"ЖЕЛТОҚСАН" АҚИҚАТЫ АЙТЫЛА МА?

"ЖЕЛТОҚСАН" АҚИҚАТЫ АЙТЫЛА МА?

"ЖЕЛТОҚСАН" АҚИҚАТЫ АЙТЫЛА МА?
ашық дереккөзі
308

Осы аптаның басында Алматыда "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымының құрылтай жиналысы болды. Жиналысқа республиканың әр түкпiрiнен 100-ге жуық адам келдi.

Жалпы Қазақстанда "Желтоқсан көтерiлiсiне" қатысты қоғамдық ұйымдардың саны жеткiлiктi. Бiздiң бiлетiнiмiз, "Желтоқсан", "Желтоқсан қырандары", "Желтоқсан жаңғырығы", т.т. Алайда, бұл ұйымдардың басындағы ең үлкен кемшiлiк – өзара байланыс пен қарым-қатынастың, ынтымақтың жоқтығы. Құрылтай жиналысында сөз алған шешендердiң қай-қайсысы да "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымының осы қоғамдық ұйымдардың кебiн киiп, орта жолда аяңдап қалмауына тiлектестiк бiлдiрiп жатты. Сондай-ақ, желтоқсандықтар айтулы "Желтоқсан көтерiлiсiне" 22 жыл толса да, оның ақиқатының әлi толық ашылмай отырғандығын тiлге тиек еттi. Мемлекет, билiк қылышынан қан тамған КСРО-ның ыдырауына бiрден-бiр жол салған бұл оқиғаның көмескiленуiне, ұлт зердесiнен өшiрiлуiне жұмыс жасап келдi. Сол себептi де, қантөгiс болған Республика алаңы бүгiнде ойын-сауық орталығына айналмақ, ал "Желтоқсан оқиғасының" 20 жылдығына орай тұрғызылған ескерткiштiң саяси мәнiнiң тым солғындығы көзге ұрып тұр. Демек, бүгiнгi саяси билiк кешегi күннiң жаңғырығынан қорқады. Сол себептi де "Желтоқсан" ақиқатын ашуға талаптанған М. Шаханов бастаған мемлекеттiк комиссия өз жұмысын ерiксiз тоқтатты. Тоқтатуға мәжбүр болғаннан кейiн. "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымына қатысушылар осы комиссияның жұмысын жаңғыртуға ат- салысатындықтарын айтты. Егер, оны жаңғырту мүмкiн болмаса, өзгеше әрекеттер арқылы әйтеуiр шындықты жаңғыртуға талпыныс жасалуы керек.

Жиналғандардың барлығы тағы да қордаланып қалған қазақ мәселесiн сөз еттi. Бүгiнгi рухымыздың күн сайын тапталып бара жатқандығы тiлге тиек етiлдi. Алғашқылардың бiрi болып сөз алған жазушы Советхан Ғаббасов қазiргi күйiмiздi Ақтабан шұбырынды заманынан да төмен деп күйiндi. "Өйткенi, – дейдi жазушы, – Ол кезде жерiмiздi әлдекiмдер сатып алмаған едi, тiлiмiз босағадан сығаламаған болатын. Қазiр бәрi керiсiнше. Бiр мемлекетте 130 мәдениет болуы мүмкiн емес. Унитарлы ел – бiр тiлдi, бiр мәдениеттi болуы тиiс", деген ол ұлт-патриоттары ұйымдарының өзара ынтымақтастығының жоқтығына нали отырып, жаңа құрылған ұйымды бiрлiкке шақырды. Бiрлiк мәселесiн барлық сөйлеушiлер сөз етiстi. Белгiлi қоғам қайраткерi Амалбек Тшан: "22 жыл бойына жеке-жеке ұйым құрып, өз алдарына шаңырақ тiгiп жүргендерiңiз үлкен сауал тудырады. Мұның өзi құлдық санаға бет алғанымыздың белгiсi емес пе? Қоғамдық ұйым мен партия көп. Бiрақ, нәтиже жоқ. Неге? Өйткенi, ынтымақ жоқ" дедi.

Иә, әсiресе, 2005 жылғы Президент сайлауынан бастап, жаңаша сипат алуға бағыт алған ұлт-патриоттары қозғалысының жұмысы бiздiң көз алдымызда. Патриоттардың көбi кеудесiн соғып, өзiнiң ұлтқа сiңiрген еңбегiн бұлдап, әлек-шәлегi шығады да жатады. Алайда, билiктен ненi талап етудi, қандай нақты iстер атқару қажеттiгiн көбi бiле де бермейдi. Соның салдарынан ұлт ұйымдарының бүгiнде ел арасында беделi де жоқ.

"Желтоқсан көтерiлiсiнен" бергi 22 жыл бойына мүгедек баласын бағып отырған ананың жанайқайын естiгенде тұла бойымыз түршiктi. Алайда, оған құлақ асатын кiм бар?

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары