758
«ҚАРАОЙДЫ» КӨРIП, ҚАРНЫМЫЗ АШТЫ
«ҚАРАОЙДЫ» КӨРIП, ҚАРНЫМЫЗ АШТЫ
Көктем басталғалы берi бiрiнен кейiн бiрiн жапатармағай көрсетiп жатқан фильмдердiң премьерасы күн санап көбейiп тұр. Сондай көрсетiлгенiне көп уақыт бола қоймаған фильмдер¬дiң бiрi — "Қараой".
Фильмнiң көрермендердi елең еткiзген тұсы — атауында едi. "Қараой" деп аталуының өзi көрермендi бiраз ойларға жетелегенi рас-ты. Алайда, фильм әркiмге әртүрлi ой салғанын мойындауымыз қажет. Бiрi — фильмнiң не айтқысы келгенiн ұқпай жатса, ендi бiрi — Жанна Исабаева қазақ киносына күтпеген тосын, бұрын-сонды болмаған, жаңа бағыт әкелдi деп ұқты. Режиссердiң ойынан ұққанымыз, фильм "Қарой" ауылында түсiрiлгендiктен осылай аталынса, әрi қара ниеттi адамдардың бүгiнгi ойын беруге тырысқандығын жеткiзгiсi келген сияқты. Жалпы фильмде негiзiнен тозығы жетiп қирағалы тұрған ауылдың бейнесi көрiнiс тапқан. Актерлердiң ойындарының бәрi кинодан театрға бұрылып кеткен. Тағы бiр қызығы, фильмде анайы, дөрекi, былапыт сөздердiң көптiгi. Мұнда бас кейiпкерiмiз өзiнiң айла-шарғысымен айналасындағы адамдарды алдап, ақша алып, оны карта ойнауға жұмсаса, ендi бiрде жаңа шаңырақ көтергелi отырған екi жастың арасына iрiткi салып кетедi. Мүмкiн, өмiрде мұндай оқиғалар да болатын шығар. Тiптi, фильмнiң бiр эпизодында айдалада қазақ үйде тұрып жатқан досының үйiне барып, отағасы жоқ болса да оның әйелiнен арақ сұрап iшедi. Ендi бiрде мастықтан есiн жиған Азат толғағы жетiп отырған әйелдi зорлап кетедi. Осы кезде жаны қиналып босанғалы жатқан әйел Азатқа: "Кетпе, ақша берем"— деп шырқырай көмек сұрап жалынады. Әрине, мас, ұры, өтiрiкшi адамнан бәрiн күтуге болатын шығар. Дегенмен мына көрiнiстен кейiн өзiмiздi-өзiмiз масқаралаудан басқа не қалды? Сондай-ақ, фильмнiң соңына таман Азаттың ауру анасы және әпкесi, оның екi баласы бар екенiн аңғардық. "Тәрбие — отбасынан басталады" демекшi, Азаттың әпкесiнiң өзiнен де құр айқайдан басқа ештеңе байқамадық. Ендi бiрде Азатқа ауру анасы үндi фильмiн көргiсi келетiндiгiн айтады. Азат анасының айтқан тiлегiн орындап теледидарды алып келiп, отбасындағылармен бiрге көредi. Тiптi киноны бiрiншi рет көрiп отырғандай ерекше бiр сезiммен көредi. Сонда бiз қазiр қай ғасырда өмiр сүрiп жатырмыз? Фильм соңында Азат анасының өтiнiшiмен "өз анасын" жастықпен тұншықтырып өлтiредi. Фильмнiң режиссерi, әрi продюссерi Жанна Исабаеваның тiлi қазақ тiлiнен орыс тiлiне жақындау болса да, осы фильмнiң сценарийiн жазған кезде қазақша айтылған анайы сөздердi қайдан тауып жазғандығына таң қаласың. Қалай десек те, кино — өнердiң ең өтiмдi түрi. Ол ұлттық идеологияны насихаттаудың таптырмас құралы. Ал, бүгiнгi кинодағы ұлттық идеологияңыздың түрi жоғарыдағыдай болса, бiз қалай өзгелерге өз ұлтымызды үлгi қып көрсете аламыз?!
Торғын ТҰРЛЫҚОЖАЕВА
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi