«ЕЛIМ» ДЕП ӨТКЕН ЕР ЕДI...

«ЕЛIМ» ДЕП ӨТКЕН ЕР ЕДI...

«ЕЛIМ» ДЕП ӨТКЕН ЕР ЕДI...
ашық дереккөзі
370

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВТIҢ ТУҒАНЫНА — 125 ЖЫЛ

ХХ-ғасырды адамзаттың даму, өсу мен өрлеу тарихындағы ерекше ғасыр деп атап жүр.

Шынында да сол жүзжылдықтың басында аэроплан ендi-ендi ғана ұша бастаса, арада алпыс жыл өтпей адамдар ғарышқа самғады, жер серiктерi зымыран, дидарбейне, күрделi кибернетика, компьютерлер және тағы да басқа адам нанғысыз кереметтер шықты. ХХ ғасырдың алғашқы ширегiнде-ақ қазақ зиялыларының қатары Х.Досмұхамедов, Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Ә.Диваев, М.Дулатов, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, М.Әуезов, Ә.Ермеков сияқты тағы да басқа саясат, әдебиет пен мәдениет, ғылым саласындағы ондаған демократиялық бағыттағы алаш ардақтыларымен толықты. Оларда бiр ғана ұлы мақсат болды, ол халықтың санасын ояту, орта ғасырлық мүлгуден арылтып, өнер-бiлiмдi меңгерiп, дамыған халықтардың қатарына қосылу арқылы ұлттың тәуелсiздiгiне қол жеткiзу едi. Олар бодандық бұғауының әйтеуiр бiр уақытта үзiлетiнiне сендi, сондықтан да сол күнге туған халқын ағартуға бар күш-жiгерлерiн жұмсады.

Елiмiздiң тәуелсiздiкке ие болуы солар аңсаған арман болатын.

Х. Досмұхамедов 1883 жылы көктемде қазiргi Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келдi. Ол он балалы отағасының жетiншi болып көрген қызығы едi. Кiшкентайынан ауыл молдасынан сауат ашып, одан соң ағасы Дәулетмұхамед Машақұлы оны жергiлiктi орыс-қазақ мектебiнде оқуға бередi. Ол заманда да орысша бiлуге ұмтылып, оқу қуған қазақ балалары аз болған жоқ. Бiрақ солардың арасында ең алғырлары ғана жиған бiлiмдерiн пайдаға жарата бiлдi немесе патша әкiмшiлiктерiнде шенеунiк болып, шен тақты. 1894 жылы Халел Орал қаласындағы әскери реальды училищенiң дайындық курсына қабылданып, оны 1902 жылы үздiк бiтiрiп шығады. Iзденiмпаз жас мұнымен ғана тынбай, 1903 жылы империяның астанасы Петербургтегi әскери-медициналық академияға оқуға түсiп, оны да 1908 жылы алтын медальмен бiтiрiп шығады. Жас қазақ жiгiтiнiң Петербургте оқыған жылдары аумалы-төкпелi, аласапыран уақыт болатын. Бұл жылдары бiлiм қуып, туған елiнен жырақ кеткен жас көп нәрсенi ойға түртедi, ойланады, бұл өмiрдегi ең басты мақсаты – халқының бақыты үшiн қызмет iстеу екендiгiн түсiнедi. Тынбай iзденiп, ғылым нәрiн жинаған талапты жас империяның астанасынан жан-жақты бiлiм алып, туған елге оралады. 1905 жылғы демалысында Қазақ даласына келген бiр тұста ол, сол жылы құрылған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетiне Б. Қаратаев, М. Бақтыгереевтермен бiрге сайланып, саяси өмiр жолын бастайды.

Қандай бiр жұмысты қолға алсын, Халел өз тұстастарынан алға шығып, жарқырап көрiнедi. Әсiресе, дәрiгерлiк және саяси қызметтерiмен араласа жүрiп, қазақ халқының тарихын, тiлiн, ауыз әдебиетiн, белгiлi тарихи тұлғаларының ғұмырнамаларын үңiле зерттейдi. Оның 1998 жылы "Ана тiлi" баспасынан жарық көрген көлемi 34 баспа табақ келетiн таңдамалы шығармалары – өз заманынан әлдеқайда озық тұрған еңбек. Оның медицина, гигиена, биология, табиғаттану, техника, металлқорыту жайлы жазған мақалалары — ғалымның шын мәнiнде энциклопедиялық бiлiмi барлығының бiр дәлелi.

Сан салада ғылыммен және дәрiгерлiк қызметпен айналыса жүрiп Халел саясаттан да сырт қала алмады. Өйткенi, адамзат тарихындағы үлкен өзгерiс — патшалық Ресейдегi Қазан төңкерiсi оның жасы қырыққа таянып, азаматтық келбетi мен ақыл-ойы кемелденген тұс болатын. Тарихтың сұрапыл дауылынан, тау толқындардың айында көмiлiп қалмай қазақ халқын қалай аман-есен алып шығуға болады? Кешегi " Алаш " партиясы да, оның қайраткерлерi де осыны ойлады, бастарын бәйгеге тiктi.

Халел Досмұхамедов 1917 жылы 21-28 шiлде аралығында Орынбор қаласында өткен I қазақ съезiнiң төрағасы болды. Осы съезде оның және серiктерiнiң ұсынысымен қазақтардың автономия алуы, жер мәселесi, халық милициясын құру, бүкiл Ресей мұсылмандарының кеңесiн шақыру сияқты, барлығы 14 мәселе қаралған едi.

"Алаш" партиясының көрнектi ұйымдастырушыларының бiрi, асқан бiлiмпаз, үлкен бедел иесi, қажырлы қайраткер, «Елiм» дегенде етiн кесiп беруге даяр үлкен патриотты, әрине, Кеңес өкiметi де жақтыра қойған жоқ. Халел Досмұхамедұлы бiр өзi бiрнеше қызметтер атқара жүрiп, ұлттық мектептердiң жүйесiн құруға, қазақ тiлiндегi ғылыми атауларды жасау iсiне атсалысады. Жер-жерлерде қаулап ашыла бастаған ұлттық мектептерге ана тiлiнде оқулық жазу қажет болады. Осындай қажеттiлiк Халелдi атқарып жүрген толып жатқан қоғамдық қызметтерiн ана тiлiндегi оқулықтар жазумен және оны шығару жұмыстарымен ұштастыра жүргiзуге мәжбүр еттi. Ол "Табиғаттану", "Оқушылардың денсаулығын сақтау", "Адамның тән тiрлiгi" (қазақша-орысша жаратылыстану сөздiгi), "Сүйектiлер туралы" атты еңбектер жазды. Сондай-ақ, оның қаламы жүйрiк журналист болғанын қазақ тiлiнде шығарып тұрған. "Шолпан", "Ақ жол", "Еңбекшi қазақ", "Сәуле" сияқты газет-журнал беттерiнде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады.

Жеке адамға табыну дәуiрiндегi алғашқы қуғын-сүргiн зұлматына алдымен халқымыздың маңдайалды аяулы азаматтары ұшырағаны белгiлi. Солардың бiрi болып, халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ деп, бар мағыналы өмiрiн осы жолға арнаған аяулы азамат осылайша зұлымдықтың құрбаны болды. 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық iстер коллегиясында қайта қаралып, ақталды. Ол 1929 жылы ҚазПИ-де проректор болып жүрген кезiнде тұтқындалып, Воронеж губерниясына жер аударылып, сол жерден Мәскеу және Алматы қалаларында түрмеде отырады. Содан кейiн талай қуғын-сүргiнге ұшыраған ол 1939 жылдың 24 сәуiрiнде "әскери трибуналдық үкiмiмен ату жазасына бұйырылады", бiрақ 19-тамызда үкiм орындалмай тұрып, түрмеде науқастан қайтыс болады.

Атырау мемлекеттiк Университетi қазiр Х.Досмұхамдовтың есiмiмен аталады. Университеттiң оқытушы-прфессорлары, студенттерi оның есiмiн ардақ тұтады. Республикамыздағы күннен-күнге көркейiп келе жатқан қалалардың бiрi — Атыраудың орталығындағы сәндi көшелердiң бiрi ғалымның есiмiмен аталады. Жақында Университет ұжымы Халел Досмұхамедовтың туғанына 125 жыл толуына арналған "Х. Досмұхамедов — көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi" атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiздi.

Мемлекет қайраткерi, үлкен ғалым, ұлты ұлықтаған азамат Х.Досмұхамедовтың жалғыз ұлы, жасы сексенге жақындаған дәрiгер қазiр Қызылорда қаласында тұрады. Балалары, немере-шөберелерi бар. Құдайға шүкiр, ұлы адамнан ұрпақ бар.

Ө.ЖОЛЫМБЕТОВ, профессор, Халықаралық ақпарат академиясының мүше-корреспондентi

Серіктес жаңалықтары