ТҮРКСОЙДЫҢ БАСШЫСЫ — ҚАЗАҚ

ТҮРКСОЙДЫҢ БАСШЫСЫ — ҚАЗАҚ

ТҮРКСОЙДЫҢ БАСШЫСЫ — ҚАЗАҚ
ашық дереккөзі
299

Өткен аптада Түркия астанасы Анкарада түркi әлемi өкiлдерi 24-рет бас қосты. Түркiтiлдес халықтардың мемлекетаралық мәдени байланыстарын нығайтуды мақсат ететiн халықаралық ұйым — ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшылығына қазақ азаматы Дүйсен Қасейiнов бiрауыздан сайланды. Көпшiлiк көңiлiнде "тағдыры, тiлi, дiнi мен дiлi бiр ер түркiнiң рухани ынтымақтастығы артса" деген тiлек бар.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрi Бейбiт Исабаев бастаған қазақ делегациясы Анкарадағы ТҮРКСОЙ-дың кеңесiне қатысып қайтты. ТҮРКСОЙ – түркiтiлдес елдердiң мәдениетi пен өнерiн дамытуды, еуразиялық мемлекеттердiң рухани байланыстарын нығайтуды мақсат ететiн ұйым. Оны құру туралы бастама 1992 жылдың желтоқсанында Бакуде қабылданған. Құрылтайшы мемлекеттер саналатын Қазақстан, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия мен Өзбекстан арасындағы ТҮРКСОЙ-ды құру және қызмет ету мiндеттерi туралы келiсiмге 1993 жылдың 12 шiлдесiнде Алматы қаласында қол қойылыпты. Сәл кейiнiрек татарлар, башқұрттар, тувалықтар, хакастар мен гагауздар (Гагауз Йерi), Алтай өңiрi, Түркияның Солтүстiк Кипры мен Якутия ұйымға бақылаушы мемлекеттер ретiнде қосылды. Арада бiр жыл өткенде (1994 ж. 14 қыркүйекте) "Халықаралық ТҮРКСОЙ Ұйымының қызметi, оның ұлттық өкiлдерi мен халықаралық тұлғаларының мәртебесi туралы" арнайы құжат қабылданды. Бас дирекциясы Анкарада орналасқан ТҮРКСОЙ-дың ресми тiлi — түрiк тiлi.

Ұйымға мүше мемлекеттер құрылымы, мақсаты мен мiндетi жағынан алғанда, ТҮРКСОЙ-ды халықаралық БҰҰ және ЮНЕСКО ұйымымен тең санайды. Бұған дейiн үш жылдық мерзiмге сайланатын бас хатшылық қызметтi Әзiрбайжанның мәдениет министрi Полат Бүлбүлоғлы атқарып келген едi. Әзiрбайжандық шенеунiк ТҮРКСОЙ-дың тiзгiнiн ұстауға қатарынан үш рет сайланыпты: 1994, 1997, 2000. Алайда, ол Әзiрбайжанның Ресейдегi төтенше және өкiлеттi елшiсi болып тағайындалды. Өткен аптада Анкарада ТҮРКСОЙ-дың тұрақты кеңесiнде Бас хатшысын сайлады. Дипломатиялық деректерге сүйенсек, жаңа жетекшiнi сайлауда ұйым мүшелерi бiрден келiсiмге келе алмаған көрiнедi. Бастапқыда ұсынылған түрiк жазушысы Намык Кемал орыс тiлiн бiлмеуiне байланысты хатшылыққа сайлана алмапты. Ал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов денсаулығына байланысты өз еркiмен бас тартқан. Сондай-ақ, үмiткерлер арасында әзiрбайжандық министр (мәдениет министрi) Әбулфаз Гараевтың мүмкiндiгi мол екендiгi, бiрақ ұйымға мүше мемлекеттердiң ортақ келiсiмiн алу қажеттiгi тiлге тиек етiлген. Кейбiр дерек көздерi ҚР Мәдениет және ақпарат министрiнiң тағына күнi кеше ғана отырған Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң ТҮРКСОЙ-дың басшылығына сайланғаны туралы ақпаратты да таратып үлгердi. Алайда, көп кешiкпей кеңестегi дауысқа салу нәтижесiнде ҚР сыртқы iстер министрлiгiнiң ерекше тапсырмалар жөнiндегi елшiсi Дүйсен Қасейiновтiң бiрауыздан сайланғаны белгiлi болды. "Бұл – түркiтiлдес мемлекеттер халықтарының мәдени мұраларын сақтап, оларды көбейту. Бұл – ғасырлардан тамыр тартқан түркi мәдениетiн насихаттау. ТҮРКСОЙ келешекте осыдан 15 жыл бұрын басталған iстiң барлығын жалғастыруға көңiл бөледi" деп ағынан жарылған Дүйсен Қорабайұлы ұйым тiзгiнiнiң Қазақстанға бұйыруы үлкен мәртебе екендiгiн және үлкен жауапкершiлiктi талап ететiндiгiн айтты. ТҮРКСОЙ-дың аймақтық қызметi мен мiндетiнiң маңыздылығына тоқталған Түркияның мәдениет және туризм министрi Ертұғұл Гүнай: "Ұйымның iргетасы қаланған күннен бастап, бiз түркiтiлдес мемлекеттер арасындағы мәдени келiссөздердiң қалыптасуына және дамуына қызмет етумен айналысып келемiз. Қызметiмiздiң басты қағидасы – БҰҰ мен ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келу. Бiздiң алға қойған саяси мiндетiмiз жоқ. Негiзгi мiндетiмiз – халықтардың мәдени тұрғыдағы өзара түсiнiстiгi, мәдени байланыстарды дамыта отырып, осы салаға қатысты кез келген бастамаға қолдау көрсету" дедi.

Басқосу барысында IХ Халықаралық шығармашылық зертханасының түркiтiлдес елдердiң суретшiлерi дайындаған еңбектердiң көрмесi ұйымдастырылды. Көрменiң ең үздiк туынды иегерi – түркiменстандық Мұрад Ходжағалиевке ТҮРКСОЙ-дың арнайы сыйлығы табысталды. Ресми деректерге сүйенсек, шығармашылық зертхананың коллекциясындағы үздiк туындылар Нью-Йорк, Лондон және Париждегi көрмелерде көпшiлiктiң көзайымына айналған.

Бүгiнде әлем геосаяси, ұлттық немесе дiни құндылықтар, экономикалық мүдделер тұрғысынан алғанда, бiрiгуге, қоян-қолтық араласуға құштар. Өз мүддесiн өзгенiкiнен жоғары қоюға бейiм кейбiр держава бүкiл әлемге билiгiн жүргiзудi армандайды. Осы себептi, түркiтектес мемлекеттердiң, әсiресе, түбi бiр түркi көп шоғырланған орталықазиялық аймақтың кез келген салада бiрiгуiне қарсылар көп. Мұнай мен газ секiлдi табиғи ресурстарға бай аумақтың уысында болуын қалайтын дiнi мен дiлi, тiлi мен мүддесi жаттар да жеткiлiктi. Әлемдiк сахнадағы саяси ойынның құрбандығына шалынбас үшiн әрi қазiр қарқынды жүрiп жатқан жаһандану үрдiсiне жұтылып кетпес үшiн тарихы ғасырларға созылған ер түркiнiң бүгiнгi ұрпағы барлық саладағы, әсiресе, рухани құндылықтардың қайнар көзi – мәдениет пен өнердегi байланыстарын, қарым-қатынасын дамытуға ден қоюы тиiс. Кейiнгi кездерi атына жиi сын айтылатын ТҮРКСОЙ-дың жаңа басшылығы шын мәнiнде түркiнiң рухани жақындығына ықпал етуге тер төксе игi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары