ТАҒЫ ДА ОҚУЛЫҚ ЖАЙЫНДА

ТАҒЫ ДА ОҚУЛЫҚ ЖАЙЫНДА

ТАҒЫ ДА ОҚУЛЫҚ ЖАЙЫНДА
ашық дереккөзі
398

Оқулық мәселесi дәл бүгiн күйiп тұрған тақырып. Әсiресе, оқулықтың кемшiлiгi туралы Елбасы Жолдауында айтқан ащы сөздерден кейiн министрлiк те, бiлiм ұялары да дүр сiлкiндi. Оқулықта "менмұндалап" көзге түрпiдей көрiнiп тұрған кемшiн тұстар мен қателiктер бiраз сараланды. Десек те, оқулық авторлары мен мұғалiмдер тарапынан "Оқулық" орталығының атына түсiп жатқан арыз-шағым жоқ емес. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанынан құрылған республикалық "Оқулық" ғылыми-тәжiрибелiк орталығының директоры Алма Әбiлқасымовамен оқулық туралы аз-кем әңгiмелескен едiк.

Алма ӘБIЛҚАСЫМОВА:

ОҚУЛЫҚ ЖАЗУҒА КЕРЕК БОЛСА ТЕК ҚЫРҒЫЗДЫ ЕМЕС, ҚЫТАЙДЫ, КӘРIСТI ДЕ ӘКЕЛУ КЕРЕК

— Оқулық мәселесi өзектi мәселеге айналғаны қашан. Неге бұл мәселеге ендi ғана қозғау салынды?

— Оқулық мәселесi — егемендiгiмiздi алғалы берi 17 жылдың соңғы он, он бiр жылында елiмiзде төл оқулықтар пайда болғалы өрбiп жатқан мәселе. Себебi, ел тұрмысының қиын кезiнде, яғни, 1995-1996 жылдары Елбасының қолдауымен республика тарапынан бюджеттен ақша бөлiнiп, Қазақстан мектептерiн, әсiресе ауыл мектептерiн мемлекет тарапынан тегiн оқулықпен қамтамасыз етуге жұмсады. Әуелi өзiмiздiң дұрыс оқулықты, мемлекеттiң этно-мәдениетiне, бүкiл қазақы болмысына, бұрынғы идеологияны қазiргi стандартқа сай етiп жасайық деген ниетпен бар қаражатты оқулыққа, бiлiм жүйесiне бердi. Көп ақша төгiлдi. 1-11-сынып арасындағы оқулықтың барлығын жазу, баспадан шығару, оны мектепке дейiн жеткiзу, тек қана оқулық емес, оқулыққа қосымша оқу-әдiстемелiк кешендер дайындау да жоспарға iлiктi. Мәселен, "Математика" пәнi бойынша есептер жинағы, дидактикалық материалдар, "Әдебиет" пәнiнен хрестоматиясы жарық көрдi. Ал соның ақыры не болды? Бiлiм министрлiгi тендер жариялағанда, бүгiнгi таңға дейiнгi оқулықтары алынып тасталған авторлардың барлығы сол кезде тендер жеңiп алды. Тендердi кiмдер ұтып алады? Әрине, "бұдан артық, бұдан асқан оқулық жоқ, бұған ешбiр балама оқулық сәйкес келмейдi" деген оқулық жеңiп алды дедiк. Мiне, сол оқулықтардан оқу процесiне енiп, мектепке жеткен соң сан қателер шыға бастады. Кейiнiрек авторлық құқық баспаларға берiлдi. Баспалар қай оқулыққа болмасын авторлыққа мамандарды өздерi шақырады. Дайындаған балама оқулығын министрлiк арқылы «Оқулық» орталығына сараптамаға жiбередi.

1998 жылы желтоқсан айында мұғалiмдердiң республикалық 1-құрылтайы болды. Оған ТМД елдерiнiң Бiлiм министрлерi қатысты. ТМД бойынша бiрден-бiр құрылтай өткiзген Қазақстаннан басқа ел болған жоқ. Сонда Елбасы: "Жаңа буын оқулықтарын жасап жатырмыз. Бұл бiздiң ұлттық мақтанышымыз! Мiне, осыны жасап жатқан авторларға көмек жасаңдар! Оқулықты оқушыларға жеткiзiңдер. Халқымыз түсiнсiн, өйткенi, бiз өзiмiздiң ұлттық оқулығымызды жасап жатырмыз" дедi. Одан кейiн араға үш жыл салып, 2001 жылы ақпан айында 2-құрылтай өттi. Бастауыш сыныптар оқулығының барлығы сынға алына бастады. Сол кезде Елбасы: "Сiздер бастауыштың оқулықтарын сынап отырсыздар. Неге сынайсыңдар? Одан да жаңадан басталған дүниеге көмек жасаңдар" дедi. Мiне, осыдан соң оқулықты өңдеуге кiрiстiк. Бiрақ көптеген орта буын оқулықтары жөндеуге келiңкiремедi. Оның iшiнде "География", "Биология", "Тарих" т.б. пәндерден ресейлiк оқулықтардан көшiрiп алынғаны кездестi. Мiне, оқулық бiржола осы iзбен кеттi. 2004 жылы Елбасы өзiнiң жолдауында оқулықты қатты сынға алды. Сол жылы 12 қазанда мұғалiмдердiң 3-құрылтайында сөйлеген Елбасы бүкiл баспаларға, БАҚ-тарға: "Қазақ тiлi", "Қазақстан тарихы", "Биология", "Адам және қоғам" оқулығын қарадым. Не деген масқара? Бәрiне сараптама жасаңдар! Керек болса, кiнәлiнi айыпқа тартыңдар! Сынға алыңдар…" дедi. Ж.Күлекеевтiң министр кезi. Елбасы Ж.Күлекеевке тапсырма берiп, "арнайы "Оқулық" орталығын ашуды ұсынып, оқулықты жөндеу қажеттiгiн тапсырды. Сонша ақша бөлдiк. Елiмiзде 100-ден аса педагогика ғылымдарының докторлары бар. Ал оқулықтың түрi мынау" деген. Ол дереу бүкiл республикадағы 1-8 сынып оқулықтарын сараптамаға жiбердi. Қазақстандағы ЖОО-ның сәйкес кафедраларын, мектеп мұғалiмдерiн, ғалымдарын осыған жұмылдырды. Нәтижесiнде министрлiктiң арнайы бұйрығымен 197-ден аса оқулық күрделi өңдеуге жiберiлдi және көбi оқу жүйесiнен алынып тасталды. Осыны бiле тұра, кейбiр авторлар "Оқулығым керемет едi, Әбiлқасымова шығармай тастады" деп кiнә тағады. Орталық авторлық топ құрмайды, оқулық шығармайды, ол министрлiктiң тапсырысымен тек сараптама жүргiзедi. Авторлық құқық, ақша, қаламақы да сол баспаларда.

— Ал, сол алғашқы сараптамадан өткiзгенде ол оқулықтарды неге бекiткен?

— Ол басқа сұрақ. Оған орталықтың да, қазiргi министрдiң де еш қатысы жоқ. Дәл осы жерде баспалардың да кiнәсi жоқ. Өйткенi, оқулықты жазған – тендер жеңiп алған авторлар. Ал баспалар сол кезде оқулықты шығаруға ғана тендер жеңiп алған.

— Содан 2005 жылы мамыр айында "Оқулық" орталығы ашылды…

— Үкiмет бекiткен Қаулы бойынша "Оқулық" орталығы тек қана сараптама жасайды. Бiлiмнiң барлық деңгейлерiне тән оқу құралдарын, мектептiң, ЖОО-ның, қосымша ғылымның, ғылыми монографияның бәрiне сараптама жасаймыз. Жарайтын, жарамайтынын айтамыз. Ал қазiр "Әбiлқасымова оқулығымды жiбермей жатыр, Әбiлқасымова қырғызға, орысқа жаздырып жатыр" дейтiндер көп. Қазiр оқулыққа авторлық топты құрастыратын — баспа. Себебi, республикалық бюджеттен оқулық жасауға ақша төленбейдi, қазiр оқулықты жазатын авторлық топтың құқығының барлығы баспаларда. Баспа өзiңдi шақырып, оқулық жазуға автор жасай алады. Өзi қаламақысын төлейдi. Өзi шығарады. Мектепке дейiн жеткiзедi. Баспа жергiлiктi бюджеттен өзiнiң оқулығының таралымына ақша жинайды. Содан авторлармен келiсiмшартқа отырады. Мәселен, пәленше "Биологияның" авторы дейiк, оған баспа: "Автор боласың, жақсы оқулық жазасың, жалпы тираждан бес, алты пайыз қаламақы төлеймiн" дейдi. Ендi осы оқулықтар жарамай жатса, кiм кiнәлi? Егер баспа кез келген оқулыққа тираж жинай алмаса, өзi бiледi, шығарып тастай алады. Шынында да, олар неге шығындалады? Көрмейсiз бе, "Жаңа буын" оқулығы ретiнде тендердi жеңiп алған оқулықтың түрi мынандай болып жатыр. "Оқулығымды алып тастады, шығармай қойды" деп мектептiк тәжiрибесi төмен, ақсақал ата-апаларымыз оқулыққа төленетiн қаламақының соңында жүр.

— Ал, баспалар тек министрлiктiң бекiтуiмен ғана оқулық шығарамыз деп жатыр ғой…

— Жоқ. Бiлiм министрлiгi авторлық топ құрмайды. Оны құру үшiн министрлiк республикалық бюджеттен ақша сұрап алып, тендер жариялауы керек. Егер сол тендердi жеңiп алған оқулық жарамай жатса, тендердi қалай жариялайды? Осының бәрiн бiр жүйеге келтiру үшiн бүкiл авторлық құқықты бiр шаңырақтың астында, яғни, министрлiкте болуы керек. "Жарайды, жарамайды, мектеп баласының жас ерекшелiгiне сәйкес келедi, келмейдi" деп көрсеткен қорытындыны бiз бермеймiз, елiмiздiң әр облысынан сәйкес сараптама комиссия құрамыз, мiне солар не дейдi, содан кейiн ғана министрлiкке "мына оқулыққа мынадай түзету енгiзу керек" деп ұсынамыз. Жарамай ма, қайта жаз. Жөндеу керек. Нағыз әдiскер, мектеп ғұмырын жақсы бiлетiн маман отыра қалып сәйкес бағдарламаға, бiлiм стандартына қарап оқулығын жөндеуге болады ғой. Керек болса, 2004 жылғы қабылданған "Бiлiм туралы" Заң бойынша "Кез келген адам кез келген пәннен балама оқулық жазуға құқы бар". Қазiр жарамсыз боп қалған оқулықтардың орнына сол балама оқулықтарды ұсынып жатыр. Бұл мәселе министрлiктiң құзырында.

— Баспа: "Оқулықты өз ойымыздан емес, министрлiк бекiтсе ғана шығарамыз" десе, "Оқулық" орталығы: "Баспа өзi бiледi" дейдi. Сонда бұл iске кiм жауапты?

— Жоқ. Ол былай. Мысалы, кез келген баспа авторлық топ құрады. Мәселен, математикадан сәйкес сыныпқа оқулық жазады. Одан кейiн баспа кез келген тәуекелге барады. Өйткенi, бұл олар үшiн кәсiп. Баспа жазылған оқулықты кәдiмгi хатпен: "Мынандай автормен жазылған оқулыққа сараптама жасап, келесi жылғы оқу жылына ұсынуыңызды сұраймын" деп арыз бередi. Министрлiк оны хатпен бiрге бiзге жiбередi. "Мынадай баспадан мынандай оқулық түстi. Оқу нормативiне сәйкес қарап, тұжырымдама берiңiздер" дейдi. Бiз сараптамалық комиссия құрып, оқулық дұрыс болса, министрлiкке "Мынау оқулық жарайды, ұсынуға болады. Керiсiнше болса, мынаған түзету енгiзген жөн" деп айтамыз.

17 жыл болды. "Қазақстан тарихынан" бiрде-бiр жетiскен оқулық жоқ. Қазiр Президенттiң жанынан Қазақстанның жаңа тарихын жазу үшiн арнайы институт ашылып жатыр. 2005 жылы мамыр айында "Оқулық" орталығы ашылғанда бүкiл тарихшы, ғылым докторларын, тарих және археология институты мамандарын директоры (ол кезде М.Қойгелдi мырза едi) мен академиктердi жинап, елiмiздiң егемендiгi кезiндегi жаңа тарихын жазайық, Сiздер жазыңыздар" деп өтiндiк. Мiне, осы күнге дейiн ешкiм жазған жоқ. Тiптi, бұрынғы жазылған "Қазақстан тарихы" оқулықтары да өңдеуге жiберiлiп жатыр. Осыған орай баспалар "Қазақстан тарихынан" авторлық топ құрып, әкелуде. Оның iшiнде жарайтыны, жарамайтыны да бар. Ал, бiз тек қана министрлiкпен жұмыс iстеймiз. Ұсыныс беремiз. Тiптi, менiң орныма ертең басқа бiреу директор болып келетiн болса, оның да жасайтыны осы. Себебi, бұл Бiлiм және ғылым министрлiгiне бағынышты республикалық мекеме.

— Қазiр авторлар "Оқулық" орталығы Бiлiм академиясы жасаған көп жұмысты тас-талқан еттi дейдi. Осыған не айтасыз?

— Тас-талқан еттi деуге болмас. Мүмкiн кемшiлiк болған шығар. "Жаңа буын" оқулығына тендер жарияланған кезде қазiргi бар оқулықтың, жоқ оқулықтың, тiптi, жүре түзелiп келе жатқан оқулықтың барлығын жасаған, авторлық топты құрған — Бiлiм академиясы. 1997 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Бiлiм проблемалары институты болып, кейiннен Қазақ Бiлiм академиясы болып қайта құрылды. Осының бәрiн жасаған сол шаңырақ. Бар авторын жаппай түрде тендерге салған. Егер сол кезде сараптаманы дұрыс жасап, бұрысты дұрыс демеген болсақ, оқулықтар ертеректе түзетiлiп кетер едi. Керiсiнше, жаппай жiбере бердi, қаламақыны бере бердi. Дәл осы мәселеде күйiп отырған баспа. Себебi, олар жүз мың данамен шығарады, ал оқулық жарамай қалды. Кiнәлi кiм? Авторлар. Бiрақ Бiлiм академиясының дәл осы жасаған жұмыстың ұйымдастырушысы.

— "Оқулық" орталығының ашылғанына да аз уақыт болмапты. Сiздер оқулықтың мектептегi партаға жетуiне еш жауап бермейсiздер ме?

— Тек қана сараптамаға жауап беремiз.

— Газетiмiзге сұхбат берген автор К.Бүкiбаеваның 2003 жылы негiзгi оқулық ретiнде бекiтiлген "Геометрия" оқулығы бақандай төрт жылдан кейiн алынып отырғанына не дейсiз?

— Бұл сұрақты министрлiкке қойыңыз.

— Ал, ендi авторлар мен мұғалiмдер "…қырғыздарға жаздырды" деген оқулықтың кемшiлiгiн де айтып жатыр ғой…

— Қырғыздан жинай ма, өзбектен жинай ма, қытайдан жинай ма, авторлық топты құратын бiз емес. Айтатын болсам, "Мектеп" баспасынан шыққан қырғыздармен жазылған оқулықта бiрде-бiр математикалық қате жоқ. Тек грамматикалық, редакторлық қате кездесiп жатса, ол баспаның қатесi.

— Сонда бiздiң Ұлттық педагогика қайда қалады?

— Математика қай елде болса да сол бiр математика. Оның тек мемлекеттiк бiлiм стандартына сәйкес ұлттық ерекшелiк жағын қарастыру керек. Керек болса тек қырғызды емес, қытайды, кәрiстi де әкелу керек. Қарасаңыз, елiмiзде ЖОО арналған "Қазақстан тарихынан" жақсы оқулықтың бiрi В. Канның оқулығы. Жоғары оқу орындары соның оқулығын пайдаланады.

— Өзiмiздiң оқулық жазатын авторлар не iстемек?

— Әрине, "мықты авторлар жоқ" деп айтуға болмайды. Бар. Елбасы Жолдауында "Аймағамбетованың оқулығын жөндеу керек, Бiрмағанбетовтың оқулығын түзету керек" т.б., тiптi сынақтан өтпей қалды" деген оқулықтар бар. Осыдан кейiн авторлар тып-тыныш отырып, оқулықтарын түзеуге кiрiстi. Елiмiздегi педагог, мұғалiм дайындайтын жоғары оқу орындарында әр түрлi саладағы кафедра болса, соншама ғалымдар, жоғары бiлiктi кандидат, доцент, докторлар бар. Солар жас авторлардың тобын оқулық жазуға тартуы қажет.

— Сiздiң сөзiңiзге қарағанда, кiм болса сол оқулық авторы болып кеткен сияқты…

— Iшiнара солай болған жағдайлар да кездеседi. Жүз мыңдаған данамен шығып кеткен оқулықты алып тастап жатса, не дейсiң? Оқулық — осылай жүрiп жатқан процесс. 2005 жылғы "Оқулықтар жарамайды" деген бұйрықта жүздеген автор бар. Неге солардың бiреуi жүгiрмейдi? Олар әдiстемелiк тұрғыдан оқулықтарын жөндеп, қайта оқу процесiне енгiзуге ұсынып жатыр. Мысалы, академик Ә.Нысанбаевтың, Қ.Жүкешевтiң, «Адам және қоғам» оқулықтарын күл-талқанын шығарса да, олар кiтапты үндемей-ақ қайта жөндедi. Бiз оны оқу процесiне қайта енгiзуге ұсындық.

Т.Алдамұратованың оқулықтары жарамағаннан кейiн, оның үстiне 5-6 сыныптың математикасына балама оқулық жоқ болғандықтан, Мәскеуге барып, Дорофеевтiң оқулықтарын өз ақшама сатып әкелiп, Алдамұратоваға бердiм де, "осыған қарап, мазмұнын, құрылымын жөндеңiз" дедiм. Әрине, математиканы аспаннан алмайды ғой, басқа қайдан жазады? Ал Қаңлыбаевқа Мордковичтiң 5-8 сынып оқулығын да Мәскеуден сатып әкелiп берiп, "қазақшаға аудар" дедiм. Демек, авторлар оқулықтың не екенiн түсiне бастады.

— Негiзi оқулықтың кемшiлiгi боп жатса, авторларды арнайы кеңеске шақырып, өздерiне айтасыздар ма?

— Айтамыз. Үш жылдың iшiнде қанша авторды Астанаға шақырып, кемiнде он шақты семинар өткiздiк. Бәрiнiң оқулығының қатесiн арнайы слайдтармен бердiк.

— Бiлiм және ғылым министрлiгi жанынан оқулықты тексеретiн арнайы комиссия құрылды ғой. Әлде, бұл комиссия "Оқулық" орталығына сенбегендiктен ашылды ма?

— Сенбегеннен емес. Тағы да қосымша сапасын анықтау үшiн.

— Авторлар қаламақының соңында жүредi деп жатырсыз. Сонда қанша алады олар?

— Аз емес. Оны баспалардан сұрау керек.

— Сiздiңше, оқулық қашан жөнге келедi?

— Оқулық қашан түзеледi дейсiң бе? Абай айтқан "Талап, ақыл, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл iс бiлсеңiз…" деген қағиданы ұстанса, ақылды, терең ойлы, мектептiң жанын, әдiстемесiн, балалардың психологиясын, педагогикасын бiле отырып, қағаз бетiне түсiретiн, оған арнайы бағдарлама жазып, педагогтармен талқыға салып, оқу жоспарына сәйкестендiрiп ендiрсе, содан кейiн қаламақысын алып, терлеп-тепшiп шайын iшсе, одан соң жанына жастарды ертiп, үйретiп жүрсе, сонда ғана ел болып, оқулығымыз жөнге келедi.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары