ЖАЛЫНҒА ОРАНҒАН ҒҰМЫР

ЖАЛЫНҒА ОРАНҒАН ҒҰМЫР

ЖАЛЫНҒА ОРАНҒАН ҒҰМЫР
ашық дереккөзі
352

Әшiр Бүркiтбаев туралы ашық әңгiме

Өткен ХХ ғасырда қазақ халқы нешебiр қилы кезеңдердi бастан кешiрiп, тарихи ауыр сындардан өттi. Атап айтқанда, қызыл империяның екi дүркiн қолдан қасақана жасалған аштыққа, бiрнеше саяси репрессияға ұшырады. Ұлтымыздың бас көтерер жетекшi тобын қырып-жойып, қырғынға ұшыратты. Солардың iшiндегi ең басты оқиғалар — Алаш партиясының пайда болып, Түркiстан (Қоқан) автономиясы мен Алашорда үкiметiнiң құрылғанына өткен жылы 90 жыл, "үлкен террор" деген атпен тарихқа енген 1937 жылғы қуғын-сүргiнге 70 жыл толып өттi. Белгiлi демограф Мақаш Тәтiмовтiң есебiнше, сол жылдары 2 миллион 200 мың адам ашаршылықтан қырылған (бұл сол кездегi қазақтың 51 пайызы едi), 1 миллионнан астам адам бас сауғалап, ашаршылықтан аман қалу үшiн Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Иран, Түркия тәрiздi шетелдерге ауып кеттi. Ал 1937 жылдан басталған мемлекеттiк "үлкен террор" жылдарында республикамыздың 120 мыңнан астам азаматы "халық жауы" деген жалған айыппен сотталып, 25 мыңнан астамы атылды. Олардың басым көпшiлiгi ұлтымыздың зиялы тобы — көрнектi мемлекет және ұлт қайраткерлерi болатын. Сол қуғын-сүргiн құрбандарының бiрi — абзал азамат Әшiр Бүркiтбаев едi.

Есiмi Қазақстан ұлттық энциклопедиясына енгiзiлген абзал тұлғалардың бiрi – Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғары оқу орны Қазақ кен-металлургия институтының (қазiргi Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетiнiң) ұйымдастырушысы және алғашқы ректоры (директоры) Әшiр Жанәлiұлы Бүркiтбаев 2006 жылдың желтоқсан айында 100 жасқа толды. Оның бұл мүшелжасын ол негiзiн салған универсиеттiң ректоры, профессор Досым Сүлеев бастаған ұжым ерекше атап өттi. Қайраткердiң мемлекет алдындағы үлкен еңбегiн еске қалдыру мақсатында ғылыми кеңестiң шешiмiмен университет құрамындағы Металлургия және полиграфия институтына оның аты берiлдi, тартымды ғылыми конференция, студент-жастар арасында қызықты жыр мүшайрасы болып өттi. Оның өмiрi мен еңбек жолы туралы ғалым-жазушы Таңдай Кенеев деректi повесть жазып, ол жеке кiтап болып баспадан шықты.

Ал бiз сол Әшiр Бүркiтбаев жайлы не бiлемiз?

Ол 1906 жылдың 17 желтоқсанында Жамбыл облысының, Сарысу ауданының, Жон өңiрiндегi Қаратас аулында қарапайым кедей шаруа отбасында дүниеге келiп, жастайынан жетiм қалып, қиындық пен озбырлыққа ұшырады. Өзiнен небары екi жасар үлкен Досай ағасы екеуi бiрiгiп бай-манаптың қозысы мен қойын бағып күн көрiп, аш-жалаңаш өсiп, көп тауқымет көрген. Байдан әбден қорлық көрген екi жас бала ауылдан қашып шығып, 1919 жылы жаз айында Ташкент шаһарына бара жатқан саудагер-арбашыларға ерiп, сол кезде "нанды қала" атанған үлкен қалаға келiп, мектеп-интернатқа орналасқан. Оқу мен бiлiмге құштар балаң жiгiт Ташкент қалалық ФЗО-сына түсiп, оқумен қатар трамвай депосында токарь болып жұмыс iстеген. Етi тiрi, өжет Әшiр мектепте бiлiмге зеректiгiн көрсетiп, жастарға үлгi болып, 1920 жылы комсомолға, 1925 жылы Коммунистiк партия қатарына өткен.

1927 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды облысындағы Қарсақпай кентiне жiберiлiп, онда токарь болып iстедi. Негiзгi жұмыстан қолы қалт еткен кезде, ол жұмысшылар мен жастар арасында КПСС-тiң идеялары мен жолдауларын насихаттап, алдынғы қатарлы iскер, бiлiктi коммунист бола бiлдi.

1928 жылы Қазақстанның сол кездегi астанасы Қызылорда қаласында өткен Республикамыздың комсомолдар конференциясына қатысып, оның хатшысы болып сайланды. Әшiр Бүркiтбаевтың замандасы Айтжан Бутин сол күндер жайлы мынадай естелiк жазыпты:

"Әшiр Бүркiтбаевпен мен Қызылорда өлкелiк конференциясы кезiнде таныстым. Сол сапар ол комсомолға хатшы болып сайланды. Өзi Қарсақпайдан келген жұмысшы жiгiт екен. Менiмен құрдас болып шықты. Конференция бiткесiн бұрынғы хатшы Садық Нұрпейiсов шақырып алып: "Айтжан, сен Әшiрдi үйiңе алып баршы. Yйiң төрт бөлмелi ғой. Пәтер алғанша сенiмен болсын, – дегесiн мен оны үйге ертiп келдiм. Сонан бiраз уақыт бiрге тұрдық. Мiнезi жуас, көп үндемейтiн, бiртоға жiгiт едi. Мен ол кезде атты әскер полкi комсомол ұйымының жетекшiсi едiм. Бiрге жұмыс iстеп жүрдiк. Ол кезде бiзде бос уақыт деген болмайтын. Сенбi, жексенбi күндерi қолымыз қалт еткенде төрт-бес жiгiт жиылып К.Маркстiң, Ф.Энгельстiң, В.Лениннiң еңбектерiн оқып, оларды ұғуға талпынатынбыз. Ол кезде көпшiлiктiң сауаты шамалы болатын. Бiлiмге, оқуға деген құштарлық болу керек, жиналыстар мен лекциялардан қалмайтынбыз. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтан Сегiзбаев, Садық Нүрпейiсовтердiң әңгiмелерiн қызыға тыңдайтынбыз. Тайыр Жароков, Ғабит Мүсiрепов, Мансұр Гатаулин, Әшiр барлығымыз бiрге жүретiнбiз. Содан 1928 жылдың 9 мамырында мен Алматыға ауыстым. Әшiр өзiнiң қалыңдығы Ғарифаны алғаш бiздiң Алматыдағы пәтерiмiзге алып келiп, үйлендi. Бiраз уақыт бiрге тұрдық. 1929 жылы мен Москваға оқуға кетiп, пәтерiмдi Әшiрлерге қалдырдым. Әшiр – өте қарапайым, ақ жүрек, кiшiпейiл жан едi. Уақытты текке жiберудi бiлмейтiн. Әрдайым кiтап пен қағазға шұқшиып, бiрнәрсенi оқып, сызып, жазып отыратын. Ойлайтыны тек жұмыс болатын. Бiрде ол маған қарап:

– Айтжан, сен Мәскеуде оқып, бiлiмiңдi тереңдеттiң, комиссар атанып, ендi мiне, белiңе қылыш тағып жүрсiң. Ал, бiзде оқу да, қылыш та жоқ, – деп күрсiнiп, мұңаятын, оқуды аңсайтын. Кейiнiрек ол Мәскеуде бiр жылға жуық болып, Свердловскiден Жоғарғы техникалық академияны бiтiрiп келдi. Ол кезде Әшiр жұбайы Ғарифа мен қызы үшеуi кiшкенерек екi бөлмелi үйде тұрды. Yйiнде дүние-мүлiктен сықырлаған ескiлеу темiр кереуетi ғана болатын. Барлығы баяғы сол 1929 жылдағыдай едi.

– Әшiр-ау, сен дүрдей институттың директорысың. Ал үйiңде бiр кiлемiң де жоқ. Алмайсың ба? – дедiм.

– Әй, Айтжан-ай, бiз жұмыскерлер бюрократ бола алмаймыз. Тапқан айлығыма Ғарифа тамақ, киiм алады. Басқа не керек? Оның үстiне, тағы да оқуға бармасам болар емес, бiлiмiмдi көтеруiм қажет, – деп жауап қатты Әшiр досым. Сол аяулы досымды мен 37-шi жылдың 1 маусымында соңғы рет көрдiм. Оны қайтып көрудi тағдыр маған жазбапты".

Жас республикамыз аяғына қалт-құлт тұрып келе жатқан сол 20-30 жылдары, шынында да, мемлекетiмiзде жоғары бiлiмдi кадрлар саны жетiспейтiн, бiрақ жастарда бiлiмге деген ерекше талпыныс бар едi. Әшiр Бүркiтбаевтiң ғұмырнамасына үңiлсек, оның өмiрiндегi үлкен екi кезеңге тоқталар едiк. Бiрiншiсi – оның сонау жиырмасыншы жылдардың аяғында жастығына қарамай жауапты қызметке жiберiлуi болса, екiншiсi – республикада күнi бүгiнге дейiн инженер кадрларын даярлайтын бiрден-бiр белдi оқу орындарының бiрi – Қазақ политехникалық институтының (қазiргi Қазақ ұлттық Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университет) негiзiн қалауы едi.

Ол 1931 жылы Мәскеу қаласына рабфакқа, одан республикамыздың шығыс аймағындағы Риддер қаласының партия комитетiне қызметке жiберiлiп, оның хатшысы болып қызмет атқарған. Ол кезде елiмiзде өзiмiздiң жергiлiктi инженер кадрлар жоқтың қасы едi. Қазақтың дархан, кең даласының әр өңiрде зерттелiп, жаңа ашылып жатқан кен көздерiн игеру үшiн кадр тапшылығы арта түстi. Бiлiмге деген құштарлық Әшiрдi Ресейдiң Свердловск қаласындағы тау-кен және металлургия инженерлерiн даярлайтын Академияға алып келдi. Оны үздiк бiтiрiп келген коммунист-инженер Ә.Бүркiтбаевқа республикада алғашқы техникалық жоғары оқу орны – Инженерлiк-металлургиялық институтын ұйымдастыру тапсырылды. Күн-түн демей барлық ар-ожданын осы игiлiктi iске арнаған Әшiр жас институттың аяғынан тiк тұрып кетуiне көп еңбек етiп, маңдай терiн аямай төктi. Мәскеу, Ленинград, Свердловск және де басқа орталық қалалардан мұғалiм кадрларын, профессорлар мен ғалымдарды шақырып, аса қиыншылықпен институттың iргесiн қалады".

Белгiлi ғалым, профессор, Ұлттық академияның корреспондент-мүшесi Ақжан Машанов замандасы Ә.Бүркiтбаев жайлы былай деп естелiк қалдырыпты:

"Алматыдағы тау-кен институтының негiзiн салған Әшiр Бүркiтбаев едi. Ол бұрын комсомолда iстеген екен. Жас жағынан қарағанда екеумiз құрдас болып шықтық (мен оқуға ересектеу жаста түскен болатынмын). Бiрде ол менi шақырып алып: "Сен екеумiз жасты екенбiз, яғни құрдаспыз. Өзiң студент жастар арасында ересек көрiнесiң және оның үстiне жақсы оқиды екенсiң. Сен маған жастар арасында жұмыс жүргiзу жағынан көмектес, – деп өтiнiш жасады. – Мен ол кезде үйлi-баранды едiм, директор жатақханадан бiр бөлме бердi. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистiк тәрбие жұмысына қызу араластым. Директорымыз мезгiл-мезгiл студенттердiң жатақханасына келiп, пiкiрлесiп, жағдайларын бiлiп отырушы едi. Мен оны жақсы көрiп, ерекше сыйлайтынмын. Ұмытпасам, орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннiң 135 жылдық тойы қарсаңында ол маған институтта сол дүлдiл ақынға арналған кештiң болатынын, оны екi тiлде өткiзiлетiнiн мәлiмдеп, мен оның қазақша бөлiмiне жауапты болғанымды хабардар еттi. Мен өзiме жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға бел буа кiрiсiп, "Евгений Онегиннiң" данышпан Абай аударған вариантын сол кездегi белгiлi артист Қуан Лекеровке орындаттым. Бiраз талантты студенттер ән айтты, Пушкиннiң өлеңдерiн нақышына келтiре оқыды. Мен өзiм конференсье болдым. Сонда бiрге оқитын қандас студенттердiң қуанғандарын айтсаң, шiркiн! Кеш бiткесiн Әшiр келiп, қолымды қысып, рахмет айтты. Кейiн сол абзал азаматқа "халық жауы" деген қара күйе жағылып, ұсталғанын естiгенде қатты күйзелдiк".

Қазақ политехникалық институтының 1939 жылғы түлегi, доцент М.Медведев былай деп ой қозғайды: "Бiзге, студент-оқушыларға, директорымыз Ә.Ж.Бүркiтбаев өте сауатты, кiшiпейiл, елгезек, мейiрiмдi болатын. Ол мезгiл-мезгiл жастардың жатақханасына келiп, олардың хал-жағдайымен танысып, қолдан келгенiнше көмек көрсететiн. Студенттердiң басым көпшiлiгiн ол жүзiнен танып, олардың аты-жөнiн жақсы бiлетiн. Ол, әсiресе, жастар арасында интернационалистiк татулыққа, әскери-патриоттық және коммунистiк тәрбиеге ерекше көңiл бөлушi едi. Студенттер арасында дамып келе жатқан спорт пен өнерпаздық iске де жанашырлықпен қарайтын. Өмiрiнiң соңғы жылдарын ол ғылыми, тәрбие-оқу жұмыстарына, республикада жедел дамып келе жатқан өнеркәсiптерге инженер кадрларын даярлау iсiне арнады. Коммунистiк партияның тәрбиесiн көрген Әшiр Бүркiтбаев терең ойлы, жаны жайсаң, таза жүректi нағыз коммунист едi. Ол бiздiң көңiлiмiзде, жүрегiмiзде солай сақталып қалды. Болашағы зор азамат едi. Жаламен сол азаматтың қыршын кеткенi өкiнiштi".

Уақытпенен сарғайып, шет-шетi мүжiле бастаған мына бiр қағазға – Әшiрдiң әйелi Ғарифа Мүрсәлiмова апайдың ертеректе жазған естелiгiне зер салайық:

"Мен сол зұлматқа толы 1937 жылдың жазғы бiр күнiнде Әшiрге: "Ел iшiнде "халық жауы" деген қорқынышты сойқан жүрiп жатыр. Талай азаматтарды НКВД қызметкерлерi ұстап, аяқ-қолына кiсен салып, абақтыға жабуда. Олардың арасынан оққа ұшып жатқандары да баршылық. Менiң бойымды кейде қорқыныш-үрей билейдi. "Сенi де бiр күнi олар өз қармағына iлiктiредi-ау" деген үрей мазалап жүр. Сен не ойлайсың?

– Ғарифашым-ау, менi апарып берсеңде олар алмайды. Кеңес үкiметi мен халыққа қарсы ешбiр арам пиғылым, терiс iс-әрекетiм, титтей де қастығым жоқ. Менi НКВД не қылсын. Мен үшiн қорықпаңдар, – деп едi.

– Содан екi-үш айдан кейiн-ақ зобалаңға iлiгiп, ордер әкелiп, алды да кеттi. Сол кеткеннен мол кеттi. Түк қызық көрмедi марқұм. Оңды едi ғой. Оңды болғасын маңдайымызға симады. Адамгершiлiгi мол едi. Артында жақсы сөз қалғаны ғана көңiлге жұбаныш. Yш бала бар едi, менiң сорыма барлығы қайтыс болды. Ол кеткеннен қасiреттi көп көрдiк. Қанша үйдiң шаңырағын шайқалтпаған, керегесiн қусырмаған сол нәубат…".

Сөйтiп, сол бiр қорқыныш пен үрейге толы зобалаңда 1937 жылдың 1-шi желтоқсаны күнi Әшiр Бүркiтбаев "халық жауы" деген жаламен НКВД-нiң қызметкерлерiмен ұсталынып, тергеуге алынып, абақтыға жабылды.

Көп күндiк азап пен қорлыққа шыдаған Ә.Бүркiтбаевты және де басқа қазақтың сол кездегi беделдi, бiлiктi, зиялы азаматтарынының бiр тобының iсiн 1938 жылы Мәскеуден арнайы жiберiлген ССРО Жоғарғы сотының көшпелi алқасы қарапты. Ендi сол москвалық Әскери соттың үкiмiн оқылық. Ол құжатта былай делiнiптi: "… 28 февраля 1938 года рассмотрена дело по обвинению Буркитбаева Ашира, 1906 года рождения, бывшего директора Казахского горно-металлургического института, гражданина СССР, в приступлениях, предусмотренных ст. 58-7, 58-8, 58-11 УК РСФСР…" дей келе, Ә.Бүркiтбаевтың "күнәлары" тармақталып келтiрiледi. Құдай-ай, қандай ауыр сөздер. Оны оқып отырып төбе шашың тiк тұрады, тұла бойың қара терге малынады. Yкiмде жаланың жетi атасы тұр: "контрреволюциялық ұйым мүшесi", "Отан сатқыны", "жапон жансызы", "террорлық топ мүшесi", "ұлтшыл-буржуазиялық партия мүшесi", "Қазақстанды КСРО-дан бөлiп, ұлтшыл-буржуазиялық жеке мемлекет құру қозғалысының мүшесi", "студент жастар арасында антикеңестiк үгiт жүргiзiп, оларды террор мен Кеңес өкiметiне қарсы көтерiлiске шақырған ұлтшыл саяси сенiмсiз қызметкер" және т.б, т.с. жалғаса бередi. Соңында "…Ә.Бүркiтбаевқа ату жазасы берiлсiн, үкiм шұғыл орындалынсын", деген адамның бойына үрей туғызатын сұсты жазулар тұр. Сөйтiп, қазақ халқының тағы бiр белдi азаматының тағдыры осылай "пышақ үстiнде" шешiлiп, 31 жастан ендi ғана асқан жас қыран, болашағынан зор үмiт күттiрген қайран ер Әшiр Бүркiтбаев Алматыдан 35 шақырым жердегi "Жаңалық" ауылының түбiнде НКВД-нiң "жандайшаптарының" оғына ұшты. Сөйтiп, тағы бiр зиялы болашағы зор Алаш азаматының өмiрi қиылды…

Тап сол күнi, яғни 1937 жылдың 28 ақпаны күнi Әшiрмен бiрге 40 адамға "халық жауы" деген жала жабылып, Мәскеулiк көшпелi соттың үкiмiмен (НКВД-нiң үштiгiмен) Алматының iргесiндегi "Жаңалықта" атылды. Олар қазақ интеллегенциясының сол кездегi "қаймақтары" Сыдық Абланов, Баймахан Абдуллин, Бiрмұхамед Айбасов, Шалтанбай Ахметов, Мерғали Yмбетов, Қажгерей Әлжанов, Фидахмет Әубәкиров, Нақысбек Тiленшиев, Бәйкен Тыштықбаев, Қартқожа Торғанбаев, Мұхаметқали Тәтiмов, Ахметқали Сиятов, Бүркiтәлi Сейсекенов, Мұхтар Сматов, Ақай Мустафин, Ерембек Құрманалин, Абдрахман Құлыбеков, Бақытжан Байдақов, Жанай Баймағанбетов, Жұмабек Батырбеков, Артық Байысов, Оразалы Жандосов, Мұхамадияр Жанкин, Молдағали Жұмабаев, Ысқақ Ибрагимов, Темiр Камалов, Сейтқасым Көлбаев және басқалар болатын. Олар күндiз-түнi тән азабы мен жан азабын көрсеткен тергеушiлердiң жасаған қылықтарына төзе алмай, жасамаған қылмысты iстедiм деп мойындаған, жалған мәлiмдеме жасауға мәжбүр болған. Олардың тағдыры да Әшiр Бүркiтбаев секiлдi. Азаптың нешебiр адам жаны төзбейтiн қасiретiн көрiп, бар болғаны 10-15 минутта сот барысында қолдан жасалған "коммунистiк партияның сара жолынан ауытқушы-ұлтшылдары", "Алашорда идеологиясын жандандырушылар", "қоғамдық мәдени өмiрiнде коммунистiк ұстанымдарға қарсы шығушылар" деген жалалар мойындатылып, москвалық "үштiктiң" үкiмiмен қолма-қол атылып кеттi емес пе…

Қуғын-сүргiн құрбаны Әшiр Бүркiтбаевтың артында 8 жасар Әсия, 5 жасар Сәния атты қыздары мен 2 жасар Болат есiмдi ұлы қалды. Қабырғасы қайысып, көзi жасқа, жүрегi мұңға толып жастай қосылған қосағы – 24 жастағы сүйген жары Ғарифа Мүрсәлiмова қалды.

Елдегi Досай ағасына "халық жауының бауыры" деген қара дақ жағылып, өлместiң күнiн көрiп, замандасарының жүзiне тiк қарай алмай тiршiлiк еттi (ол өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдары қазiргi Сарысу ауданындағы Түркiстан аулында өмiрден озды)…

Осындай сәтте, егер сол бiр жан түршiгерлiк қуғын-сүргiнге толы күндер болмаса жерлесiмiз – республикамыздың комсомолының сегiзiншi хатшысы, кезiнде республикалық жастар газетi "Лениншiл жастың" ("Жас алаштың") он төртiншi редакторы болып қызмет атқарған, қазiргi Қазақ ұлттық техникалық Қ.Сәтбаев атындағы университеттiң негiзiн қалаған және оның алғашқы ректоры болған Әшiр Бүркiтбаев уақыт келе елiмiздiң белдi ғалымы, университет немесе өндiрiстiң басшысы, партия жетекшiсi, немесе мемлекетiмiздiң бiлгiр ұйымдастырушылары қатарында болып, халқымыздың iрi тұлғаларының бiрi болар едi-ау, деп ойлайсың. Кiм бiледi, әттең НКВД-нiң қанды қылышы болашағынан үлкен үмiт күттiрген өрiмдей талантты ұйымдастырушы жастың өмiрiн ерте (бар болғаны 31 жасында!) қиып кетпегенде?…

… Құжаттарды парақтай отырып, тағы бiр сарғайған қағазға көзiмiз түстi. Одан:"1958 жылдың 25 наурызында ССРО-ның Жоғарғы соты (әдiлет полковнигi Цирлинскийдiң төрағалығы етуiмен) Әскери бас прокурор подполковник Базыкиннiң Қазақ тау-металлургия институтының бұрынғы директоры Ә.Бүркiтбаевтiң iсi бойынша тергеу-зерттеу қорытындысын тыңдап, онда Жоғарғы соттың әскери алқасының 28.02.1938 жылғы үкiмi қайта қаралып, сотталушы Ә.Бүркiтбаевқа ату жазасы негiзсiз берiлген деген шешiмге келдi. Сондықтан Жоғарғы соттың 28.02.1938 жылғы ол үкiмi күшiн жойып, сотталушының iс-әрекетiнде қылмыс құрамының болмауы себептi ақталсын", – деген тасқа басқандай жазуларды оқимыз.

Қазiр Алматы қаласында зұлмат заманда тiрсегi қырқылған қырандардың бiрi Ә.Бүркiтбаевтың екi немересi – Асанова Гүлсiм Қасымқызы мен Меркiбаева Сәуле Қожақанқызы тұрады, шөбересi – Асанов Тимур Асқарұлы АҚШ-тағы университеттердiң бiрiнде жоғары бiлiм алуда. Олар атасының жарқын iстерiн жалғастырып, әрдайым ерекше мақтанышпен, ыждаhаттылықпен оның есiмiн еске алып отырады.

Мына жарық дөңгеленген кең дүниеге кiм келiп, кiм кетпеген. Әркiмнiң бұл шексiз әлемде өз жолы, өз тағдыры бар. Нақақтан-нақақ жала жабылып, қырғын-сүргiнге ұшырап, зобалаң жылдардың үсiгiне шалынып, тағдырлары ойран болған, өмiрден ерте өзған Әшiр Бүркiтбаев сияқты нарқасқа азаматтарын еске алғанда жүрегiң сыздайды. Не үшiн, кiм үшiн сол азаматтар жалындаған жасында қыршын кетiп, жарық дүниемен қоштасты?! Айдың, күннiң аманында қанша шаңырақ шарт сынып, керегелерi қирап, түндiктер қақ айрылып жел қуған қаңбаққа айналды. Алапат күш атаны баладан, ананы қызынан айырды. Сол жылдары орын алған Кеңестiк солақай саясаттың ызғары қазақтың талай зиялы қауымын баудай түсiрдi. Халқымыздың мыңдаған саналы боздақтарына жала жабылып, оларды адам айтқысыз аса ауыр қуғын-сүргiнге ұшыртып, зорлық-зомбылық жасап, өмiрлерiн қиды. Қайран сол бiр аяулы азаматтар-ай! Олардың қандай қасiретке душар болып, алдына қойған мақсаттарын орындай алмай, қанаттары қайрылып, мына фәни дүниеден ерте кеткендерiн ойласақ, өкiнiш өзектi өртейдi. Олардың атын жаңғырту, есiмдерiн елге жеткiзу мына бiздердiң азаматтық парызымыз…

Қазақ тарихының бесiгi атанған киелi Қаратаудың төсiнде сонау қиын-қыстау заманда дүниеге келiп, көк жүзiндегi Үркер жұлдыздай қазақтың алғашқы бiр топ зиялыларының қатарында болып, халқының жарқын болашағы мен елiнiң өркендеп гүлденуi үшiн берiле адал еңбек еткен, бiрақ зұлмат жылдардың қаһарына iлiгiп, жазықсыз жазаланған асыл азамат Әшiр Бүркiтбаевтың аты оның туған өлкесi Сарысу өңiрiндегi Түркiстан ауыл округындағы Арыстанды мектебiне, Шымкент қаласының бiр көшесiне, Алматыдағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттiң құрамындағы Металлургия және полиграфия инситутына берiлдi.

Өткен 2007 жылдың маусымында Әшiр ағаның дүниеге келген атамекенi Қаратас аулында (Жамбыл облысының Сарысу ауданы) оның туғанына 100 жыл толуына байланысты ағайын-туысқандарының қолдауымен үлкен ас берiлiп, аруағына бағышталып құран оқылды.

"Өлi риза болмай, тiрi байымайды", – деген халық даналығы бекер айтылмаған. Әшiр Бүркiтбаев сияқты жасындай ағып өткен Алаштың белгiлi тұлғаларының есiмi ұмытылмай, жадымызда жаңғырып тұрғаны орынды.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, профессор,

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, журналист

Серіктес жаңалықтары