Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ
ашық дереккөзі
231

29 мамырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бiр топ қазақтiлдi бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесiп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi аясындағы келелi мәселелер бойынша кең көлемдi сұхбат бердi. Әңгiмеге "Егемен Қазақстан" республикалық газетi" акционерлiк қоғамының президентi Сауытбек Абдрахманов, "Айқын" газетiнiң бас редакторы Нұртөре Жүсiп, "Түркiстан" газетiнiң бас редакторы Шәмшидин Пәттеев, "Қазақ әдебиетi" газетiнiң бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, "Ана тiлi" апталығының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат қатысты. Сұхбаттың ықшамдалған теленұсқасы өткен аптада республикалық телеарналар арқылы арнаулы репортаж күйiнде берiлдi. Бiз бүгiн газет оқырмандарына Елбасымен сұхбаттың толық мәтiндiк нұсқасын ұсынып отырмыз.

С.Абдрахманов: Аса құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Әңгiменiң басында қазақтiлдi басылымдардың журналистерiн арнайы қабылдап, сұхбат беруге келiскенiңiз үшiн разылығымызды бiлдiрiп алғымыз келедi. Алғашқы сұрақты Нұртөре Жүсiп қоймақшы.

Н.Жүсiп: Түрлi басылымдарда, хабарларда Қазақстанды құтқарып тұрған мұнайы мен газы дегендей пiкiрлер айтылып қалады. Елдi шикiзат тәуелдiлiгiнен шығару үшiн жасалып жатқан шараларды әңгiмелеп беруiңiздi сұраймыз.

– Мұнай мен газға арқа сүйеп отырған ел жалғыз Қазақстан емес. Америка Құрама Штаттары да солай. Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерi де солай. Норвегия да солай. Венесуэла, Мексика, әрi қарай айта беруге болады. Тәуелсiздiк алған кезден берi осы шаруамен ұдайы шұғылданып келе жатырмыз. Бiр кезде 20 миллион тонна мұнай шығарғанға мақтанып жүретiнбiз. Қазiр бiз оны 70 миллионға жеткiздiк. 3 есе көтердiк. Сырттан инвестиция тарту арта бастады. Оны өзiмiздiң қаражатымыз болған күнде де жаңа технологиясыз өндiре алмас едiк. Ондай технология кешегi Кеңес одағында да болған жоқ. Бiздiң мұнайымыз күрделi, күкiртке толы болып келедi.

Жаратқан Иемiз қазақтың ғасырлар бойғы азаттық жолындағы аққан қаны мен тiршiлiк үшiн төккен терiнiң өтеуiн қайтарудай-ақ қайтарғанына қазiр көзiмiз жетiп отыр. Құдай қазақтың көңiлiндей етiп кең-мол жер берген, оның асты-үстiн толтырып кен берген, сол жер мен кенге ие болатын кеңпейiл ел берген.

Қазақ жерiнiң асты да, үстi де тұнған қазына. Мұнай да, газ да, хром да, уран да, темiр де, көмiр де, мыс та, алтын да, бәрi де баршылық. Әсiресе, мұнай молшылығы бөлекше. Сонымен қатар, мен мұнайға масыл болып қалмау керектiгiн үнемi қадап айтып жүремiн. Жалғыз жер байлығына сенiп қалуға болмайды. Бiз де қазба байлыққа қарап қалмауымыз керек. Ысырапқорлыққа бармау керек. "Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады", деген атамыз қазақ. Оның үстiне қазақ жерiнiң байлығы қазақстандықтардың бүгiнгi ұрпағының ғана меншiгi емес екендiгiн ұмытудың жөнi жоқ. Жер байлығының қызығын болашақ ұрпақтарымыз әлi ғасырлар бойы көруге тиiс.

Мұнай деген темiр сияқты, көмiр сияқты бiр кезде таусылады. Бұлардың бәрi бiз демалып жүрген ауа емес, егiп шығара беретiн ағаш емес, жерге отырғызатын картоп емес, бiр алғаннан кейiн қайтадан орнына келмейдi. Түбiнде таусылмай қоймайды. Оның үстiне мұнайдың бағасы да құбылмалы. Бiраз уақыт орнында тұрады да, сонан кейiн төмендейдi, қайта өсуi де мүмкiн. Мысалы, Оман мемлекетiнде үлкен газ кенi болған, ол бiткеннен кейiн ел қиындыққа тап болды. Бұған дайын тұру керек. Мұнайдан түскен қаржыны да бүгiн жеп тауысып қойып, ертең не iстерiмiздi бiлмей отыруға тағы болмайды. Осының алдын алу үшiн жиналған қаражатты пайдалана отырып, Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жасадық. Дүние жүзi тәжiрибесiн ескере отырып, сарапшыларды тарта отырып, 2002 жылдан бастап үш жыл жұмыс iстедiк. Биыл, құдай бұйыртса, 82 жобаны iске қосқалы отырмыз. Бұл не деген сөз? Бұл қаражат бар екен деп зауыт-фабрикаларды сала беру деген сөз емес. Ол зауыттар қандай зат шығарады? Бiз не шығаратынымыздың бәрiн екшеп отыруымыз керек. Ол зат бәсекеге сай бола ма, оны басқа жерге апарып сатуға келе ме деген сияқтыларды қарау керек. Бiзге ешкiм өзiнiң технологиясын бермейдi, бәсекелестi қолдан жасаудың ешкiмге қажетi жоқ. Бiзден тек шикiзат алу керек оларға. Осы жылдар iшiнде сырттан көп қаражат тартқызып, мұнайды халыққа қызмет еткiзiп отырғанымызға қуануымыз керек. Жалпы, әлемде бәрiн де технологиялық прогресс айқындайды. Арғы заманды қойып, он тоғызыншы ғасырдан бастап санайтын болсақ, техникалық революция ағылшындардың мата тоқу мәшинесiн ойлап табуынан басталған. Онан кейiн бу мәшинесi келдi, электр жүйесi келдi. Темiр балқыту, мұнай шығару, ұшақ жасау, бара-бара атом қаруы шықты. 1949 жылы электронды санақ мәшинесi шыққаннан кейiн информациялық технология басталды. Ендi қазiр алтыншы кезеңге келе жатырмыз. Ол – нанотехнология, биотехнология, инженерлiк генетика. Инновация деген ұғымды халқымыз әлi толық бойға сiңiре қойған жоқ. Инновация заттың, бұйымның бұрынғыдан бiрнеше есе өнiмдiлiк беруi. Мысалы, Американың бiр фермерi өндiретiн астықты Қазақстанның алты фермерi өндiредi. Егер өндiрiске енгiзген жаңалық 15-20 процент өсiм бермесе, онда бұл инновацияға жатпайды. Қазақтың жалпақ тiлiмен түсiндiргенде осылай. Бұл үшiн ғылым керек. Ғылым үшiн бiлiм керек. Жаңалық енгiзiлгеннен кейiн жаңадан ғылым керек. Әрi қарай жүргiзетiн тағы да ғылым керек. Бiздiң әлемдегi бәсекеге сай 50 мемлекеттiң iшiне кiремiз деген мақсатымыздың ең түйiнi осы. 30 корпоративтiк көшбасшы туралы да осыны айтуға болады. Солардың төңiрегiнде 30 озық өндiрiс, орта, шағын бизнес қалыптасса жақсы. Заманында Жапония, Сингапур, Оңтүстiк Корея, Германия, Франция осы жолмен жүрген. Сол үшiн даму институттарын құрдық. Даму банкi, Инновациялық қор, басқа қорлар. Мемлекеттен оларға қаржы бөлдiк. Бiз қазiр ойлап қарасақ, көштен кейiн қалып қойғанымызды көремiз. 40-50 жылға кейiн қалдық. Бiз озық елдер баяғыда жүрiп өткен жолмен келе жатырмыз. Егер бiз технологиялық дамудың жетiншi, сегiзiншi сатысына көтерiлуге дайындалмасақ, онда ылғи аналардың соңынан салпақтап қуып жүруге мәжбүр боламыз. Дайындалсақ, Қазақстанның экономикасы да, халықтың жағдайы да, Қазақстанның әлемдегi жағдайы да өзгередi.

Жалпы, мемлекет мұнайы көп болғандықтан ұлы мемлекет бола алмайды. Өйтсе нағыз ұлы ел деп Сауд Арабиясын айтар едi. Жоқ, ұлы мемлекет АҚШ, ұлы мемлекет Жапония, ұлы мемлекет Германия, Франция… олардың ешқайсысы мұнай мен газға бөгiп отырған жоқ. Мiне, мәселе қайда. Бiздiң жастарымыз елiмiздiң қазiр сынақ үстiнде тұрғанын түсiнуге тиiс. Жаңа технологияларға көшпесек, бұл тәуелсiздiгiмiзге де, болашағымызға да сын болады. Бiз қазiр осындай сын үстiнде тұрмыз. Бұл үйреншiктi бiлiммен жасайтын нәрсе емес.

2012 жылға қарай әлемдiк мұнай экспорттаушылардың алғашқы ондығына кiрудi межелеп отырмыз. 2010 жылға қарай бiзде мұнай өндiру 80 миллион тоннаны құрайтын болады, ал 2015 жылға қарай 130 миллион тоннаға жетедi. Соның 25 миллион тоннадайы ғана iшкi тұтынуға жұмсалады. Мұның өзi елiмiздiң алдынан аса жарқын болашақты ашып тұр. Мысалы, Қашаған кен орны әлемде соңғы жылдары ашылған мұнай көздерiнiң ең үлкенi болып саналады. Мұнай мен газдан бiздiң тауып отырған табысымыз да үлкен. Бiрақ, бiз, жаңа айтқанымдай, жалғыз жер байлығына қарап қалмауымыз керек. Экономиканы әртараптандыру iсiн қолға алғанымыз да сондықтан.

Кейiнгi жылдарда менiң тапсырмам бойынша ел бюджетi мұнай мен газдан түскен табыстарды қоспай жасалып келедi. Мұнай мен газдың қаражаты Ұлттық қорға жинақталып жатыр. Қазiр Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде елiмiздiң резервi шамамен 40 миллиард АҚШ долларына жеттi. 15 миллион 700 мың адамы бар елге бұл аз ақша емес. Бұл ақша елiмiздiң қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге көп көмек көрсетуде. Өткен жылы сонау мұхиттың ар жағынан басталған ипотека дағдарысынан туындаған қымбатшылықты да бiз ең алдымен осы резервтiң көмегiмен тежей алдық.

Сондықтан Қазақстанның экономикалық табыстарын тек мұнаймен, газбен байланыстырудың тiптi де жөнi жоқ. Бiз Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жасап, жүзеге асырып жатырмыз. Бұл да шикiзатқа қарап қалмаудың қамы. Инфрақұрылымды дамытуға көп көңiл бөлудемiз. Болашақта Қазақстан Еуразияның iрi көлiктiк торабына айналуға тиiс. Ал 30 корпоративтiк көшбасшы идеясының болашағы тiптен үлкен. Осы арқылы бiз жаңаша жұмыс iстейтiн күштерге арқа сүйейтiн боламыз. Экономиканы әртараптандыру мәселесi де осындай жолмен шешiлуге тиiс.

Бүгiнде бүкiл әлем қаржы-экономикалық дағдарыстың кезектi сынағынан өтiп жатқаны өздерiңiзге мәлiм. Әрине, оның шарпуы Қазақстанға да тиюде. Бұл заңды да, өйткенi бiздiң экономикамыз жаһандық экономиканың бiр бөлiгiне айналды. Бiрақ бiз әлеуметтiк саясатымызда ешқандай құлдырауға жол бермеймiз, керiсiнше, менiң халыққа Жолдауымда жария етiлген жоспарларымызды толық қамтамасыз ететiн боламыз.

Ш.Пәттеев: Әлеуметтiк-экономикалық дамудың барысы, осы жолдағы шешiмдер, мәселелер туралы айтып беруiңiздi сұраймыз.

– Кейiнгi он жылдың iшiнде Қазақстанның экономикасы бес жарым есе көтерiлдi. Қазiр iшкi жалпы өнiм 105 миллиардтан асты. Қазiр бiздiң әл-ауқат жағдайымыз жан басына шаққанда Түркиядан жоғары, Сауд Арабиясынан жоғары, Венгриямен деңгейлес, Румыниядан, Польшадан жоғары деген әңгiмеге келiп қалдық. Айналдырған он бес-он алты жылдың iшiнде осындай жетiстiкке жетемiз деп ойладық па? Мысалы, қазiр Қазақстандағы орташа жалақы 500 долларға жеттi. Орташа зейнетақы 160 долларға жеттi. Бүгiнде бүкiл әлемде қаржы дағдарысы орын алып отыр. Ол сонау мұхиттың арғы жағындағы, АҚШ-та ипотека дағдарысынан басталды. Осы қиындықтың өзiн елiмiздiң экономикасы еңсере бiлдi.

Қазiр бюджеттi нақтылау жүргiзiлуде. Онда бiз әлеуметтiк саланың шығыстарын азайтуға жол бермедiк, қайта өсiре түстiк. Үкiмет республикалық бюджеттен қосымша 153 млрд. теңге қаржылық шығыстарды қарастырып отыр. Бұл қаражат әлеуметтiк төлемдердi өсiрiп, экономиканы тұрақтандыруға, сондай-ақ инфрақұрылымдар мен әлеуметтiк нысандар құрылысын дамытуға, зейнетақыны, ең төменгi төлемақыны, шәкiртақыны көтеруге жұмсалады. 2009 жылғы бюджет бұған дейiнгi жылдардағы сияқты әлеуметтiк бюджет болып қалады.

Алдымызда қиыншылықтар болады. Сырттан азық-түлiк өнiмдерiнiң бiразын әкелуге байланысты Үкiмет ауыл шаруашылығын қолдауға 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлдi. Еттi өсiру үшiн, көкөнiстi көбейту үшiн. Астықтың тиiстi қорын жасап, нанның бағасын өсiрмеу үшiн. Елiмiзге, жұртымызға дағдарыстан өтемiз деп айта аламыз. Дағдарыс капиталистiк экономикада болып отырады. Бiресе төмен түсiп, бiресе жоғары өрлеп отыру экономикаға тән. Мысалы, ХХ ғасырдың өзiн алатын болсақ, бiрнеше дағдарыс орын алған екен. Бiз бiлетiн 70-шi жылдардың өзiнде мұнай бағасының төмендеп кетуi, 78-шi жылғы, 85-шi жылғы, Оңтүстiк-Шығыс Азиядағы 98-шi жылғы дағдарыстар белгiлi. Мiнеки, қазiр мынаған келiп отырмыз. Алып бара жатқандай қиыншылық жоқ. Мемлекеттiң жеткiлiктi қоры бар. Әрине, банктерден алған несиелерге байланысты туындаған бiраз қиындықтар бар. Бiрақ, олардың көбi банктердiң, адамдардың өзiне қатысты. Шетелден төмен процентпен ақша алып, халыққа жоғары процентпен берген банктер пайда табуды ойласа, сол процентпен несие алған адамдар инфляцияны пайдаланып, үй алып үлгерудi ойлаған. Олардың екi жағына да мемлекет кiнәлi емес. Қазақстанның дәрежесiне, экономикалық жағдайына қарап бiздiң жеке банктерге шетелдiк банктер ақшаны бере бердi. Олар ала бердi. Ала бердi де сала бердi. Халық сатып алғаннан кейiн бағаны көтере бердi. Сол ақша өздiгiнен келiп ана банктердiң қалтасына түсiп жатты. Осыны тоқтату керек болды, дағдарыс бiр жағынан сонысымен пайдалы да болды. Әйтсе де, сан соғып қалған үлескерлер көп. Солай екен деп оларды бiз қиыншылықта қалдырмақ емеспiз. Өткен жылы үлескерлердiң ақша салған үйлерiнiң құрылысын жалғастыру үшiн бiрнеше банктiң қарыздарын өтеуге мемлекет көмектестi. Бiрақ, тегiн емес, ол ақшаларды депозитке салу арқылы. Қайткенде де үй күтiп отырған үлескерлер зардап шекпеуге тиiс. Ал бағаның өсуiне байланысты әлеуметтiк салаға 153 миллиард теңге қосымша бөлiнiп отырғанын жаңа айттым. Бiр кезде, теңгемiздi енгiзетiн кезде оны қамтамасыз ету үшiн Қазақстанға 500 миллион долларлық қор керек болған едi. Сол 500 миллионды да таппап едiк. Қазiр Қазақстанның 40 миллиард долларлық қоры бар. Елiмiздiң болашағына деген, әлдеқандай алдан шыға қалатын қиын-қыстау жағдайға деген бiздiң сақтық шарамыз өзiн-өзi ақтап отыр.

М.Тәж-Мұрат: Зиялы қауым өкiлдерiнiң арасында қазiр қолға алынып жатқан "Тiлдердiң үштұғырлылығы" бағдарламасына байланысты алаңдаушылық та бар. Атап айтқанда, осы бағдарламаның аясында қазақ тiлiне қамқорлық кемiп кетпей ме, ол үш тiлдiң бiреуi ғана болып қалмай ма деген қаупiн айтады. Сiз бұл жөнiнде не дер едiңiз?

– Мен ондай жарияланымдарды оқымай жүргенiм жоқ. Барлығы маған белгiлi. Зиялы қауымды жинап, басқа ұлттардың да өкiлдерiн, ғылымның, бiлiмнiң өкiлдерiн қатыстырып, бiр әңгiме өткiзу керек бұл жайында.

Мемлекеттiк тiл мәселесiне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиiстi нәрсенiң бәрiн жасап жатыр. Мен ана жылы "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатымда соларды санамалап та шыққанмын. Өздерiңiз қараңыздар. Бiздiң елiмiзде бұл мәселеге қатысты тиiстi конституциялық бап бар. Қазақ тiлiнiң тиiстi мемлекеттiк мәртебесi бар. Тиiстi заң бар. Ол заң iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге мүмкiндiк бередi. Ол заң кез келген жерде мемлекеттiк тiлде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттiк тiлде жазуға, қажет жерiнде сол тiлде жауап алуға жағдай жасайды. Елiмiздiң өңiрлерi бiрiнен соң бiрi iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшiп жатыр.

Ендi мына деректерге назар аударайық. Мемлекет тiлдi дамытуға 2005 жылы 133 млн. теңге бөлсе, 2006 жылы 560 млн. теңге, ал 2007 жылғы қаржы көлемi 3 млрд.-тан асып кеттi. Ал, биылғы – 2008 жылы тiлге бөлiнетiн қаражат 5 миллиард теңгеге жетiп отыр. Бұл – қыруар қаржы. Орнымен пайдалана алса, осы қаржымен талай iс тындыруға болады. Басқа шығындарды шектесек те, тiлге бөлiнетiн қаржыны қысқартпайтынымыз анық. Қазақ тiлiне деген мемлекеттiң қамқорлығы одан әрi артып отыр деп айтуға болады.

Мына жайдың басын ашып алайық. Барлық жерде тек қазақша сөйлейiк деген сөз айтылады. Ал ендi осыны талдайық. Қазақстанда он бес жарым миллионнан астам халық бар. Соның 9 миллионы қазақ. Сол 9 миллион қазақтың 40 процентi қазақша еркiн сөйлей алмайды. Не оқи алмайды, не жаза алмайды, не сөйлей алмайды. Сонда елде шамамен 9 миллиондай адам қазақша не түсiнбейтiн, не еркiн түсiнбейтiн болып тұр ғой. Сонда не iстеу керек, анау 9 миллион халық менi түсiнсе де, түсiнбесе де өзi бiлсiн деу керек пе? Сондай бола ма екен? Сөйтiп ел басқаруға бола ма?! Бiзге Балтық бойындағы елдердi үлгi етiп сөйлейтiндер бар. Ондағы жағдай басқа, бiздегi жағдай басқа, олар Кеңес одағының құрамына 1940 жылы ғана кiрген. Өздерi Еуропаның қақ ортасында отыр, өздерi Еуроодақтың мүшесi болып отыр. Оларды қолдайтындар да жетедi, қорғайтындар да жетедi. Сондықтан тiлге қамқорлықты алдымен тыныштыққа қамқорлықтан бастау керек. Қоғамда тыныштық болса, ел бүтiн болса, ептеп-ептеп бәрiн ретiне келтiремiз. Менiң ел басшысы ретiндегi де, қазақ ретiндегi де парызым қазақ тiлiн өсiрiп-өркендету. Қазақша мектептер көбейiп келе жатыр, қазақша оқитын өзге ұлттың балалары көбейiп келе жатыр. Заң да бар, бөлiнген қаражат та бар. 5 миллиард теңге аз ақша емес, оның қайда жұмсалып жатқанын да қарау керек.

Мен жақында бiр топ сенаторларды қабылдағанда осы тiл мәселесiне де тоқталдым. Қазақ тiлi басқа тiлдерге залал келтiрместен дамитындығын айттым. Қазақ тiлiн дамытудың қоғамдық қорын құруды ұсынып отырмын. Оған ана тiлiн ардақтайтын, қолында мүмкiндiгi бар азаматтардың қаржы жинайтынына сенемiн. Әуелде бiз оған Тұңғыш Президент қорынан бастапқы қаржы аудара аламыз. Қордың аумағы жылдан-жылға өсе түсуге тиiс. Қазақтың мемлекеттiлiгiнiң, Қазақстандағы тұрақтылықтың арқасында бай болған, қалталы бiздiң қазақ жiгiттерi толып жатыр ғой, ақшасын кiм көрiнгенге шашып жүрген, ана жақтан, Мәскеуден әртiстердi алып келуге, қабат-қабат үй салуға, мәшине алуға ақша аямайтын. Солар елiне, жұртына, қазағына ақшасын салсын. Тiлге жаны ашитын адамдардан кеңес құрылсын. Қазақ тiлiнiң ең қаржыны қажет ететiн мәселелерiне осы қор есебiнен де көмектесетiн бола¬мыз. Бiрақ бiз мұны өзге тiлдiң есебiнен жасамаймыз.

1991 жылы Тәуелсiздiгiмiздi жариялаған кезде қазақ Қазақстанда 42 процент болатын. Iшiмнен тынып, жағдай қалай болып кетер екен деп ұсыныспен шыққанмын. Қазақстан тәуелсiз мемлекет бола алмайды дегендер соған сүйенiп айтатын. Ал қазiр, құдайға шүкiр, жағдай басқаша ғой. Қазақтар 60 проценттен асты. Келесi жылғы санақта тағы көремiз. Мен баяғыда Темiртауға барған кезде сонда қазақ 3-ақ процент болатын. Соның өзiнде жақсы айлық табатын жерге қазақтарды жiбермейтiн, өсетiн жерге жiбермейтiн. Қазiр барлық мамандықты қазақтың балалары үйренiп келе жатыр.

Көп нәрсе тiлдi оқытуға байланысты. Ол жағын да ойластырып жатырмыз. Мемлекеттiк тiлдi оқыту жүйесiн жетiлдiру мақсатында бүгiнгi күнi 16 аймақтық, 15 қалалық, аудандық тiл оқыту орталықтары құрылған. Биылғы жылы жергiлiктi атқарушы органдар республика бойынша 30-дан астам осындай орталықтар ашпақ. 2010 жылға қарай республика аумағында жүзден астам оқыту орталықтары жұмыс iстейтiн болады.

Мемлекеттiк тiлдiң ақпараттық кеңiстiгiн ұлғайту мақсатында "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi" веб-порталы интернет жүйесiнде iске қосылды. Бұл веб-порталда сөздiктер, оқулықтар, балаларға арналған мультимедиялық кешендер орналастырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20-дан астам компьютерлiк бағдарламалар дайындалып, барлық орталық және жергiлiктi органдар қамтамасыз етiлдi.

Өзiмiз ана тiлiмiзде сөйлемейiнше, өзге ешкiм де бұл тiлдi шындап құрметтей қоймайтынын түсiнуге тиiспiз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын iс емес. Бұл – мемлекеттiк тұрғыдан, ұзақ жылдар бойы, ұдайы айналысатын iргелi iс. "Батпандап кiрген ауру мысқалдап шығады" дейдi қазақ.

Қазақтың қазақтығының басты белгiсi – қазақша сөйлеуi. Үйде де, түзде де. Баласымен де, немересiмен де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құдасымен де. Тек осыны жасаған адамның өзi ана тiлiн өркендетуге өзiнiң титтей де болса үлесiн қоса алады.

Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың "қазақ тiлi" деп сарнауының ешбiр ретi жоқ.

Өркениет өнегесi – өз тiлiңмен өмiр сүру. Әлi-ақ қазақ тiлi тiршiлiгiмiздiң барлық саласында кеңiнен қолданылатын болады. Оған ешқандай күмәнданудың керегi жоқ. Тәуелсiздiк жылдарында 883 қазақ мектебi iске қосылды. Қазiрдiң өзiнде елiмiздегi барлық 7721 мектептiң iшiндегi таза қазақ мектептерi 3788. Қазақ мектептерiнiң үлесi елу пайыздан асуда. Сол 3788 мектепте 1 млн. 545 мыңнан астам жеткiншек мем¬лекеттiк тiлде бiлiм алуда. Бұл көрсеткiш жылдан жылға артып келедi. Арта беретiн болады. Ал сан сапаға айналмай қоймайды. Бұл – басы ашық ақиқат.

Не нәрсенiң де бағасы салыстыру арқылы анықталады ғой. Сол тұрғыдан қарасақ, бiз тәуелсiздiк табалдырығында тұрған 1991 жылы республикадағы барлық мектептiң небәрi 28 пайызы қазақ мектебi болғанын естен шығармаған жөн. Ол кез бен қазiргi кездiң айырмасы алшақ екенiн осы сандардан да көре аламыз. Бұл бағытымыз дұрыс деген сөз. Бәрi бiрден бола қалмайды.

Баспалардың мүмкiндiктерi де артып келедi. Тәуелсiздiк алған тұста бiзде 14 баспа бар едi, қазiр жүзден астам баспа бар.

Билiк басындағылар туған тiлiн ойламайтындай топшылау да тiптi ретсiз. Халқымызды бiз де жанымыздай жақсы көремiз. Осындай жұмыста уақыт тауып, қазақ қаламгерлерiнiң де кiтаптарын оқып тұрамын, кейбiр авторларға шығармаларынан алған әсерiмдi хат күйiнде жазып та тұрамын.

Қазақ тiлi – ғажап тiл. Оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай бiлуiмiз керек, оқыта бiлуiмiз керек. Ғажап тiлдi азап тiл сияқты етiп көрсететiн оқулықтардан құтылуымыз керек.

Қазақ тiлiн оқытуды бiз бiрiншi сыныптан бастаймыз. Бұл – кеш. Мектепке дейiнгi бiлiм беру жүйесiнде қазақ тiлi бөлекше орын алуға тиiс. Қазiр бүкiл әлемдегi мамандар адамның қабiлетiн бес жасқа дейiнгi кезең айқындайтынын айтып отыр.

Үш тұғырдың бiреуi – орыс тiлi. Қазақ халқының орыс тiлiн жаппай, еркiн игеруi – бiздiң байлығымыз. Ғылымның, бiлiмнiң тiлi, достықтың тiлi ретiнде орыс тiлiнiң қадiр-қасиетi бөлекше. Орыстың тiлi экономиканың да бiр тетiгi. Бiздiң басты базарымыз – Ресей. Қазiрше бiздiң шығарған тауарларымызды Батыстың озық елдерi алмайды, оның деңгейiнде шығаратын тауарымыз жоқ. Ресей бiз үшiн нағыз нарықтық кеңiстiк. Екiншi жағынан, өтiп кеткендi еске алып өкси бергеннен, баяғыда сондай едiңдер, сөйтiп едiңдер, бүйтiп едiңдер дей бергеннен не шығады. Өйтетiн болса мына орыстар ана немiстермен амандасуды қояр едi ғой кешегi соғыстан кейiн. Тарихтан тағылым алу керек. Бiрақ, ең бастысы – алға қарау керек. Орыс тiлiн еркiн меңгергенiмiздiң арқасында да ұлы көршiмiзбен жақсы тiл табысып отырмыз. Ресейдiң басшысымен жақын қарым-қатынастың арқасында 7,5 мың шақырымдық ортақ шекарамызды бекiтiп, ол құжатты Бiрiккен Ұлттар Ұйымына тапсырдық. Бiз барлық табыстарымызға адамгершiлiгiмiздiң арқасында, көп ұлттарды құшағымызға сыйғызғанның арқасында жетiп отырмыз. Мен ешуақытта баяғыда Қарабаққа соғыс кезiнде барғанымды есiмнен шығармаймын. Сонда Бакудiң дәл ортасында 1 миллион босқынды көргенмiн. Шатырлардың iшiнде сабақ оқып, сонда бала туып, отбасы құрып жатқан адамдарды көрiп жағамды ұстағанмын. Сондықтан тәуелсiздiктiң басты тiрегi, басты кепiлi тыныштық екенiн ескеру керек. Мұндай тыныштық бiзге мәнгi-бақи, бiржолата берiлген, болды, бiттi деп санау шалағайлық.

Тәуелсiздiктi күн сайын қорғау керек, ай сайын қорғау керек, жыл сайын қорғау керек, нығайту керек, өркендету керек.

Ал әлемдiк тiл ретiнде бейресми түрде орныққан ағылшын тiлiн меңгеру ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiн шыңдай түсетiндiгiн айтудың өзi артық. Ағылшын тiлiн бiздiң халқымыздың жаппай меңгеруi сол тiлде жасалған, жасалатын шексiз байлықты аудару жөнiндегi машақаттан, артық шығыннан құтқарады. Бұл – мәселенiң бiр жағы ғана. Негiзгi жағы – ағылшын тiлiнiң қазақтарды, қазақстандықтарды шын мәнiнде әлемдiк аренаға алып шығатындығы. Демек, балаларымыздың ағылшынша бiлуi – уақыт талабы. Ата-бабаларымыз "Жетi жұрттың тiлiн бiл" деп өсиет айтқан жоқ па едi? Бiз кемiнде үш тiл бiлудi нақты мақсат етiп қоя аламыз, ол мақсатқа жете аламыз. Тек әр адамның ынтасы-ықыласы керек. Кiм де кiм уақыт талабына жауап бере алмаса, онда ол замана көшiнен қалып қояды.

Ағылшын тiлi – ХХI ғасырдың тiлi. Бұл тiл қазақты дүниеге танытатын, әлемдiк деңгейге шығаратын тiл. Оны АҚШ-тың, Англияның тiлi деп қарау жөнсiз. Бiр кезде мынау отаршылдардың тiлi деп үндiлер тәуелсiздiк алысымен ол тiлден бас тартқан. Артынша ағылшын тiлi ғылымның, экономиканың, технологияның тiлi екенiн түсiнiп, қайта оралған. Малайзия мен Сингапур да солай еткен. Ағылшын тiлiн ортамызға жiбермеймiз деген бос әурешiлiк. Ол бұзып-жарып-ақ кiре алады. Жастардан, студенттерден сұраңдаршы, олар бұл тiл қажет, қажет емес дегенге қазiр бас ауыртпайды. Бәрi түгел оқып жатыр. Себебi – қажет. Интернеттiң негiзгi тiлi де – ағылшын. Бiз жаһанданумен күресудi емес, жаһандануға бейiмделудi алдымен ойлауымыз керек. Сөйткенде ғана тiлiмiздi, дiнiмiздi, дәстүрiмiздi, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз. Осы үш тiлдiң үйлесiмiне қол жеткiзу арқылы.

С.Абдрахманов: Сонда да осы үш тұғырдың басында қазақ тiлi тұрады ғой, әрине?

– Әрине. Қазақ тiлi үш тiлдiң бiреуi болып қалмайды. Үш тiлдiң бiрiншiсi, негiзгiсi, бастысы, маңыз¬дысы бола бередi. Қазақ тiлi – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi. Оған көңiл де, қаржы да солай бөлiнедi. Қазақ тiлi – өзiмiздiң ана тiлiмiз. Бiз бәрiмiз ана тiлiмiздi ардақтаймыз. Мен де ауылдан шыққанмын, он жылдық мектептi қазақша бiтiргенмiн. Кеше ғана Абай атындағы мектептi айтып жатты ғой. Бәрiмiз кемпiр-шалдың қолында өскенбiз, ата-ананың тәрбиесiн көргенбiз. Бәрiн де бiлiп, ескерiп отырмыз. Елiмiз дамудың жаңа сапасына көтерiлейiн деп жатыр. Осындай кезде елдi етектен тартқан деген ол кертартпалық болады. Қазаққа кесiр болады ол. Өз тiлiңдi ұмыт деп отырған ешкiм жоқ, соған қоса заман, уақыт талап еткен тiлдердi меңгер деп отырмыз. Ал қазақтың тiлi ең негiзгi тiл болып қалады. Ол – мемлекеттiң тiлi.

М.Тәж-Мұрат: Тiл мәселесiн шешу үшiн алдымен қандай мiндеттерге назар аудару керек деп санайсыз?

– Ең алдымен, қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Екi тiлдi, ретi келiп жатса үш тiлдi қатар меңгерген адамдарға қызмет бабында артықшылық беру керек. Лауазымды жоғарылату мәселелерi қаралғанда осы жағын да ескерген жөн.

Ана тiлiн бiлмеу қазақ азаматы үшiн ұят саналуға тиiс. Мемлекеттiк тiлге, өзiнiң ана тiлiне құрметпен қарамауы оның қызмет бабында өсуiне де әсер ететiн болуы керек. Өйткенi, екi тiлдi, үш тiлдi еркiн меңгерген маманның өз мiндетiн жақсырақ атқаруға жалғыз тiлмен жүргендерден гөрi мүмкiндiгi мол екенi анық. Өзге ұлттың өкiлiне: "Бiз сiздi бұл орынға қабылдай алмаймыз, өйткенi, сiз мемлекеттiк тiлдi меңгермеген екенсiз" деуге қазiрше болмайды, өйткенi, қазақ тiлiн оқып-үйренуге тиiсiнше жағдай бұған дейiн жасалған жоқ. Ал қазаққа айта аламыз, айтуға тиiспiз де. Осы 17 жылдың iшiнде ол өзiнiң ана тiлiн үйренуге мiндеттi едi. Бұл талап ешқандай да адам құқына қол сұғу ретiнде қаралмауға тиiс. Бұл – парыз. Перзенттiк парыз. Адамдық қарыз.

Қазақ елi барда қазақ тiлi де болады. Өседi. Өркендейдi. Мен "Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде" деген сөзiмдi тағы қайталағым келедi. Қазақ тiлiне қамқорлық жасау менiң перзенттiк те, президенттiк те парызым. Бiрақ бұл шаралардың бәрiн кезең-кезеңiмен, ретiмен жасауымыз керек. Тiл мәселесiне байланысты бiрқатар жайларды жаңадан қабылданатын үш жылдық бюджетте жан-жақты қарастыруға мүмкiндiк бар.

Тiл мәселесi – аса күрделi, аса жауапты мәселе. Асығатын, аптығатын, ретiн тауып саяси ұпай жинап қалатын жер бұл емес. Науқаншылыққа орын болмауға тиiс. Басқалардан қалып қоймайық деп қазiрше қолдан келмейтiн, тек қоғамды ырың-жырыңға түсiргеннен басқа ештеме бермейтiн жоспарларды, баянсыз бағдарламаларды қою керек.

Бiз қай iске де ең алдымен тәуелсiздiктiң, елдiктiң, мемлекеттiлiктiң мүддесiнен қарайтын боламыз. Өзi ешнәрсеге жауап бермейтiн адамның батырсынуы, батылсынуы, өзгенi сынауы оп-оңай. Бәрiнен бұрын елдегi татулықты сақтау шарт. Татулық, тыныштық сақталса, бәрi де өз кезегiмен, жөнiмен, жолымен келетiн болады. Осы қарапайым қағиданы түсiнбегендер – сөз жүзiнде халық қамын көздегенмен, iс жүзiнде халқына қарсы жұмыс iстейтiндер. Жұрт осыны бiлсiн.

Серіктес жаңалықтары