МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIН ҚАЙТАРА БАСТАДЫ

МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIН ҚАЙТАРА БАСТАДЫ

МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIН ҚАЙТАРА БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
221

ҚР Үкiметi халыққа тиесiлi табиғи байлықтарды мемлекет меншiгiне қайтаруға ден қойды. Дүйсенбi күнi "қара алтынның" негiзгi қоры шоғырланған кен орындарын игеретiн "Маңғыстаумұнайгазды" индонезиялықтардан сатып алу туралы мәселе тағы көтерiлдi. Бұйыртса, компанияның 90 пайыз акциясын "бауырына" басып алған жатжұрттық кәсiпорын ҚР халқының меншiгiн керi қайтармақ.

Билiк тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары жiберген кемшiлiктерiн түзеуге мүдделi. Халықтың игiлiгi саналатын табиғи ресурстар шоғырланған жерлердегi кен орындарын мемлекет меншiгiне қайтаруға көшкен қазақ билiгiн сынға алғандар да жетерлiк. Бiрақ Жер шарындағы дамыған және дамушы елдерде көмiрсутегiлердiң қайнар көзi мемлекеттiк меншiкте екендiгiн ескерсек, "байбаламдардың" басым бөлiгi негiзсiз екендiгiне көз жеткiзуге болады. Бабадан балаға мұра болған топырақтың асты мен үстiндегi табиғи ресурстар халық игiлiгiне қызмет етуi тиiс. Апта басындағы үкiметтiк отырыста премьер Мәсiмов ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi, "Самұрық" холдингi мен "ҚазМұнайГаз" компаниясының жаңа басшысы Серiк Бүркiтбаевқа "Маңғыстаумұнайгаз" ("ММГ" АҚ) компаниясының 51 пайызға жуық акциясын мемлекет меншiгiне сатып алуды тапсырды. Бұған дейiн бiрнеше рет көтерiлген бұл мәселенiң негiзсiз және себепсiз созылып кеткенiн сынға алған Үкiмет басшысы сатып алу туралы келiссөздiң Павлодардағы мұнай өңдеу зауытына да қатысты екендiгiн жеткiздi.

Өткен аптада "ҚазМұнайГаз" компаниясының басшылығы "Маңғыстаумұнайгаздың" 70 пайыз акциясын 2008 жылдың күзiне дейiн сатып алуды көздеп отырғанын мәлiмдедi. Астанада өткен баспасөз мәслихатында компанияның мұнай мен газ өндiру жөнiндегi басқарушы директоры Сисенғали Өтеғалиев: "Келiссөздер үздiксiз жүргiзiлуде. Техникалық бағалау жұмыстары екi-үш айдан кейiн аяқталуы тиiс. Содан кейiн барып активтердiң құны жайлы мәселе талқыланады" деп мәлiмдеген. С.Өтеғалиевтiң айтуына қарағанда, былтыр жыл соңында "ҚазМұнайГаз" "Маңғыстаумұнайгаздың" негiзгi акционерi болып табылатын индонезиялық Central Asia Petroleum Ltd. компаниясы өкiлдерiмен "ММГ" АҚ мұнай және газ активтерiн сатып алуы туралы құжатқа қол қойыпты. Бұған дейiн "ММГ" 90 пайыз акциясы индонезиялықтарға, ал қалған 10 пайызы "Маңғыстаймұнайгаз" АҚ ұжымына тиесiлi едi. Бүгiнгi таңда "ММГ" еншiсiнде 35 мұнай мен газ кен орны бар. Оның 15-iне зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде. Қор жағынан ең үлкенi — қазақ мұнайының 88 пайызы шоғырланған Қаламқас пен Жетiбай кен орындары. Демек, халықтың байлығын "ұстағанның — қолында, тiстегеннiң — аузында" кетпес үшiн Үкiмет нақты шараларды қабылдауға көштi.

Әлемдiк нарықтағы көмiрсутегiлер тапшылығы уақыт өткен сайын айқын байқалып келедi. Жер шары бойынша мұнай өндiрушi жетекшi мемлекеттер халықаралық нарықтағы бағаның жоғарылығына қарамастан, әлемдi "қара алтынмен" қамтамасыз етуге қауқарсыз екендiгiн мойындады. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр мұнай өндiру көлемi былтыр 2,5 пайызға қысқарған. 2007 жылмен салыстырғанда, нарықтағы баға 57 пайызға өскенмен, көмiрсутегi өндiрушi елдердiң өнiм өндiрудегi белсендiлiгi бәсеңдептi. Негiзгi себептердiң бiрi, таяушығыстық аймақтағы көмiрсутегiлерге деген сұраныстың өсуi, табиғи газ тапшылығының кесiрiнен тұтынушылардың мұнайды көптеп пайдалануға көшуi. Қор көзiнiң сарқыла бастауы және осы салаға құйылатын қаржының мардымсыздығы Мексика, Норвегия мен Ресейден тасымалданатын мұнай көлемiнiң күрт қысқаруына әкеп соққан. Халықаралық ұйым — ОPEC үстiмiздегi жылы өндiрiлетiн өнiм көлемiн азайтқан да, көбейткен де жоқ. Экономикалық тұрғыда дамыған елдердiң өкiлдерi ОРЕС-тен көмiрсутегiлердi көптеп өндiруге қатысты ұсыныстарын бiрнеше рет бiлдiргенмен, ұйым жетекшiлерi илiкпей отыр. Олар "қара алтынды" барынша мол өндiруге емес, оны жүйелi түрде әрi сапалы етiп өңдеудi жолға қою керектiгiн көлденең тартады.

ОРЕС-ке мүше мемлекеттер мен оның құрамына өтпеген басқа мұнай өндiрушi елдер — Норвегия, Мексика мен Ресей үстiмiздегi жылы мұнай шикiзатын шығаруды төмендеткен. Әлемдiк нарық осылайша әбiгерге түсiп жатқанда, "қара алтынға" кенде емес Қазақ елi (сонымен қатар Бразилия) керiсiнше, мұнай экспортының көлемiн барынша арттырды. Қазақстан мұнай қорының көлемi жағынан әлем бойынша — 7, газ қоры жағынан — 6-орында. Ал "қара алтынды" өндiруде Жер шары бойынша, 18-орынды иеленедi. Бiздiң алдымызда Таяу Шығыс, Ресей, Венесуэла, Қытай, Канада, Норвегия, Индонезия, Бразилия мен кейбiр африкалық елдер бар. Есесiне, ТМД аумағы бойынша, 2-орындамыз. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, энергетикалық қорларды халықаралық нарыққа молынан бағыттаған Қазақ елiнiң ұтары мол. Тек халықтың байлығы жемқорларға жем болып, шашау шықпаса игi. Осы орайда, бiздiң билiктiң кен орындарын мемлекеттiк меншiкке өткiзуге талпынған қадамы құптарлық.

Айтпақшы, Үкiмет Eni компаниясымен бiрге Қашаған кен орнындағы мұнай өндiру жұмыстарын бастауға қатысты мәселенi осы айдың соңына дейiн аяқтауды көздеп отыр. Бұл туралы дүйсенбi күнi ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев мәлiмдедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары