақ спортпен айналысқан адамның денi сау боларына бәс тiгемiн. Спортпен айналыспаған ұлт азады. Жанына жат iспен айналысады. Ерiккен, қолы бос жас әйтеуiр бiрдеңенi бүлдiретiнi даусыз.

Қазақстан баскетбол федерациясы елiмiзде баскетболды дамытудың 2007-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасап, министрлiкке ұсынған болатын. Бұл бағдарламамен бiз де танысып шықтық. Көптеген көкейтестi мәселелердi қамтып, оны шешудiң жолдарын көрсеткен құжат екен. Тек билiк тарапынан қолдауын күтiп отыр. Бағдарлама бойынша елде баскетболдың дамуын кезең-кезеңге бөлiп тастаған. 2014-2020 жылдарды қамтитын үшiншi кезеңде бұл спорт түрiмен 25-30 мың оқушы, студент жастардың айналысуы көзделген. Бұл — болашақ ұрпақтың денiнiң саулығы үшiн жасалған жақсы қадам. Ал ұлттың денiнiң саулығынан артық бiзге не керек?! Одан асқан байлық бар ма?!

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары